Бет ашылмай тұр ма?

Браузеріңіз ескі болуы мүмкін. Бізге WhatsApp-қа жазыңыз — сілтемені де, бағаны да қолмен жібереміз.

Страница не открывается? Возможно, устарел браузер. Напишите нам в WhatsApp — пришлём ссылку и цену вручную.

WhatsApp-қа жазу · Написать в WhatsApp Немесе Chrome-ды жаңартып көріңіз · Или обновите Chrome

Kling AI арқылы видео жасау: алғашқы видеоңызды қадам-қадаммен жасаңыз

Kling AI арқылы видео жасау үшін kling.ai сайтына тіркеліп, көргіңіз келетін көріністі промптпен жазасыз немесе модельге дайын сурет бересіз, ал Kling оны бірнеше секундтық видеоға айналдырады. Подписка алмаған қолданушыға да ай сайын тегін кредит беріледі, сондықтан алғашқы видеоңызды бүгіннің өзінде жасап көре аласыз. Сіздің идеяңыз бар ма? Мысалға, қар басқан далада ат үстінде келе жатқан жігітті немесе апаңыздың ескі фотосын жандандырғыңыз келе ме? Онда төменде Kling-тің режимдерін қазақша түсіндіріп, алғашқы видеоңызды қадам-қадаммен бірге жасаймыз, ал соңында камераны басқаруды және кейіпкерді әр кадрда сақтауды үйренесіз.

, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 13 минут

Kling AI деген не?

Kling — бұл Қытайдың Kuaishou компаниясы жасаған видео генерациясының моделі және сол аттас платформа. Онда тексттен де, суреттен де видео жасайсыз, ал жаңа нұсқаларында видеомен бірге дыбыс та шығады. Онымен ресми kling.ai сайтында браузер арқылы жұмыс істейсіз, ал телефонға арналған қосымшасы да бар.

Модель жиі жаңарып отырады: мысалға, Kuaishou Kling 4.0 нұсқасын 2026 жылдың 15 қазанында іске қосты (ресми хабарлама). Сондықтан нұсқаның нөмірін жаттаудың қажеті жоқ, әр нұсқаның не істей алатынын білсеңіз жеткілікті:

Kling нұсқалары, 2026 жылғы қазандағы жағдай бойынша
НұсқаНе істей алады?Қай кезде қолданасыз?
Kling 4.0Бір генерацияда 30 секундқа дейін видео жасайды, 7 элементке дейін қабылдайды, видеоны өзі бірнеше кадрға бөледі (нұсқаулығы)Сахна ұзақ әрі күрделі болса, кейіпкері мен референсі көп болса
Kling 3.0 және 3.0 OmniВидеоны 3–15 секунд етіп, дыбысымен шығарады, ал бір клипте бірнеше кадр (Multi-shot) және элементтер режимдері бар (нұсқаулығы)Фильмнің негізгі кадрлары: кейіпкердің беті жақыннан көрінетін кадр, диалог, күрделі камера қозғалысы
Kling 2.6 және 2.5 TurboБұлар жеңілірек нұсқалар: сапасы жеткілікті, ал Dansai AI Studio-да оларға Kling 3.0-ге қарағанда токен азырақ жұмсаладыТабиғат көрінісі, өтпелі кадр, кейіпкер алыста тұрған кадр, черновик

Kling-тің режимдері

Тексттен видеоға (Text to video)

Бұл режимде модельге тек промпт бересіз, ал кадрдағы әр нәрсені модель өзі шешеді. Бұл бастауға ең оңай режим, бірақ өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Мысалға, кейіпкердің тұрақтылығын ұстау қиын: бір видеода шапан көк болса, келесісінде қызыл болып шығуы мүмкін. Kling өз нұсқаулығында промптқа кейіпкерді, оның не істейтінін және қай жерде екенін, ал қаласаңыз камера мен жарықты жазуды ұсынады. Бір видеоға 5–10 секундқа сыятын бір ғана әрекет жеткілікті.

Суреттен видеоға (Image to video)

Бұл режимде алдымен суретті жүктейсіз, ол видеоның алғашқы кадры болады. Ал промптқа енді не болатынын, яғни қозғалысты жазасыз. Кейіпкердің беті, киімі мен жарығы суретте алдын ала анықталып тұрады, сондықтан кино жасағанда көбіне осы режимді қолданады.

Бастапқы және соңғы кадр (Start and end frames)

Мұнда модельге екі сурет бересіз: видео біріншісінен басталып, екіншісімен аяқталады, ал арасындағы қозғалысты Kling өзі жасайды. Kling нұсқаулығы екі суретті мүмкіндігінше ұқсас етіп таңдауға кеңес береді, себебі суреттер қатты өзгеше болса, видеоның ортасында кадр кенет ауысып кетуі мүмкін.

Элементтер (Elements)

Элемент — бұл кейіпкердің, заттың немесе локацияның бірнеше суреттен жиналған үлгісі. Kling-те элементті 2–4 суреттен немесе кейіпкер түсірілген 3–8 секундтық видеодан жасайсыз, ал промптта оны «@» белгісімен шақырасыз (нұсқаулығы). Сонда модель кейіпкердің сыртқы түрін бүкіл клип бойы сақтауға тырысады.

Бір клипте бірнеше кадр (Multi-shot)

Kling 3.0 мен 4.0-де бір генерацияның ішінде бірнеше кадр жасауға болады. «Multi-Shot» қосулы болса, модель кадрларды өзі бөледі, ал «Custom Multi-Shot» режимінде әр кадрдың мазмұны мен ұзақтығын өзіңіз жазасыз. Мысалға, бірінші кадрда ата мен немере дастархан басында отыр, екіншісінде атаның жүзі жақыннан көрінеді, үшіншісінде немересі күліп жібереді.

Kling AI-да қалай бастау керек: аккаунт, кредит және подписка

Бастау үшін kling.ai сайтына кіріп, аккаунт ашасыз. Генерацияға кредит жұмсалады, ал бір видеоға қанша кредит кететіні модельге, видеоның ұзақтығына, сапасына (720p, 1080p) және бір ретте неше видео жасайтыныңызға байланысты. 2026 жылдың 28 қазанында тарифтер бетінде шарттар былай тұр:

  • Тегін (Basic). Подписка алмаған қолданушы ай сайын сайтқа кіргенде тегін кредит алады, ол 31 күн жарамды. Кредиттің саны тариф бетінде жазылмаған. Тегін видеода ватермарк болады, 1080p мен 4K сапа ашылмайды, ал видеоны коммерциялық мақсатта қолдануға болмайды. Біздің тәжірибемізде тегін кредитпен генерацияны ұзағырақ күтесіз.
  • Ақылы подписка. Ең кіші Standard тарифі айына 660 кредит береді, ал Pro, Premier және Ultra+ тарифтерінде кредит көбірек. Подпискада ватермарк алынады, 1080p мен 4K сапа ашылады, генерация жылдамырақ жүреді, ал видеоны коммерциялық мақсатта қолдануға рұқсат беріледі.
  • Баға. Подписка бағасы долларда көрсетілген және акцияға қарай жиі өзгеріп тұрады, сондықтан нақты бағаны тариф бетінен қараңыз.

Kling AI арқылы видео жасау: алғашқы видеоңыз 5 қадаммен

Бірден тексттен видео жасамай, алдымен суреттен бастаған сенімдірек. Төменде бір кейіпкердің мысалымен басынан аяғына дейін бірге өтеміз.

1-қадам: идеяны бір сөйлеммен жазыңыз

Видеода кім бар, ол қай жерде және не болып жатыр? Осы үш сұраққа бір сөйлеммен жауап беріңіз. Бір клипке бір оқиға жеткілікті.

2-қадам: алғашқы кадрды суретте жасаңыз

Суретті Kling-тің өзінде (онда сурет генерациясы да бар), Nano Banana Pro сияқты басқа модельде жасайсыз немесе дайын фотоңызды аласыз. Сурет тезірек жасалады, оған кредит те аз кетеді, сондықтан кейіпкердің беті мен киімін алдымен суретте бекітіп алған дұрыс. Тік видео (9:16) керек болса, суретті де бірден тік форматта жасаңыз. Промптты тегтермен емес, кәдімгі сөйлеммен жазыңыз: алдымен уақыт пен орын, содан кейін кейіпкер, соңында оның әрекеті. Мысалға:

Қысқы таңда қар басқан далада қызыл шапан киген жас жігіт ат үстінде ауылға қарай келе жатыр, алыстағы үйлердің мұржаларынан түтін шығып жатыр.

— Сурет промптының мысалы

3-қадам: қозғалысты промптқа жазыңыз

Суретті Суреттен видеоға (Image to video) режиміне жүктейсіз. Суретте көрініп тұрған нәрсені қайта сипаттаудың қажеті жоқ, модель оны көріп тұр. Промптқа тек қозғалысты жазасыз: кейіпкер не істейді, айналада не өзгереді және камера қалай қозғалады. Мысалға:

Жігіт атын тоқтатып, алыстағы ауылға қарап күлімсірейді, аттың танауынан бу шығып жатыр. Камера оған баяу жақындап келеді.

— Видео промптының мысалы

Kling-тің нұсқаулықтары мен промпт мысалдары ағылшынша жазылған, сондықтан kling.ai-да промптты ағылшынша жазған сенімдірек. Аударуға ChatGPT немесе Gemini көмектеседі. Жоғарыдағы промпттың ағылшынша нұсқасы мынадай болады:

The young man stops his horse and smiles, looking at the distant village; steam rises from the horse’s nostrils. Camera: slow dolly in.

— Ағылшынша нұсқасы

4-қадам: баптауларды таңдаңыз

Генерация алдында модельді, видеоның ұзақтығын, форматын (16:9 немесе 9:16), сапасын және дыбысты таңдайсыз. Алғашқы дубльге қысқа ұзақтық қойыңыз, мысалға 5 секунд: оған кредит азырақ кетеді, ал қозғалыстың ұнайтын-ұнамайтынын сол 5 секундтан-ақ көресіз.

5-қадам: нәтижені тексеріп, дубль жасаңыз

Видео шыққан соң тексеріңіз: кейіпкердің беті өзгермеді ме, қолы мен саусақтары бұзылмады ма, камера сіз жазғандай қозғалды ма? Ұнамаса, промптты түзетіп, қайта жасайсыз. Әр жолы бір ғана нәрсені өзгертіңіз, сонда нәтижеге не әсер еткенін түсінесіз.

Kling-ке камера қозғалысын қалай жазу керек?

Видеоның кино сияқты көрінуі көбіне камераға байланысты. Kling камераның қалай қозғалатынын промпттағы сөзден түсінеді. Сондықтан негізгі ереже мынау: кейіпкер туралы бөлек, камера туралы бөлек сөйлем жазыңыз. Ағылшынша промптта камера сөйлемін «Camera:» деп бастаңыз, сонда кейіпкердің әрекеті мен камераның қозғалысы бір-бірімен араласпайды.

Kling-ке жиі керек болатын камера қозғалыстары
Камера қозғалысыПромптқа қалай жазасыз?Не береді?
Қозғалмайтын камера (Static)«камера бір орнында қозғалмай тұр» · Camera: static shotНәтижесі ең сенімді, диалогқа жарайды
Жақындау (Dolly in)«камера кейіпкерге баяу жақындап келеді» · Camera: slow dolly inКейіпкердің эмоциясын күшейтеді
Алыстау (Dolly out)«камера баяу алыстап, бүкіл ауыл көріне бастайды» · Camera: slow dolly outКейіпкердің қай жерде тұрғанын көрсетеді
Бірге жүру (Tracking)«камера шауып келе жатқан атпен қатар жылжиды» · Camera: tracking shotЖүру мен ат шабысы сахналарына жарайды
Айналып өту (Orbit)«камера кейіпкерді баяу айналып өтеді» · Camera: slow orbitӘсерлі көрінеді, бірақ кейіпкердің бетін бұзып алуы мүмкін
Қолдағы камера (Handheld)«камера қолмен түсіргендей сәл дірілдейді» · Camera: handheldЭкшен мен шиеленісті сахналарға жарайды

Бір клипке бір ғана камера қозғалысын жазыңыз. Камера әрі жақындап, әрі айналып, әрі көтерілсе, нәтижесін болжау қиын. Тағы бір ереже: камера аз қозғалса, кейіпкердің беті тұрақты шығады. Kling-те камераны промптсыз, дайын баптаулармен басқаруға да болады (нұсқаулығы).

Кейіпкерді әр кадрда қалай сақтауға болады?

Бұл ЖИ-мен видео жасағанда ең жиі кездесетін мәселе. Модель әр генерацияны жаңадан жасайды, сондықтан бір кадрда кейіпкердің сақалы ұзын, келесісінде қысқа болып шығуы мүмкін. Бірақ мұның шешімі бар:

  • Әр кадрды бір суреттен бастаңыз. Кейіпкерді алдымен суретте бекітіп, видеоны Суреттен видеоға режимімен жасаңыз.
  • Элемент жасаңыз. Кейіпкердің бірнеше суретін (беті алдынан, жанынан) элемент қылып сақтап, әр промптта «@» арқылы шақырыңыз.
  • Сыртқы түрін бір рет жазып алыңыз. Кейіпкердің жасын, бетін, шашын, киімін бір абзацпен сипаттап, әр промптқа сөзбе-сөз қайталаңыз. Біз мұны кейіпкер паспорты деп атаймыз.

Бастаушылар жиі жіберетін қателер

  • Бір клипке тым көп оқиға жазу. Бірнеше секундқа бір әрекет қана сыяды. Үш оқиға жазсаңыз, модель соның біреуін ғана орындауы немесе бәрін араластырып жіберуі мүмкін.
  • Кадрдағы жазуға сену. Біздің тәжірибемізде Kling 3.0 мен 2.5 кадрдағы жазуды, мысалға дүкеннің маңдайшасын, қате шығарады. Kling 4.0-дің нұсқаулығы кадрдағы жазуды шығара алатынын айтады, бірақ бәрібір жазуды монтажда титр қылып қосқан сенімді.
  • Кейіпкердің қазақша сөйлеуін күту. Kling 3.0-де кейіпкерлер бес тілде сөйлейді: қытай, ағылшын, жапон, корей және испан тілінде, ал басқа тілде жазылған диалогты модель ағылшыншаға аударып жібереді. Kling 4.0-дің ресми тізімінде тоғыз тіл бар, бірақ олардың арасында да қазақ тілі жоқ.

Сондықтан кейіпкеріңіз қазақша сөйлеуі керек болса, дауысты бөлек жазып аласыз да, ерінді дауысқа сай қозғалтатын (lip sync) құралмен видеоға қосасыз. Нәтижесін міндетті түрде тыңдап тексеріңіз. Бұл тақырыпты суретті сөйлету туралы мақалада толық жаздық.

Kling-ті Dansai AI Studio-да қолдану

Kling-пен тұрақты жұмыс істеу үшін подписка керек, оның бағасы долларда, ал нұсқаулықтары ағылшынша. Бір фильмге Kling-тен бөлек Veo мен Seedance керек болса, әр платформаға жеке подписка алуға тура келеді.

Ал біздің курстарда оқысаңыз, Kling-ті жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында қолданасыз. Онда Kling-пен қатар Veo, Seedance және Nano Banana Pro бір жерде тұр, ал VPN де, USD карта да қажет емес. Яғни сабақта үйренген әдісіңізді сыртқа шықпай, бірден осы жерде қолдана бересіз.

Dansai AI Studio-дағы Kling модельдері, 2026 жылғы қазандағы жағдай бойынша. Модельдер тізімі жаңарып отырады
МодельҰзақтығыНе бар?
Kling 3.0 Pro3–15 секундДыбыс, бастапқы және соңғы кадр, бір клипте бірнеше кадр (Multi-shot), 4 элементке дейін
Kling 2.6 Pro5 немесе 10 секундДыбыс, бастапқы және соңғы кадр
Kling 2.5 Turbo5 немесе 10 секундБастапқы және соңғы кадр, дыбыссыз. Черновик пен өтпелі кадрға ыңғайлы

Промптты қазақша жаза бересіз, ал Director AI функциясы промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді: оны таңдалған модельге лайықтап, кәсіби ағылшынша промптқа айналдырады. Kling 3.0 Pro-да промптқа «@» белгісін жазсаңыз, «Менің элементтерім» кітапханасындағы кейіпкерлеріңіздің тізімі ашылады: біреуін таңдасаңыз, ол промптқа, мысалға, @Ерболат болып қосылады. Бір видеоға төрт элементке дейін қосасыз. «Мульти-шот» баптауын «Авто» режимінде қоссаңыз, модель кадрларды өзі бөледі, ал «Өз шоттарым» режимінде әр шоттың промпты мен ұзақтығын өзіңіз жазасыз: бір клипке ең көбі 5 шот және 15 секунд.

Генерацияны бастамай тұрып, батырмада қанша токен жұмсалатыны санмен көрсетіледі, ал генерация сәтсіз аяқталса, токендеріңіз қайтарылады. Бірден айта кетейік, Dansai AI Studio тегін емес, ол курс тарифімен бірге ашылады. Есесіне әр тарифке токен сыйға беріледі, ал AI.Cinema тарифінде ол тұтас фильмге жетеді.

Біздің студия жасаған жұмыстар

Видео модельдерін жүйелі қолдансаңыз, тұтас фильм жасауға болады. Мысалға, біздің студия жасаған «Қонаев» фильмінің трейлері: 13 сахна, 80 кадр, 68 бейне үзінді, ұзақтығы 3:51 минут. Онда түсірілім тобы болған жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды, ол туралы бөлек мақалада жаздық.

Тағы бір мысал: «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмі. Оны Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасаған. Бағлан Төлебай — академия негізін қалаушы және AI.Cinema курсының жетекшісі. Ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант.

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

ЖИ-фильм трейлері, 3:51

«Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмі

«Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмі

ЖИ-мультфильм, 2:56

Kling-ті тереңірек қайдан үйренуге болады?

Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес: онда промпт жазу, суреттен видео жасау, кейіпкерді сөйлету және CapCut-та монтаж бар. Промпт жазуды бөлек мақалада, Kling-ті Veo мен Seedance-пен салыстыруды жасанды интеллект арқылы видео жасау мақаласында, ал жасанды интеллектіні неден бастап үйрену керегін мына мақалада түсіндірдік.

Ал бір кадрдан тұтас фильмге өткіңіз келсе, онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курстың 1-модулінде Kling-ке бөлек сабақ бар: қай кадрға Kling 3.0 керек, ал қайсысына Kling 2.5 жеткілікті екенін салыстырып үйренесіз. Сол модульде бастапқы және соңғы кадр, Multi-shot, камера қозғалысы мен кейіпкер әрекеті туралы сабақтар да бар, ал 2-модульде кейіпкер паспортын жасайсыз. Курс соңында өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз.

Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, AI.Cinema тарифінде 12 айға ашық тұрады, ал жаңа сабақтар қосылып отырады. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттарын тарифтер бетінен қарай аласыз. Алдымен байқап көргіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз: ұнаса, AI.Cinema тарифіне өткенде AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Олай болса, алғашқы Kling видеоңызды жасауға кеттік!

Жиі қойылатын сұрақтар

Kling AI тегін бе?

Kling-ті тегін байқап көруге болады: подписка алмаған қолданушы ай сайын сайтқа кіргенде тегін кредит алады, ол 31 күн жарамды. Бірақ тегін видеода ватермарк болады, 1080p сапа ашылмайды, ал видеоны коммерциялық мақсатта қолдануға болмайды. Тұрақты жұмысқа подписка керек, оның бағасы долларда.

Kling AI-ды қалай қолдануға болады?

kling.ai сайтына тіркеліп, Video Generation бөлімінде модельді таңдайсыз, промпт жазасыз немесе суретті жүктейсіз, ұзақтығы мен форматын қойып, генерацияны бастайсыз. Бастаушыға Суреттен видеоға режимі сенімдірек: алдымен кадрды суретте жасап, содан кейін промптқа тек қозғалысты жазасыз.

Kling қазақша түсіне ме?

Kling-тің нұсқаулықтары мен промпт мысалдары ағылшынша, ал қазақша промптты қаншалықты түсінетіні ресми жазылмаған, сондықтан промптты ағылшынша жазған сенімдірек. Кейіпкерді де қазақша сөйлетпейді: Kling 3.0-дің ресми тізімінде бес тіл, Kling 4.0-дікінде тоғыз тіл бар, бірақ олардың арасында қазақ тілі жоқ. Dansai AI Studio-да промптты қазақша жазасыз, ал Director AI оны модельге лайықтап, ағылшынша промптқа айналдырады.

Kling 3.0 мен Kling 4.0-дің айырмашылығы қандай?

Kling 4.0 нұсқасы 2026 жылдың қазанында шықты: ол бір генерацияда 30 секундқа дейін видео жасайды және 7 элементке дейін қабылдайды. Kling 3.0 видеоны 3–15 секунд етіп шығарады, онда да дыбыс, бір клипте бірнеше кадр және элементтер бар. Бастаушыға екеуі де жарайды, ал Dansai AI Studio-да 2026 жылғы қазандағы жағдай бойынша Kling 3.0 Pro, 2.6 Pro және 2.5 Turbo бар.

Kling-пен жасаған видеоны жарнамаға қолдануға бола ма?

Kling-тің тариф бетіндегі сұрақ-жауапта жазылғандай, видеоны коммерциялық мақсатта тек ақылы подписка иелері қолдана алады. Оның өзінде адамның бейнесі мен атын пайдалану, авторлық құқық және ЖИ контентін белгілеу сияқты талаптарды өзіңіз тексересіз.

Kling-ті YouTube-тан өзім үйренсем бола ма?

Негізін өзіңіз үйренуге болады: Kling-тің ағылшынша нұсқаулықтары бар, ал біздің тегін сабақтарымыз қазақша. Бірақ бір әдемі клип пен тұтас фильмнің арасы алыс: сценарий, кейіпкердің тұрақтылығы, дыбыс пен монтаж керек. AI.Cinema курсы осы жолды қазақ тілінде ретімен көрсетеді.

Dansai AI Studio-да Kling тегін бе?

Жоқ, Dansai AI Studio курс тарифімен бірге ашылады. Генерацияға токен жұмсалады, ал токен тарифпен бірге сыйға беріледі. Есесіне Kling 3.0 Pro, Veo, Seedance және Nano Banana Pro бір кабинетте, VPN мен USD картасыз жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз