Жасанды интеллект арқылы видео жасау үшін көргіңіз келетін көріністі текстпен сипаттайсыз немесе модельге дайын сурет бересіз, ал модель оны бірнеше секундтық видеоға айналдырады. Мысалға, ескі отбасылық фотоны алып, ондағы атаңыз күлімсіреп, басын баяу бұратын 5–8 секундтық видеоны бүгіннің өзінде жасай аласыз. Ал осындай бірнеше кадрды бір-біріне жалғасаңыз, алғашқы қысқа сахнаңыз дайын болады. Егер өз идеяңыз болса, онда оны видеоға айналдырудың бастаушыға ең сенімді жолы төрт қадамнан тұрады: алдымен идея мен промпт, содан кейін алғашқы кадр (сурет), одан кейін сол суретті қозғалысқа келтіру, соңында дыбыс, қазақша дауыс және монтаж. Төменде әр қадамды мысалмен түсіндіреміз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 15 минут
Жасанды интеллект видеоны қалай жасайды?
Бұрын бір сахнаны түсіру үшін камера, актер және тұтас түсірілім тобы керек болатын. Енді оны үйде отырып-ақ жасай аласыз, себебі жасанды интеллект видеоның кадрларын өзі жасап шығарады. Модель бұған дейін өте көп видео көріп үйренген, сондықтан сіздің сипаттамаңызға сай жаңа көріністі жасай алады. Видео генерациясының бірнеше әдісі бар, олар модельге не беретініңізге қарай ажыратылады. Әр әдістің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар, сондықтан бастамас бұрын оларды ажырата білген дұрыс.
Тексттен видеоға (Text to video)
Бұл әдісте модельге тек промпт бересіз: кімнің қай жерде не істеп жатқанын сөзбен сипаттайсыз, ал қалғанын модель өзі шешеді. Бұл бастауға ең оңай әдіс, идеяны тез тексеріп көруге ыңғайлы. Бірақ кадрдағы әр нәрсені модель өз еркімен таңдайды. Мысалға, кейіпкердің тұрақтылығын ұстау қиын: бір видеода атаның шапаны көк болса, келесісінде қызыл болып шығуы мүмкін.
Суреттен видеоға (Image to video)
Бұл әдісте алдымен сурет дайындайсыз немесе дайын фотоңызды аласыз, содан кейін модельге сол суретті беріп, енді не болатынын жазасыз. Сурет видеоның алғашқы кадры болады. Интернеттен «фотодан видео жасау» деп іздейтіндерге де дәл осы әдіс керек. Кәсіби жұмыста көбіне осы әдісті қолданады, себебі кейіпкердің беті, киімі, жарығы суретте алдын ала анықталып тұрады.
Бастапқы және соңғы кадр (Start and end frame)
Бұл да суреттен видео жасау әдісі, бірақ модельге бір емес, екі сурет бересіз: біріншісі видео басталатын кадр, екіншісі видео аяқталатын кадр, ал арасындағы қозғалысты модель өзі жасайды. Мысалға, бірінші суретте гүл әлі ашылмаған, екіншісінде сол гүл толық ашылып тұр. Kling өз нұсқаулығында екі суретті мүмкіндігінше ұқсас етіп таңдауға кеңес береді. Себебі суреттер бір-бірінен қатты өзгеше болса, видео біркелкі ауыспай, ортасында басқа кадрға кесіліп кетуі мүмкін.
| Әдіс | Модельге не бересіз? | Қашан қолданасыз? |
|---|---|---|
| Тексттен видеоға (Text to video) | Тек промпт | Идеяны тез тексеру, табиғат көрінісі, фон |
| Суреттен видеоға (Image to video) | Сурет және промпт | Кейіпкері бар сахна, фотодан видео жасау |
| Бастапқы және соңғы кадр (Start and end frame) | Екі сурет және промпт | Қозғалыстың қайдан басталып, қайда аяқталатынын өзіңіз шешкіңіз келсе |
Видео жасауға арналған модельдер мен платформалар: Veo, Kling, Seedance, Higgsfield
Қазір видео генерациясында бірнеше мықты модель бар, әрі олар жиі жаңарып отырады. Сондықтан нұсқаның нөмірін жаттаудың қажеті жоқ, әр модельдің мықты жағын білсеңіз жеткілікті. Бастаушыға мына атаулар жиі кездеседі:
- Veo. Бұл Google DeepMind жасаған модель. Тексттен де, суреттен де видео жасайды, бастапқы және соңғы кадрмен де жұмыс істейді. Ерекше жағы: видеомен бірге дыбысты да шығарады, яғни айналаның дыбысын, дыбыс эффектілерін, тіпті диалогты (ресми беті).
- Kling. Бұл да тексттен де, суреттен де видео жасайтын модель. Суреттен видеоға режимінде бастапқы және соңғы кадрды қоюға болады (ресми нұсқаулығы).
- Seedance. Бұл ByteDance компаниясының моделі. Тексттен де, суреттен де видео жасайды және бір видеоның ішінде бірнеше кадрды бір-біріне жалғап шығара алады (ресми беті).
- Higgsfield. Бұл бірнеше модельді бір жерге жинаған платформа: онда Kling, Seedance, Veo сияқты модельдермен қатар Higgsfield-тің өз модельдері де бар (ресми беті).
- Google Flow. Google-дың фильм жасауға арналған платформасы. Ол Veo және Google-дың басқа модельдерімен жұмыс істейді. Онда тексттен видео жасауға, бастапқы кадрдан немесе бастапқы және соңғы кадрдан видео жасауға, ал кей модельдерде видеоны ұзартуға болады (Flow анықтамасы).

Dansai AI Studio: модельдер бір жерде
Әр платформаның өз аккаунты, өз подпискасы және өз лимиттері бар. Бір сахнаны бір модельде, келесісін басқа модельде жасағыңыз келсе, көбіне бірнеше подписка алуға тура келеді, ал олардың бағасы әдетте долларда көрсетіледі. Тегін тарифтер туралы бөлек мақалада жаздық.
Ал біздің курстарда оқысаңыз, генерацияның бәрі жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында өтеді. Онда Nano Banana Pro, Veo, Kling және Seedance бір жерде тұр. Яғни сыртқы платформалардың орнына бірден осы жерде жасай бересіз: VPN де, USD карта да қажет емес, ал промптты қазақша жазуға болады. Ең бастысы: сабақта үйренген әдісіңізді сыртқа шықпай, тікелей осы жерде қолдана аласыз. Платформаның мүмкіндіктерін Dansai AI Studio туралы мақалада толық көрсеттік.
Бірден айта кетейік, Dansai AI Studio тегін емес, ол курс тарифімен бірге ашылады. Есесіне әр тарифке токен сыйға беріледі: кіріспе AI.Onai тарифінде ол алғашқы суреттеріңіз бен видеоңызға жетеді, ал AI.Cinema тарифінде тұтас фильмге жетеді. Higgsfield AI мен Google Flow-ды да сабақтарда көрсетеміз, бірақ оларға подписка алу өз қалауыңыз.
1-қадам: идея және промпт
Кез келген видео идеядан басталады. Бастаушылар көбіне бірден генерация батырмасын басып жібереді де, кейін шыққан нәтижеге көңілі толмай қалады. Сондықтан алдымен мына үш сұраққа жауап беріп алыңыз: видеода кім бар, ол қай жерде және не болып жатыр? Егер осыған жауап бере алсаңыз, онда промптыңыздың жартысы дайын.
Промпт — бұл модельге жазатын тапсырмаңыз: көз алдыңызға елестеткен көріністі сөзбен сипаттайсыз. Жақсы промпт тірі сөйлеммен жазылады. Алдымен уақыт пен орынды айтасыз, содан кейін кейіпкерді, соңында оның не істеп жатқанын. Мысалға:
Күзгі кеште ауыл шетіндегі ескі үйдің алдында ақ сақалды ата домбыра тартып отыр, қасында немересі ұйып тыңдап тұр, батып бара жатқан күннің жылы сәулесі екеуінің жүзіне түсіп жатыр.
— Промпт мысалы
Промптқа нені жазу керек? Мына бес нәрсені тексеріп шығыңыз:
- Уақыт пен орын: қай кезде және қай жерде? Мысалға, таңертең тау бөктерінде, түнгі қалада, қысқы далада.
- Кейіпкер: кім, жасы қанша, беті мен киімі қандай?
- Әрекет: кейіпкер не істеп жатыр?
- Жарық пен көңіл күй: күн батып бара жатыр ма, аспан бұлтты ма, түстері жылы ма, әлде суық па?
- Стиль: шынайы кино ма, әлде мультфильм бе?
Промпт жазуды тегін сабақтарымыздың біріншісінде толығырақ көрсетеміз, сол сабақта фильмге сценарий құруды да түсіндіреміз.
2-қадам: алғашқы кадр (сурет)
Неге бірден видео жасамай, алдымен сурет жасаймыз? Себебі сурет тезірек жасалады және оған кредит не токен әлдеқайда аз жұмсалады. Сондықтан кадрдың композициясын, кейіпкердің бетін, киімін және жарығын алдымен суретте бекітіп алған дұрыс. Сурет ұнаса ғана, оны видеоға айналдырасыз.
Суретті «Тексттен суретке» (Text to image) әдісімен жасайсыз: жоғарыдағыдай промпт жазасыз, ал модель сурет шығарады. Dansai AI Studio-да бұл үшін Nano Banana Pro моделі бар. Бір промпттан бірнеше нұсқа жасап, ішінен ең ұнағанын таңдаңыз. Ал ұнамаған жерін бүкіл суретті қайта жасамай-ақ түзетуге болады: суретті модельге қайта беріп, нені өзгерту керегін жазасыз. Бұл «Суреттен суретке» (Image to image) әдісі. Мысалға: «Атаның шапанын қызыл қыл, қалғанын өзгертпе».
Егер видеода өзіңіз немесе нақты бір адам болуы керек болса, оны тек текстпен сипаттау жеткіліксіз, себебі модель ол адамды танымайды. Мұндай кезде сол адамның фотосын референс ретінде бересіз. Басқа адамның фотосын қолдансаңыз, алдымен оның рұқсатын сұраңыз.
Ал өз фотоңыздан видео жасағыңыз келсе, бұл қадам тіпті оңай: дайын фото алғашқы кадр болады. Мысалға, ескі отбасылық фотоны алдымен қалпына келтіріп, содан кейін жандандыруға болады. Біздің кіріспе AI.Onai курсында «Отбасы тарихы» деген мини-жоба бар, онда бір фотодан 30 секундтық ролик жасайсыз.
3-қадам: суретті қозғалысқа келтіру
Сурет дайын болса, оны видео генерациясына жүктейсіз де, промптқа енді не болатынын жазасыз. Мұнда бір маңызды ереже бар: суретте көрініп тұрған нәрсені қайта сипаттаудың қажеті жоқ, модель оны көріп тұр. Промптқа тек қозғалысты жазасыз: кейіпкер не істейді, айналада не өзгереді және камера қалай қозғалады. Мысалға, жоғарыдағы суретке мынадай промпт жазуға болады:
Ата домбыра тартып отыр, саусақтары ішектің үстінде жүгіріп жүр, немересі күлімсіреп басын изейді, ал камера оларға баяу жақындап келеді.
— Промпт мысалы
Камера қозғалысын промптқа қалай жазу керек?
Видеоның кино сияқты көрінуі көбіне камераның қозғалысына байланысты. Оны промптқа қарапайым сөйлеммен жазасыз. Кестеде ағылшынша атауы жақшада тұр, себебі платформаларда бұл атауларды жиі көресіз.
| Камера қозғалысы | Промптқа қалай жазасыз? | Қандай әсер береді? |
|---|---|---|
| Жақындау (Dolly in) | «камера кейіпкерге баяу жақындап келеді» | Көрерменнің назарын кейіпкердің жүзі мен сезіміне аударады |
| Алыстау (Dolly out) | «камера кейіпкерден баяу алыстап, бүкіл ауыл көріне бастайды» | Кейіпкердің қай жерде тұрғанын көрсетеді |
| Бірге жүру (Tracking) | «камера шауып келе жатқан атпен бірге жылжып келеді» | Жылдамдық пен қозғалысты сездіреді |
| Айналып өту (Orbit) | «камера батырды баяу айналып өтеді» | Кейіпкерді жан-жағынан көрсетеді, бірақ бетін бұзып алуы мүмкін |
| Қозғалмайтын камера (Static) | «камера бір орнында қозғалмай тұр» | Тыныш көрініс береді, нәтижесі ең сенімді |
Бір кадрға бір ғана камера қозғалысын жазыңыз. Егер камера әрі жақындап, әрі айналып, әрі жоғары көтерілсе, модель шатасады да, видео ретсіз шығады. Тағы бір нәрсе: бір генерациядан шыққан видео көбіне бірнеше секунд қана болады, сондықтан ұзақ видео бірнеше қысқа кадрдан құралады.
4-қадам: дыбыс, қазақша дауыс және монтаж
Дыбысы жоқ видео жартылай ғана дайын. Видеодағы дыбыс әдетте төрт қабаттан тұрады: кейіпкердің сөзі, айналаның дыбысы (жел, құс үні, көше шуы), дыбыс эффектілері (есіктің тарс жабылуы, аттың тұяқ дүбірі) және музыка.
Кейбір модельдер дыбысты видеомен бірге жасайды. Мысалға, Veo айналаның дыбысын да, диалогты да видеомен қатар шығарады. Бірақ Veo-ның ресми бетінде қазақ тілі туралы ештеңе айтылмаған, ал сөйлеу дыбысы әлі жетілдіріліп жатыр деп жазылған. Сондықтан кейіпкер қазақша сөйлеуі керек болса, нәтижені міндетті түрде тыңдап тексеріңіз немесе дауысты бөлек жазып алыңыз.
Қазақша дауысты қайдан алуға болады?
Ең сенімді жол — өз дауысыңызды немесе досыңыздың дауысын телефонға жазып алу. Ол үшін тыныш бөлме мен телефонның өз микрофоны жеткілікті. Текстті дауысқа айналдыратын (Text to speech) құралдар да бар, бірақ олардың бәрі бірдей қазақша сөйлей бермейді, ал қазақша сөйлейтіндерінің өзі кейде сөзді қате оқиды немесе екпінді дұрыс қоймайды. Сондықтан кез келген құралды алдымен бір-екі сөйлеммен тексеріп алыңыз.
Кейіпкерді сөйлету үшін ерінді дауысқа сай қозғалту (Lipsync) әдісі қолданылады: модельге суретті және дауысты бересіз, ал модель кейіпкердің ернін сол дауысқа сай қозғалтады. Бұл тақырыпты суретті сөйлету туралы мақалада толық жаздық. Ал музыканы Suno сияқты құралдармен жасауға болады: қандай жанр, қандай көңіл күй керек екенін текстпен жазасыз.
Монтаж: кадрларды бір видеоға жинау
Генерациядан шыққан әр видео фильмнің бір ғана кадры болады. Монтажда сол кадрларды бір видеоға жинайсыз: ретін анықтайсыз, дыбыс пен музыканы қоясыз, титр жазасыз. Бастаушыға CapCut ыңғайлы: оның телефонға арналған қосымшасы да, компьютерге арналған нұсқасы да, браузерде ашылатын онлайн нұсқасы да бар. Тегін сабақтарымыздың бесіншісінде CapCut-та дайын мультфильмді қалай жинау керегін көрсетеміз.
Монтажда әр кадрды толық қоймаңыз. ЖИ жасаған видеода кейде кадрдың соңына қарай қозғалыс бұзыла бастайды, сондықтан әр кадрдың ең сәтті бөлігін ғана қиып алыңыз.
AI.Cinema курсының бағдарламасында бұл қадамға тұтас бөлім арналған: «Дыбыс, монтаж және дайын фильм». Онда дыбыстың төрт қабатын, дауыс пен музыканы, монтажды үйреніп, бөлім соңында аяқталған бір сахнаңызды жинайсыз.
Жасанды интеллектпен жасалған фильмге мысал
Осы төрт қадамды қайталап, кадрды кадрға жалғай берсеңіз, қысқа роликтен бастап тұтас фильмге дейін жасауға болады. Мысалға, біздің студия жасаған «Қонаев» фильмінің трейлері. Онда түсірілім тобы болған жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам көрілім жинады. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды, ал сол жүйеде қолданылған құралдарды сіз де курста үйренесіз. Ол жүйе туралы бөлек мақалада жаздық.
«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Тағы бір мысал: «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмі. Оны Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасаған. Бағлан Төлебай — академия негізін қалаушы және AI.Cinema курсының жетекшісі. Ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант. Ал осындай видеоны өзіңізге жасатқыңыз келсе, біздің студияға тапсырыс бере аласыз.
Бастаушылар жиі жіберетін қателер
Жасанды интеллект арқылы видео жасағанда бастаушылардың көбі бір қателіктерді қайталайды. Оларды алдын ала білсеңіз, уақытыңыз бен токеніңізді үнемдейсіз.
Кейіпкер кадр сайын өзгеріп кетеді
Бұл ең жиі кездесетін мәселе. ЖИ әр генерацияны жаңадан жасайды, сондықтан кейіпкердің тұрақтылығын ұстау қиын: бір кадрда атаның сақалы ұзын, келесісінде қысқа, шапанының түсі де басқа. Бірақ мұның шешімі бар. Кейіпкерді алдымен суретте бекітіп алыңыз да, әр кадрды сол суреттен бастаңыз немесе оны модельге референс ретінде беріңіз. Сонымен қатар кейіпкердің сыртқы түрін бір рет толық сипаттап жазып алып, әр промптқа сөзбе-сөз қайталап отырыңыз. AI.Cinema курсында бұған жеке тақырып арналған: кейіпкер паспорты мен референс суреттерін дайындап, әр кадрды соларға сүйеніп жасайсыз.
Бір промптқа тым көп нәрсе жазу
Бірнеше секундтық видеоға үш оқиға, екі камера қозғалысы мен бес кейіпкер жазсаңыз, модель соның бір бөлігін ғана орындайды. Бір кадрға бір әрекет жазыңыз, ал оқиғаны бірнеше кадрға бөліңіз.
Промптты сөздер тізімімен жазу
«Ата, домбыра, немере, күн батуы, жақын план» деген тізімнен модель кімнің не істеп жатқанын түсінбейді. Көріністі тірі сөйлеммен жазыңыз: алдымен уақыт пен орын, содан кейін кейіпкер, соңында әрекет.
Дыбыс пен монтажды кейінге қалдыру
Генерация біткенде видео дайын сияқты көрінеді. Бірақ дыбыссыз, музыкасыз және монтажсыз ол жай ғана бөлек-бөлек кадрлар болып қала береді. Көрерменге әсер ететін видео дәл осы соңғы қадамда шығады.
Телефонмен видео жасауға бола ма?
Иә, болады. Жасанды интеллект телефоныңызда емес, серверде жұмыс істейді, сондықтан телефонның қуаты маңызды емес: промпт жазып, нәтижені көріп, жүктеп алу үшін интернет жеткілікті. Dansai AI Studio да серверде жұмыс істейді, оны телефоннан ашып, генерация жасай бересіз. Монтажды да телефонда, CapCut қосымшасында жасауға болады.
Бірақ үлкен жобаларға (ұзақ ролик, көп кадрлы монтаж) ноутбук не компьютер ыңғайлырақ: экран үлкен, файлдармен жұмыс істеу оңай. Алғашында смартфон жарай береді, ал кейін қажетіңізге қарай компьютерге ауыса бересіз.
Жасанды интеллект арқылы видео жасауды қайдан үйренуге болады?
Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес. Онда бес видеосабақ бар: промпт жазу мен сценарий құру, сценарийден суретке өту, суреттен видео жасау, кейіпкерді сөйлету және CapCut-та монтаж. Жалпы жасанды интеллектіні неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік. Ал мультфильм жасағыңыз келсе, жасанды интеллект арқылы мультфильм жасау туралы мақаланы оқыңыз. Қандай курстар бар екенін курстарды салыстыру мақаласынан көре аласыз.
Келесі қадам: өз қысқаметрлі фильміңіз
Сіздің керемет идеяңыз, сценарийіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз: сценарий жазып, кейіпкер мен оның әлемін құрасыз, кадр жасап, дыбыс пен монтажды қосасыз. Яғни осы мақаладағы төрт қадамды тұтас фильмге дейін жеткізесіз.
Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада: төлемнен кейін бірден ашылады, AI.Cinema тарифінде 12 айға ашық тұрады, ал жаңа сабақтар апта сайын қосылып отырады. Тұтас фильміңізге жететін токен тарифпен бірге сыйға беріледі. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттары тарифтер бетінде.
Алдымен байқап көргіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз: онда алғашқы суреттеріңіз бен қысқа видеоңызды жасайсыз. Ұнаса, AI.Cinema тарифіне өтесіз, сонда AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Олай болса, алғашқы видеоңызды жасауға кеттік!
Жиі қойылатын сұрақтар
Жасанды интеллектпен видео жасау тегін бе?
Кейбір платформалардың тегін тарифі бар, бірақ онда лимит аз, ал кей жерде видеода ватермарк қалады. Бастап көру үшін тегін нұсқа жеткілікті, ал тұрақты жұмысқа көбіне подписка керек болады. Қай платформа қаншалықты тегін екенін бөлек мақалада жаздық.
Фотодан видео қалай жасауға болады?
Суреттен видеоға (Image to video) әдісін қолданасыз: фотоны модельге жүктеп, промптқа суреттегі адам қалай қозғалатынын жазасыз. Мысалға: «Ата басын баяу бұрып, күлімсірейді, камера оған жақындап келеді». Фото видеоның алғашқы кадры болады, сондықтан адамның беті мен киімі көбіне сақталып қалады.
Промптты қазақша жазуға бола ма?
Dansai AI Studio-да болады: промптты қазақша жазасыз, ал Director AI функциясы оны таңдалған модельге лайықтап, кинематографиялық ағылшын тілінде қайта жазады. Ал басқа платформаларда промптты ағылшынша жазуға тура келсе, аударуға ChatGPT немесе Gemini көмектеседі.
AI видео жасау үшін ағылшын тілін білу керек пе?
Міндетті емес. Біздің курстарда барлық сабақ қазақ тілінде, ал платформа интерфейсіндегі қажет сөздерді сабақ барысында түсіндіреміз. Промптты Dansai AI Studio-да қазақша жаза аласыз.
Dansai AI Studio-ға VPN керек пе?
Жоқ. Dansai AI Studio жеке кабинетіңізде, dansai.kz сайтының ішінде ашылады, сондықтан VPN де, USD карта да қажет емес. Nano Banana Pro, Veo, Kling және Seedance бір жерде тұр, әрқайсысына бөлек подписка алмайсыз: генерацияға тарифпен бірге сыйға берілген токен жұмсалады.
Уақытым аз болса, курсты қалай оқимын?
Барлық сабақ жазбада: төлемнен кейін бірден ашылады, ал сіз өзіңізге ыңғайлы уақытта оқисыз. AI.Cinema тарифінде сабақтар 12 айға ашық, яғни асықпай, өз қарқыныңызбен өтесіз. Сабақтарды телефоннан да көре бересіз.
Видео жасау үшін қандай компьютер керек?
Қатты бір мықты компьютердің қажеті жоқ: жасанды интеллект серверде жұмыс істейді, сондықтан кез келген ноутбук жарайды, ал бастау үшін тіпті смартфон да жеткілікті. Ал ұзақ ролик пен көп кадрлы монтажға ноутбук не компьютер ыңғайлырақ.
Кейіпкер әр кадрда өзгермеуі үшін не істеу керек?
Кейіпкерді алдымен суретте жасап, әр кадрды сол суреттен бастаңыз, яғни «Суреттен видеоға» әдісін қолданыңыз. Кейіпкердің сыртқы түрін бір рет толық жазып алып, әр промптқа қайталап отырыңыз. Соның өзінде кейіпкердің тұрақтылығын ұстау қиын, сондықтан шыққан кадрларды бір-бірімен салыстырып, ұқсамағанын қайта жасаңыз.
Қай модель жақсырақ: Veo, Kling әлде Seedance?
Әр модельдің өз мықты жағы бар, әрі олар жиі жаңарып отырады. Сондықтан бір сахнаны екі-үш модельде жасап көріп, нәтижесін салыстырған дұрыс. Dansai AI Studio-да мұны бір жерден, бөлек подпискасыз жасайсыз.
Тағы оқыңыз
- Жасанды интеллект үйрену: неден бастау керек?
- Жасанды интеллект арқылы мультфильм жасау: сүйікті ертегіңізді өзіңіз жандандырыңыз
- Суретті сөйлету: отбасылық фотоны жасанды интеллектпен қалай сөйлетуге болады?
- Жасанды интеллектпен тегін видео жасау: қай платформалар шынымен тегін?
- Жасанды интеллект курсы: тегін және ақылы курстарды салыстыру