Veo 3 арқылы видео жасау үшін Google-дың Flow платформасына кіріп, көргіңіз келетін көріністі промптпен сипаттайсыз немесе модельге дайын сурет бересіз, ал Veo оны 8 секундқа дейінгі видеоға айналдырады. Ең қызығы, видео дыбысымен бірге шығады, яғни жел гуілін, аттың тұяқ дүбірін, тіпті кейіпкердің сөзін де естисіз. Мысалға, қысқы таңда қар басқан ауылдың шетінде шанамен сырғанап келе жатқан баланы, оның күлкісі мен қардың сықырын видеоға айналдыра аласыз. Сіздің де осындай идеяңыз бар ма? Онда бұл нұсқаулықта Veo-ның не екенін, тегін кредиттің шарты қандай екенін, промптты қалай жазып, қазақша дауысты қалай қосатыныңызды қадам-қадаммен түсіндіреміз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 12 минут
Veo 3 деген не?
Veo — бұл Google DeepMind жасаған видео генерациясының моделі. Интернетте оны көбіне «Veo 3» деп іздейді, ал оның соңғы нұсқасы Veo 3.1 деп аталады (ресми беті). Модель видеоны бірнеше әдіспен жасайды:
- Тексттен видеоға (Text to video): модельге тек промпт бересіз.
- Суреттен видеоға (Image to video): дайын сурет видеоның алғашқы кадры болады.
- Бастапқы және соңғы кадр (First and last frame): екі сурет бересіз, ал олардың арасындағы қозғалысты Veo өзі жасайды.
- Референстерден видеоға (Ingredients to video): кейіпкердің, заттың не локацияның суретін бересіз, ал Veo оларды бір видеоға біріктіреді.
DeepMind-тың ресми бетінде жазылғандай, Veo видеоға дыбыс эффектілерін, айналаның шуын, тіпті диалогты өзі қосады. Бір генерацияда 4, 6 немесе 8 секундтық видео шығады, сондықтан ұзақ видео бірнеше қысқа кадрдан құралады.
Veo-ны қайда қолдануға болады?
Veo-мен жұмыс істеудің бірнеше жолы бар, ал соңғы айларда олардың біразы өзгерді. Сондықтан YouTube-тағы бұрынғы видеосабақтарда көрсетілген жол бүгін басқаша болуы мүмкін.
| Қайда? | Не керек? | Қандай модель? |
|---|---|---|
| Google Flow | Google аккаунты және 18 жас. Күніне 50 тегін кредит беріледі, ал Veo-ға подписка керек болуы мүмкін | Veo 3.1 Lite, Fast, Quality және Gemini Omni Flash |
| Gemini қосымшасы | Google AI подпискасы және 18 жас | Видеоны Gemini Omni моделі жасайды |
| Google Cloud (Gemini Enterprise Agent Platform) | Бағдарламашыларға арналған, API арқылы жұмыс істейді | Veo 3.1 |
| Dansai AI Studio | Курс тарифі. VPN мен USD карта керек емес | Veo 3.1 Lite, Veo 3.1 Fast, Veo 3.1, сонымен қатар Kling пен Seedance |
Мына өзгерісті ескеріңіз: Gemini қосымшасы видеоны қазір Google-дың жаңа Gemini Omni моделімен жасайды, ал бағдарламашыларға арналған Gemini API-да Veo 3.1-дің сынақ (preview) нұсқалары 2026 жылдың 22 қазанында жабылды (дереккөз). Сондықтан Veo-ны өз қолыңызбен байқап көргіңіз келсе, Google Flow-дан бастаңыз.
Veo 3 тегін бе? Google Flow кредиттері
Google Flow күн сайын тегін кредит береді, бірақ Google-дың кредит туралы анықтамасы бойынша оны Veo-ға жұмсау қиын. Подпискаңыз болсын-болмасын, күніне 50 кредит беріледі, ал қолданбаған кредит келесі күнге қалмайды. Подписка алсаңыз, ай сайын қосымша кредит қосылады: мысалға, Google AI Plus 200, ал Google AI Pro 1 000 кредит береді. Ал модельдердің бір генерациясы мынадай тұрады:
| Модель | Бір генерацияға қанша кредит кетеді? |
|---|---|
| Veo 3.1 Lite | Ultra-дан басқа подписка иелеріне 10, Ultra-да 5 |
| Veo 3.1 Fast | Ultra-дан басқа подписка иелеріне 20, Ultra-да 10 |
| Veo 3.1 Quality | Барлық қолданушыға 100 |
| Gemini Omni Flash, 720p | Барлық қолданушыға: 8 секундтық видео 12 |
Яғни Veo 3.1 Quality бір күндік тегін кредиттен қымбат, ал Lite пен Fast бағасы анықтамада тек подписка иелеріне жазылған. Подпискаңыз болмаса, аккаунтыңызда қай модель ашық екенін Flow-дың өзінен тексеріңіз: промпт терезесінің оң жақ жоғарғы бұрышындағы Settings (баптаулар) белгісін бассаңыз, модель мен оның бағасы көрінеді. Ал барлық қолданушыға ашық деп жазылғаны Veo емес, Google-дың жаңа Gemini Omni Flash моделі: тегін кредит оның 720p сападағы 8 секундтық төрт видеосына жетеді.
- Кредит әр видеоға жұмсалады. Flow бір батырмамен бірнеше видео жасай алады, ал кредит әрқайсысына бөлек кетеді. Сондықтан нұсқа санын алдын ала тексеріп алыңыз.
- Кешкі уақыт. Подпискаңыз болмаса, Қазақстан уақытымен шамамен 19:00–22:00 аралығында (UTC бойынша 14:00–17:00) видео жасай алмай қалуыңыз мүмкін. Бұл уақытта сурет жасай бересіз.
- Сәтсіз генерация. Генерация сәтсіз аяқталса, кредит алынбайды (Flow сұрақ-жауабы).
- Ватермарк. Flow-дағы әр видеода көзге көрінбейтін SynthID белгісі болады, ал көрінетін ватермарк Қазақстанда автоматты түрде қойылмайды.
Басқа платформалар тегін тарифте не беретінін бөлек мақалада салыстырдық.
Google Flow-да алғашқы видео: қадам-қадаммен
Flow — бұл Google-дың фильм жасауға арналған платформасы, ол 18 жасқа толғандарға Қазақстанда да ресми түрде қолжетімді. Google оны компьютерде, Chrome сияқты браузерде ашуды ұсынады, ал телефонға арналған қосымшасы да бар. Flow интерфейсі қазақ тілінде де бар, сондықтан батырмалардың атауы аккаунтыңыздың тіліне қарай өзгеруі мүмкін. Біз төменде батырмаларды ағылшынша атадық, ал қадамдарды Google-дың өз нұсқаулығынан алдық.
- Google Flow бетіне Google аккаунтыңызбен кіріп, жаңа жоба ашасыз.
- Промпт терезесіне көріністі толық сипаттайсыз. Google кейіпкерді, әрекетті, айналаны, жарық пен стильді нақты жазуға кеңес береді.
- Модельдің атауын басып, Video дегенді таңдайсыз. Flow алдымен сурет моделін (Nano Banana Pro) қойып тұрады, сондықтан осы қадамды ұмытпаңыз.
- Видеоның форматын (көлденең не тік), нұсқа санын, модельді және ұзақтығын таңдайсыз. Алғашқы рет бір ғана нұсқа жасаңыз, сонда кредитті үнемдейсіз.
- Generate батырмасын басасыз. Видео дайын болғанда, оны көріп шығып, ұнаса, жүктеп аласыз.
Veo-ға арналған промпт қалай жазылады?
Промптты көріністі біреуге әңгімелеп бергендей, толық сөйлеммен жазыңыз. Алдымен уақыт пен орынды айтасыз, содан кейін кейіпкерді, одан кейін оның не істеп жатқанын, ал соңында камера мен дыбысты. Veo дыбысты видеомен бірге жасайтындықтан, DeepMind кеңес бергендей, қандай дыбыс естілетінін промптқа нақты жазыңыз. Мысалға:
Қысқы таңда қар басқан ауылдың шетінде қызыл күртеше киген бала шанамен төбеден сырғанап келеді, артынан ала күшік үріп ілеседі, ал камера баламен қатар жылжиды. Дыбысы: қар сықырлайды, шана қарды сызып барады, бала күліп айқайлайды, күшік үреді.
— Промпт мысалы
Google өз анықтамасында ағылшынша промпт жазуды ұсынады, себебі басқа тілде нәтиже әркелкі шығуы мүмкін. Сондықтан ойыңызды алдымен қазақша жазып алып, кейін Gemini не ChatGPT арқылы ағылшыншаға аударыңыз. Жоғарыдағы промпттың ағылшынша нұсқасы мынадай болады:
On a winter morning at the edge of a snow-covered village, a boy in a red jacket slides down a hill on a sled while a spotted puppy runs after him, barking; the camera moves alongside the boy. Audio: crunching snow, the sled scraping across the snow, the boy laughing and shouting, the puppy barking.
— Промпттың ағылшынша нұсқасы
DeepMind-тың промпт нұсқаулығында тағы бір пайдалы кеңес бар: кейіпкерді неғұрлым нақты сипаттасаңыз, нәтиже соғұрлым дәл шығады. Мысалға, жай ғана «бала» деп жазғаннан гөрі «беті секпілді, жеті жасар бала» деп жазған жақсы.
Суреттен видеоға (Image to video): бастапқы кадр
Кейіпкердің беті мен киімі кадр сайын өзгермеуі үшін видеоны көбіне дайын суреттен бастайды. Flow-да модельдің атауын басып, Video, содан кейін Frames дегенді таңдайсыз да, суретті «+ Add start frame» деген жерге сүйреп әкелесіз. Енді промптта суреттегі нәрсені қайта сипаттаудың қажеті жоқ, модель оны көріп тұр. Тек не болатынын жазасыз: кейіпкер не істейді, камера қалай қозғалады және не естіледі.
Қаласаңыз, «+ Add end frame» арқылы соңғы кадрды да қосасыз: сонда Veo бір суреттен екіншісіне өтетін қозғалысты өзі жасайды. Ал кадрдың өзін Flow-дың ішінде жасауға болады: Google анықтамасы бойынша Nano Banana 2 Lite моделімен сурет жасасаңыз, кредит жұмсалмайды (дереккөз).
Дыбысы бар видео: диалог және қазақша сөз
Дыбыс видеоға жан бітіреді: қардың сықыры мен баланың күлкісі естілгенде, көрермен сахнаға сене бастайды. Ал кейіпкер сөйлейтін болса, промптқа оның не айтатынын да жазасыз, сонда модель сол сөзді видеомен бірге шығарады.
Veo қазақша сөйлей ме?
Бұл жерде шынын айтайық. Veo-ның ресми бетінде сөйлеу тілдерінің тізімі жоқ, ал Google Cloud құжатында Veo 3.1-дің промпт тілі ретінде тек ағылшын тілі көрсетілген (дереккөз). Оның үстіне DeepMind-тың өзі жазғандай, кейіпкердің сөзін, әсіресе қысқа сөз тіркестерін, табиғи әрі анық шығару әлі жетілдіріліп жатыр. Сондықтан кейіпкер қазақша сөйлеуі керек болса, мына жол сенімдірек:
- Veo-да кейіпкерлер үндемейтін, тек айналаның дыбысы бар видео жасайсыз. Мысалға, промптқа «кейіпкерлер үндемейді, тек жел мен құстың үні естіледі» деп жазасыз.
- Қазақша дауысты бөлек дайындайсыз: өз дауысыңызды не досыңыздың дауысын телефонға жазып аласыз немесе қазақша сөйлейтін дауыс құралын қолданасыз. Қай құрал қазақша сөйлейтінін қазақша дауыс туралы мақалада түсіндірдік.
- Дауысты видеоға қосасыз: кейіпкердің ернін дауысқа сай қозғалтасыз (Lipsync, бұл туралы суретті сөйлету мақаласында жаздық) немесе дауысты кадр сыртынан, диктордың дауысы ретінде қоясыз.
- Соңында монтажда видеоны, дауысты және музыканы біріктіресіз.
Кейіпкерді сөйлетуді және диалог құруды тегін сабақтарымыздың төртіншісінде көрсеттік. Сабақтарды тіркелусіз көре аласыз, сонда Flow-дағы кредитіңізді де ойланып жұмсайсыз.
Бастаушылар жиі жіберетін қателер
Мына қателерді алдын ала білсеңіз, уақытыңыз бен кредитіңізді үнемдейсіз.
- 8 секундқа тым көп оқиға жазу. Бір генерация 8 секундтан аспайды, ал оған үш оқиға мен екі камера қозғалысын жазсаңыз, модель соның бір бөлігін ғана орындауы мүмкін. Бір кадрға бір әрекет пен камераның бір қозғалысын жазыңыз, мысалға, «камера баяу жақындап келеді», ал оқиғаны бірнеше кадрға бөліңіз.
- Кредитті бірден ең қымбат модельге жұмсау. Алдымен қозғалысты Lite не Fast сияқты жылдам модельмен тексеріп алыңыз, ұнаса ғана финалдық нұсқасын Quality-мен жасаңыз.
- Танымал адамның видеосын жасауға тырысу. Flow танымал адамдардың видеосын жасамайды (шектеулер). Ал басқа адамның фотосын тек оның рұқсатымен қолданыңыз.
- Бір кадрмен тоқтап қалу. Генерациядан шыққан әр видео фильмнің бір ғана кадры. Көрерменге әсер ететін видео кадрларды монтажда біріктіріп, дыбыс пен музыка қосқанда шығады.
Veo-ны Dansai AI Studio-да қолдану
Flow-мен жұмыс істегенде бастаушы бірнеше кедергіге тап болады: промптты ағылшынша жазған дұрыс, Veo-мен еркін жұмыс істеу үшін Google подпискасы керек, ал Kling пен Seedance сияқты басқа модельдерге әр платформада бөлек подписка алуға тура келеді.
Ал біздің курстарда оқысаңыз, Veo-мен жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында жұмыс істейсіз. «Видео» режимінде Veo-ның үш нұсқасы тұр: Veo 3.1 Lite черновикке ыңғайлы, ал Veo 3.1 Fast пен Veo 3.1 финалдық нұсқаға арналған. Сол жерде Kling пен Seedance модельдері де бар, сондықтан бір сахнаны бірнеше модельде жасап, салыстыра аласыз.
- Промптты қазақша жазасыз, ал Director AI функциясы промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді: оны таңдалған модельге лайықтап, кинематографиялық ағылшын тілінде қайта жазады. Модельге нақты қандай промпт кеткенін генерацияны ашып көресіз.
- «Кадрлар» арқылы бастапқы және соңғы кадрды қоясыз, ал Veo 3.1 Fast пен Veo 3.1-де «Референстер» арқылы кейіпкердің суретін де бере аласыз.
- Дыбысты бір батырмамен қосып не өшіресіз, ал дайын видеоны «Видеоны жалғастыру» арқылы ұзартасыз (Veo 3.1 Fast пен Veo 3.1-де).
- VPN де, USD карта да керек емес. Генерацияға тарифпен бірге сыйға берілген токен жұмсалады, ал қанша токен кететіні батырманың өзінде алдын ала көрсетіледі.
Бірден айта кетейік, Dansai AI Studio тегін емес, ол курс тарифімен бірге ашылады. Google Flow-ды да сабақтарда көрсетеміз, ал оған подписка алу өз қалауыңыз. Платформаның барлық мүмкіндігін Dansai AI Studio туралы мақалада көрсеттік.
Veo-мен жасалған жұмыс: «Түлкі мен Арыстан»
«Түлкі мен Арыстан» — Бағлан Төлебайдың 2 минут 56 секундтық қазақша мультфильмі, автордың жеке жұмысы. Ол Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасалды. Бағлан Төлебай — Dansai Academy негізін қалаушы және AI.Cinema курсының авторы. Ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, компьютерлік ғылымдар магистрі, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант.

«Түлкі мен Арыстан» мультфильмі
Қазақша AI-мультфильм, 2:56. Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Жасанды интеллектпен жасалған трейлер, 3:51
Ал «Қонаев» фильмінің трейлері үлкен жоба қалай жасалатынын көрсетеді. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды. Ұзақтығы 3 минут 51 секунд болатын трейлерде 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар. Онда түсірілім тобы болған жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Ол жүйе туралы бөлек мақалада жаздық.
Келесі қадам: бір видеодан тұтас фильмге дейін
Сіздің керемет идеяңыз, сценарийіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз. Бірінші модульде Google Veo 3 пен Omni модельдеріне арналған шолу сабағы, сондай-ақ сөйлеу, Lipsync, дыбыс және видеоны ұзарту (Extension) туралы сабақ бар. Ал кейін сценарий жазып, кейіпкер мен оның әлемін құрасыз, кадр жасап, дыбыс пен монтажды қосасыз. Яғни бөлек-бөлек 8 секундтық видеоларды тұтас фильмге жинайсыз.
Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, ағылшын тілін білу міндетті емес. AI.Cinema тарифінде сабақтар 12 айға ашық, жаңа сабақтар қосылып отырады, ал тұтас фильміңізге жететін токен сыйға беріледі. Тарифті Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттары тарифтер бетінде.
Алдымен байқап көргіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз: онда Google Flow мен Dansai AI Studio-да алғашқы суреттеріңіз бен қысқа видеоңызды жасайсыз. Ұнаса, AI.Cinema тарифіне өтесіз, сонда AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Ал жасанды интеллектіні неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік. Олай болса, алғашқы Veo видеоңызды жасауға кеттік!
Жиі қойылатын сұрақтар
Veo 3 тегін бе?
Толығымен тегін емес. Google Flow подпискасыз да күніне 50 кредит береді, бірақ Veo 3.1 Quality бір генерацияға 100 кредит алады, ал Lite пен Fast бағасы Google анықтамасында подписка иелеріне жазылған. Барлық қолданушыға ашық деп жазылғаны Veo емес, Gemini Omni Flash моделі. Подпискасыз аккаунтыңызда не ашық екенін Flow-дағы Settings (баптаулар) белгісін басып тексеріңіз.
Veo 3-ті Қазақстанда қолдануға бола ма, VPN керек пе?
Иә, болады. Google Flow Қазақстанда ресми түрде қолжетімді, бірақ тек 18 жасқа толғандарға. VPN керек емес: «Unusual activity» (әдеттен тыс белсенділік) деген хабар шықса, Google-дың өзі VPN-ді өшіруге кеңес береді.
Veo 3 қазақша сөйлей ала ма?
Veo-ның ресми бетінде сөйлеу тілдерінің тізімі жоқ, ал Google Cloud құжатында Veo 3.1-дің промпт тілі ретінде тек ағылшын тілі көрсетілген. Сондықтан Veo-ның қазақша дұрыс сөйлейтініне кепіл жоқ. Қазақша дауысты бөлек жазып алып, видеоға Lipsync арқылы немесе монтажда қосқан сенімдірек.
Veo бір генерацияда қанша секундтық видео жасайды?
Бір генерацияда 4, 6 немесе 8 секундтық видео шығады. Google Flow-да 8 секундтық видеоны Veo 3.1 Lite арқылы ұзартуға (Extend) болады. Ал ұзақ фильм бірнеше қысқа кадрдан монтажда жиналады.
Google Flow-да тегін жасауға болса, курс не үшін керек?
Flow-дың тегін кредиті алғашқы видеоңызды жасап көруге жетеді. Ал фильм жасау үшін бір видеодан көп нәрсе керек: сценарий, кадр сайын өзгермейтін кейіпкер, дыбыс, қазақша дауыс және монтаж. AI.Cinema курсында осы жолды қазақ тілінде қадам-қадаммен өтесіз, ал генерацияны Veo, Kling және Seedance бір жерде тұрған Dansai AI Studio-да жасайсыз.
Ағылшын тілін білмесем, Veo-мен жұмыс істей аламын ба?
Иә. Flow интерфейсі қазақ тілінде де бар, ал промптты қазақша жазып, Gemini не ChatGPT арқылы ағылшыншаға аударуға болады. Dansai AI Studio-да промптты бірден қазақша жазасыз, ал Director AI оны таңдалған модельге лайықтап, кинематографиялық ағылшын тілінде қайта жазады.
Тағы оқыңыз
- Жасанды интеллект арқылы видео жасау: алғашқы видеоңызды бір фотодан жасаңыз
- Жасанды интеллектпен тегін видео жасау: қай платформалар шынымен тегін?
- Dansai AI Studio: Veo, Kling және Nano Banana бір жерде, VPN мен USD картасыз
- Суретті сөйлету: отбасылық фотоны жасанды интеллектпен қалай сөйлетуге болады?