Бет ашылмай тұр ма?

Браузеріңіз ескі болуы мүмкін. Бізге WhatsApp-қа жазыңыз — сілтемені де, бағаны да қолмен жібереміз.

Страница не открывается? Возможно, устарел браузер. Напишите нам в WhatsApp — пришлём ссылку и цену вручную.

WhatsApp-қа жазу · Написать в WhatsApp Немесе Chrome-ды жаңартып көріңіз · Или обновите Chrome

Фотодан видео жасау: суретті жасанды интеллектпен қалай жандандыруға болады?

Фотодан видео жасау үшін суретті видео жасайтын ЖИ (ИИ) модельге жүктейсіз де, промптқа ондағы адамның не заттың қалай қозғалатынын жазасыз. Модель фотоны бастапқы кадр етіп алады да, одан басталатын бірнеше секундтық видео жасап береді. Мысалға, әжеңіздің жас кезіндегі суретінде ол баяу кірпік қағып, сәл жымияды, ал артындағы ақ перде желмен ақырын тербеледі. Сіздің де жандандырғыңыз келетін фотоңыз бар ма? Онда төменде дұрыс фото таңдаудан бастап, Reels-ке дайын тік видеоға дейінгі жолды қадам-қадаммен көрсетеміз.

, Dansai Academy негізін қалаушы · · · Оқуға 13 минут

Орыс тілінде оқу

Суреттен видеоға (Image to video): фото қалай қозғалады?

Фотоны видеоға айналдыру үшін модельге екі нәрсе бересіз: фото және промпт. Модель фотодағы адамды, оның киімін, жарығы мен фонын көреді де, келесі бірнеше секундта не болатынын өзі ойлап шығарады. Бұл әдістің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Адамның беті мен киімі фотода көрініп тұрғандықтан, кейіпкердің тұрақтылығын ұстау тексттен видео жасағаннан гөрі оңай. Бірақ фотода көрінбейтін нәрсені, мысалға, адамның желкесін не қалтадағы қолын, модель өзі ойлап салады, ал ақаулар көбіне дәл осы жерден шығады.

Kling өз нұсқаулығында бір маңызды нәрсені ескертеді: модель не істеу керегін түсінбесе, фото көбіне қозғалмай қалады. Сондықтан промптқа «кім» және «не істейді» деген екі нәрсені міндетті түрде жазасыз.

Тек жандандыру мен сөйлетуді ажырата алыңыз: жандандырғанда адам қозғалады, бірақ сөйлемейді. Сөйлету бөлек әдіс, оны суретті сөйлету туралы мақалада жаздық, ал видео генерациясының басқа әдістері жасанды интеллект арқылы видео жасау нұсқаулығында бар.

Фотодан видео жасайтын құралдар: қайсысы тегін?

Суреттен видео жасауды қазір көп платформа ұсынады. Төменде бастаушылар жиі қолданатын үшеуін олардың ресми беттері бойынша тексердік.

Мәлімет 2026 жылғы қазанда платформалардың ресми беттерінен тексерілді.
ПлатформаФотодан видео қалай жасалады?Тегін не береді?Нені ескеру керек?
Google Flow«Video» → «Frames» (Кадрлар) режимінде фотоны бастапқы кадр орнына қоясыз, қаласаңыз соңғы кадрды да қосасызКүніне 50 кредит, қолданбаған кредит келесі күнге қалмайды. Gemini Omni Flash моделімен 8 секундтық 720p видео 12 кредит тұрады, яғни күніне 4 видео жасайсыз18 жасқа толғандар ғана қолданады. Қазақстан уақытымен шамамен 19:00–22:00 аралығында подпискасыз видео жасай алмай қалуыңыз мүмкін
Kling AIСуреттен видеоға (Image to video) режиміне фотоны жүктейсіз, қаласаңыз соңғы кадрды да қосасызПодпискасыз қолданушы ай сайын кіргенде тегін кредит алады, ол 31 күн жарамды. Саны тариф бетінде жазылмағанТегін тарифте ватермарк қалады, ал 1080p, 4K және коммерциялық мақсатта қолдану тек подпискада
Gemini қосымшасы«Add image» арқылы суретті жүктеп, одан видео жасауды сұрайсызТегін тарифте видео жасалмайды, ол тек Google AI подпискасымен ашылады18 жасқа толғандар ғана қолданады. Google құқығыңыз бар фотоны ғана жүктеуді сұрайды

Басқа платформалардың тегін тарифін ЖИ-мен тегін видео жасау туралы мақалада салыстырдық. Ал фотомен жұмыс істегенде тағы бір шектеу бар. Google Flow өз анықтамасында балаларды және жүктелген адам фотоларын қорғайтын шектеулер барын жазады, сондықтан кейбір промпт бойынша видео жасалмай қалуы мүмкін.

Бастаушының тегін кредиті көбіне бір кадрды қайта-қайта жасауға кетеді: не беті өзгеріп кетеді, не фото қозғалмай қалады. Сондықтан кредитті жұмсамас бұрын суреттен видео жасаудың ретін тегін сабақтан көріп алыңыз.

Суреттен видео жасау: 5 қадам

1-қадам: дұрыс фото таңдаңыз

Модель фотода анық көрініп тұрған нәрсені жақсы сақтайды, ал бұлыңғыр не жабық жерді өзі ойлап салады. Сондықтан фото таңдағанда мына нәрселерді тексеріңіз:

  • Беті анық болсын. Адамның көзі, ерні мен шашы айқын көрініп тұрсын, бетін қол, шаш не қою көлеңке жаппасын.
  • Адам кадрға толық сыйсын. Фото адамның басын не иығын кесіп тұрса, модель кадрдан тыс қалған жерді өзі ойлап салады, ал дәл сол жерде дене пішіні қисайып кетуі мүмкін.
  • Жарығы біркелкі түссін. Бетке қою көлеңке не жарқыл түссе, адам қозғалғанда олар бетте біртүрлі жылжып кетеді.
  • Шеті таза болсын. Сканерленген ескі фотоның ақ жиегін алдымен кесіп тастаңыз, әйтпесе модель оны видеода да қайталайды.

Фотода бірнеше адам болса, алғашында біреуін ғана қозғалтыңыз. Әр адамға бөлек әрекет жазсаңыз, модель шатасып, беттерді бір-біріне араластырып жіберуі мүмкін.

2-қадам: форматты алдын ала шешіңіз

Видеоның форматы көбіне фотоның өзінен алынады, яғни көлденең фотодан көлденең видео шығады. Сондықтан Reels, TikTok не Shorts үшін тік видео (9:16) керек болса, фотоны да тік етіп дайындаңыз. Оны телефонның галереясында 9:16 етіп қиясыз, тек адамның басының үстінде аздап орын қалдырыңыз. Немесе фотоны сурет жасайтын модельге (мысалға, Nano Banana Pro) беріп, 9:16 форматты таңдайсыз да, «Фонды жоғары мен төменге қарай жалғастыр, адамның бетін өзгертпе» деп жазасыз, содан кейін бетінің өзгермегенін тексересіз.

3-қадам: промптқа қозғалысты жазыңыз

Фотода көрініп тұрған нәрсені промптқа қайта жазудың қажеті жоқ, модель оны көріп тұр. Промптқа тек қозғалысты жазасыз: алдымен кім не істейді, содан кейін айналада не өзгереді. Мысалға:

Ата баяу кірпік қағып, сәл жымияды, ал артындағы ақ перде желмен ақырын тербеліп тұр.

— Ескі фотоға промпт мысалы

Баланың суретіне мынадай промпт жарайды: «Бала қолындағы шарға қарап жымияды, ал шашын жел аздап желбіретеді». Промпттың соңына не өзгермеуі керек екенін де жазыңыз: «Беті, киімі мен жарығы өзгермейді». Ал «жандандыр» деген жалғыз сөз жеткіліксіз, себебі модель не істеу керегін түсінбейді. Промпт құруды промпт жазу туралы мақалада толығырақ түсіндірдік.

4-қадам: камера мен ұзақтықты таңдаңыз

Камера неғұрлым аз қозғалса, бет соғұрлым жақсы сақталады. Сондықтан алғашқы видеоңызды қозғалмайтын камерамен жасаңыз, ал әсерлірек болсын десеңіз, камераны адамға баяу жақындатыңыз. Камера адамды айналып өтсе (Orbit), модель фотода жоқ бүйірі мен желкесін ойлап салады да, бет-әлпеті көбіне өзгеріп кетеді. Ұзақтығын да 5 секундтан бастаңыз, себебі видео ұзарған сайын адам фотодағы өзіне ұқсамай бастауы мүмкін. Ұзағырақ видеоны бірнеше қысқа видеодан монтажда жалғайсыз.

5-қадам: нәтижені тексеріп, дубль жасаңыз

Дайын видеоны бірнеше рет қараңыз: бет-әлпеті сол адамға ұқсай ма, көзі мен тісі өзгермей ме, қолы бүтін бе, фоны қисаймай ма? Ұнамаса, промптты түзетіп, дубль жасайсыз. Әр жолы бір ғана нәрсені өзгертіңіз, сонда нәтижеге не әсер еткенін түсінесіз. Суреттен видео жасауды тегін сабақтарымыздың үшіншісінде көрсеттік:

Суреттен видео жасау: жасанды интеллектпен кадр құрастыру

Бастапқы және соңғы кадр: видео қалай аяқталатынын өзіңіз шешесіз

Бір фото видеоның басын ғана анықтайды. Егер видео нақты бір көріністе аяқталуы керек болса, модельге екі фото бересіз: біріншісі бастапқы кадр, екіншісі соңғы кадр, ал арасындағы қозғалысты модель өзі жасайды. Бұл әдіс «Бастапқы және соңғы кадр» (Start and end frame) деп аталады.

Мысалға, ата мен әженің үйлену тойындағы суретінде екеуі де камераға қарап отыр, бұл бастапқы кадр. Сол фотоны сурет жасайтын модельге беріп, «Әже атаға қарап жымиып отырсын, қалғанын өзгертпе» деп жазасыз, бұл соңғы кадр. Ал модель әженің басын баяу бұрып, атаға қарап жымиған сәтін видеоға айналдырады. Тек екі фото бір-біріне мүмкіндігінше ұқсас болсын. Kling өз нұсқаулығында ескертеді: суреттер бір-бірінен қатты өзгеше болса, видео ортасында басқа кадрға секіріп кетуі мүмкін.

Ескі отбасылық фотоны жандандыру: алдымен қалпына келтіресіз

Ескі фотода сызат, дақ, бұлыңғыр бет жиі кездеседі. Оны бірден видеоға айналдырсаңыз, модель сызаттарды да қозғалтып, бетті өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан жұмыс үш кезеңнен тұрады:

  1. Фотоны түсіріп алыңыз. Сканерлеңіз немесе телефонмен түсіріңіз: фотоға жарық шағылыспасын, ал телефонды фотоға тура қаратып ұстаңыз.
  2. Қалпына келтіріңіз. Сызат пен дақты кетіріп, бетті айқындайсыз, қаласаңыз түс бересіз. Мұны Nano Banana Pro сияқты сурет моделімен жасайсыз, ал дайын промптты тегін материалдар бетінен «Реставрация фото» деген атпен көшіріп аласыз. Онда адамның бет-әлпетін өзгертпеу, қазақы бет пішінін сақтау арнайы жазылған.
  3. Аз қозғалыспен жандандырыңыз. Сол беттегі «Ескі фотоны қалпына келтіру» видео промпты Kling 3.0 Pro моделіне арналған: камера қозғалмайды, адам бір рет баяу кірпік қағып, білінер-білінбес тыныс алады, ал беті түпнұсқадағыдай қалады.

Бұл жерде әдеп те маңызды. Тірі адамның фотосын оның рұқсатымен ғана жандандырыңыз, ал марқұм болған туысыңыздың суретін отбасыңызбен ақылдасып барып жасаңыз. Видеоны желіге салсаңыз, оның ЖИ-мен жасалғанын жазып қойыңыз, бұл туралы заң талабын суретті сөйлету мақаласында жаздық.

Бірнеше фотодан бір видео: мерейтойға, туған күнге, еске алуға

Фотолардан видео жасағысы келетіндердің көбіне бір фото емес, тұтас отбасы тарихы керек. Мысалға, әкеңіздің мерейтойына оның балалық шағынан бүгінге дейінгі суреттерін бір роликке жинағыңыз келеді. Суреттерден видео жасаудың ең ыңғайлы жолы мынадай: фотолардың көбі слайд-шоу болып жай ауысады, ал ең маңызды екі-үш фото ғана жанданады. Сонда ролик әсерлі шығады, әрі кредит пен токенді де үнемдейсіз.

  1. Фотоларды іріктеңіз. Оларды оқиға ретімен қойыңыз: балалық шақ, жастық шақ, отбасы, бүгінгі күн. Екі-үш минуттық роликке 20–40 фото жеткілікті.
  2. Ескі фотоларды қалпына келтіріңіз. Сызаты мен дағы бар суретті жоғарыда көрсеткендей алдымен қалпына келтіресіз.
  3. Екі-үш фотоны жандандырыңыз. Ең жылы сәттерді таңдаңыз, мысалға, әже немересін құшақтап отырған суретті не ата мен әженің үйлену тойындағы фотосын.
  4. Монтажда жинаңыз. Фотолар мен видеоларды ретімен қойып, музыка мен текст қосасыз. Слайд-шоуды қалай жинайтынын CapCut қазақша нұсқаулығында көрсеттік.

Мерейтойға, туған күнге және еске алуға арналған видеолардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар, сондықтан олар туралы бөлек мақалалар жаздық: мерейтойға видео жасау, туған күнге видео құттықтау жасау және еске алу видеосы.

Жиі кездесетін ақаулар және оларды түзету жолдары

Фотодан видео жасағанда жиі кездесетін ақаулар
Не болды?Неге болады?Қалай түзетесіз?
Бет-әлпеті өзгеріп кеттіҚозғалыс көп, камера айналады не видео тым ұзақКамераны тоқтатыңыз, қозғалысты азайтыңыз, 5 секундтан бастаңыз
Видеода ештеңе қозғалмайдыПромпт тым жалпыӘрекетті нақты етістікпен жазыңыз: «баяу кірпік қағады», «басын бұрады»
Қолы мен саусағы бұзылдыҚол фотода жартылай көрінеді не оған күрделі әрекет берілдіҚолды қозғалтпаңыз немесе қолы толық көрінетін фото таңдаңыз
Күлкісі мен тісі біртүрліАузы жабық адамға үлкен күлкі жазылды«Күліп жібереді» деудің орнына «сәл жымияды» деп жазыңыз
Платформа видео жасаудан бас тарттыПлатформа адамдар мен балалардың фотосын қорғау үшін шектеу қоядыБасқа фото алыңыз не промптты қарапайымырақ жазыңыз

Телефонмен фотодан видео жасауға бола ма?

Иә, болады. Генерация телефоныңызда емес, платформаның серверінде жүреді, сондықтан интернет болса жеткілікті. Kling-тің iOS пен Android-қа арналған қосымшасы бар, оны kling.ai сайтының «Download» мәзірінен QR-код арқылы жүктейсіз. Dansai AI Studio да телефонның браузерінде ашылады. Дайын видеоларды CapCut қосымшасында бір роликке жинайсыз, ал монтажды тегін сабақтардың бесіншісінде көрсеттік.

Dansai AI Studio-да фотодан видео жасау

Сыртқы платформалардың әрқайсысының өз аккаунты, кредиті мен подпискасы бар, ал бағасы көбіне долларда. Біздің курстарда оқысаңыз, фотодан видео жасаудың бәрі жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында өтеді: VPN де, USD карта да қажет емес.

«Видео» режимінде фотоңызды «Кадрлар» ішіндегі «Бастапқы кадр» орнына жүктейсіз, ал «Суреттер» режимінде жасаған суретті «Видео жасау» батырмасымен бірден видеоға жібересіз. «Соңғы кадр» міндетті емес. Промптты қазақша жазасыз, ал Director AI функциясы — промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді: оны таңдалған модельге лайықтап, кинематографиялық ағылшын тілінде қайта жазады.

Қазір Studio-дағы барлық видео модель бастапқы кадрды қабылдайды: Veo 3.1 (Lite, Fast, толық нұсқасы), Kling (3.0 Pro, 2.6 Pro, 2.5 Turbo), Seedance (2.5, 2.0, 2.0 Mini), Gemini Omni Flash және Grok Imagine Video. Соңғы кадрды Veo, Kling және Seedance модельдері қабылдайды. Модельдер тізімі провайдерлерге қарай өзгеруі мүмкін. Видеоның форматы бастапқы кадрдан алынады, ал батырмада қанша токен жұмсалатыны санмен көрсетіледі.

Бірден айта кетейік, Dansai AI Studio тегін емес, ол курс тарифімен бірге ашылады, ал токен тарифпен бірге сыйға беріледі. Генерация сәтсіз аяқталса, мысалға, модель фотоны қабылдамаса, жұмсалған токен шотыңызға қайтады. Ал өз дауысыңызды суретке айтқызатын lipsync құралы Studio-да қазір жоқ.

Біздің студия жасаған жұмыстар

Фотодан жасалған видео фильмнің бір кадры бола алады, ал осындай кадрларды жүйелі түрде жалғасаңыз, тұтас фильм шығады. Мысалға, «Қонаев» фильмі арнайы жүйемен жасалды: ұзақтығы 3:51 минут болатын трейлерде 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар. Түсірілім тобы болған жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалды, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Тағы бір мысал: «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмін академия негізін қалаушы Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасады. Ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант.

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

Жасанды интеллектпен жасалған трейлер, 3:51

«Түлкі мен Арыстан» мультфильмі

«Түлкі мен Арыстан» мультфильмі

Қазақша AI-мультфильм, 2:56

Фотодан видео жасауды қайдан үйренуге болады?

Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес. Ал жасанды интеллектіні жалпы неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік.

Практикамен үйренгіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз. Онда дәл осы мақаладағыдай тапсырмалар бар: «Ескі фотоны қалпына келтіру», «Баланың суретін жандандыру», ал «Отбасы тарихы» мини-жобасында бір фотодан 30 секундтық ролик жасайсыз. Практиканы Dansai AI Studio-да жасайсыз. AI.Onai ұнаса, AI.Cinema тарифіне өтесіз, сонда AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады.

Келесі қадам: бір фотодан өз фильміңізге дейін

Сіздің керемет идеяңыз, айтқыңыз келетін отбасы тарихыңыз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз: суреттен видео жасаудан кейін сценарий, кейіпкер, дыбыс пен монтажды үйренесіз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, олар 12 айға ашық, ал сабақтар апта сайын ашылып, жаңарып отырады. Тұтас фильміңізге жететін токен сыйға беріледі, ал тарифті Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттары тарифтер бетінде. Ал дайын фильм керек болса, біздің студияға тапсырыс бере аласыз. Олай болса, алғашқы фотоңызды жандандыруға кеттік!

Жиі қойылатын сұрақтар

Фотодан видео жасау тегін бе?

Иә, тегін бастауға болады. Google Flow подпискасыз күніне 50 кредит береді, ол Gemini Omni Flash моделімен 8 секундтық төрт видеоға жетеді, ал Kling ай сайын тегін кредит береді. Бірақ тегін тарифте кредит аз, кейбір платформада ватермарк қалады, ал жоғары разрешение подпискада ашылады. Толық салыстыруды бөлек мақалада жаздық.

Телефонда фото видео жасау қосымшасы бар ма?

Иә. Kling-тің iOS пен Android-қа арналған қосымшасы бар, ал Gemini қосымшасы фотодан видеоны тек Google AI подпискасымен жасайды. Dansai AI Studio телефонның браузерінде ашылады, тек iPhone-дағы HEIC фото ашылмаса, оны JPG етіп сақтап, қайта жүктейсіз.

Фотодан видео жасағанда бет неге өзгеріп кетеді?

Бет көбіне қозғалыс тым көп болғанда не камера адамды айналып өткенде өзгереді, себебі модель фотода жоқ жерді өзі ойлап салады. Камераны қозғалтпаңыз, бір-екі шағын қозғалыс жазыңыз, видеоны 5 секундтан бастаңыз және промптқа «беті өзгермейді» деп қосыңыз.

Ескі фотоны қалай жандандыруға болады?

Алдымен фотоны қалпына келтіресіз, ол үшін тегін материалдар бетінде «Реставрация фото» промпты бар. Содан кейін видео модельге аз қозғалыс жазасыз: адам баяу кірпік қағады, ал камера қозғалмайды. Марқұм болған туысыңыздың суретін отбасыңызбен ақылдасып барып жандандырыңыз.

Reels-ке тік видеоны фотодан қалай жасаймын?

Видеоның форматы көбіне фотодан алынады, сондықтан фотоның өзі тік (9:16) болуы керек. Көлденең фотоны телефонда 9:16 етіп қиясыз немесе сурет жасайтын модельге фонын жоғары мен төменге қарай жалғастыруды жазасыз. Dansai AI Studio-да да формат бастапқы кадрдан алынады.

Тегін құралдар бар болса, курс не үшін керек?

Тегін құралдар бір-екі видеоны байқап көруге жетеді. Ал ескі фотодан отбасы тарихын айтатын ролик не тұтас фильм жасау үшін кадр, промпт, кейіпкердің тұрақтылығы, дыбыс пен монтажды бір жүйеге келтіру керек. Курста осы жолды қазақ тілінде, қадам-қадаммен өтесіз.

Ағылшын тілін білмесем, промптты қалай жазамын?

Dansai AI Studio-да промптты қазақша жаза бересіз: Director AI функциясы оны таңдалған модельге лайықтап, ағылшын тілінде қайта жазады. Ал сыртқы платформаларда аударуға ChatGPT не Gemini көмектеседі.

Тағы оқыңыз