Бет ашылмай тұр ма?

Браузеріңіз ескі болуы мүмкін. Бізге WhatsApp-қа жазыңыз — сілтемені де, бағаны да қолмен жібереміз.

Страница не открывается? Возможно, устарел браузер. Напишите нам в WhatsApp — пришлём ссылку и цену вручную.

WhatsApp-қа жазу · Написать в WhatsApp Немесе Chrome-ды жаңартып көріңіз · Или обновите Chrome

Видео монтаж үйрену қазақша: CapCut-та алғашқы роликіңізді жинаңыз

CapCut-та видео монтаж үйрену үшін телефон да жеткілікті: қосымшаны ресми дүкеннен жүктеп, жаңа жоба ашасыз да, видеоларыңызды таймлайнға қойып, оларды кесуді, жылдамдығын өзгертуді, текст пен музыка қосуды үйренесіз. Ал «CapCut қазақша бар ма?» деген сұраққа жауап мынадай: қазақша интерфейсі жоқ, сондықтан әр батырманың экрандағы орысша атауын береміз де, қазақшасын жақшада жазамыз. Сіздің телефоныңызда жиналып қалған видеоларыңыз не ЖИ (ИИ) арқылы жасаған кадрларыңыз бар ма? Онда осы нұсқаулықпен оларды бүгіннің өзінде Reels-ке не YouTube-қа дайын роликке айналдырасыз.

, Dansai Academy негізін қалаушы · · · Оқуға 13 минут

CapCut деген не және оны қайдан жүктеуге болады?

CapCut — бұл ByteDance компаниясының видео монтаж бағдарламасы. Оның телефонға арналған қосымшасы (iPhone және Android), компьютерге арналған бағдарламасы (Windows және macOS) және браузерде ашылатын онлайн нұсқасы бар. Бастаушыға телефондағы қосымша жеткілікті, ал ұзақ видеоны компьютерде монтаждаған ыңғайлырақ, себебі экраны үлкен.

Интернетте «CapCut скачать» деп іздесеңіз, «CapCut Pro тегін» деп ұсынатын бөгде сайттар да шығады. Ондағы өзгертілген файл аккаунтыңыз бен телефоныңызға қауіпті, сондықтан бағдарламаны тек ресми жерден жүктеңіз:

  • Компьютерге: capcut.com сайтынан. Ресми бетте бағдарлама Windows 7-ден (Windows 10 ұсынылады) және macOS 10.14-тен бастап жұмыс істейді деп жазылған.
  • iPhone мен iPad-қа: App Store дүкенінен.
  • Android телефонға: Google Play дүкенінен.
  • Браузерде: CapCut Online нұсқасын ашасыз, ештеңе орнатпайсыз.

CapCut тегін бе?

CapCut-тың ресми тарифтер бетінде жазылғандай, тегін нұсқада негізгі монтаж құралдары мен тегін шаблондар бар. Ал ақылы Pro подпискасында ЖИ функциялары, барлық премиум шаблондар мен Pro құралдары, ЖИ кредиттері және бұлтта 1 ТБ орын бар. Бұл мақаладағы кесу, жылдамдық, текст пен экспорт сияқты негізгі әрекеттерге тегін нұсқа жеткілікті.

Бір нәрсені ескеріңіз: кей эффект, ауысу мен шаблонның қасында Pro белгісі тұрады. CapCut-тың өз нұсқаулығында жазылғандай, ондай ақылы құралды жобаңызда қолданып көре аласыз, бірақ подпискасыз видеоны экспорттай алмайсыз. Егер Pro белгісі бар құралды байқамай қолданып қойсаңыз, экспорт алдында оны тегін баламасымен ауыстырыңыз.

CapCut қазақша бар ма? Интерфейс тілі

Әзірге жоқ. App Store-дағы CapCut бетінде қосымшаның 21 тілі тізімделген: онда орыс тілі бар, ал қазақ тілі жоқ. Сондықтан Қазақстанда көпшілік CapCut-ты орысша қолданады. Біз де мақалада батырманың экранда тұрған орысша атауын жазамыз да, қазақшасын жақшада береміз, мысалға: «Разделить» (Бөлу). Қосымша жиі жаңарады, сондықтан кей батырманың атауы сіздің экраныңызда сәл басқаша жазылуы мүмкін.

Алғашқы жоба: видеоларды CapCut-қа қалай қосасыз?

Алдымен роликтің қай платформаға шығатынын шешіп алыңыз. Instagram Reels пен TikTok-қа тік видео (9:16) керек, ал YouTube-тағы әдеттегі видео көлденең (16:9) болады. Мұны жобаның басында шешкен дұрыс, себебі форматты монтаждың соңында ауыстырсаңыз, кадрлардың шеті кесіліп қалады да, бәрін қайта реттеуге тура келеді.

  1. CapCut-ты ашып, «Новый проект» (Жаңа жоба) батырмасын басыңыз.
  2. Галереядан видеолар мен суреттерді ретімен белгілеп, жобаға қосыңыз. Компьютерде файлдарды таймлайнға тышқанмен сүйреп әкелесіз.
  3. Телефонда экранның төменгі жағынан «Соотношение сторон» (Кадр форматы) батырмасын тауып, 9:16 не 16:9 таңдаңыз. Компьютерде бұл батырма «Соотношение» деп аталады.
  4. Енді видеоларыңыз экранның төменгі жағындағы таймлайнға бірінен соң бірі орналасады.

Таймлайн — бұл монтаждың ең негізгі құралы, яғни видеоларыңыз уақыт бойынша тізіліп тұратын сызық. Ортасындағы тік ақ сызық видеоның қай сәтін көріп тұрғаныңызды көрсетеді. Таймлайнды саусақпен жылжытсаңыз, видео да сол сәтке ауысады, ал екі саусақпен үлкейтсеңіз, клиптер ұзарып, кесуге ыңғайлы болады.

Таймлайн негіздері: кесу, бөлу, жылдамдық, ауысулар

CapCut үйрену осы төрт құралдан басталады: оларды меңгерсеңіз, қарапайым роликтің көбін өзіңіз жинайсыз.

Кесу және бөлу

Клиптің басын не соңын қысқартқыңыз келсе, клипті басып таңдаңыз да, оның шетін саусақпен ішке қарай жылжытыңыз. Ал клиптің ортасынан бір бөлігін алып тастау керек болса, оны бөлесіз: ақ сызықты кесетін жерге қойып, «Разделить» (Бөлу) батырмасын басасыз. Клип екіге бөлінеді, енді артық бөлігін таңдап, «Удалить» (Өшіру) батырмасымен өшіресіз.

Жылдамдық

Клипті таңдап, «Скорость» (Жылдамдық) батырмасын басасыз. Онда бүкіл клипті тездетуге не баяулатуға болады. Ал «Кривая» (Қисық) бөліміндегі дайын үлгілермен клиптің бір жерін баяулатып, бір жерін тездетесіз. Мысалға, шауып келе жатқан аттың секірген сәтін баяулатсаңыз, кадр әсерлі шығады.

Бірақ жасанды интеллект жасаған видеоны қатты баяулатсаңыз, қозғалыс кідіріп, секіріп көрінуі мүмкін. Сондықтан баяу қозғалыс керек болса, оны промптқа бірден жазған дұрыс.

Ауысулар

Телефонда екі клиптің арасында кішкентай ақ шаршы белгі тұрады. Соны басқанда ауысулар тізімі ашылады: ауысуды таңдап, ұзақтығын реттейсіз де, ✓ белгісін басасыз. Ал компьютерде жоғарыдағы «Переходы» (Ауысулар) бөлімін ашып, ауысуды екі клиптің арасына сүйреп апарасыз (CapCut анықтамасы).

Ауысуды көп қолданбаңыз: кинода кадрлардың басым бөлігі жай кесумен ауысады, ал эффект көбейсе, көрерменнің назары оқиғадан эффектіге ауып кетеді. Ауысуды мағынасы бар жерге ғана қойыңыз, мысалға, уақыттың өткенін кадрдың баяу қараңғылануымен көрсетуге болады.

Текст және қазақша субтитр

Видеоға атау, түсініктеме не титр жазу үшін «Текст» батырмасын басасыз. Қаріпті, түсін, орнын және экранда қанша уақыт тұратынын өзіңіз таңдайсыз.

Автосубтитр қазақ тілін таниды ма?

CapCut-та сөйлеген сөзді өзі текстке айналдыратын автосубтитр бар. Телефонда экранның төменгі жағынан «Подписи» (Субтитрлер) батырмасын басып, «Автоматические подписи» (Автосубтитр) таңдайсыз да, тілді растап, «Создать» (Жасау) батырмасын басасыз (CapCut анықтамасы).

Бірақ CapCut-тың ресми беттерінде автосубтитр танитын тілдердің толық тізімі жоқ, ал қазақ тілі ешбір бетте аталмаған. Сондықтан тілдер тізімін ашып, қазақ тілі бар-жоғын өзіңіз тексеріңіз. Егер ол болмаса, онда орыс не басқа тілді таңдамаңыз: бағдарлама қазақ сөзін сол тілдің сөзіне ұқсатып, қате жазуы әбден мүмкін. Ал қазақ тілі болса да, әр жолды міндетті түрде оқып шығыңыз.

Қазақша субтитрді қолмен жасау

Қазақша субтитрді қолмен жазу ең сенімді жол. Әсіресе жасанды интеллектпен фильм жасасаңыз, бұл оңай: кейіпкерлердің сөзі сценарийіңізде дайын тұрады, яғни оны көшіріп қоясыз.

  1. Ақ сызықты кейіпкер сөйлей бастаған сәтке қойыңыз.
  2. «Текст» батырмасымен бір сөйлемді жазыңыз немесе сценарийден көшіріп қойыңыз.
  3. Таймлайнда текст жолағының шеттерін жылжытып, оны кейіпкер сөйлемді бастаған және аяқтаған сәтке дәлдеңіз.
  4. Бірінші субтитрге қаріп, өлшем мен түс таңдап алыңыз да, келесілерін соның көшірмесінен жасаңыз. Сонда барлық субтитр бірдей көрінеді.

Бір субтитрге бір-екі жолдан артық жазбаңыз. Тік видеода субтитрді экранның ең төменгі шетіне қоймаңыз: Reels пен TikTok-та ол жерді платформаның өз жазулары мен батырмалары жауып қалады. Ортадан сәл төмен қойсаңыз, анық көрінеді.

Музыка мен дыбыс: қай әнді қоюға болады?

Видеоның әсерінің жартысы дыбыста, ал ол әдетте төрт қабаттан тұрады: кейіпкердің сөзі, айналаның дыбысы, дыбыс эффектілері және музыка. CapCut-та «Аудио» батырмасы арқылы музыка мен дыбыс эффектісін қосасыз немесе өз дауысыңызды жазып аласыз. Сөз анық естілуі үшін кейіпкер сөйлеген жерде музыканың дыбысын төмендетіңіз. Кеңес: музыка мен сөзді монтаждың басында қойыңыз, сонда кадрларды соның ырғағына қарай кесесіз де, видео тірі көрінеді.

Ал музыканы қайдан аласыз? Мұнда көп адам қателеседі. CapCut-тың материалдар лицензиясы туралы келісімінде былай жазылған:

  • CapCut-тың әдеттегі музыка кітапханасындағы әндерді (келісімде «Sounds» деп аталады) тек жеке, коммерциялық емес видеоға қолдануға болады.
  • Коммерциялық дыбыстар кітапханасындағы («Commercial Sounds») музыканы бизнес видеосына қолдануға болады, бірақ ондай видеоны тек CapCut пен TikTok ішінде көрсетуге рұқсат бар.

Яғни CapCut кітапханасынан алған әнді бөлек рұқсатсыз YouTube-тағы монетизацияланған арнаға, жарнамаға не клиенттің роликіне қоюға болмайды. Радиодағы танымал әнді қойсаңыз да, платформа видеоның дыбысын өшіріп не оны бұғаттап тастауы мүмкін. Компьютерлік нұсқада экспорт терезесінде «Выполнить проверку авторских прав» (Авторлық құқықты тексеру) функциясы бар, оны қосып қойыңыз.

Сондықтан өзіңіз жасаған не лицензиясы бар музыканы қойған дұрыс. Мысалға, Suno-да әннің жанры мен көңіл күйін текстпен сипаттап, өз әніңізді жасай аласыз, бірақ қай тарифінде коммерциялық құқық берілетінін алдын ала біліп алыңыз. Бұл туралы Suno арқылы қазақша ән жазу мақаласында жаздық.

Ал қазақша дауыс керек болса, оны телефонға өзіңіз жазып алғаныңыз сенімді. CapCut-тың текстті дауысқа айналдыратын құралының ресми бетінде қазақ тілі аталмаған. Басқа құралдарды қазақша озвучка жасайтын нейросеттер туралы мақалада салыстырдық.

Экспорт: Reels, TikTok және YouTube үшін баптау

Монтаж біткенде жоғарғы оң жақтағы «Экспорт» батырмасын басасыз. Экспорт терезесінде видеоның сапасын (разрешение) және кадр жиілігін таңдайсыз. CapCut 480p-ден 4K-ға дейінгі сапаны ұсынады, ал әлеуметтік желіге 1080p жеткілікті.

Әлеуметтік желілерге арналған экспорт баптаулары
Қайда жариялайсыз?ФорматӨлшемі (пиксель)
Instagram Reels, TikTok, YouTube Shorts9:16 (тік видео)1080×1920
YouTube16:9 (көлденең видео)1920×1080 (1080p)

Кадр жиілігін бастапқы видеоңызбен бірдей қойыңыз, әдетте ол секундына 24, 25 не 30 кадр болады: жоғары қойсаңыз, видео сапалы бола қоймайды, тек файлы ауырлайды.

CapCut-та слайд-шоу жасау

Слайд-шоу — бұл фотолардан жиналған музыкалы видео: әр фото экранда бірнеше секунд тұрады да, келесісіне ауысады. Мерейтойға, туған күнге не еске алуға арналған роликтердің көбі осылай жасалады. CapCut-та оны жоғарыда үйренген құралдармен-ақ жинайсыз:

  1. Фотоларды алдын ала оқиға ретімен іріктеп алыңыз, мысалға, балалық шақтан бүгінге дейін.
  2. «Новый проект» (Жаңа жоба) батырмасын басып, фотоларды ретімен белгілеңіз. Олар таймлайнға бірінен соң бірі тізіліп түседі.
  3. Әр фотоның экранда қанша тұратынын оның шетін жылжытып реттейсіз. Әдетте үш-төрт секунд жеткілікті, ал ең маңызды фотоны ұзағырақ қалдырыңыз.
  4. «Переходы» (Ауысулар) тізімінен бір жұмсақ ауысу таңдап, сол ауысуды барлық фотоның арасына қойыңыз.
  5. «Аудио» батырмасымен музыка қосып, фотолардың ауысуын әннің ырғағына сәйкестендіріңіз.

Тік не көлденең фотоны кадрға сыйғызу үшін созып үлкейтпеңіз, адамның беті қисайып кетеді. Оның орнына фотоны дұрыс қиып алыңыз немесе бос жерін фонмен толтырыңыз. CapCut-та слайд-шоуға арналған дайын шаблондар да бар, тек шаблонда Pro белгісі тұрса, жоғарыда айтқандай, подпискасыз экспорттай алмайсыз.

Слайд-шоуды жандандырудың бір жақсы тәсілі бар: ішіндегі екі-үш фотоны фотодан видео жасау әдісімен қозғалысқа келтіріп, сол видеоларды фотолардың арасына қоясыз. Мысалға, ескі фотодағы атаңыз баяу жымиып, басын бұрады. Мерейтойға арналған роликтің сценарийін қалай құруды мерейтойға видео жасау мақаласында, ал еске алу видеосын қалай жинауды еске алу видеосы мақаласында көрсеттік.

Жасанды интеллект жасаған клиптерден фильм құрастыру

ЖИ генерациясынан шыққан әр видео бірнеше секундтық бір ғана кадр болады, ал монтажда сол кадрлар бір оқиғаға айналады. Клиптерді қалай жасауды жасанды интеллект арқылы видео жасау туралы мақалада, ал бір фотоны қалай қозғалысқа келтіруді фотодан видео жасау туралы мақалада жаздық. CapCut-та оларды жинағанда мына кеңестер көмектеседі:

  • Әр кадрдың ең сәтті бөлігін ғана алыңыз. ЖИ видеосында кадрдың соңына қарай қозғалыс бұзыла бастауы мүмкін: қол біртүрлі иіліп, бет өзгеріп кетеді. Ондай жерін кесіп тастаңыз.
  • Түсін біркелкі етіңіз. Әр кадр бөлек жасалғандықтан, біреуі жылы, біреуі суық болып шығуы мүмкін. Компьютерлік нұсқадағы «Настройка» (Баптау) бөлімінде кадрлардың жарығы мен түсін бір-біріне жақындатыңыз, ал бүкіл фильмге бір фильтр қоюға болады.
  • Модельдің өз дыбысын тексеріңіз. Кейбір модельдер видеомен бірге дыбыс та шығарады. Ол ұнамаса, клиптің дыбысын өшіріп, өз дыбысыңызды қосасыз.

Тағы бір жиі кездесетін кедергі бар: кей модельдер видеоны 480p не 720p сапада шығарады, ал 1080p фильмнің ішінде ондай кадр анық көрінбейді. Dansai AI Studio-да бұған арналған «Сапаны арттыру» функциясы бар: ол 30 секундқа дейінгі видеоның сапасын 480p не 720p-ден 1080p-ге, ал 1080p-ден 4K-ға көтереді, оған токен жұмсалады. Dansai AI Studio курс тарифімен бірге ашылады, токендер тарифпен бірге сыйға беріледі, ал VPN де, USD карта да қажет емес.

Монтажды көзбен көріп үйрену оңайырақ, сондықтан тегін 5-сабағымызды осында қостық. Онда жасанды интеллектпен жасалған мультфильмге дыбыс, музыка мен эффект қосып, оның кадрларын CapCut-та бір фильмге жинаймыз. Сабақты Бағлан Төлебай дайындаған.

CapCut-та монтаж: дайын мультфильм жинау

Тегін курстың 5-сабағы, 13 минут

Мысал: жасанды интеллектпен жасалған «Қонаев» трейлері

Монтаждың күшін біздің студия жасаған «Қонаев» фильмінің трейлерінен көруге болады. Онда 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар, ал трейлердің ұзақтығы 3:51 минут. Осынша үзіндіні бір оқиғаға айналдырған да монтаж. Трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды, ол туралы бөлек мақалада жаздық.

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

Тағы бір мысал: «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмін академия негізін қалаушы Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасады. Бағлан Төлебай — «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант.

Видео монтажды қазақша қайдан үйренуге болады?

Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес. Онда промпт пен сценарийден бастап CapCut-тағы монтажға дейін бес видеосабақ бар. Ал жасанды интеллектіні жалпы неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік. Каталогтағы бөлек «CapCut курсы» әлі ашылған жоқ.

Кіріспе AI.Onai курсында «Монтаж және дыбыс» сабағы мен 16:9, 9:16 және 1:1 форматтары туралы сабақ бар. Мысалға, «Отбасы тарихы» мини-жобасында бір фотодан 30 секундтық ролик құрастырасыз.

Келесі қадам: өз қысқаметрлі фильміңіз

Сіздің керемет идеяңыз, сценарийіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз. Курс бағдарламасында монтажға тұтас модуль арналған: «Дыбыс, монтаж және дайын фильм». Онда таймлайн, ырғақ пен ауысулар, дыбысты теңестіру, түс коррекциясы, титрлер мен тік нұсқаның экспорты бар, ал модуль соңында аяқталған бір сахнаңызды жинайсыз.

Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада: AI.Cinema тарифінде 12 айға ашық тұрады, ал жаңа сабақтар қосылып отырады. Клиптерді Dansai AI Studio-да жасайсыз. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттары тарифтер бетінде. Алдымен байқап көргіңіз келсе, AI.Onai курсынан бастаңыз: кейін AI.Cinema тарифіне өтсеңіз, AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Олай болса, алғашқы роликіңізді жинауға кеттік!

Жиі қойылатын сұрақтар

CapCut қазақша бар ма?

Әзірге жоқ: App Store-дағы CapCut бетінде қосымшаның 21 тілі тізімделген, онда орыс тілі бар, ал қазақ тілі жоқ. Сондықтан көпшілік оны орысша қолданады. Бұл мақалада батырмалардың орысша атауын қазақша түсіндірмесімен бердік.

CapCut тегін бе?

Негізгі монтаж құралдары мен тегін шаблондар тегін. Ал ЖИ функциялары, премиум шаблондар мен Pro құралдары ақылы Pro подпискасында. Pro белгісі бар құралды жобада қолданып көре аласыз, бірақ подпискасыз ондай видеоны экспорттай алмайсыз.

CapCut-ты компьютерге қалай жүктеймін?

Ресми capcut.com сайтынан жүктейсіз: компьютерлік нұсқасы Windows пен macOS-та жұмыс істейді. «CapCut Pro тегін» деп ұсынатын бөгде сайттардан жүктемеңіз, ондағы өзгертілген файл аккаунтыңызға қауіпті.

CapCut-та қазақша субтитрді қалай жасаймын?

Автосубтитр «Подписи» → «Автоматические подписи» арқылы қосылады, бірақ CapCut-тың ресми беттерінде қазақ тілі аталмаған, сондықтан тілдер тізімін өзіңіз тексеріңіз. Қазақ тілі болмаса, субтитрді «Текст» батырмасымен қолмен жазасыз. Жасанды интеллектпен жасалған фильмде сөз сценарийде дайын тұрады, сондықтан оны көшіріп қойып, уақытына дәлдеу жеткілікті.

CapCut-тағы музыканы YouTube-қа қоюға бола ма?

CapCut-тың материалдар лицензиясы бойынша кітапханадағы әдеттегі әндерді тек жеке, коммерциялық емес видеоға қолдануға болады, ал коммерциялық дыбыстары бар видеоны тек CapCut пен TikTok-та көрсетуге рұқсат бар. Сондықтан монетизацияланған арнаға, жарнамаға не клиенттің жобасына өзіңіз жасаған не лицензиясы бар музыканы қойыңыз.

Монтажды YouTube-тағы тегін видеолардан үйренсем болмай ма?

Болады: CapCut-тың негізін тегін видеолардан да, біздің тегін сабақтарымыздан да үйренесіз. Курс бөлек кадрларды тұтас фильмге айналдырғыңыз келгенде керек болады, себебі онда сценарий, кейіпкердің тұрақтылығы, дыбыс пен монтаж бір жүйеге келуі қажет. AI.Cinema курсы осы жолды қазақ тілінде, басынан аяғына дейін ретімен көрсетеді.

Бұрын ешқашан монтаж жасамадым, курсты меңгере аламын ба?

Иә, нөлден бастауға болады: курсқа дейін камера да, монтаж тәжірибесі де қажет емес. Сабақтар жазбада, сондықтан өз қарқыныңызбен, қажет жерін қайта көріп отырып оқисыз.

Тағы оқыңыз