Бет ашылмай тұр ма?

Браузеріңіз ескі болуы мүмкін. Бізге WhatsApp-қа жазыңыз — сілтемені де, бағаны да қолмен жібереміз.

Страница не открывается? Возможно, устарел браузер. Напишите нам в WhatsApp — пришлём ссылку и цену вручную.

WhatsApp-қа жазу · Написать в WhatsApp Немесе Chrome-ды жаңартып көріңіз · Или обновите Chrome

Суретті сөйлету: отбасылық фотоны жасанды интеллектпен қалай сөйлетуге болады?

Атаңыздың ескі суреті жанданып, ол сізге қарап жымиып, өзінің жиі айтатын сөзін айтса, бұл бүкіл отбасыңыз үшін ұмытылмас сәт болар еді. Қазір мұны үйде отырып-ақ жасауға болады. Суретті сөйлету деп фотодағы адамды не кейіпкерді жасанды интеллект арқылы сөйлетіп, одан қысқа видео жасауды айтамыз: суреттегі адам кірпік қағып, басын сәл қимылдатады, ал ерні дауысқа сай қозғалады. Ол үшін сізге үш нәрсе керек: беті анық көрінетін сурет, айтылатын текст және сол текстті оқитын дауыс. Дауысты телефонға өзіңіз жазып аласыз немесе қазақша дауыс генерациясымен жасайсыз, ал суретті дауыспен арнайы құрал біріктіріп, дайын видео жасап береді. Төменде осының бәрін қадам-қадаммен түсіндіреміз, сондай-ақ ескі суретпен қалай құрметпен жұмыс істеу керектігін айтамыз.

, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 13 минут

Суретті сөйлету деген не және ол қалай жұмыс істейді?

Бұл әдісті ерінді дауысқа сай қозғалту (Lipsync) дейміз. Жасанды интеллект алдымен суреттегі адамның бетін тауып, оны қозғалысқа дайындайды. Содан кейін дауыс жазбасын тыңдап, әр дыбысқа қарай ерінді ашып-жабады, ал бетіне аздаған тірі қимыл қосады: адам кірпік қағады, басын сәл бұрады. Нәтижесінде бір ғана суреттен сөйлеп тұрған қысқа видео шығады.

Мұны суретті жандандырудан ажырата алыңыз. Суретті жандандырғанда фото қозғалады, бірақ адам сөйлемейді: жай ғана жымиып, кірпік қағып, басын бұрады. Ал суретті сөйлеткенде ең бастысы дауыс, себебі ерін дәл сол дауысқа қарай қозғалуы керек.

ӘдісНе болады?Не керек?
Суретті жандандыру: Суреттен видеоға (Image to video)Фото қозғалады: адам кірпік қағады, жымияды, басын бұрады, бірақ сөйлемейдіСурет және қозғалысты сипаттайтын промпт
Суретті сөйлету: ерінді дауысқа сай қозғалту (Lipsync)Суреттегі адамның ерні дауысқа сай қозғалып, сөйлеп тұрғандай көрінедіСурет, текст және дауыс жазбасы

Суретті сөйлететін құралдар: қайсысы қазақша сөйлетеді?

Суретті сөйлететін платформалар көп, бірақ әрқайсысының мүмкіндігі әртүрлі. Төмендегі құралдардың не істейтінін және қазақша сөйлете ала ма, жоқ па, соны олардың ресми беттерінен тексердік (2026 жылғы қазан). Мұндай платформалардың тарифтері мен мүмкіндіктері жиі өзгеріп отырады, сондықтан бастамас бұрын олардың сайтын бір қарап шығыңыз.

Мәліметтер платформалардың ресми беттерінен алынды, 2026 жылғы қазан
ҚұралНе істейді?Қазақ тілі
HeyGenФото жүктейсіз, текст жазасыз немесе дауыс жазбасын жүктейсіз, ал платформа сөйлеп тұрған видео жасайды. Тегін тарифі бар.Платформаның өз дауыстары сөйлейтін тілдер тізімінде қазақ тілі бар
HedraБір сурет пен бір дауыс жазбасынан сөйлеп тұрған видео жасайды.Тілді бөлек таңдамайсыз: ерін сіз жүктеген жазбаға қарай қозғалады, сондықтан қазақша жазба беруге болады
Higgsfield, LipSync StudioСуреттен сөйлеп тұрған видео жасайтын бөлім, ішінде бірнеше lipsync моделі бар.Платформаның өзі сапасы тілге қарай әртүрлі болатынын жазады, сондықтан қазақшаны алдымен қысқа жазбамен тексеріп көріңіз
ElevenLabsТекстті дауысқа айналдырады (дауыс генерациясы), видео жасамайды. Тегін тарифі бар.Қазақша дауыстары бар

Байқаған боларсыз, бұл платформалардың бәрі шетелдік: тегін тарифтің шегінен шыққан соң, әрқайсысына бөлек подписка алып, USD картамен төлейсіз, ал қазақ тілін әрқайсысы әртүрлі деңгейде қолдайды. Жаңадан бастаған адамға мұның бәрі біраз кедергі болады.

Ал біздің Dansai AI Studio туралы ашық айтайық: қазір онда бөлек lipsync құралы, яғни өз дауысыңыздың жазбасын жүктеп, суретке айтқызатын батырма жоқ. Есесіне Studio-да суретті жандандыруға, яғни суреттен видео жасауға болады: суретті жүктеп, промпт жазасыз да, Veo 3.1, Kling 3.0 немесе Seedance 2.0 моделі оны қозғалысқа келтіреді. Үшеуі де жеке кабинетіңізде, бір жерде тұр, сондықтан VPN мен USD картасы қажет емес. Олардың кейбірі видеоны дыбысымен бірге жасайды, ал Google Veo бетінде бұл модель диалогты да дыбыспен бірге жасай алатынын жазады. Бірақ ол бетте Veo қай тілдерде сөйлейтіні айтылмаған. Сондықтан Studio-да кейіпкерге қазақша сөз айтқызып көрсеңіз болады, тек оның дұрыс шығатынына кепілдік жоқ.

Суретті қалай сөйлетуге болады: қадам-қадаммен

Жалпы жол барлық құралда бірдей: сурет → текст → дауыс → видео. Олай болса, әр қадамды бөлек қарастырайық.

1-қадам: суретті дайындаңыз

Сөйлету үшін адам камераға тура қарап тұрған, беті анық көрінетін сурет керек. Мысалға, HeyGen-нің өз нұсқаулығында да бірінші қадам осы: камераға тура қарап тұрған анық фото таңдау. Егер беті жартылай жабылып тұрса, адам бүйірімен отырса немесе сурет бұлыңғыр болса, онда ерін қозғалысы шынайы шықпайды.

«Қонаев» фильмі үшін жасанды интеллектпен жасалған Әлихан Бөкейханов бейнесі: ақсақал кабинетте камераға қарап отыр, беті анық көрінеді
Сөйлетуге осындай сурет ыңғайлы: адам камераға қарап отыр, беті толық көрінеді, жарығы жұмсақ. Кадр «Қонаев» фильмінен.

Егер сурет ескі болса, онда алдымен оны қалпына келтірген дұрыс: сызаттарын кетіріп, бет-әлпетін айқындап, ақ-қара суретке түс бересіз. Мұны Dansai AI Studio-дағы Nano Banana Pro моделімен жасауға болады, ал дайын промптты тегін материалдар бетінен «Реставрация фото» деген атпен көшіріп аласыз. Бұл промптта адамның бет-әлпеті мен көзқарасын өзгертпеу, қазақы бет пішінін сақтау арнайы жазылған. Айтпақшы, біздің кіріспе AI.Onai курсының алғашқы практикалық тапсырмасы да осы: «Ескі фотоны қалпына келтіру».

2-қадам: текстті жазыңыз

Суреттегі адам не айтатынын алдын ала жазып алыңыз. Текст қысқа болғаны жақсы, бір-екі сөйлем жеткілікті. Оны кітаптағыдай емес, адам ауызша айтатындай етіп жазыңыз, ұзын құрмалас сөйлемдерден аулақ болыңыз. Себебі қысқа видеоны тексеру де, қайта жасау да оңай. Сандар мен қысқартуларды сөзбен жазыңыз, мысалға, «1956» емес, «мың тоғыз жүз елу алтыншы жылы» деп жазсаңыз, дауыс оны сіз ойлағандай оқиды.

3-қадам: қазақша дауысты дайындаңыз

Суретті қазақша сөйлету үшін дауысты бірнеше жолмен алуға болады. Әр жолдың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар:

  • Өз дауысыңыз. Бұл ең шынайы жол, әрі екпіні мен айтылуы да дұрыс болады. Тыныш бөлмеде телефонның диктофонына жазып алсаңыз жеткілікті, ал Hedra сияқты құралдар дәл осындай жазбамен жұмыс істейді.
  • Отбасы мүшесінің дауысы. Мысалға, атаның ескі суретіне немересі оның хатын өз дауысымен оқып берсе, видео әрі шынайы, әрі құрметпен шығады.
  • Дауыс генерациясы. Мысалға, ElevenLabs платформасында қазақша дауыстар бар, ал HeyGen-нің өз дауыстары да қазақша сөйлей алады. Генерацияланған дауысты міндетті түрде тыңдап шығыңыз: кейде екпін дұрыс түспеуі, ұзын не кірме сөздер қате оқылуы мүмкін.
  • Дауысты клондау. Кейбір платформалар адамның дауысын үлгі жазбадан көшіріп, сол дауыспен кез келген текстті оқи алады. Мұны тек өз дауысыңызбен немесе дауыс иесінің рұқсатымен жасаңыз.

4-қадам: суретті сөйлетіңіз

Таңдаған платформаңызға суретті жүктеп, дауыс жазбасын қосасыз немесе текстті жазып, платформаның өз дауысын таңдайсыз. Мысалға, HeyGen-де бәрі төрт қадаммен жасалады: анық фото жүктейсіз, текст жазасыз не жазбаны қосасыз, генерацияны бастайсыз, ал дайын видеоны жүктеп аласыз. Hedra-да одан да қарапайым: сурет пен дауыс жазбасын бересіз де, видео аласыз.

5-қадам: тексеріп, монтаждаңыз

Дайын видеоны дыбысын қосып, бірнеше рет қараңыз: ерін сөзден қалып қоймай ма, тісі мен көзі біртүрлі өзгеріп кетпей ме, бет-әлпеті сол адамға ұқсай ма? Ұнамаса, суретті не дауысты ауыстырып, қайта жасаңыз. Содан кейін видеоны монтажда жинап, субтитр мен музыка қосасыз. CapCut-та монтаж жасауды тегін сабақтарымыздың бесіншісінде көрсеттік.

Ал егер кейіпкерлеріңізді фильм ішінде сөйлеткіңіз келсе, онда бұл енді бөлек шеберлік: диалог, дауыс, кадр және монтаж бір-бірімен үйлесуі керек. AI.Cinema курсының бағдарламасында «Сөйлеу, Lipsync, дыбыс және Extension», «Дауыс, диалог және таза Lipsync» деген сабақтар бар. Ал тегін бастағыңыз келсе, тегін сабақтардың төртіншісі дәл осы тақырыпқа арналған, оны осы жерден көре аласыз:

ЖИ-мен кейіпкерді сөйлету: диалог және кадрлар жалғасы

Ескі суретті сөйлету: отбасылық фотоны қалай құрметпен жандандыруға болады?

Ескі суретті сөйлету көп адамның жүрегіне жақын тақырып: атаңыздың не әжеңіздің суреті жанданып, бір ауыз сөз айтса, отбасыңыз үшін үлкен естелік болады. Бірақ бұл жерде техникадан бұрын әдеп маңызды, себебі сіз нақты адамның бейнесі мен дауысымен жұмыс істейсіз. Сондықтан мына қағидаларды ұстанған дұрыс:

  • Тірі адамның суретін тек оның рұқсатымен сөйлетіңіз. Досыңыздың, әріптесіңіздің не танымал адамның фотосын оның келісімінсіз сөйлетіп, желіге салу дұрыс емес.
  • Марқұм болған адамның суретін отбасыңызбен ақылдасып барып сөйлетіңіз. Бір туысқа әдемі естелік болып көрінген видео екіншісіне ауыр тиюі мүмкін.
  • Аузына ол айтпаған сөзді салмаңыз. Ең дұрысы, адамның өз хатын, естелігін, жиі айтатын сөзін пайдалану. Немесе суретті сөйлетпей-ақ жай ғана жандандырып, кадр сыртынан немересінің дауысымен әңгіме қосуға болады.
  • Адамдарды алдау үшін қолданбаңыз. Біреудің бейнесі мен дауысын көшіріп жасалған жалған видеоны дипфейк (deepfake) дейді. Оны біреудің атынан ақша сұрауға не жалған сөз таратуға пайдалану алаяқтық, ал ондай видеоның зардабы ауыр.
  • Видеоның ЖИ-мен жасалғанын жазыңыз. Сипаттамаға не видеоның өзіне «ЖИ-мен жасалған» деп жазып қойсаңыз, көрермен шатаспайды.

Қазақстанның 2025 жылғы 17 қарашадағы «Жасанды интеллект туралы» заңында адамның сыртқы келбетін, дауысын не болмаған оқиғаны имитациялайтын ЖИ туындылары «синтетикалық нәтижелер» деп аталады. Ал заңның 21-бабында мұндай туындыларды таңбаланған және көрерменге ескерту берілген күйде ғана таратуға болатыны жазылған. Сондықтан видеоңыздың ЖИ-мен жасалғанын жасырмай, ашық жазыңыз.

Нәтижені қалай жақсартуға болады?

  • Сурет сапасы. Суретте адамның беті ірі, анық көрінсін, жарығы біркелкі түссін. Бірнеше адам түскен суреттен біреуін сөйлеткіңіз келсе, алдымен сол адамды қиып алып, жеке суретке айналдырыңыз.
  • Жүзі жанды болсын. Паспортқа түскендей қатып қалған жүзден гөрі, табиғи көңіл-күйі сезіліп тұрған жүз жақсырақ: жасанды интеллект оны шынайырақ қозғалтады. Ерні мен аузы анық көрінсін, бетін қара көзілдірік не қою көлеңке жаппасын.
  • Таза дыбыс. Дауыс жазбасында музыка, шу, жаңғырық болмасын. Музыканы кейін монтажда бөлек қосасыз.
  • Қысқа бөліктер. Кейбір модельдерде 30 секундтан ұзын видеода қимылдар қайталана бастайды. Сондықтан ұзын әңгімені бірнеше қысқа видеоға бөліп жасаңыз, сонда қатені тауып, түзету де оңай болады.
  • Бірнеше нұсқа. Жасанды интеллект әр жолы сәл басқаша нәтиже береді, сондықтан бір суреттен екі-үш нұсқа жасап, ең жақсысын таңдаңыз.
  • Субтитр. Қазақша субтитр қоссаңыз, көрермен дыбысты өшіріп қараса да түсінеді.

Суретті жандандыру: сөйлетпей, тек қозғалыспен

Кейде суретті сөйлетудің қажеті де жоқ. Ескі фотодағы атаңыз жай ғана кірпік қағып, сәл жымиып, басын бұрса, оның өзі жүрекке жылы тиеді. Бұл әдеп жағынан да қауіпсіз жол, себебі адамның аузына ешқандай сөз салмайсыз. Мұны суретті жандандыру дейміз, ал әдістің өзі Суреттен видеоға (Image to video) деп аталады.

Суретті біздің Dansai AI Studio-да жандандыруға болады. Ол курс тарифімен бірге жеке кабинетіңізде ашылады, ал генерацияға керекті токендер сыйға беріледі. Суретті жүктеп, қандай қозғалыс керек екенін промптқа жазасыз, модельді таңдап (мысалға, Kling 3.0 немесе Veo 3.1), генерацияны бастайсыз. Промптты қазақша жаза бересіз, ал Director AI функциясы оны таңдалған модельге сай кәсіби промптқа айналдырады.

Промптқа суретте бар нәрсені қайталап жазудың қажеті жоқ, ең бастысы қозғалысты сипаттаңыз. Мысалға: «Кабинетте отырған ақсақал баяу кірпік қағып, сәл жымияды да, басын ақырын бұрады. Камера қозғалмайды, бет-әлпеті, киімі мен жарығы өзгермейді.»

Ал дайын промпт керек болса, тегін материалдар бетінде «Ескі фотоны қалпына келтіру» деген видео промпт бар. Ол Kling 3.0 Pro моделіне арналған: адам бір рет баяу кірпік қағып, байқалар-байқалмас дем алып, басын аздап қозғалтады, бірақ сөйлемейді, ал беті түпнұсқадағыдай қалады. Видеоны алдымен төмен разрешениемен жасасаңыз, кейін Studio-дағы «Сапаны арттыру» батырмасымен оның разрешениесін көтере аласыз (мысалға, 720p-ден 1080p-ге).

Суреттен видео жасауды тегін сабақтардың үшіншісінде толық көрсеттік:

Суреттен видео жасау: жасанды интеллектпен кадр құрастыру

Жанданған суретке кадр сыртынан отбасы мүшесінің дауысымен әңгіме қоссаңыз, суретті сөйлетпей-ақ, отбасы тарихын айтатын шағын фильм шығады. Суреттен видео жасау туралы толығырақ жасанды интеллект арқылы видео жасау мақаласында жаздық, ал тегін құралдармен бастағыңыз келсе, ЖИ-мен тегін видео жасау туралы мақаланы оқыңыз.

Неден бастаған дұрыс?

Егер мұны алғаш рет жасағалы отырсаңыз, онда алдымен бір отбасылық суретті қалпына келтіріп, оны жай ғана жандандырып көріңіз. Бұл ең оңай әрі қауіпсіз қадам. Содан кейін өз дауысыңызды жазып, өз суретіңізді сөйлетіп көресіз, ал төселген соң кейіпкерлер мен диалогқа көшесіз.

Суретті жандандыру мен сөйлетуді қайдан үйренуге болады?

Біз бұл істі өз жұмысымыздан жақсы білеміз. Dansai Academy негізін қалаушы Бағлан Төлебай — «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, жасанды интеллект және машиналық оқыту бойынша докторант. Ол өз атасы, қайраткер Төлебай Орынбаев туралы «Айдынында жүзген ақ кеме» деректі фильмін өзі түсірген. Ал жоғарыдағы ақсақалдың кадры алынған «Қонаев» фильмінің трейлері арнайы жүйемен жасалды және YouTube-та 60 мыңнан астам көрілім жинады.

Сіздің де жандандырғыңыз келетін отбасылық суретіңіз, айтқыңыз келетін отбасы тарихыңыз бар ма? Онда мұны жүйелі түрде, қазақ тілінде үйреніңіз. Біздің кіріспе AI.Onai курсында дәл осындай практикалық тапсырмалар бар: «Ескі фотоны қалпына келтіру», «Атамен бір кадрда», «Баланың суретін жандандыру». Ал соңында «Отбасы тарихы: бір фотодан 30 секундтық ролик» мини-жобасын жасайсыз. Барлық сабақ жазбада, ал практиканы жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio-да жасайсыз.

Ал отбасы тарихын немесе өз оқиғаңызды толыққанды фильмге айналдырғыңыз келсе, онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Онда өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасауды үйренесіз: сценарий, кейіпкер, кадр, дауыс, Lipsync және монтаж. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, курс 12 айға ашық. Оны Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, ал бағасын тарифтер бетінен көресіз.

Жасанды интеллектіні жүйелі түрде меңгергіңіз келсе, жасанды интеллектіні үйрену туралы толық нұсқаулықтан бастаңыз, ал тегін бастағыңыз келсе, тегін материалдар бетіндегі видео сабақтар мен дайын промпттарды қолданыңыз.

Жиі қойылатын сұрақтар

Суретті тегін сөйлетуге бола ма?

Иә, бастап көруге болады. HeyGen-нің тегін тарифі бар, ElevenLabs-та да қазақша дауысты тегін тарифпен жасап көресіз, ал өз дауысыңызды телефонға жазу мүлде тегін. Бірақ тегін тарифтің шектеулері көп және жиі өзгереді, сондықтан оларды платформаның өз сайтынан тексеріңіз.

Суретті қазақша сөйлетуге бола ма?

Иә, болады. Ең сенімді жолы: қазақша дауысты өзіңіз жазып алып, оны суретпен бірге lipsync құралына беру, мысалға Hedra тілді сіз жүктеген жазбадан алады. HeyGen-нің өз дауыстары да қазақша сөйлей алады, бірақ қай жолды таңдасаңыз да, екпін мен айтылуын міндетті түрде тыңдап шығыңыз.

Ескі суретті сөйлету дұрыс па?

Отбасылық естелік ретінде құрметпен жасалса, дұрыс. Тек туыстарыңызбен ақылдасыңыз, адамның аузына ол айтпаған сөзді салмаңыз және видеоның ЖИ-мен жасалғанын ашық жазыңыз. Ал сөйлетуге көңіліңіз дауаламаса, суретті жай ғана жандандыруға болады.

Фотоны видеоға қалай айналдыруға болады?

Ол үшін Суреттен видеоға (Image to video) әдісін қолданасыз: суретті жүктеп, қандай қозғалыс керек екенін промптқа жазасыз. Dansai AI Studio-да мұны Kling, Veo, Seedance модельдерімен жасауға болады. Толығырақ жасанды интеллект арқылы видео жасау мақаласында жаздық.

Dansai AI Studio суретті сөйлете ме?

Studio-да суретті жандандыруға, яғни фотодан қозғалатын видео жасауға болады, ал кейбір видео модельдер дыбысты да қоса жасайды. Бірақ өз дауыс жазбаңызды суретке айтқызатын бөлек lipsync құралы онда қазір жоқ. Сондықтан суретті қазақша сөйлету үшін жоғарыдағы сыртқы құралдарды қолданған дұрыс.

Мультфильм кейіпкерін қалай сөйлетуге болады?

Мұнда да кейіпкердің беті анық көрінетін кадр, текст және дауыс керек. Бірақ мультфильмде кейіпкер бір кадрда емес, бүкіл оқиға бойы сөйлейді, сондықтан диалог пен кадрлар жалғасы маңызды. Тегін сабақтардың төртіншісі осы тақырыпқа арналған, ал мультфильм жасаудың толық жолын ЖИ арқылы мультфильм жасау мақаласынан оқи аласыз.

Суретті сөйлету үшін қандай сурет керек?

Адам камераға тура қарап тұрған, беті анық көрінетін, жарығы біркелкі сурет керек. Егер беті жабылып тұрса, адам бүйірімен түссе немесе сурет бұлыңғыр болса, онда ерін қозғалысы шынайы шықпайды. Ал ескі суретті алдымен қалпына келтіріп алған дұрыс.

Бұрын ЖИ-мен жұмыс істеп көрмесем, мұны үйрене аламын ба?

Иә, үйрене аласыз. Біздің кіріспе AI.Onai курсы дәл нөлден бастайтындарға арналған: барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, ал «Ескі фотоны қалпына келтіру», «Баланың суретін жандандыру» сияқты тапсырмаларды жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio-да бірден жасап көресіз. Ағылшын тілін білу міндетті емес: промптты қазақша жазсаңыз, Director AI функциясы оны таңдалған модельге сай кәсіби ағылшын промптына айналдырады.

Шетелдік платформаға USD картамен төлей алмасам, не істеуге болады?

Онда суретті Dansai AI Studio-да жандандыра аласыз. Ол курс тарифімен бірге жеке кабинетіңізде ашылады: Veo, Kling, Seedance модельдері бір жерде, VPN мен USD картасы қажет емес, ал генерацияға керекті токендер сыйға беріледі. Тек ескеріңіз: Studio-да бөлек lipsync құралы жоқ, сондықтан ол суретті сөйлетуге емес, жандандыруға ыңғайлы.

Тағы оқыңыз