Жасанды интеллект арқылы сурет жасау үшін көргіңіз келетін көріністі текстпен сипаттайсыз, ал модель оны дайын суретке айналдырады. Бастауға Gemini қосымшасындағы Nano Banana мен ChatGPT жеткілікті: екеуінде де тегін тариф бар және екеуі де Қазақстанда VPN-сіз ашылады. Мысалға, жазғы кеште жайлауда тұрған ақ киіз үйдің алдында немересіне құрт беріп отырған әженің суретін бүгіннің өзінде жасай аласыз. Сіздің идеяңыз бар ма? Онда төменде алғашқы суретіңізді қадам бойынша бірге жасаймыз, содан кейін ұлттық киімді дұрыс шығаруды, өз фотоңызбен жұмыс істеуді және суретті видеоға айналдыруды көрсетеміз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 15 минут
Жасанды интеллект суретті қалай жасайды?
Сурет жасайтын модель бұған дейін өте көп сурет көріп үйренген, сондықтан сіздің сипаттамаңызға сай жаңа сурет сала алады. Модельге не беретініңізге қарай сурет генерациясының екі негізгі әдісі бар, бастамас бұрын оларды ажырата білген дұрыс.
Тексттен суретке (Text to image)
Бұл әдісте суретті текст негізінде жасаймыз: модельге тек промпт жазасыз, ал кейіпкерді, фонды, жарықты модель өзі ойлап табады. Бұл жасауға ең оңай әдіс, бірақ өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Мысалға, кейіпкердің тұрақтылығын ұстау қиын: бір промпттан әр жолы басқа адам шығады. Сондықтан бұл әдісті идея іздегенде, кейіпкері жоқ локация жасағанда және кейіпкердің бірінші нұсқасын шығарғанда қолданасыз.
Суреттен суретке (Image to image)
Бұл әдісте дайын суреттің негізінде жаңа нұсқасын жасаймыз. Модельге екі нәрсе бересіз: бастапқы суретіңізді және нені өзгерту керегін жазған промптты. Сонда суреттің негізі сақталып, тек сұраған жеріңіз өзгереді. Мысалға, күндізгі көріністі түнге, жазды қысқа айналдырасыз, кейіпкерді басқа локацияға қоясыз немесе суреттің детальдарын толықтырып, сапасын арттырасыз. Фильм жасауда бұл ең негізгі әдіс, себебі кейіпкеріңіз сақталады, ал қажет жерін ғана өзгертесіз.
Референс деген не?
Референс — бұл модельге үлгі ретінде беретін суретіңіз. Ол кейіпкердің фотосы, заттың суреті, киімнің үлгісі немесе өзіңізге ұнаған стильдегі сурет болуы мүмкін. Модель референске қарап, адамның бетін, киімнің пішінін немесе суреттің түстерін соған ұқсатып салады.
| Әдіс | Модельге не бересіз? | Қашан қолданасыз? |
|---|---|---|
| Тексттен суретке (Text to image) | Тек промпт | Идея мен стиль іздеу, кейіпкері жоқ локация, кейіпкердің бірінші нұсқасы |
| Суреттен суретке (Image to image) | Сурет және промпт | Ұнамаған жерін түзету, стильді не локацияны ауыстыру |
| Референс суреттер арқылы | Бір немесе бірнеше референс және промпт | Өзіңізді, туысыңызды, нақты бір киімді не затты салу |
Сурет жасауға арналған құралдар: Gemini, Nano Banana және ChatGPT
Сурет жасайтын модельдер жиі жаңарып отырады, сондықтан нұсқаның нөмірін жаттаудың қажеті жоқ. Бастаушыға ең ыңғайлысы Gemini мен ChatGPT, себебі екеуі де телефонда да, компьютерде де ашылады.
Nano Banana деген не: Gemini-дегі сурет моделі
Nano Banana — бұл Google жасаған сурет модельдерінің атауы (ресми беті). Оны Gemini қосымшасында қолданасыз: құралдар мәзірінен банан белгісі бар сурет жасау құралын таңдап, промптыңызды жазасыз. Өз фотоңызды жүктеп, оны өзгертуге де болады. Мысалға, фонды ауыстырасыз, бір затты басқасына алмастырасыз немесе жаңа зат қосасыз, ал суреттің сізге керек жерлері сол қалпында қалады.
Gemini-де сурет жасау тегін, бірақ лимиті бар. Google AI подпискасымен лимит көбейіп, одан да мықты модель ашылады, ал суретті Nano Banana Pro моделімен қайта жасау мүмкіндігі де подпискасы барларға арналған (Gemini-дегі сурет генерациясы). Тағы бір ескеретін жайт: Gemini өз суреттеріне көзге көрінетін ватермарк және көрінбейтін SynthID белгісін қояды, яғни бұл белгілер суреттің жасанды интеллектпен жасалғанын көрсетеді. Gemini қосымшасы Қазақстанда ашылады және қазақ тілін қолдайды (елдер мен тілдердің тізімі).
ChatGPT-де сурет жасау
ChatGPT-де сурет жасау үшін чатқа не салу керек екенін жаза бересіз немесе мәзірден «Images» (Суреттер) бөлімін ашасыз. ChatGPT өзіңіз жүктеген суретті де өзгерте алады: суреттің бір бөлігін арнайы құралмен белгілеп, сол жерді қалай өзгерту керек екенін жазасыз. Суреттің форматын таңдауға болады, ал суретке текст қосуды немесе фонын мөлдір етуді сұрай аласыз (OpenAI анықтамасы).
OpenAI-дың айтуынша, сурет жасау барлық тарифте бар, тегін тарифте де. Бірақ тегін тарифте сурет жасаудың бөлек лимиті бар, ол біткенде ChatGPT өзі ескертеді (тегін тариф туралы). Нақты санын OpenAI жарияламайды, әрі лимиттер уақыт өте өзгеріп тұрады.
Басқа модельдер
Бұлардан басқа да мықты модельдер бар: мысалға, ByteDance компаниясының Seedream моделі, xAI компаниясының Grok Imagine моделі және OpenAI-дың GPT Image моделі. Әр модельдің өз мықты жағы бар, сондықтан бір промптты екі-үш модельде жасап, нәтижесін салыстырған дұрыс. Біздің студенттер мұны Dansai AI Studio-да бір жерден жасайды, ол туралы төменде айтамыз.
Алғашқы суретіңізді жасаңыз: бес қадам
Енді алғашқы суретіңізді бірге жасап көрейік. Gemini-де де, ChatGPT-де де қадамдары бірдей.
- Идеяны анықтаңыз. Алдымен үш сұраққа жауап беріп алыңыз: суретте кім бар, ол қай жерде және не істеп жатыр? Егер осыған жауап бере алсаңыз, онда промптыңыздың жартысы дайын.
- Промптты толық сөйлеммен жазыңыз. Алдымен уақыт пен орынды, содан кейін кейіпкерді, сосын оның не істеп жатқанын жазасыз. Ең соңында жарық пен стильді қосыңыз: шынайы фото ма, кино кадры ма, әлде мультфильм бе?
- Форматты таңдаңыз. Кино кадрына 16:9, Reels пен TikTok-қа 9:16, Instagram постына 4:5 немесе 1:1 жарайды. Егер платформада формат таңдайтын батырма болмаса, оны промптқа жазыңыз: «9:16 форматта».
- Бірнеше нұсқа жасап, біреуін таңдаңыз. Бір промпттан шыққан суреттердің бәрі әртүрлі болады. Беті мен композициясы ең сәтті шыққанын таңдап алыңыз.
- Ұнамаған жерін түзетіңіз. Бүкіл суретті басынан жасамай-ақ, оны модельге қайта беріп, тек нені өзгерту керегін жазыңыз. Мысалға: «Немересінің көйлегін қызыл қыл, қалғанын өзгертпе». Ұнаған суреттің промптын қасына жазып қойыңыз, ол кейін қайта керек болады.
Мысалға, мынадай промпт жазып көріңіз:
Жазғы кеште тау бөктеріндегі жайлауда ақ киіз үйдің есігі ашық тұр, есік алдында ақ жаулық тартқан әже немересіне құрт беріп отыр, батып бара жатқан күннің жылы сәулесі киіз үйдің туырлығына түсіп жатыр. Сурет шынайы фото сияқты болсын.
— Промпт мысалы
Промптты «әже, киіз үй, жайлау, күн батуы» деген сөздер тізімімен жазбаңыз: мұндай тізімнен модель кімнің не істеп жатқанын түсінбейді. Промпт жазуды бөлек мақалада дайын үлгілермен толық түсіндірдік.
Сурет генерациясының баптаулары (настройкасы)
Генерация жасамай тұрып, мына төрт баптауды қарап шығыңыз. Gemini мен ChatGPT-де олардың кейбірін промптқа жазасыз, ал Dansai AI Studio-да бәрі промпт панелінде қатар тұр.
| Баптау | Нені шешесіз? | Кеңес |
|---|---|---|
| Модель | Суретті қай модель салады | Бір промптты екі модельде жасап, нәтижесін салыстырыңыз |
| Формат | Суреттің пропорциясы: 16:9, 9:16, 4:5, 1:1 | Кейін видео жасайтын болсаңыз, форматты бірден дұрыс таңдаңыз |
| Сапасы | Суреттің өлшемі: 1K, 2K немесе 4K | Тестке 1K, финалға 2K–4K |
| Нұсқа саны | Бір ретте неше сурет шығады | Тестке 4, финалға 1 |
Неге тестке төмен сапа таңдаймыз? Себебі көп модельде жоғары сапалы сурет ұзағырақ жасалады және оған көбірек кредит не токен жұмсалады. Композициясы мен кейіпкері ұнаса ғана, финалдық нұсқасын жоғары сапада шығарасыз.
Ұлттық киімді, киіз үй мен даланы қалай дұрыс шығаруға болады?
Қазақ кейіпкерін, ұлттық киімді немесе киіз үйді салғанда модель жиі қателеседі. Себебі модель үйренген суреттердің ішінде біздің мәдениетке қатысты суреттер аз болуы мүмкін, сондықтан ол қазақ киімін басқа халықтардың киімімен шатастырып, ойдан бірдеңе қосып жібереді. Бұл кемшілікті нақты сипаттама мен референс арқылы түзетуге болады.
- Жалпы сөздің орнына нақты атау жазыңыз. «Ұлттық киім» деп қана жазсаңыз, модель оны өзі ойлап табады. Оның орнына заттың атын атаңыз: барқыт шапан, камзол, бөрік, үкілі тақия, кимешек, сәукеле.
- Кім не киетінін біліңіз. Мысалға, сәукеле — қалыңдықтың бас киімі, ал кимешекті тұрмыс құрған әйелдер, әсіресе егде апаларымыз киеді. Әжеге сәукеле кигізсеңіз, қазақ көрермені қатені бірден байқайды.
- Киіз үйді бөлшектерімен сипаттаңыз. Мысалға, «Ақ киіз үйдің төбесінен шаңырағы көрініп тұр, ағаш есігі ою-өрнекпен безендірілген» деп жазсаңыз, модель әлдеқайда аз шатасады.
- Даланың қай дала екенін айтыңыз. «Дала» деп қана жазсаңыз, модель кез келген елдің даласын салып береді. Ал «күзгі Сарыарқаның жусанды даласы», «Алатаудың етегіндегі жайлау», «Маңғыстаудың ақ жартастары» деп жазсаңыз, сурет өзіміздің жерге ұқсап шығады.
- Шыққан суретті тексеріңіз. Домбыраның екі ішегі бар ма, ою-өрнек қазақтікі ме, киімнің етегі мен жеңі дұрыс па? Күмәндансаңыз, мұражайдағы киімдердің суреттерімен салыстырыңыз немесе нақты киімнің фотосын референс етіп беріңіз.
Тағы бір кеңес: стереотиптен сақ болыңыз. Қазақ кейіпкерін тек ат үстінде, шапанмен салу міндетті емес, оны бүгінгі Алматының көшесінде, күнделікті киіммен де салуға болады. Ал «азиат адам» деген жалпы сөздің орнына «қазақ жігіті», «қазақ әжесі» деп жазып, кейіпкердің жасын, шашын, киімін нақтылаңыз. Сонда кейіпкер өзіміздің адамдарға ұқсап шығады.

Өз фотоңыздан ИИ фото жасау: өзіңізді не нақты адамды қалай салуға болады?
«Тексттен суретке» әдісі қай кезде жарамайды? Модель тек өзі білетін нәрсені ғана сала алады. Мысалға, алма: алма қай жерде де алма, сондықтан қандай болып шықса да жарай береді. Әлемге белгілі актерді де модель тануы мүмкін, себебі интернетте оның суреті өте көп.
Ал өзіңізді, туысыңызды немесе досыңызды модель ешқашан көрмеген, сондықтан ойдан басқа бір адамды салып береді. Қажымұқан сияқты тұлғалар туралы да модельде дерек жоқ болуы мүмкін, сондықтан сурет өзіне ұқсамай шығады. Мұндай кезде сол адамның фотосын референс етіп беріп, «Суреттен суретке» әдісімен жұмыс істейсіз.
Мұны «Қонаев» фильмінің тесттерінде өзіміз де көрдік: промпт бірдей болса да, модель әр жолы жаңа адамның бетін ойлап тапты. Сондықтан шыққан нұсқалардың ішінен Қонаевқа ең ұқсайтын, қатесі жоқ кадрды таңдап алдық, ал сол кадр әрі қарай барлық кадрдың референсі болды.
Фото-референсті қалай дайындайсыз?
- Фото анық болсын. Беті толық көрінсін, жарығы жақсы болсын, көлеңке мен көзілдірік бетті жаппасын. Бір адамның бірнеше фотосын берсеңіз, нәтиже көбіне жақсырақ шығады.
- Промптқа бәрін қайта жазбаңыз. Сурет бар кезде тек не өзгеретінін және не сақталатынын жазасыз.
- Не сақталатынын анық айтыңыз. «Беті мен жасы өзгермесін» деген сөйлем кейіпкердің тұрақтылығын ұстауға көмектеседі.
Қысқы Сарыарқаның қар басқан даласында мына фотодағы адам тұр, басына құндыз бөрік киген, үстінде көк барқыт шапан. Беті мен жасы өзгермесін.
— Фото-референске арналған промпт мысалы
Кейіпкерді бір рет жасап алып, оны келесі суреттерде де сол қалпында сақтау фильм жасаудағы ең қиын әрі ең маңызды дағды. Тегін сабақтарымыздың екіншісінде сценарийден суретке қалай өтетінімізді көрсетеміз.
Бастаушылар жиі жіберетін қателер
Қол мен саусақ
Модель қолды әлі де қате салуы мүмкін. Мысалға, бір қолда алты саусақ шығып қалады немесе екі адамның қолы бір-біріне кіріп кетеді. Сондықтан суретті үлкейтіп, қолдарды міндетті түрде тексеріңіз. Қате болса, «Суреттен суретке» әдісімен тек қолды түзетуді сұраңыз: «Әженің оң қолында бес саусақ болсын, қалғанын өзгертпе».
Суреттегі текст
Афишаға не постерге жазу керек болса, модель әріптерді шатастыруы мүмкін. Әсіресе қазақтың ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і әріптерін мұқият тексеріңіз. Ең сенімді жолы мынау: суретті жазусыз жасайсыз да, текстті кейін дизайн немесе монтаж бағдарламасында өзіңіз қосасыз.
Ұнамаған суретті басынан қайта жасау
Суреттің бір ғана жері ұнамаса, бүкіл промптты өзгертіп, қайта генерация жасасаңыз, суреттің ұнаған жерлері де өзгеріп кетеді. Оның орнына тек сол жерді түзетіңіз, әрі әр жолы бір ғана нәрсені өзгертіңіз.
Авторлық құқық және адамның келісімі
Сурет жасау оңай, бірақ жауапкершілік өзіңізде. Мына үш нәрсені есте сақтаңыз:
- Адамның келісімін алыңыз. Басқа адамның фотосын референс етпес бұрын, оның рұқсатын сұраңыз. Қазақстанда жалпы ереже бойынша адамның суретін оның келісімінсіз жариялауға және пайдалануға болмайды (zakon.kz).
- Жасанды суретті шынайы фото етіп көрсетпеңіз. Әсіресе суретте нақты адам болса, оның жасанды интеллектпен жасалғанын айтыңыз. Gemini де өз суреттеріне ватермарк пен SynthID белгісін дәл осы үшін қояды.
- Біреудің туындысын көшірмеңіз. Басқа суретшінің жұмысын, белгілі мультфильмнің кейіпкерін немесе брендтің логотипін көшіріп жасамаңыз. Ал суретті жарнамаға қолданар алдында платформаның ережесін оқып шығыңыз.
Суреттен видеоға: келесі қадам
Суретіңіз ұнаса, оны видеоға айналдыруға болады. Бұл — «Суреттен видеоға» (Image to video) әдісі: сурет видеоның алғашқы кадры болады, ал промптқа тек қозғалысты жазасыз. Мысалға, жоғарыдағы әженің суретіне: «Әже немересіне күлімсіреп қарап, оның басынан сипайды, ал камера оларға баяу жақындап келеді».
Бір маңызды ереже бар: көп платформада видеоның форматы бастапқы кадрдан алынады. Сондықтан тік видео (9:16) керек болса, суретті де бірден сол форматта жасаңыз. Видео жасаудың барлық қадамын жасанды интеллект арқылы видео жасау туралы мақалада толық көрсеттік.
Dansai AI Studio: «Суреттер» режимі
Gemini мен ChatGPT бастауға жақсы, бірақ жұмыс көбейген сайын кедергілер де шығады. Тегін лимит көп жұмысқа жетпейді, Gemini суреттерінде ватермарк тұрады, ал басқа модельдерді байқап көру үшін әр платформаға бөлек тіркеліп, бөлек подписка алуға тура келеді. Олардың бағасы әдетте долларда, интерфейсі ағылшынша, ал кейбіріне кіру үшін VPN керек болады.
Ал біздің курстарда оқысаңыз, суреттеріңіздің бәрін жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында жасайсыз. Оның «Суреттер» режимінде төрт модель бір жерде тұр: Nano Banana Pro, GPT Image 2, Seedream 5.0 Pro және Grok Imagine. Gemini қосымшасында Nano Banana Pro подпискасы барларға арналса, мұнда ол тізімде бірден тұр. VPN де, USD карта да қажет емес.
- Промптты қазақша жазасыз. Director AI функциясы промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді: оны таңдалған модельге лайықтап, кинематографиялық ағылшын тілінде қайта жазады. Ол батырманы өшіріп қойсаңыз да болады.
- Баптаулардың бәрі бір панельде. Жоғарыдағы төрт баптау промпт панелінде қатар тұр, ал GPT Image 2 моделінде суреттің фонын мөлдір етуге де болады.
- Бірден бірнеше референс қосасыз. Промпттың жанындағы «+» батырмасы арқылы кейіпкердің фотосын, киімнің үлгісін, локацияның суретін қосасыз. Nano Banana Pro 14 референске дейін қабылдайды, ал олардың ретін сүйреп ауыстыра аласыз.
- Ұнаған сурет бір батырмамен референс не видео болады. Суретті ашып, «Референс ету» батырмасын бассаңыз, ол келесі генерацияның референсі болады. Ал «Видео жасау» батырмасы сол суреттен бірден видео жасауға өткізеді.
Бірден айта кетейік, Dansai AI Studio тегін емес, ол курс тарифімен бірге ашылады. Есесіне әр тарифке токен сыйға беріледі: кіріспе AI.Onai тарифінде ол алғашқы суреттеріңіз бен видеоңызға жетеді, ал AI.Cinema тарифінде тұтас фильмге жетеді. Модельдер тізімі уақыт өте жаңарып отырады. Платформаның барлық мүмкіндігін Dansai AI Studio туралы мақалада көрсеттік.
Біздің студия жасаған жұмыстар
Бір сурет — бұл фильмнің бір ғана кадры. Ал осындай кадрларды жүйелі түрде жасап, видеоға айналдырып, дыбыс пен монтажды қоссаңыз, тұтас фильм шығады. Мысалға, «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмін Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасады, ал Nano Banana Pro моделі Dansai AI Studio-да да бар.
Ал «Қонаев» фильмінің трейлерінде түсірілім тобы жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды: ұзақтығы 3:51 минут болатын трейлерде 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Сол жүйе туралы бөлек мақалада жаздық.

«Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмі
Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro-мен жасалды, 2:56

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Түсірілім тобы жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған, 3:51
Бағлан Төлебай — Dansai Academy негізін қалаушы және AI.Cinema курсының жетекшісі. Ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, компьютерлік ғылымдар магистрі, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант.
Жасанды интеллект арқылы сурет жасауды қайдан үйренуге болады?
Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларды көру үшін тіркелудің қажеті жоқ. Ал жалпы жасанды интеллектіні неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік.
Жұмсақ бастау: AI.Onai
Сурет жасауды қадам бойынша үйренгіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз. Онда ChatGPT пен Gemini-ден бастап Dansai AI Studio-ға дейін өтесіз, ал практикада ескі фотоны қалпына келтіресіз, атаңызбен бір кадрда тұрған сурет жасайсыз, өзіңізді мультфильм кейіпкеріне айналдырасыз. Бонус тапсырмалардың ішінде кәсіби студиялық портрет пен ұлттық киімдегі тарихи портрет те бар. Курстың ішінде 10 дайын сурет промпты да бар.
Толық жол: AI.Cinema
Ал бір суреттен тұтас фильмге дейін барғыңыз келсе, AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз: кейіпкер паспорты мен референс суреттерін дайындап, кейіпкердің тұрақтылығын әр кадрда ұстауды үйренесіз, содан кейін кадрларды видеоға айналдырып, дыбыс пен монтажды қосасыз.
AI.Onai-дан бастасаңыз, кейін AI.Cinema тарифіне өткенде AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Тарифтердің шарттарын тарифтер бетінен көре аласыз. Олай болса, алғашқы суретіңізді жасауға кеттік!
Жиі қойылатын сұрақтар
Gemini арқылы сурет қалай жасауға болады?
Gemini қосымшасын ашып, құралдар мәзірінен банан белгісі бар сурет жасау құралын таңдайсыз да, промптыңызды жазасыз. Өз фотоңызды жүктеп, нені өзгерту керегін жазсаңыз, Gemini сол суретті өзгертеді. Сурет жасау тегін, бірақ лимиті бар, ал суреттерге ватермарк қойылады.
ChatGPT-де сурет жасау тегін бе?
Иә, OpenAI-дың айтуынша, сурет жасау барлық тарифте бар, тегін тарифте де. Бірақ тегін тарифте сурет жасаудың бөлек лимиті бар: ол біткенде ChatGPT ескертеді де, біраз уақыт күтуге тура келеді. Лимиттің нақты санын OpenAI жарияламайды.
Жасанды интеллект арқылы өз фотомнан сурет жасауға бола ма?
Болады. Фотоңызды референс етіп жүктейсіз де, «Суреттен суретке» (Image to image) әдісімен нені өзгерту керегін жазасыз. Мысалға: «Мені ұлттық киімде, қысқы далада сал, бетім мен жасым өзгермесін». Тек текстпен сипаттасаңыз, модель сізді танымайды, сондықтан басқа адамды салып береді.
Промптты қазақша жазуға бола ма?
Иә. Gemini қазақ тілін қолдайды, ал ChatGPT-ге де қазақша жазып көре бересіз. Модель бір сөзді түсінбесе, сол сөздің мағынасын жақшаның ішінде қысқаша түсіндіріңіз. Dansai AI Studio-да промптты қазақша жазасыз, ал Director AI оны таңдалған модельге лайықтап, кинематографиялық ағылшын тілінде қайта жазады.
Суреттегі қазақша жазу неге қате шығады?
Модель әріптерді сурет ретінде салады, сондықтан оларды шатастыруы мүмкін, әсіресе ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і сияқты қазақ әріптерін. Жазуды әрдайым тексеріп отырыңыз. Ең сенімді жолы мынау: суретті жазусыз жасайсыз да, текстті кейін дизайн не монтаж бағдарламасында өзіңіз қосасыз.
Gemini мен ChatGPT тегін болса, курс не үшін керек?
Бір-екі сурет жасауға тегін құралдар жеткілікті, бастап көру үшін соларды қолданыңыз. Ал кейіпкерді әр кадрда бірдей сақтау, суретті видеоға айналдырып, тұтас фильм жинау үшін жүйе керек. Курста осы жүйені қазақ тілінде, қадам бойынша үйренесіз, ал генерацияны Dansai AI Studio-да бір жерден, бөлек подпискасыз жасайсыз.
Телефонмен сурет жасауға бола ма?
Иә, болады. Жасанды интеллект телефоныңызда емес, серверде жұмыс істейді, сондықтан Gemini мен ChatGPT-дің қосымшалары жеткілікті. Dansai AI Studio-ны да телефоннан ашып, генерация жасай бересіз.