Жасанды интеллектпен тегін видео жасауға болады: Google Flow пен PixVerse күн сайын тегін кредит береді, Kling ай сайын береді, ал Runway 125 кредитті бір рет қана береді. Мысалға, Google Flow-дың бір күндік тегін кредиті 8 секундтық төрт клипке жетеді, яғни алғашқы видеоңызды бүгіннің өзінде жасап көре аласыз. Бірақ тегін тарифтің әрқашан өз шарты бар: кредит саны шектеулі, кезек күтуіңіз мүмкін, видеода ватермарк қалады не разрешениесі төмен болады. Біз осы платформалардың тегін тарифін ресми беттерінен тексеріп, бір кестеге жинадық, сондықтан өзіңізге ыңғайлысын бірден таңдай аласыз. Ал тегін нұсқа жетпей қалған кезде не істеу керегін мақаланың соңында түсіндіреміз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 13 минут
Тегін тариф қолданғанда қандай кедергілер бар?
Жасанды интеллект (орысша «нейросеть», «ИИ») платформаларының көбінде тегін тариф бар. Бұл — платформаны танып, мүмкіндігін көріп шығуға берілетін тариф, яғни ол көбіне үйренуге және идеяны тексеруге арналған. Себебі видео генерациясы қуатты серверлерде жүреді және платформаның өзіне қымбатқа түседі. Сондықтан тегін тарифте әрқашан бірнеше шектеу болады. Егер оларды алдын ала білсеңіз, онда уақытыңыз бен күшіңізді үнемдейсіз.
- Кредит саны. Тегін кредит бір рет, күн сайын немесе ай сайын беріледі. Мысалға, Google Flow күн сайын 50 кредит береді, ал Runway 125 кредитті бір рет қана береді, ол біткен соң қайта толмайды.
- Кезек. Көп платформада подписка алғандарға жылдам кезек беріледі, сондықтан тегін тарифте нәтижені ұзағырақ күтуіңіз мүмкін. Ал Google Flow-да көп адам кіретін кешкі уақытта, Қазақстан уақытымен шамамен 19:00–22:00 аралығында (UTC бойынша 14:00–17:00), подпискасыз видео жасай алмай қалуыңыз мүмкін.
- Ватермарк. Видеоның үстінде платформаның логотипі қалады. Мұндай видеоны өзіңіз үшін тексеруге қолдана бересіз, бірақ клиентке беру не YouTube-тағы фильміңізге қою ыңғайсыз.
- Сапасы мен ұзақтығы. Тегін тарифте видео көбіне 540p не 720p разрешениемен шығады, ал 1080p пен 4K подпискада ашылады. Ұзағырақ клиптер де көп жағдайда тек ақылы тарифте болады.
- Коммерциялық мақсатта қолдану. Тегін тарифте жасаған видеоны жарнамаға, клиенттің тапсырысына не ақылы жобаға қолдануға бола ма, ол платформаның шартына байланысты. Мысалға, Kling пен Vidu бұған тек ақылы тарифте рұқсат береді.
- Аймақ пен жас. Платформа Қазақстаннан ашыла ма, тіркелуге қанша жастан рұқсат бар, соны алдын ала қараңыз. Мысалға, Google Flow Қазақстанда қолжетімді, бірақ тек 18 жасқа толғандарға.
Видео жасауға арналған тегін платформалар: салыстыру кестесі
Төмендегі кестеде тегін видео жасауға болатын алты платформа бар. Әр санды платформаның өз тариф бетінен не анықтама (help) бетінен тексердік, сілтемесі кестеде тұр. Бір нәрсені ескеріңіз: бұл сандар жиі өзгереді, сондықтан тіркелер алдында платформаның өз бетін бір қарап шығыңыз.
| Платформа | Тегін не береді? | Разрешение | Ватермарк | Коммерциялық мақсатта қолдану |
|---|---|---|---|---|
| Google Flow | Күніне 50 кредит, қолданбаған кредит келесі күнге қалмайды. Gemini Omni Flash моделімен 8 секундтық 720p клип 12 кредит тұрады, яғни күніне 4 клип жасайсыз | 720p, ал 1080p-ге көтеру тек подпискада | Қазақстанда көрінетін ватермарк автоматты түрде қойылмайды, бірақ әр видеода көзге көрінбейтін SynthID белгісі болады (дереккөз) | Google видеоға меншік құқығын талап етпейді, қалған талаптар Google ережелерінде жазылған |
| Kling AI | Подпискасыз қолданушы ай сайын сайтқа кіргенде тегін кредит алады, ол 31 күн жарамды. Саны тариф бетінде жазылмаған | 1080p мен 4K тек подпискада | Бар, оны тек подписка алып тастайды | Тек ақылы подпискада |
| PixVerse | Бастапқыда 60 кредит, одан кейін күн сайын 30 кредит. Күндік кредит Қазақстан уақытымен таңғы 05:00-де жаңарады, қолданбаған кредит келесі күнге қалмайды | 540p-ге дейін | Бар | Тариф бетінде жазылмаған |
| Runway | 125 кредит бір рет қана беріледі: мерзімі өтпейді, бірақ қайта толмайды, ал тегін тарифте кредит сатып алу мүмкін емес. Модельдердің бір бөлігі ғана ашық | Тегін тариф бетінде көрсетілмеген | Бар, тегін тарифтегі әр видеода | Анықтама тарифке бөлмейді: видео сіздікі, Runway коммерциялық шектеу қоймайды (дереккөз) |
| Vidu | Тіркелгенде сынақ кредиті, ал күн сайын кіргенде бонус кредит беріледі, саны жазылмаған. Q4 моделі 540p сапада секундына 4 кредит жұмсайды | 540p; 720p, 1080p және 6–8 секундтық видео тек подпискада | Бар | Тек ақылы тарифте |
| Dreamina | Тегін нұсқада кредит беріледі, ол сурет пен видеоға ортақ. Саны тариф бетінде жазылмаған | Жоғары разрешение мен ұзағырақ видео ақылы тарифте | Бар, оны ақылы тариф алып тастайды | Тариф беті нақты жауап бермейді, Dreamina шарттарына байланысты |
Кестеден бір нәрсе анық көрінеді: ватермарксыз әрі 1080p сападағы видеоны тегін беретін платформа бұл тізімде жоқ. Әр платформа бір нәрсені береді де, екіншісін шектейді. Мысалға, Google Flow күн сайын кредит береді және Қазақстанда көрінетін ватермарк қоймайды, бірақ 720p-ден жоғары сапа тек подпискада. Ал Runway кредитті бір рет қана береді, есесіне ол кредиттің мерзімі өтпейді.
Тегін видео бермейтін платформалар
Кейбір танымал платформаларда тегін тариф бар, бірақ ол арқылы тегін видео жасай алмайсыз. Мысалға, Gemini қосымшасында тегін тарифпен Nano Banana 2 моделі арқылы сурет жасай аласыз, ал видео жасау тек Google AI подпискасымен ашылады. Higgsfield AI платформасының тегін тарифінде видео модельдері жоқ, жасағаныңызды коммерциялық мақсатта қолдануға да рұқсат жоқ. Ал Pika тегін аккаунтқа ай сайын кредит бермейді, кредитті тек пакетпен сатып аласыз.
Тегін видео жасауды неден бастаған дұрыс?
Тегін кредит аз болғандықтан, оны ойланып жұмсаған жөн. Біз мына ретті ұсынамыз:
- Бір платформа таңдаңыз. Бастауға күн сайын кредит беретін платформа ыңғайлы, мысалға, Google Flow не PixVerse. Бүгінгі кредит таусылса, ертеңіне жаңасы беріледі.
- Алдымен суретті жасаңыз. Суретке видеоға қарағанда кредит әлдеқайда аз кетеді, ал Google Flow-да Nano Banana 2 Lite моделімен сурет жасасаңыз, кредит мүлдем жұмсалмайды. Сондықтан идеяны, кейіпкерді, композицияны алдымен суретпен тексеріп алыңыз.
- Промптты сөйлеммен жазыңыз. Сөздерді тізбектемей, көріністі біреуге айтып бергендей сипаттаңыз. Мысалға: «Күн батып бара жатқан далада бала батпырауық ұшырып жүр, камера оның артынан баяу ілесіп келеді». Көп платформа ағылшынша промптты жақсырақ түсінеді, сондықтан ойыңызды қазақша жазып, кейін аударып алсаңыз, нәтиже дәлірек шығуы мүмкін.
- Таңдалған суреттен видео жасаңыз. Бұл әдіс «Суреттен видеоға» (Image to video) деп аталады: кадрдың өзін модельге бересіз, ал промптта тек қозғалысты жазасыз. Сонда кейіпкер мен композиция сақталады, ал кредит тек ұнаған кадрға жұмсалады.
- Клиптерді монтажда біріктіріңіз. Дыбыс, музыка, титр қосып, дайын видеоны жинайсыз.
Бастаушының тегін кредиті көбіне промпт пен кадрды іздеп, қайта-қайта сынап көруге кетеді. Сондықтан промпттан бастап монтажға дейінгі жолды тегін видео сабақтарымызда көрсеттік: промпт жазу, суреттен видео жасау, CapCut-та мультфильм жинау. Сабақтарды тіркелусіз көре аласыз, сонда тегін кредитіңізді үнемдеп жұмсайсыз. Толық нұсқаулықты жасанды интеллект арқылы видео жасау мақаласынан оқисыз, ал кейіпкерді қалай сөйлетуге болатыны бөлек мақалада жазылған.
Видео жасау программалары телефонға тегін бар ма?
Иә, бар. Генерацияның бәрі платформаның серверінде жүреді, сондықтан телефонға қуатты процессор керек емес, интернет пен қосымша жеткілікті. Мысалға, Runway платформасының App Store мен Google Play дүкендерінде ресми қосымшасы бар, ал PixVerse өз сайтында қосымшасын жүктеуді ұсынады. Gemini қосымшасын телефонға орнатсаңыз, сурет жасай аласыз, бірақ видео жоғарыда айтқандай подпискамен ашылады.
Кеңес: қосымшаны дүкеннен атымен іздемей, платформаның ресми сайтындағы сілтеме арқылы жүктеңіз. Дүкендерде аты ұқсас, бірақ платформаның өзіне қатысы жоқ қосымшалар кездеседі.
Телефон идеяны тексеруге, алғашқы кадрларды жасауға жақсы жарайды. Ал үлкен жобаларға, мысалға, бірнеше клиптен фильм құрап, монтаж жасауға ноутбук не компьютер болғаны дұрыс.
Тегін нұсқаның шектеулері: бір минуттық видеоға жете ме?
Тегін тариф үйренуге, платформаны тануға, идеяны тексеруге жеткілікті. Ал бір тұтас видео жасағыңыз келсе, шектеулер бірден сезіле бастайды. Мұны сандармен көрсетейік.
Мысалға, Google Flow-да подпискасыз күніне 50 кредит бар, ал Gemini Omni Flash моделімен 720p сапада 8 секундтық бір клип 12 кредит тұрады. Яғни күніне 4 клип жасайсыз, бұл 32 секунд видео. Бір минуттық видеоға 8 клип керек, демек кемінде екі күн кетеді. Бірақ әр кадр бірден ойдағыдай шыға бермейді. Егер әр кадрды екі-үш реттен жасауға тура келсе, онда бір минуттық видео төрт-алты күнге созылады.
Екінші қиындық кейіпкерге байланысты. Бір платформаның тегін кредиті таусылғанда басқасына ауысасыз, ал әр модель кейіпкерді өзінше салады. Сөйтіп бір видеоның ішінде батырыңыздың беті, киімі, жарығы кадр сайын өзгеріп кетеді, яғни кейіпкердің тұрақтылығын ұстау қиын. Мұндай видео жаттығуға жарайды, бірақ оны көрерменге дайын фильм ретінде көрсету қиын.
Үшінші қиындық ватермарк пен сапаға қатысты. Өзіңіз үшін тексеруге 540p видео да жарай береді. Ал YouTube-тағы фильміңізге не клиенттің жарнамасына ватермаркы бар, разрешениесі төмен видеоны қою ыңғайсыз.
Ақылы құралға қашан ауысу керек?
Бәрі мақсатыңызға байланысты. Егер жасанды интеллектпен видео жасауды енді үйреніп жатсаңыз, онда тегін тарифтер жеткілікті: күнделікті кредитпен промпт жазуды, кадр құруды үйренесіз. Ал мына жағдайларда ақылы құралға ауысқан дұрыс:
- видеоңыз ватермарксыз әрі 1080p не одан жоғары сапада керек болса;
- видеоны жарнамаға, клиентке не ақылы жобаға қолданатын болсаңыз, яғни коммерциялық құқық керек болса;
- бір кейіпкермен ондаған клип жасайтын болсаңыз, мысалға, мультфильм не қысқаметрлі фильм;
- тегін кредит жаңарғанша күтуге уақытыңыз болмаса.
Ақшаны үнемдеудің бір жақсы тәсілі бар: алдымен тегін тексеріп, финалды ақылы жасаңыз. Яғни идеяны, композицияны, алғашқы кадрларды тегін тарифте көріп аласыз, ал ақылы генерацияны тек таңдалған кадрға жұмсайсыз.
Бірақ ақылы жолдың да өз қиындығы бар. Kling, Runway, PixVerse, Vidu тариф беттерінде баға долларда көрсетілген. Ал бір фильмге бірнеше модель қажет болса, әр платформаға бөлек подписка алуға тура келеді, әрқайсысының өз кредиті мен лимиті бар. Оның үстіне көп платформа ағылшынша промптты жақсырақ түсінеді, сондықтан әр промптты аударып отырасыз.
Шетелдік подпискасыз нұсқа: Dansai AI Studio
Ал біздің курстарда оқысаңыз, генерацияның бәрі Dansai AI Studio платформасында өтеді. Бұл — жеке кабинетіңіздегі сурет пен видео генерациясына арналған платформа, оның мүмкіндіктерін бөлек мақалада толық көрсеттік. Мұнда Nano Banana Pro, Veo 3.1, Kling 3.0 және Seedance 2.0 модельдері бір жерде тұр. Яғни сыртқы платформалардың орнына бірден осы жерде жасай бересіз: әр модельге бөлек шетелдік подписка алудың қажеті жоқ, VPN де, USD карта да керек емес.
Тағы бір ыңғайлы жері: промптты қазақша жаза бересіз, ал Director AI функциясы промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді, яғни оны таңдалған модельге лайықтап, кинематографиялық ағылшын тілінде қайта жазады. Режиссерлік мәнерін де өзіңіз таңдайсыз, мысалға, кинематографиялық, деректі не жарнамалық. Ал черновик ретінде жасаған видеоңыз ұнаса, «Сапаны арттыру» батырмасы 480p не 720p видеоны 1080p-ге, ал 1080p видеоны 4K-ға дейін көтереді. Бұл 30 секундқа дейінгі видеоға жұмыс істейді, оған да токен жұмсалады. Ең бастысы: академияда үйренген біліміңізді сыртқа шықпай, тікелей осы жерде қолдана аласыз.
Бірден айта кетейік, бұл тегін тариф емес: Dansai AI Studio курс тарифімен бірге ашылады. Генерацияға токен жұмсалады, ал токен тарифпен бірге сыйға беріледі. AI.Onai тарифінде токен алғашқы суреттеріңіз бен видеоңызға жетеді, ал AI.Cinema мен AI.Mentor Premium тарифтерінде тұтас фильмге жетеді. Токен таусылса, қосымша пакетті сол кабинеттен аласыз. Тарифтердің бағасы мен құрамын тарифтер бетінен көресіз.
Ал сабақтарда Higgsfield AI мен Google Flow сияқты сыртқы платформаларды да көрсетеміз, оларға подписка алу өз қалауыңыз. Толығырақ AI.Cinema бағыты бетінде жазылған.
Біздің студия жасаған жұмыстар
Жасанды интеллектпен не жасауға болатынын біздің студияның жұмыстарынан көріңіз. Мысалға, «Қонаев» фильмінің трейлері: онда түсірілім тобы болған жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам көрілім жинады. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды, ол жүйе туралы бөлек мақалада жаздық.
«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Ал «Бэтмен Алматыда» қысқаметрлі фильміндегі төбелес, қуалау және қала үстіндегі айқас Seedance 2.0 арқылы түсірілді. Бұл модель Dansai AI Studio-да бар, яғни осындай экшн сахнаны сіз де жеке кабинетіңізден жасап көре аласыз.

Ал осындай видеоны өзіңізге жасатқыңыз келсе, біздің студияға тапсырыс бере аласыз.
Келесі қадам: өз қысқаметрлі фильміңіз
Тегін тарифтермен промпт жазуды, кадр құруды үйреніп, алғашқы клиптеріңізді жасадыңыз делік. Ал сіздің керемет идеяңыз, сценарийіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз.
Тегін тарифтерде кейіпкердің тұрақтылығын ұстау қиын екенін жоғарыда айттық. Курста осыған жеке тақырып арналған: кейіпкер паспорты мен референс суреттерін дайындап, әр кадрды соларға сүйеніп жасайсыз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, AI.Cinema тарифінде олар 12 айға ашық тұрады, ал тұтас фильміңізге жететін токен тарифпен бірге сыйға беріледі. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттары тарифтер бетінде.
Курстың жетекшісі — «Қонаев» пен «Түлкі мен Арыстан» жобаларының авторы Бағлан Төлебай. Ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант.
Жасанды интеллектіні жүйелі үйренгіңіз келсе, неден бастау керегін жасанды интеллект үйрену мақаласынан оқыңыз, ал тегін және ақылы курстардың айырмашылығын жасанды интеллект курсы мақаласында салыстырдық.
Алдымен байқап көргіңіз келсе, тегін сабақтарымыздан немесе кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз. AI.Onai-да алғашқы суреттеріңіз бен қысқа видеоңызды жасайсыз. Ұнаса, AI.Cinema тарифіне өтесіз, сонда AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Олай болса, өз фильміңізді жасауға кеттік!
Жиі қойылатын сұрақтар
ИИ (жасанды интеллект) арқылы видео жасау тегін бе?
Иә, тегін бастауға болады. Google Flow, Kling, PixVerse, Runway, Vidu және Dreamina тегін кредит береді. Бірақ тегін тарифте кредит саны шектеулі, видеода көбіне ватермарк болады, ал жоғары разрешение подпискада ашылады.
Ватермарксыз тегін видео жасайтын платформа бар ма?
Біз тексерген платформалардың ішінде Google Flow Қазақстандағы қолданушыларға көрінетін ватермарк автоматты түрде қоймайды, бірақ әр видеода көзге көрінбейтін SynthID белгісі болады. Kling, PixVerse, Runway, Vidu және Dreamina тегін видеоға ватермарк қояды. Pika тегін аккаунтта да ватермарк қоймайды, бірақ кредитті пакетпен сатып алуға тура келеді.
Видео жасау программалары телефонға тегін бар ма?
Иә, бар. Runway платформасының App Store мен Google Play-де ресми қосымшасы бар, PixVerse те өз қосымшасын ұсынады. Gemini қосымшасында сурет тегін жасалады, ал видео Google AI подпискасымен ашылады. Қосымшаны платформаның ресми сайтындағы сілтеме арқылы жүктеген дұрыс.
Тегін жасалған видеоны жарнамаға қолдануға бола ма?
Платформаға байланысты. Kling, Vidu және Pika коммерциялық мақсатта қолдануға тек ақылы тарифте рұқсат береді, Higgsfield AI платформасы да тегін тарифте мұндай рұқсат бермейді. Runway анықтамасында тарифке бөлмей, видео қолданушыныкі деп жазылған, бірақ тегін видеода ватермарк қалады. Жарнамаға шығармас бұрын платформаның шарттарын оқып шығыңыз.
Google Flow Қазақстанда жұмыс істей ме?
Иә, Қазақстан Google Flow қолжетімді елдердің тізімінде бар. Платформаны 18 жасқа толғандар қолдана алады, подпискасыз күніне 50 кредит беріледі. Бірақ кешкі уақытта, Қазақстан уақытымен шамамен 19:00–22:00 аралығында, подпискасыз видео жасай алмай қалуыңыз мүмкін.
Тегін кредит таусылса не істеу керек?
Google Flow мен PixVerse-те келесі күнді күтесіз, себебі кредит күн сайын жаңарады. Kling тегін кредитті ай сайын береді, ал Runway-дің 125 кредиті бір рет қана беріледі. Жиі видео жасайтын болсаңыз, подписка не курс тарифімен бірге келетін Dansai AI Studio ыңғайлырақ.
Dansai AI Studio тегін бе?
Жоқ, Dansai AI Studio курс тарифімен бірге ашылады: генерацияға токен жұмсалады, ал токен тарифпен бірге сыйға беріледі. Есесіне Nano Banana Pro, Veo 3.1, Kling 3.0 және Seedance 2.0 бір кабинетте, VPN мен USD картасыз жұмыс істейді. Тегін бастағыңыз келсе, тегін видео сабақтарымызды тіркелусіз көре аласыз.
Dansai AI Studio-ға VPN керек пе?
Жоқ. Dansai AI Studio жеке кабинетіңізде, dansai.kz сайтының ішінде ашылады, сондықтан VPN де, USD карта да қажет емес. Модельдердің әрқайсысына бөлек төлемейсіз: генерацияға тарифпен бірге сыйға берілген токен жұмсалады.
Dansai AI Studio-ны телефоннан қолдануға бола ма?
Иә. Генерация серверде жүреді, сондықтан Dansai AI Studio-ны телефоннан ашып, сурет пен видео жасай бересіз, сабақтарды да телефоннан көресіз. Алғашында смартфон жарай береді, ал ұзақ ролик пен монтажға ноутбук не компьютер болғаны дұрыс.
Тағы оқыңыз
- Жасанды интеллект арқылы видео жасау: алғашқы видеоңызды бір фотодан жасаңыз
- Жасанды интеллект үйрену: неден бастау керек?
- Жасанды интеллект арқылы мультфильм жасау: сүйікті ертегіңізді өзіңіз жандандырыңыз
- Суретті сөйлету: отбасылық фотоны жасанды интеллектпен қалай сөйлетуге болады?
- Жасанды интеллект курсы: тегін және ақылы курстарды салыстыру