Промпт жазу дегеніміз — жасанды интеллектке не жасау керегін сөзбен түсіндіру, яғни көз алдыңыздағы суретті не видеоны текстпен сипаттап беру. Промпт — бұл модельге беретін нақты тапсырмаңыз: егер оны дұрыс жазсаңыз, онда нәтиже де жақсы шығады. Мысалға, «Қыстағы адам» деп жазсаңыз, модель кездейсоқ бір адамды салып береді, ал «Қысқы кеште вокзалда бөрік киген қазақ жігіті тұр, артында пойыз тұр, шамдардан жылы жарық түсіп тұр» деп жазсаңыз, кино кадрына ұқсас сурет аласыз. Көз алдыңызда тұрған кадрыңыз бар ма? Онда төмендегі 10 дайын үлгіні алып, өз идеяңызға бейімдеңіз де, алғашқы суретіңіз бен видеоңызды бүгін-ақ жасап көріңіз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 15 минут
Промпт деген не және ол неге маңызды?
Жасанды интеллект сіздің ойыңызды оқымайды. Модель көз алдыңызда не тұрғанын білмейді, ол тек жазғаныңызды орындайды. Сондықтан нәтиже нашар шықса, мәселе көбіне модельде емес, промптта болады.
Промптты ChatGPT сияқты чат-ботқа да жазасыз. Ал бұл мақалада сурет пен видео жасайтын модельдерге, мысалға, Nano Banana Pro, Veo, Kling және Seedance-ке жазылатын промпт туралы айтамыз.
| Нашар промпт | Жақсы промпт | Не қосылды? |
|---|---|---|
| «Қыстағы адам» | «Қысқы кеште вокзалда бөрік киген қазақ жігіті тұр, артында пойыз тұр, шамдардан жылы жарық түсіп тұр, кино стилінде» | Кім, қайда, не істеп тұр, жарығы, стилі |
| «Дала, атты адам» | «Таңғы уақытта тұман басқан далада батыр ат үстінде шауып келеді, 16:9, кино стилі» | Уақыт пен орын, әрекет, формат, стиль |
Жақсы промпттың құрылымы
Жақсы промпт ұзын болуы міндетті емес, бірақ онда кадрды елестетуге қажет нәрсенің бәрі айтылуы керек. Алдымен кадрда не болып жатқанын жазасыз, ал әдемі сөздерді кейін қосасыз.
Суретке арналған промпт: алты блок
| Блок | Нені жазасыз? | Мысал |
|---|---|---|
| Кім / не | Кейіпкер немесе зат: жасы, беті, киімі | кепка киген жас қазақ жігіті |
| Әрекет | Кейіпкер не істеп тұр? | терезеден сыртқа жымиып қарап отыр |
| Қайда | Уақыт пен орын | таңертең, жүріп бара жатқан пойыздың ескі вагонында |
| Жарық | Жарық қайдан түседі, түстері жылы ма, суық па? | таңғы жылы жарық бүйірден түсіп тұр |
| Формат | Кадр көлденең бе, тік пе? | 16:9 кино, 9:16 Reels, 4:5 пост |
| Стиль | Шынайы кино ма, мультфильм бе, акварель ме? | кино стилі, терісі шынайы |
Қазақша жазғанда блоктарды бір толық сөйлемге жинаған дұрыс, яғни көріністі адамға айтып тұрғандай жазасыз. Алдымен уақыт пен орынды айтасыз, содан кейін кейіпкерді, соңында оның не істеп жатқанын. Ал жарық, стиль мен форматты ең соңына қосасыз. Мысалға, жоғарыдағы блоктардан мынадай промпт шығады:
Таңертең жүріп бара жатқан пойыздың ескі вагонында кепка киген жас қазақ жігіті терезеден сыртқа жымиып қарап отыр, таңғы жылы жарық бүйірден түсіп тұр. Кино стилі, 16:9 формат.
— Сурет промпты
AI.Cinema курсының промпт сабағында «Қонаев» фильміндегі пойыз кадрын осылай құрастырамыз: алдымен «қаладағы бір адам» деп жазып көреміз де, блоктарды бір-бірлеп қосамыз. Сонда әр блок нәтижені қалай өзгертетінін өз көзіңізбен көресіз.
Видеоға арналған промпт: қозғалыс, камера және ұзақтық
Видео промптының негізі суреттікімен бірдей: кім, қайда және не істеп жатыр. Бірақ оған тағы үш нәрсе қосылады: әрекеттің темпі, камераның қозғалысы және видеоның ұзақтығы. Мына төрт ережені есте сақтаңыз:
- Бір әрекет. Қозғалысты бір етістікпен жазып, темпін қосыңыз: «баяу бұрылады», «асықпай басын көтереді». Қозғалыс аз болса, нәтиже сапалы шығады.
- Бір камера қозғалысы. Бір клипте камера бір ғана қозғалыс жасасын: не қозғалмай тұрады, не кейіпкерге баяу жақындайды, не онымен бірге жүреді. Ал камера әрі жақындап, әрі айналып жүрсе, модель шатасып, кейіпкердің беті бұзылуы мүмкін.
- Бір сәт. Бір генерациядан көбіне 5–10 секундтық видео шығады, сондықтан бір промптқа бір ғана сәтті жазасыз. Ал ұзын оқиғаны бірнеше кадрға бөліп, монтажда жинайсыз.
- Сурет бар болса, тек қозғалысты жазасыз. Суреттен видеоға (Image to video) әдісінде суретте көрініп тұрған нәрсені қайта сипаттаудың қажеті жоқ, модель оны көріп тұр. Промптқа кейіпкер не істейтінін және камера қалай қозғалатынын жазасыз.
Камера қозғалыстарының атауы мен әсерін жасанды интеллект арқылы видео жасау туралы мақалада кестемен көрсеттік.
Veo 3 үшін промпт: дыбыс пен диалогты қалай жазады?
Veo моделі видеомен бірге дыбысты да жасайды, сондықтан оның промптына дыбысты да жазуға болады. Google-дың Veo-ға арналған ресми нұсқаулығында былай делінген: дыбыс керек болса, оны промптта анық айтыңыз және бөлек сөйлеммен жазыңыз. Яғни алдымен көріністі сипаттайсыз, содан кейін дыбысты жаңа сөйлеммен жазасыз: «Дыбыс: пойыздың ысқырығы мен перрондағы адамдардың күбірі». Ал кейіпкердің сөзін нұсқаулық былай жазуды көрсетеді: алдымен кім айтатынын, содан кейін қос нүкте қойып, сөзінің өзін.
Бірақ бір маңызды жайтты ескеріңіз: Google құжатында Veo 3.1-дің промпт тілі ретінде тек ағылшын тілі көрсетілген, ал қазақ тілі онда аталмайды (дереккөз). Сондықтан кейіпкердің сөзі қазақша болуы керек болса, Veo-да видеоны сөзсіз жасаңыз, яғни промптқа «кейіпкерлер үндемейді» деп жазыңыз. Ал қазақша дауысты бөлек жазып алып, монтажда қосасыз.
Veo нұсқаулығында тағы бір пайдалы кеңес бар. Кейбір платформада «Negative prompt» деген бөлек жол болады: оған кадрда болмауы керек нәрселерді жазасыз. Google ол жерге «қабырға болмасын» деп жазбай, «қабырға» деп жай атап жазуға кеңес береді. Veo-мен қалай жұмыс істеу керегін бөлек мақалада толық жаздық.
Сурет пен видеоға 10 дайын промпт үлгісі
Төмендегі үлгілерді көшіріп алып, кейіпкерді, орынды немесе уақытты өз идеяңызға қарай ауыстыра бересіз. Ең бастысы, құрылымын сақтаңыз: алдымен уақыт пен орын, содан кейін кейіпкер мен оның әрекеті, соңында жарық, стиль және формат.
Суретке арналған 5 промпт
Қысқы таңда қар басқан тау бөктерінде түлкі тымақ киген бүркітші ат үстінде қолына бүркітін қондырып отыр, аяздан аузынан бу шығып тұр, күн сәулесі бүйірден түсіп тұр. Кино стиліндегі шынайы фото, 16:9 формат.
— 1. Ұлттық киімдегі кейіпкер
Таңертең ақ мәрмәр үстелде ою-өрнегі бар кесеге қою шай құйылып тұр, кеседен жұқа бу көтеріліп жатыр, жанында бауырсақ салынған ағаш табақ тұр, терезеден жұмсақ жарық түсіп тұр, кесе кадрда жақыннан көрінеді. Жарнамалық фото, 4:5 формат.
— 2. Тауардың жарнамалық кадры
Жазғы түсте гүл жайқалған кең далада жыртық шапан киген Алдар Көсе арық атына мініп, айлакер жымиып келе жатыр, басында қисайта киген ескі бөркі бар. 3D мультфильм стилі, жарқын түстер, 16:9 формат.
— 3. Мультфильм кейіпкері
Қысқы түнде кеңестік қаланың кең көшесінде қар жауып тұр, жолдың ортасымен ескі трамвай баяу келе жатыр, көше шамдарынан сарғыш жарық түсіп, қар басқан жол жылтырап жатыр. Кино стилі, кең план, 16:9 формат.
— 4. Кейіпкері жоқ локация

Көктемгі таңда гүлдеген далада ақ киіз үй тұр, оның алдында ұлттық киім киген бала мен әжесі күлімсіреп тұр, аспанда жылы күн көтеріліп келеді, суреттің жоғарғы жағында «Наурыз құтты болсын!» деген жазу бар. Ашық түстер, иллюстрация стилі, 9:16 формат.
— 5. Мереке афишасы
Видеоға арналған 5 промпт
Әр үлгінің астында әдісі жазылған. Тексттен видеоға (Text to video) әдісінде модельге тек промпт бересіз, ал суреттен видеоға (Image to video) әдісінде алдымен сурет жүктеп, промптқа тек қозғалысты жазасыз.
Таңғы уақытта тұман басқан далада батыр ат үстінде шауып келеді, баяу қозғалып жатыр, камера бүйірінен онымен бірге жылжиды. Кино стилі, 8 секунд, 16:9 формат.
— 6. Тексттен видеоға · далада шауып келе жатқан батыр
Ата басын сәл бұрып, жылы жымияды, камера қозғалмайды. Беті, киімі мен фоны өзгермесін. 5 секунд.
— 7. Суреттен видеоға · ескі фотоны жандандыру
Әже қазандағы қызған майдан бауырсақты кепкірмен асықпай сүзіп алады, жаңа піскен бауырсақтан жұқа бу көтеріледі, ал камера баяу жақындайды. 8 секунд.
— 8. Суреттен видеоға · бауырсақ пісіріп отырған әже
Қысқы кеште вокзалда бөрік киген жігіт пойыздан түсіп, перронда күтіп тұрған анасын құшақтайды, камера қозғалмайды, шамдардан жылы жарық түсіп тұр. Дыбыс: пойыздың ысқырығы мен перрондағы адамдардың күбірі, кейіпкерлер үндемейді. 8 секунд, 16:9 формат.
— 9. Тексттен видеоға · Veo, дыбысы бар кадр
Жазғы күні тау етегіндегі жайлауда кішкентай бала құлынның соңынан күліп жүгіріп келеді, камера бүйірінен олармен бірге жылжиды. 3D мультфильм стилі, жарқын түстер, 6 секунд, 9:16 формат.
— 10. Тексттен видеоға · Reels-ке арналған мультфильм кадры
Түзету промпты: ұнамаған жерін ғана өзгертесіз
Генерациядан шыққан сурет көбіне бірден мінсіз болмайды. Мысалға, кейіпкердің беті, позасы, жарығы ұнайды, бірақ киімінің түсі дұрыс емес. Мұндай кезде бүкіл промптты қайта жазудың қажеті жоқ. Егер бәрін қайта сипаттасаңыз, онда модель мүлдем жаңа сурет жасайды да, жақсы кадрыңыздан айырыласыз. Оның орнына суретті модельге қайта беріп, түзету промптын жазасыз. Бұл суреттен суретке (Image to image) әдісі деп аталады.
Батырдың шапанын қызыл қыл, қалғанын өзгертпе.
— Түзету промпты
Түзету промптының формуласы қарапайым: тек мынаны өзгерт, қалғанын сақта. Промпт екі бөліктен тұрады: біріншісінде не өзгеретінін, екіншісінде не сақталатынын жазасыз. Мысалға:
- «Тек сырт киімін қою көк шапанға ауыстыр. Беті, позасы, қолы, жарығы мен композициясы өзгермесін.»
- «Композиция мен кейіпкер сол қалпында қалсын. Қысқы кеш болсын, терезенің сыртында қар жауып тұр, жарығы суық көк. Беті, кепкасы, позасы өзгермесін.»
- «Кейіпкерді сол қалпында қалдырып, тек фонын ауыстыр: артында қар басқан тау тұрсын.»
Google да Gemini-дің сурет модельдеріне арналған нұсқаулығында дәл осындай үлгі береді: бір ғана нәрсені өзгертуді сұрайсыз да, қалғанының бәрін, яғни стилін, жарығы мен композициясын бұрынғы қалпында қалдыруды жазасыз. Ең маңызды ереже: бір түзетуде бір ғана нәрсені өзгертіңіз. Үш нәрсені бірден өзгертсеңіз, кейіпкердің беті де өзгеріп кетуі мүмкін. Және әр қадамды бөлек файлға сақтаңыз: сонда қай қадамда бұзылғанын бірден көресіз.
Видеода да солай: промпттың бір ғана жерін өзгертіп, қайта жасайсыз. Мысалға, кейіпкердің беті бұзылса, «камера қозғалмайды» деп жазып көріңіз, себебі қозғалмайтын камера ең сенімді нәтиже береді.
Промпт жазудың бес тәсілі
| Тәсіл | Мысал | Қай кезде қолданасыз? |
|---|---|---|
| Жалпы промпт | «Далада атты батыр» | Идея іздеген кезде жазасыз. Тез шығады, бірақ нәтижесі кездейсоқ болады |
| Нақты промпт | «Таңғы уақытта тұман басқан далада батыр ат үстінде шауып келеді, 16:9, кино стилі» | Дайын кадр керек кезде жазасыз. Кадрда не болатынын толық айтасыз |
| Түзету промпты | «Батырдың шапанын қызыл қыл, қалғанын өзгертпе» | Нәтиже шыққан соң ұнамаған жерін бір-бірлеп түзетесіз |
| Рөл беру | «Сен кино операторысың. Осы кадрға промпт жазып бер» | ChatGPT-ге рөл берсеңіз, ол сол маман сияқты жауап береді |
| Үлгі көрсету | «Мына промптқа ұқсатып тағы үшеуін жазып бер» | Дайын үлгіні көрсетсеңіз, ЖИ соған ұқсатып жазады. Ағылшынша few-shot деп аталады |
Соңғы екі тәсіл промптты ChatGPT арқылы жазуға көмектеседі. Мысалға: «Сен кино кадрларына промпт жазатын мамансың. Маған Абай Құнанбайұлы туралы қысқаметрлі фильмнің бір кадры керек. Алдымен сұрақтарыңды қой, содан кейін ағылшынша промпт жазып бер». Ал дайын промптты өзіңіз оқып, артығын қысқартасыз, себебі кадрда не қалатынын өзіңіз шешесіз.
Бастаушылар жиі жіберетін қателер
Промптты сөздер тізімімен жазу
«Дала, тұман, батыр, ат, баяу қозғалыс» деген тізімнен модель кімнің қайда не істеп жатқанын анық түсінбеуі мүмкін. Көріністі адамға айтып тұрғандай толық сөйлеммен жазыңыз: «Таңғы уақытта тұман басқан далада батыр ат үстінде шауып келеді, баяу қозғалып жатыр».
Тым жалпы жазу
«Әдемі сурет» деген промпттан кездейсоқ нәтиже шығады, себебі бос қалған жердің бәрін модель өзі ойлап табады. Кадрдағы маңызды нәрсенің бәрін өзіңіз атаңыз: кім, қайда, не істеп жатыр, жарығы мен стилі қандай.
Бір-біріне қайшы сөздер
«Түнгі көшеде күн жарқырап тұр» немесе «шынайы фото, 3D мультфильм стилі» деп жазсаңыз, модель екеуінің біреуін таңдайды немесе екеуін араластырып жібереді. Промптты жазып болған соң бір рет оқып шығыңыз: уақыты, жарығы мен стилі бір-біріне сай келе ме?
Модель танымайтын адамды текстпен сипаттау
Модель тек өзі білетін нәрсені ғана сала алады. Өзіңізді, туысыңызды немесе Қажымұқан сияқты тұлғаны текстпен қанша сипаттасаңыз да, модель көбіне басқа бір адамды салып береді. Мұндай кезде сол адамның фотосын референс ретінде беріп, суреттен суретке әдісін қолданасыз. Басқа адамның фотосын қолдансаңыз, алдымен оның рұқсатын сұраңыз.
«Сиқырлы сөздерге» сену
«Masterpiece, 8K, ultra detailed» деген сөздер нашар промптты құтқармайды. Модельге алдымен кадрда не болып жатқанын түсіндіріңіз, ал әдемі сөздерді кейін қосасыз.
Промптты қазақша жазуға бола ма?
Жаза аласыз, бірақ нәтиже платформаға байланысты. Көп модель ағылшынша промптпен сенімдірек жұмыс істейді: мысалға, жоғарыда айтқанымыздай, Google Veo 3.1 үшін промпт тілі ретінде тек ағылшын тілін көрсетеді. Шетелдік платформалардың интерфейсі де көбіне ағылшынша. Оның үстіне әр платформаның өз подпискасы бар, бағасы әдетте долларда көрсетіледі, ал кейбірі Қазақстанда ашыла ма, төлемді қабылдай ма, оны да алдын ала тексеруге тура келеді. Сыртқы платформада ағылшынша жазу керек болса, ойыңызды қазақша жазып, ChatGPT-ден аударып беруін сұраңыз.
Ал біздің курстарда сурет пен видеоны жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында жасайсыз. Онда промптты қазақша жаза бересіз, ал Director AI функциясы промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді: оны қоссаңыз, қазақша жазған ойыңызды таңдалған модельге лайықтап, кәсіби ағылшын промптына айналдырады. Модельге нақты қандай промпт кеткенін генерацияны ашып көресіз, сондықтан уақыт өте келе ағылшынша промпт жазуды да үйреніп аласыз.
Studio-да Nano Banana Pro, Veo, Kling және Seedance бір жерде тұр, VPN де, USD карта да қажет емес. Studio курс тарифімен бірге ашылады, ал генерацияға керекті токендер тарифпен бірге сыйға беріледі (Dansai AI Studio туралы толығырақ). Ал промпт жазуды тегін бастап көргіңіз келсе, тегін сабақтарымыздың біріншісі дәл осы тақырыпқа арналған.
Дайын промпттарды қайдан алуға болады?
Тегін материалдар бетінде бес видеосабақпен қатар көшіріп алуға дайын промпттар бар. Мысалға, онда ескі фотоны қалпына келтіретін промпт пен сол фотоны жандандыратын видео промпты тұр.
Ал кіріспе AI.Onai курсында промпт кітапханасына арналған тұтас модуль бар: онда 10 сурет промпты мен 10 видео промпты дайын тұр, ал оларды қалай пайдалану керегін бөлек сабақта түсіндіреміз.
Бір промпттан фильмге дейін: «Қонаев» мысалы
Промпт фильмнің бастамасы ғана. Фильмде кейіпкер әр кадрда бір адам болып қалуы керек, ал бір промпттан әр жолы басқа адам шығады. Мысалға, біздің «Қонаев» фильміміздің тесттерінде промпт біреу болды, бірақ модель әр генерацияда жаңа адамды ойлап тапты: беті де, жасы да, киімі де басқа болып шықты. Осындай отызға жуық нұсқаның ішінен Қонаевқа ең ұқсайтын, қатесі жоқ кадрды таңдадық, ал сол кадр әрі қарай келесі кадрлардың референсі болды. Яғни кейіпкерді тексттен суретке әдісімен бір рет жасайсыз да, әрі қарай суреттен суретке әдісімен жұмыс істейсіз.
Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды. Түсірілім тобы болған жоқ: 13 сахна мен 80 кадрдың бәрі жасанды интеллектпен жасалды. Ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Сол жүйе туралы бөлек мақалада толық жаздық.
«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Тағы бір мысалымыз бар: «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмін Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасады. Бағлан Төлебай — Dansai Academy негізін қалаушы және AI.Cinema курсының жетекшісі. Ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант.
Промпт жазуды қайдан үйренуге болады?
Жасанды интеллектіні неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік. Алдымен байқап көргіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз: дайын промпт кітапханасымен алғашқы суреттеріңіз бен қысқа видеоңызды жасайсыз. Ұнаса, AI.Cinema тарифіне өтесіз, сонда AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады.
Ал бір кадрмен тоқтап қалмай, фильмге айналдырғыңыз келетін идеяңыз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Бірінші бөлімде промпт, сурет пен видео жасау әдістерін үйренесіз, ал кейінгі бөлімдерде сценарий, кейіпкер, кино тілі, дыбыс пен монтажды меңгересіз. Яғни өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада. Тарифтердің құрамын тарифтер бетінен көресіз.
Жиі қойылатын сұрақтар
Промпт жазу деген не?
Промпт жазу дегеніміз — жасанды интеллектке не жасау керегін сөзбен түсіндіру. Сурет не видео жасағанда көз алдыңыздағы көріністі сипаттайсыз: кім, қайда, не істеп жатыр, жарығы мен стилі қандай. Промпт неғұрлым нақты болса, нәтиже соғұрлым сіз ойлағандай шығады.
Промпт па, промт па: қалай дұрыс жазылады?
Бұл сөз ағылшынның prompt сөзінен шыққан, сондықтан түпнұсқаға жақыны «промпт». Интернетте «промт» деп те жазады, екеуі де бір нәрсені білдіреді. Бұл мақалада «промпт» деп жаздық.
Veo 3-ке промптты қалай жазады?
Басқа видео модельдеріне жазғандай жазасыз: алдымен уақыт пен орын, содан кейін кейіпкер мен оның әрекеті, камера, жарық пен стиль. Veo видеомен бірге дыбысты да шығарады, сондықтан Google дыбысты бөлек сөйлеммен жазуға кеңес береді, мысалға: «Дыбыс: пойыздың ысқырығы». Google Veo 3.1 үшін промпт тілі ретінде ағылшын тілін көрсетеді, сондықтан Dansai AI Studio-да қазақша жазсаңыз, Director AI функциясын қосыңыз.
Промптты қазақша жазуға бола ма?
Болады. Dansai AI Studio-да промптты қазақша жазасыз, ал Director AI функциясын қоссаңыз, ол промптыңызды таңдалған модельге лайықтап, кәсіби ағылшын промптына айналдырады. Ал басқа платформаларда ағылшынша жазу керек болса, аударуға ChatGPT көмектеседі.
Промптты ChatGPT жазып бере ала ма?
Иә, бұл ыңғайлы жол. ChatGPT-ге рөл беріңіз, мысалға: «Сен кино кадрларына промпт жазатын мамансың», содан кейін қандай кадр керек екенін айтыңыз. Дайын промптты бір рет оқып шығып, артығын өзіңіз қысқартыңыз.
Тегін дайын промпттарды қайдан алуға болады?
Тегін материалдар бетінде тіркелусіз көшіріп алатын промпттар бар, мысалға, ескі фотоны қалпына келтіретін промпт. Ал AI.Onai курсында 10 сурет промпты мен 10 видео промптынан тұратын кітапхана бар. Осы мақаладағы 10 үлгіні де өз идеяңызға бейімдеп қолдана бересіз.
Дайын промпт бар болса, курстың не керегі бар?
Дайын промпт бір әдемі кадр береді. Ал фильмде кейіпкер әр кадрда бір адам болып қалуы керек, сахналар бір-бірімен жалғасуы керек, оған дыбыс пен монтаж қосылады. AI.Cinema курсы дәл осы жолды, яғни идеядан бастап дайын фильмге дейінгі жолды үйретеді.
Ағылшын тілін білмесем, промпт жазуды үйрене аламын ба?
Иә. Біздің курстарда барлық сабақ қазақ тілінде, ал платформалардағы қажет сөздерді сабақ барысында түсіндіреміз. Промптты Dansai AI Studio-да қазақша жазасыз.