Қазір жасанды интеллект үйрену деген көбіне дайын құралдарды қолдана білу: ChatGPT, Gemini, Veo сияқты модельдерге нақты тапсырма бересіз, ал олар текст, сурет, видео, тіпті мультфильм жасауға көмектеседі. Бастау үшін бағдарламалау да, мықты компьютер де қажет емес: алдымен промпт жазуды үйренесіз, сосын алғашқы суретіңізді жасап, оны видеоға айналдырасыз. Мысалға, атаңыздың ескі фотосын жандандырып, балаңызға қазақ ертегісінен қысқа мультфильм жасап бере аласыз, ал тәжірибе жинаған соң өз қысқаметрлі фильміңізді де жасайсыз. Төменде осы жолды қадам-қадаммен түсіндіреміз: нені үйрену керек, қай құралдан бастаған дұрыс, тегін не бар және бір айда алғашқы жобаңызды қалай жасап шығасыз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 18 минут

Жасанды интеллект үйрену деген не: үш түрлі жол
Іздеу жүйесіне «жасанды интеллект үйрену» деп жазсаңыз, көбіне ЖИ арқылы ағылшын тілін үйрену туралы мақала, мектепке арналған презентация не Википедиядағы анықтама шығады. Олардың да пайдасы бар, бірақ көп адам басқа нәрсені іздейді: жасанды интеллектіні өз жұмысымда, шығармашылығымда қалай қолданамын, неден бастаймын?
Бұрын фильм мен мультфильмді алып студиялар қомақты қаржымен жасайтын. Ал енді мұндай жұмысты үйде отырып-ақ жасай аласыз: кейіпкеріңізді ойлап тауып, оны суретке, сосын видеоға айналдырасыз, дауыс пен музыка қосып, тұтас оқиға құрастырасыз. Сіздің де көптен бері ойыңызда жүрген идеяңыз, айтқыңыз келетін оқиғаңыз бар ма? Онда оны неден бастау керегін төменде қадам-қадаммен көрсетеміз.
Алдымен ұғымды нақтылап алайық. Жасанды интеллект деп адамның ойлауын қажет ететін тапсырмаларды орындай алатын компьютер жүйелерін айтады: олар текстті түсінеді, суретті таниды, сұраққа жауап береді. Күнделікті жұмыста бізге оның бір түрі керек: генеративті жасанды интеллект. Бұл — жаңа нәрсе жасап шығаратын модельдер. Мысалға, ChatGPT пен Gemini текст жазады, ал Nano Banana, Veo, Kling сияқты модельдер сурет пен видео жасайды. Жасанды интеллектінің тарихы мен түрлері туралы толығырақ Википедиядан оқуға болады, ал біз оны қалай үйренуге болатынына тоқталамыз.
Енді мақсатыңызды анықтап алайық. Жасанды интеллектіні үйренудің үш жолы бар, әрқайсысына әртүрлі уақыт пен күш кетеді.
| Жол | Не істейсіз? | Не қажет? | Қанша уақыт кетеді? |
|---|---|---|---|
| Дайын құралдарды қолдану | ChatGPT не Gemini-мен хат, идея, сабақ жоспарын жазасыз | Телефон не ноутбук және интернет | Бірнеше апта |
| ЖИ-мен шығармашылық | Сурет, видео, мультфильм, ән жасайсыз | Промпт, кадр және монтаж туралы білім | Бірнеше ай |
| Жасанды интеллектінің өзін жасау | Модельдерді оқытып, жаңа ЖИ жүйелерін құрасыз | Python, математика, машиналық оқыту | Бірнеше жыл |
Бұл мақалада алғашқы екі жолға, әсіресе екіншісіне, яғни сурет, видео және мультфильм жасауға тоқталамыз. Себебі бұл жолда бағдарламалау қажет емес, ал алғашқы нәтижені бірінші аптада-ақ көресіз. Ал егер сізді үшінші жол қызықтырса, онда Python мен математикадан бастап, университеттердің IT бағдарламаларын қараған дұрыс. Ол да қызық жол, бірақ бөлек әңгіме.
Жасанды интеллект бойынша нені үйрену керек?
Жасанды интеллект құралдары өте жиі жаңарады: бүгін бір модель танымал болса, бір жылдан кейін оның орнына басқасы келеді. Сондықтан модельдердің атын жаттағаннан гөрі, кез келген модельмен жұмыс істегенде керек болатын дағдыларды үйрену маңызды. Негізгі дағды бесеу, әрқайсысы алдыңғысының жалғасы.
| Дағды | Не үйренесіз? | Мысалға |
|---|---|---|
| Промпт жазу | Модельге не керегін нақты әрі түсінікті етіп жазуды | Уақытты, орынды, кейіпкерді және оның не істеп жатқанын бір сөйлеммен сипаттау |
| Сурет генерациясы | Тексттен суретке (Text to image) және Суреттен суретке (Image to image) әдістерін | Кейіпкердің тұрақтылығын ұстау: әр кадрда беті мен киімі өзгермеуі керек |
| Видео генерациясы | Тексттен видеоға (Text to video) және Суреттен видеоға (Image to video) әдістерін | Дайын суретті қозғалысқа келтіріп, камера қозғалысын қосу |
| Дыбыс | Дауыспен, музыкамен және дыбыс эффектілерімен жұмыс істеуді | Кейіпкерді сөйлетіп, фильмге әуен қосу |
| Монтаж | Кадрларды бір оқиғаға жинауды | CapCut не DaVinci Resolve бағдарламасында 30 секундтық ролик жинау |
Осы бес дағдымен қатар тағы бір маңызды нәрсе бар. Бұл — кино тілі мен оқиға. Яғни кадрды қалай құрасыз, жарықты қайдан түсіресіз, көрермен фильміңізді соңына дейін қызығып көруі үшін не істейсіз, соның бәрін білу керек. Құралдың батырмаларын бір кеште үйренуге болады, ал оқиғаны жақсы айтып беру үшін уақыт пен тәжірибе керек.
Промпт деген не және оны қалай жазған дұрыс?
Промпт — бұл модельге беретін тапсырмаңыз, яғни көргіңіз келетін нәрсені сөзбен сипаттау. Промптты сөздерді тізіп емес, адамға айтып тұрғандай толық сөйлеммен жазған дұрыс. Алдымен уақыт пен орынды айтасыз, сосын кейіпкерді, ең соңында оның не істеп жатқанын. Мысалға:
Ал «дала, тұман, батыр, ат, баяу қозғалыс» деп жай тізіп жазсаңыз, кім қайда не істеп жатқаны анық болмайды. Сыртқы платформаларда промптты көбіне ағылшынша жазады. Ал Dansai AI Studio-да ойыңызды қазақша жаза бересіз. Director AI функциясы — промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді: оны қоссаңыз, қазақша жазған ойыңызды таңдалған модельге сай кәсіби ағылшын промптына айналдырады. Промпт жазуды тегін сабақтардың біріншісінде толығырақ көрсеттік.
Жасанды интеллект үйрену жолдары: 30 күндік жоспар
Күніне бір сағат бөле алсаңыз, бір айдың ішінде бес дағдының бәрін өз қолыңызбен байқап көресіз. Бәрін мінсіз меңгеру міндетті емес. Ең бастысы, әр аптаның соңында қолыңызда кішкентай болса да дайын нәтиже болсын. Жоспар бір кейіпкер мен бір шағын оқиғаға құрылған, сондықтан әр апта алдыңғы аптаның жалғасы болады.
| Апта | Нені үйренесіз? | Апта соңындағы нәтижеңіз |
|---|---|---|
| 1-апта | ChatGPT не Gemini-мен танысасыз: идеяңызды жазып, жауабын нақтылап, қайта жаздыруды үйренесіз | Қысқа оқиға және 4–6 кадрлық жоспар |
| 2-апта | Сурет генерациясы: алдымен Тексттен суретке, сосын Суреттен суретке; кейіпкердің тұрақтылығын ұстау | Бір кейіпкердің 4–6 суреті |
| 3-апта | Видео генерациясы: Суреттен видеоға, камера қозғалысы, кейіпкерді сөйлету | Әр кадрдың қысқа видеосы |
| 4-апта | Дауыс, музыка және монтаж | 30 секундтық алғашқы роликіңіз |
Бастаушылар жиі жіберетін қателер
- Бірден үлкен фильмге ұмтылу. Алғашқы жобаңыз 30 секундтан аспағаны дұрыс. Қысқа жобаны соңына дейін жеткізу ұзақ жобаны жартылай тастап кетуден әлдеқайда көп нәрсе үйретеді.
- Әр апта жаңа құралға ауысу. Жаңа модель шыққан сайын соған ауыса берсеңіз, бірде-бір құралды терең меңгермейсіз. Бір сурет құралы мен бір видео құралын таңдап, бір ай бойы солармен жұмыс істеңіз.
- Нәтиже ұнамаса, бәрін басынан бастау. Промптты толық өзгертудің орнына, ұнамаған жерін ғана түзетіңіз. Мысалға: «Батырдың шапанын қызыл қыл, қалғанын өзгертпе». Бұл — түзету промпты: ол уақытты да, генерация санын да үнемдейді.
- Кейіпкерді тексермеу. Әр жаңа кадрда кейіпкердің беті, шашы, киімі өзгермеді ме, соны қарап отырыңыз. Көрермен мұны бірден байқайды.
- Дыбысты соңына қалдыру. Жақсы кадрдың өзі дыбыссыз әлсіз көрінеді. Фильмнің көңіл-күйін дауыс пен музыка жасайды, сондықтан оларды кадрмен бірге жоспарлаңыз.
Осылардың ішінде бастаушыны ең көп қинайтыны, әрине, кейіпкердің тұрақтылығын ұстау. Бір кадрда батырдың шапаны көк болса, келесі кадрда қызыл болып шығады, ал беті мүлдем басқа адамға ұқсап кетеді. Бұл қиындыққа жасанды интеллектпен жұмыс істейтін әр адам тап болады, бірақ оны шешудің жолы бар. Алдымен кейіпкердің беті мен киімін бір рет нақты сипаттап аласыз да, сол сипаттаманы әр кадрда қайталайсыз, ал модельге оның суретін референс ретінде бересіз. AI.Cinema курсында бұған бірнеше сабақ арналған: «Референстар», «Кейіпкер паспорты» және «Тұрақтылық» сабақтарында кейіпкерді кадрдан кадрға өзгертпей сақтауды үйренесіз.
Ал дыбыс пен монтажға жеткенде жаңа сұрақтар туады: кейіпкерді қалай сөйлетемін, музыканы қайдан аламын, жеке кадрларды бір фильмге қалай жинаймын? AI.Cinema курсында бұл сұрақтарға «Дыбыс, монтаж және дайын фильм» деген бөлек модуль арналған: онда дауыс пен диалог, музыка, монтаж және түс коррекциясы бойынша бөлек-бөлек сабақтар бар.
Алғашқы екі аптаны тегін құралдармен өтуге болады. Ал үшінші аптада, яғни видеоға жеткенде, тегін мүмкіндіктер тез таусылады. Бұл туралы келесі бөлімде толығырақ айтамыз.
Жасанды интеллектіні тегін үйренуге бола ма?
Иә, тегін бастауға болады, қазақ тілінде де тегін материал бар. Тек қайдан іздеу керегін білсеңіз болғаны. Төменде бірнеше нұсқа бердік, әрқайсысының ресми бетін өзіміз тексердік:
- Dansai Academy тегін сабақтары. Тегін материалдар бетінде тіркелмей-ақ көре алатын бес видео сабақ бар: промпт пен сценарий жазу, сценарийден суретке, суреттен видеоға, кейіпкерді сөйлету және CapCut-та мультфильм жинау. Сол жерде ескі фотоны қалпына келтіретін дайын промпт та бар.
- Astana Hub-тың «Жасанды интеллект негіздері: ChatGPT» курсы. Astana Hub сайтындағы сипаттамаға қарағанда, курс Skillbox платформасында өтеді және Astana Hub пайдаланушыларына тегін. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде, бағдарламасы 2 блок пен 45 видеосабақтан тұрады. Оқу үшін Astana Hub-та тіркелу керек.
- «Өрлеу» курстары. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының MOOC платформасында мұғалімдерге арналған «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» деген тегін курс бар. Курс бетінде «Өрлеу» орталығымен қатар UNESCO да көрсетілген, ал платформа сипаттамасында курстар да, сертификаттар да тегін екені жазылған. Сол платформада «Ата-аналарға жасанды интеллектті түсіндіру» курсы да тегін.
- Gemini-дің тегін тарифі. Google Gemini-дің тегін тарифінде сурет жасау мен өңдеу бар, сондықтан алғашқы суреттеріңізді осында жасап көруге болады. Ал видео генерациясы тегін тарифке кірмейді, ол ақылы тарифтерде ғана ашылады.
Тегін жолдың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Артықшылығы түсінікті: ақша жұмсамай-ақ, бұл сала сізге ұнай ма, жоқ па, соны тексеріп аласыз. Ал кемшілігі мынада: тегін тарифтердің шектеуі көп. Мысалға, генерация саны аз, кейде нәтижеде ватермарк қалады, ал видео генерациясы көбіне ақылы подпискада ғана ашылады. Тағы бір жайт: тегін курстар көбіне жалпы негіз береді, ал бір жобаны басынан аяғына дейін жасап шығуды өзіңіз үйренесіз. Тегін видео жасаудың нақты жолдарын бөлек мақалада жинадық.
Қандай жасанды интеллект құралдары бар және қайсысынан бастау керек?
Құрал өте көп, бірақ бәрін бірден үйренудің қажеті жоқ. Әр жұмысқа бір-екі құрал жеткілікті. Төмендегі кестеден қай құрал не үшін керек екенін көресіз.
| Не жасайсыз? | Құралдар | Не үшін керек? |
|---|---|---|
| Текст, идея, сценарий | ChatGPT, Gemini | Идеяңызды дамытып, сценарий мен кадр жоспарын жазуға көмектеседі |
| Сурет | Nano Banana (Google) | Кейіпкер мен кадрдың алғашқы бейнесін жасайсыз |
| Видео | Veo (Google), Kling, Seedance | Суретті қозғалысқа келтіріп, қысқа кадр жасайсыз |
| Ән мен музыка | Suno | Фильміңізге әуен не ән жасайсыз |
| Монтаж | CapCut, DaVinci Resolve | Кадрларды, дауысты, музыканы бір роликке жинайсыз |
| Бәрі бір жерде | Higgsfield AI, Google Flow, Dansai AI Studio | Сурет пен видео модельдерін бір платформадан қолданасыз |
Бұл құралдардың кейбірінің тегін тарифі бар. Мысалға, Suno-ның тегін тарифінде күн сайын кредит беріледі, бірақ онда жасаған әніңізді коммерциялық мақсатта қолдана алмайсыз. CapCut-тың да тегін тарифі бар, ал DaVinci Resolve бағдарламасының тегін нұсқасы бар.
Модельдердің аты мен нұсқасы жиі ауысады, сондықтан құралдан гөрі әдісті үйреніңіз: Тексттен суретке, Суреттен видеоға, Бастапқы және соңғы кадр, кейіпкерді сөйлету. Ертең жаңа модель шықса да, бұл әдістер сол күйі қалады, тек батырмалары басқа жерде тұруы мүмкін.
Қазақстанда отырып сыртқы платформаларды қолданғанда тағы бір кедергі бар: кейбір платформалар тек доллармен төленеді, ал олардың барлық мүмкіндігі бізде бірдей ашық бола бермейді. Dansai AI Studio дәл осы мәселені шешу үшін жасалды. Бұл — жеке кабинетіңіздегі өз AI студияңыз: Nano Banana Pro, Veo, Kling және Seedance модельдері бір жерге жиналған. Студия курс тарифімен бірге ашылады, ал генерацияға керекті токендер сыйға беріледі, VPN де, USD карта да қажет емес. Яғни сыртқы Higgsfield AI, Google Flow құралдарының орнына бірден осы жерде жасай бересіз, ал сабақта үйренгеніңізді сыртқа шықпай-ақ қолданасыз. Студияның мүмкіндіктерін Dansai AI Studio туралы мақалада толық көрсеттік.
Алғашқы үш жобаңыз: суреттен мультфильмге дейін
Теорияны көп оқығаннан гөрі, бір кішкентай жобаны басынан аяғына дейін жасап шыққан пайдалырақ. Жаңадан бастаған адамға мына үш жобаны ұсынамыз, олар бірінен соң бірі жалғасады.
- Бір кейіпкердің суреті. Өз кейіпкеріңізді ойлап тауып, оны Тексттен суретке әдісімен жасаңыз. Мысалға, «Кешке қарай ауыл шетіндегі төбеде он жасар бала домбыра тартып отыр, артында күн батып барады» деп жазып көріңіз. Сосын сол кейіпкерді тағы үш түрлі жерде жасап, беті мен киімі өзгермеді ме, соны тексеріңіз.
- Суретті сөйлету. Енді сол кейіпкерге дауыс беріп, оны сөйлетесіз: кейіпкердің айтатын бір-екі сөйлемін жазып, оны дауысқа айналдырасыз, сосын ерін қозғалысын сөзге сәйкестендіресіз. Бұл әдісті суретті сөйлету туралы мақалада толық түсіндірдік.
- 30 секундтық мультфильм. Соңында 4–6 кадрдан тұратын қысқа оқиға құрастырасыз: әр суретті Суреттен видеоға әдісімен қозғалысқа келтіріп, дауыс пен музыка қосып, CapCut-та жинайсыз. Қадамдары ЖИ арқылы мультфильм жасау және ЖИ арқылы видео жасау мақалаларында берілген.
Осы жолмен қандай жұмыс жасауға болатынын бір мысалмен көрсетейік. Төмендегі «Түлкі мен Арыстан» мультфильмін Бағлан Төлебай жасаған. Онда қазақ ертегісі бүгінгі тілмен айтылады: қартайған арыстан аңдарды үңгіріне шақырады, ал түлкі ізге қарап, бәрін есептеп шығады. Мультфильм Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасалды, яғни жоғарыдағы кестедегі құралдармен.
Түлкі мен Арыстан: жасанды интеллектпен жасалған қазақша мультфильм
Тағы бір мысалды көрейік. «Қонаев» фильмінің ресми трейлерін біздің студия түсірілім тобынсыз, толығымен жасанды интеллектпен жасады. Трейлер 2025 жылдың желтоқсанында жарияланды, содан бері YouTube-та 60 мыңнан астам көрілім жинады. «Қонаев» фильмі арнайы жүйемен жасалды, ал ондағы әр кадр — маңдай термен жасалған жұмыс. Трейлердің қалай жасалғанын «Қонаев» фильмі қалай жасалды? деген мақалада толық айтып бердік. AI.Cinema курсында сіз де фильмді осындай жүйемен, кезең-кезеңімен жасауды үйренесіз. Әрине, мұндай деңгейге бір айда жетпейсіз, оған тәжірибе мен уақыт керек. Бірақ жол бәрібір осы бес дағдыдан басталады.
«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Ұзақтығы 3 минут 51 секунд. Түсірілім тобы жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған.
Телефонмен үйренуге бола ма, қандай компьютер керек?
Бұл ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі, ал жауабы көп адамды қуантады. Жасанды интеллект құралдарының басым бөлігі серверде жұмыс істейді, яғни сурет пен видеоны сіздің компьютеріңіз емес, платформаның сервері жасайды. Сондықтан қатты мықты компьютердің қажеті жоқ: кез келген ноутбук жарайды, ал сабақтарды тіпті смартфонмен де көре бересіз.
Алғашында телефон жеткілікті: промпт жазып, сурет пен қысқа видео жасай аласыз. Ал үлкен жобаға, мысалға ұзақ ролик жинап, монтаж жасауға келгенде ноутбук не компьютер ыңғайлырақ, себебі экраны үлкен, файлдармен жұмыс істеу де жеңіл. Ал енді 3D графикамен айналысқыңыз келсе, онда NVIDIA RTX видеокартасы мен 16 ГБ жады бар мықты компьютер керек болады.
Жасанды интеллект курсы: тегін бе, ақылы ма, қалай таңдау керек?
Тегін ресурстардан бастап, сала ұнаса, келесі қадамда жүйелі курс іздейсіз. Төмендегі кестеде бірнеше нұсқаны қатар қойдық. Мәліметтер 2026 жылғы 25 қазанда ресми беттерден алынды, бағасы мен шарттары кейін өзгеруі мүмкін.
| Курс | Тілі | Не үйретеді? | Сертификат | Бағасы |
|---|---|---|---|---|
| Astana Hub, «Жасанды интеллект негіздері: ChatGPT» | Қазақша, орысша | ChatGPT-ді қолдану; 2 блок, 45 видеосабақ | Ресми бетте айтылмаған | Тегін, Astana Hub-та тіркелу керек |
| «Өрлеу» MOOC, «Оқу үдерісі және ЖИ» | Қазақша, орысша | Мұғалімдерге: генеративті ЖИ, промпт, сабақта адал қолдану ережелері | Иә, платформа сипаттамасы бойынша тегін | Тегін |
| Google AI Essentials (Coursera) | Ағылшынша | ЖИ құралдарын жұмыста қолдану, промпт жазу | Google сертификаты | Ақылы, Coursera подпискасымен |
| Skillbox, «Нейросети. Практический курс» | Орыс тіліндегі платформа | Текст, сурет, видео, дыбыс; 3 ай, 120-дан астам сабақ | Lerna сертификаты | Ақылы, 12 айға бөліп төлеуге болады |
| Dansai Academy, AI.Onai | Қазақша | Алғашқы суреттер мен қысқа видео, ескі фотоны қалпына келтіру; 3 ай ашық | Курсты толық аяқтағанда | Тарифтер бетінде |
| Dansai Academy, AI.Cinema | Қазақша, ағылшынша білу міндетті емес | Идеядан дайын қысқаметрлі фильмге дейін: сценарий, кейіпкер, кадр, дыбыс, монтаж; академияның барлық курстары, Dansai AI Studio-да токен сыйға; 12 ай ашық | Курсты толық аяқтағанда | Тарифтер бетінде, Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады |
Таңдағанда үш сұраққа жауап беріп көріңіз. Біріншіден, сабақты қай тілде жақсы түсінесіз? Екіншіден, курс соңында қолыңызда не болуы керек: жалпы түсінік пе, әлде дайын жоба ма? Үшіншіден, қанша уақыт бөле аласыз және өз қарқыныңызбен оқу сізге ыңғайлы ма?
Егер жасанды интеллектіні тек жұмыста хат пен жоспар жазу үшін қолданғыңыз келсе, онда тегін курстар жеткілікті болуы мүмкін. Ал өз идеяңыздан фильм, мультфильм не жарнама ролигін жасағыңыз келсе, онда бір жобаны басынан аяғына дейін жасауды үйрететін курс керек. Біздің AI.Cinema курсымыз дәл осыған арналған, ол туралы мақаланың соңында толығырақ айтамыз.
Қазақ тіліндегі курстарды толығырақ салыстыру үшін жасанды интеллект курстары туралы мақаламызды оқыңыз. Орыс тілінде де осы тақырыпта екі мақала бар: курсы нейросетей на казахском языке және курсы ИИ-видео и мультфильмов.
Жасанды интеллект мамандығы: бұл дағды кімге керек?
Жасанды интеллект бүгін көп кәсіпке қосымша дағды ретінде кіріп жатыр. Мысалға:
- Контент-мейкер, AI-креатор. AI-креатор деп жасанды интеллект құралдарымен видео, сурет және жарнама контентін жасайтын адамды айтады. Ол Reels, TikTok, YouTube үшін видеоны камерасыз-ақ жасай алады.
- Дизайнер мен суретші. Идеяның алғашқы нұсқаларын тез жасап, клиентке көрсетеді.
- Мұғалім. Сабаққа кейс-видео, ертегі мультфильм не көрнекі сурет дайындайды.
- Кәсіпкер. Өз тауарының жарнама ролигін студиясыз жасайды.
- Режиссер мен сценарист. Идеясын үлкен командасыз қысқаметрлі фильмге айналдырады.
Әрине, курстың өзі табысқа не жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді. Дағды жаңа мүмкіндік ашады, ал нәтиже портфолиоңызға, жобаларыңыздың сапасына және өз еңбегіңізге байланысты. Сондықтан алғашқы күннен бастап әр жұмысыңызды сақтап, портфолио жинап отырыңыз.
Мақала авторы: Бағлан Төлебай
Бағлан Төлебай — Dansai Academy негізін қалаушы, режиссер, 3D графикада 13 жыл тәжірибесі бар маман. Ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, компьютерлік ғылымдар магистрі және ЖИ мен машиналық оқыту бойынша докторант. «Қонаев», «Түлкі мен Арыстан», «Ер Төстік» жобаларының авторы әрі AI.Cinema курсының жетекшісі.
Мақаладағы кеңестер оның фильм жасау тәжірибесіне сүйенеді. Автор туралы толығырақ Dansai Academy туралы бетте оқи аласыз.
Осы жолды қайдан бастаған дұрыс?
Егер сіз бір-екі суретпен тоқтап қалмай, өз фильміңізді басынан аяғына дейін жасағыңыз келсе, онда біздің академияның флагманы AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Бұл курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз: сценарийін жазып, кейіпкері мен кадрларын жасап, дыбыс қосып, монтаж жасайсыз. Яғни студиясыз, командасыз, миллиондаған бюджетсіз өз фильміңізді жасауды үйренесіз. Ал біз жасанды интеллектпен жұмыс істеудің ірге тасынан бастап әрбір қадамын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, кәсіби деңгейде үйретеміз. Жоғарыда көрген «Қонаев» трейлері мен «Түлкі мен Арыстан» мультфильмі де курста үйрететін құралдармен жасалды.
- Барлық сабақ қазақ тілінде. Ағылшынша білу міндетті емес: интерфейстегі қажетті сөздерді сабақта түсіндіреміз, ал промптты қазақша жаза бересіз.
- Өз уақытыңызда оқисыз. Сабақтар жазбада, төлемнен кейін бірден ашылады. Курстарыңыз 12 айға ашық, ал AI.Cinema сабақтары апта сайын ашылып, толығып отырады.
- Академияның барлық курсы бір тарифте. AI.Cinema тарифінде кіріспе AI.Onai курсы мен 3D бағытындағы курстар да ашылады.
- Dansai AI Studio және токен сыйға. Сурет пен видеоны жеке кабинетіңіздегі студияда жасайсыз, ал AI.Cinema тарифімен бірге берілетін токендер тұтас фильмге жетеді.
- Бөліп төлеуге болады. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлей аласыз, бағасы тарифтер бетінде.
Егер әлі шешім қабылдамаған болсаңыз, асықпаңыз. Алдымен тегін сабақтарымызды көріп, түсіндіру мәнеріміз ұнай ма, соны байқаңыз. Ал жасанды интеллектпен енді танысқыңыз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз: онда ескі фотоны қалпына келтіріп, суретті жандандырасыз. AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз кейін жоғарғы тарифке өткенде есепке алынады, яғни алдымен бастап көріп, ұнаса, оқуды әрі қарай жалғастыра бересіз.
Ал сізге дайын фильм не мультфильм керек болып, оны өзіңіз жасауға уақытыңыз болмаса, онда студиямызға тапсырыс бере аласыз. Жұмыстарымыз бен шарттарын тапсырыс беру бетінен көресіз.
Ең бастысы, көптен бері ойыңызда жүрген идеяңызды кейінге қалдырмай, бүгін-ақ оның алғашқы кадрын жасап көріңіз. Олай болса, алғашқы жобаңызға кеттік!
Жиі қойылатын сұрақтар
Жасанды интеллектіні қалай үйренуге болады, неден бастау керек?
Алдымен мақсатыңызды анықтаңыз: дайын құралдарды жұмыста қолданғыңыз келе ме, әлде сурет, видео, мультфильм жасағыңыз келе ме? Сосын промпт жазудан бастап, апта сайын бір дағды қосып отырыңыз: сурет, видео, дыбыс, монтаж. Бастау үшін тегін сабақтарымыз жеткілікті.
Жасанды интеллект үйрену үшін ағылшын тілі мен бағдарламалау керек пе?
Құралдарды қолдану үшін бағдарламалау қажет емес, ол жасанды интеллектінің өзін жасағыңыз келсе ғана керек. Ағылшын тілі көмектеседі, бірақ міндетті емес: Dansai Academy сабақтарының бәрі қазақ тілінде, ал Dansai AI Studio-да промптты қазақша жаза бересіз. Director AI функциясын қоссаңыз, ол промптыңызды ағылшын тіліне аударып, генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді.
Жасанды интеллектіні тегін үйренуге бола ма?
Иә, тегін бастауға болады. Мысалға, біздің тегін сабақтарымыз, «Өрлеу» орталығының мұғалімдерге арналған курсы және Gemini-дің тегін тарифі бар. Тек видео генерациясына және үлкен жобаларға жеткенде, тегін мүмкіндіктер әдетте жетпей қалады.
Жасанды интеллект курсынан кейін сертификат беріле ме?
Оқитын курсыңызға байланысты. Dansai Academy курсын толық аяқтаған соң кабинетіңізде сертификат пайда болады: оның жеке нөмірі бар, dansai.kz сайтында онлайн тексеріледі. Бұл — академияның өз сертификаты, мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат емес. «Өрлеу» мен Google курстары да аяқтағаннан кейін өз құжатын береді.
Қандай жасанды интеллект құралдары бар?
Текст пен идеяға ChatGPT пен Gemini, суретке Nano Banana, видеоға Veo, Kling және Seedance, музыкаға Suno, монтажға CapCut пен DaVinci Resolve жиі қолданылады. Higgsfield AI, Google Flow және Dansai AI Studio сияқты платформаларда бірнеше модель бір жерге жиналған.
Жасанды интеллект арқылы видео жасау тегін бе?
Толығымен емес. Сурет жасауды тегін бастауға болады, ал видео генерациясы көбіне ақылы тарифте ашылады: мысалға, Gemini-дің тегін тарифінде сурет жасау бар, ал видео жасау жоқ. Қай жерде тегін жасап көруге болатынын тегін видео туралы мақалада жаздық.
Жасанды интеллект арқылы мультфильм жасауға бола ма?
Иә. Алдымен кейіпкердің суретін жасайсыз, сосын кадрларды Суреттен видеоға әдісімен қозғалысқа келтіріп, дауыс пен музыка қосасыз да, монтажда жинайсыз. Мысалға, «Түлкі мен Арыстан» мультфильмі Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасалды. Қадамдары ЖИ арқылы мультфильм жасау мақаласында берілген.
Жасанды интеллектіні телефонмен үйренуге бола ма?
Иә, бастауға телефон жеткілікті: генерация серверде жүреді, сабақтарды да телефоннан көресіз. Ал ұзақ ролик жинап, монтаж жасауға ноутбук не компьютер ыңғайлырақ.
Dansai Academy курсын бөліп төлеуге бола ма?
Иә. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады. Тарифтердің бағасы мен төлем шарттарын тарифтер бетінен көре аласыз.
Сабақтар қашан өтеді, белгілі бір уақытта қатысу керек пе?
Жоқ, белгілі бір уақытқа байланбайсыз. Dansai Academy-дің барлық сабағы жазбада: төлемнен кейін бірден ашылады, ал оқитын уақытты өзіңіз таңдайсыз. AI.Cinema тарифі 12 айға ашық, осы уақытта жаңа сабақтар қосымша төлемсіз ашылып отырады.
Тағы оқыңыз
- Жасанды интеллект арқылы видео жасау: алғашқы видеоңызды бір фотодан жасаңыз
- Жасанды интеллект арқылы мультфильм жасау: сүйікті ертегіңізді өзіңіз жандандырыңыз
- Суретті сөйлету: отбасылық фотоны жасанды интеллектпен қалай сөйлетуге болады?
- Жасанды интеллектпен тегін видео жасау: қай платформалар шынымен тегін?
- Жасанды интеллект курсы: тегін және ақылы курстарды салыстыру