Жасанды интеллект деген не? Қысқаша айтқанда, бұл — адамның ақыл-ойын қажет ететін істерді орындай алатын компьютер жүйелері: олар сөзді түсінеді, суретті таниды, сұраққа жауап береді, тіпті жаңа текст, сурет пен видео жасайды. Ғылым ретінде жасанды интеллект 1956 жылы пайда болды, ал бүгін ол телефоныңыздағы аудармашыдан бастап eGov қосымшасындағы көмекшіге дейін күнде қасыңызда жүр. Төменде оның қысқа тарихын, түрлерін, қайда қолданылатынын, пайдасы мен зиянын оқушыға да, мұғалімге де, ата-анаға да түсінікті етіп айтып береміз. Ал соңында жасанды интеллектпен өз мультфильміңізді жасауды неден бастауға болатынын айтамыз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 14 минут
Жасанды интеллект деген не: қарапайым анықтама
Адам күн сайын ойланып шешетін көп нәрсе бар: досының дауысын телефоннан таниды, текстті қазақшадан орысшаға аударады, есеп шығарады, сурет салады. Ал жасанды интеллект (қысқаша ЖИ, ағылшынша artificial intelligence немесе AI) деп осындай тапсырмаларды орындай алатын компьютер жүйелерін айтамыз. «Жасанды» деген сөз оны адам жасағанын білдіреді, ал «интеллект» деген сөз ақыл-ойды, ойлау қабілетін білдіреді.
Бірақ бір нәрсені бірден түсініп алған дұрыс: ЖИ адам сияқты сезінбейді және өз бетімен армандамайды. Ол өте көп мысалдан заңдылық табуды үйренген бағдарлама. Мысалға, базардағы тәжірибелі сатушы қарбызды қағып көріп-ақ піскенін біледі, себебі ол өмірі бойы мыңдаған қарбызды көрген. ЖИ де солай: оған миллиондаған мысал көрсетіледі, ал ол солардан заңдылықты өзі табады да, келесі жолы бұрын көрмеген нәрсені де тани алады.
Қазақстанның «Жасанды интеллект туралы» заңы да оны осылай түсіндіреді. Онда жасанды интеллект адамға тән ойлау қабілеттерін имитациялай алатын, яғни адамның ақыл-ой жұмысымен салыстыруға болатын нәтиже беретін қабілет деп анықталған. Қарапайым тілмен айтсақ, ЖИ адамның қолындағы ақылды құрал.
Жасанды интеллект қай жылы пайда болды: қысқа тарихы
Жасанды интеллектінің тарихы 70 жылдан асады. Төмендегі кестеде ең маңызды жеті кезең бар. Әр жыл мен оқиғаны сенімді дереккөзден тексеріп, сілтемесін қойдық, сондықтан баяндама не шығарма жазсаңыз, еркін пайдалана бересіз.
| Жыл | Не болды? |
|---|---|
| 1950 | Ағылшын математигі Алан Тьюринг «Есептеуіш машиналар және интеллект» деген мақаласын жариялап, «Машина ойлай ала ма?» деген сұрақ қойды. Ол ұсынған «имитация ойыны» кейін Тьюринг тесті деп аталды (Mind журналы). |
| 1956 | 1956 жылы жазда АҚШ-тағы Дартмут колледжінде бір топ ғалым жасанды интеллект бойынша зерттеу жиынына жиналды. Оны Джон Маккарти ұйымдастырды, ал колледж бұл жиынды жаңа ғылым саласының туған кезі деп атайды (Дартмут колледжі). «Жасанды интеллект» (artificial intelligence) атауы осы жиынға 1955 жылы жазылған ұсыныста пайда болды (ұсыныс мәтіні). |
| 1966 | Массачусетс технологиялық институтының ғалымы Джозеф Вейценбаум адаммен текст арқылы сөйлесетін ELIZA бағдарламасын сипаттады. Бұл — әлемдегі алғашқы чат-боттардың бірі (мақаласы). |
| 1997 | IBM компаниясының Deep Blue компьютері мамырда Нью-Йоркте шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаровты 3,5:2,5 есебімен ұтты. Компьютер әлем чемпионын турнирдегі уақыт ережесімен алғаш рет жеңді (IBM). |
| 2012 | Алекс Крижевский, Илья Суцкевер және Джеффри Хинтон жасаған терең нейрондық желі суреттерді тануда бұрынғы ең жақсы әдістерден әлдеқайда озып шықты (мақаласы). Осыдан кейін нейрондық желілер ЖИ-дің басты әдістерінің біріне айналды, ал 2024 жылы Хинтон Джон Хопфилдпен бірге физика бойынша Нобель сыйлығын алды. |
| 2016 | DeepMind компаниясы жасаған AlphaGo бағдарламасы наурызда Сеулде го ойынынан 18 әлемдік титулы бар Ли Седольді 4:1 есебімен ұтты. Го шахматтан әлдеқайда күрделі, сондықтан оны ұзақ уақыт бойы ЖИ үшін ең қиын сынақтардың бірі деп санаған. Бұл ойынды әлемде 200 миллионнан астам адам көрді (DeepMind). |
| 2022 | OpenAI компаниясы 30 қарашада ChatGPT-ді шығарды (OpenAI). Осыдан кейін жасанды интеллектпен кәдімгі тілде сөйлесу көп адамның күнделікті әдетіне айналды. |
Сонымен, «Жасанды интеллектіні кім ойлап тапты?» деген сұраққа бір адамның атын атау қиын. «Машина ойлай ала ма?» деген сұрақты Алан Тьюринг көтерді, атауын Джон Маккарти бастаған ғалымдар берді, ал бүгінгі нейрондық желілерге Джеффри Хинтон сияқты ғалымдардың еңбегі негіз болды. Яғни ЖИ — көп елдің, көп ғалымның ондаған жылдық ортақ еңбегі.
Жасанды интеллектінің түрлері
Жасанды интеллектіні әртүрлі белгісіне қарай топтастырады: не істей алатынына, қалай үйренетініне және не жасайтынына қарай. Әр түрін күнделікті мысалмен түсіндірейік.
Әлсіз және күшті жасанды интеллект
Бүгін біз қолданатын ЖИ-дің бәрі әлсіз, яғни тар жасанды интеллектке жатады. Бұл — бір ғана істі немесе бір топ істі жақсы орындайтын жүйе. «Әлсіз» деген сөз оның нашар екенін білдірмейді, ол тек өз саласынан шыға алмайды. Мысалға, телефоныңыздағы бетті тану жүйесі сізді бірден таниды, бірақ сабақ кестеңізді құрып бере алмайды. Ал шахматты әлем чемпионынан жақсы ойнайтын бағдарлама қаладағы кептелісті болжай алмайды.
Ал күшті, яғни жалпы жасанды интеллект деп адам сияқты кез келген жаңа істі үйреніп, кез келген салада ойлай алатын жүйені айтады. Ағылшынша оны AGI (artificial general intelligence) дейді. Мұндай жүйені ғалымдар әлі жасаған жоқ, ал оның қашан жасалатыны туралы пікірлер әртүрлі. Фильмдердегі өз бетімен шешім қабылдайтын роботтар әзірге қиял ғана.
Машиналық оқыту
Бұрын бағдарламашылар компьютерге әр қадамды ереже қылып жазып беретін: «егер мынау болса, онда былай істе». Ал машиналық оқытуда (machine learning) ережені адам жазбайды, бағдарлама оны мысалдардан өзі табады. Мысалға, поштаңыздағы спам фильтрін алайық. Оған мыңдаған кәдімгі хат пен мыңдаған спам хат көрсетіледі, ал ол солардан спамды ажыратуды үйренеді. Сондықтан жаңа алаяқтық хат келсе, фильтр оны бұрын көрмесе де тани алады.
Нейрондық желілер (нейросеть)
Күнделікті тілде жиі еститін «нейросеть» сөзі нейрондық желіні білдіреді. Бұл — машиналық оқытудың ең мықты әдістерінің бірі. Ол адам миындағы нейрондардың жұмысына ұқсатып жасалған: миллиондаған кішкентай «нейрон» бір-бірімен байланысып, әрқайсысы қарапайым ғана есеп шығарады. Ал бірігіп келгенде олар күрделі нәрсені, мысалға, суреттегі мысықты, айтқан сөзіңізді немесе қолмен жазылған әріпті тани алады.
Көп қабатты нейрондық желілерді оқытуды терең оқыту (deep learning) дейді. ChatGPT, Gemini, Veo сияқты бүгінгі танымал модельдердің бәрі осындай желілерге негізделген.
Генеративті жасанды интеллект
Бұрынғы ЖИ көбіне тануға және болжауға үйретілді: суретте мысық па, әлде ит пе, ертең жаңбыр жауа ма? Ал генеративті ЖИ жаңа нәрсе жасап шығарады. Сіз оған промпт жазасыз, яғни не керегін сөзбен сипаттайсыз, ал ол сол бойынша текст, сурет, видео немесе музыка жасайды. Мысалға:
- Текст. ChatGPT пен Gemini шығармаңыздың жоспарын құрып береді немесе қиын тақырыпты қарапайым тілмен қайта түсіндіреді.
- Сурет. Nano Banana сияқты модельге «Қысқы кеште ауыл шетінде ақбоз ат мінген бала келе жатыр» деп жазсаңыз, ол осы көріністі салып береді.
- Видео. Veo, Kling, Seedance сияқты модельдер суретті немесе текстті бірнеше секундтық видеоға айналдырады. Мысалға, ескі фотодағы атаңыз күлімсіреп, басын баяу бұрады.
- Музыка. Suno сияқты құралдар сіз жазған өлең мен таңдаған жанрға қарай ән жасайды.
| Түрі | Қарапайым тілмен | Күнделікті мысал |
|---|---|---|
| Әлсіз (тар) жасанды интеллект | Бір істі жақсы орындайды | Телефонның бетіңізді тануы, аудармашы |
| Күшті (жалпы) жасанды интеллект | Адам сияқты кез келген істі үйренеді | Әзірге жоқ, ғалымдардың мақсаты ғана |
| Машиналық оқыту | Ережені мысалдардан өзі табады | Поштадағы спам фильтрі |
| Нейрондық желі (нейросеть) | Мидың жұмысына ұқсатып жасалған модель | Суреттегі мысықты тану, дауыспен іздеу |
| Генеративті жасанды интеллект | Жаңа текст, сурет, видео, музыка жасайды | ChatGPT, Gemini, Nano Banana, Veo |
Жасанды интеллект қайда қолданылады?
Сіз байқамасаңыз да, ЖИ-мен күн сайын кездесесіз.
Күнделікті өмірде
- Телефоныңыз бетіңізді танып ашылады.
- Аудармашы қосымша текстті қазақшадан ағылшыншаға не орысшаға аударады.
- YouTube, TikTok, Instagram сізге ұнауы мүмкін видеоларды өзі іріктеп ұсынады.
- Карта қосымшасы жолдағы кептелісті ескеріп, ең тез жолды көрсетеді.
- Поштадағы спам фильтрі алаяқтық хаттарды бөлек папкаға жібереді.
- Дауыстық көмекшілер айтқан сөзіңізді түсініп, сұрағыңызға жауап береді.
Қазақстанда
Қазақстанда жасанды интеллектіні мемлекеттік деңгейде дамытып жатыр: 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бірнеше нақты мысал келтірейік:
- eGov AI. 2025 жылдың тамызында eGov Mobile қосымшасында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін eGov AI виртуалды көмекшісі пайда болды. Ол мемлекеттік қызметтер жөнінде қажетті ақпаратты жылдам табуға көмектеседі (ресми хабарлама).
- ISSAI KAZ-LLM. Назарбаев университетінің ISSAI институты 2024 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне арналған үлкен тілдік модельді (LLM) жариялады, ол түрік тілін де қолдайды. Үлкен тілдік модель деп ChatGPT сияқты чат-боттардың негізінде тұрған, текстті түсініп, жаза алатын модельді айтады. Яғни бұл — қазақ тілін ескеріп жасалған отандық модель (ISSAI).
- AI-Sana. Бұл — Ғылым және жоғары білім министрлігінің студенттерге арналған бағдарламасы: онда студенттер жасанды интеллектіні тереңірек түсініп, өз жобаларын жасайды. Министрліктің 2026 жылғы қазандағы хабарламасы бойынша, бағдарламаға 106 жоғары оқу орны қатысады (gov.kz).
- Мектептер. 2026 жылғы 12 мамырда Президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Онда Үкіметке мектептерде ЖИ-ді қолдану стандарттарын, соның ішінде академиялық адалдыққа кепілдіктерді бекіту тапсырылды (Ақорда).
Әлемде: ғылым мен медицинада
ЖИ дәрігерлерге рентген мен МРТ суреттерін талдауға, ғалымдарға ауа райын болжауға және жаңа дәрі іздеуге көмектеседі. Мысалға, 2024 жылы химия бойынша Нобель сыйлығының жартысын Демис Хассабис пен Джон Джампер алды: олар ақуыздардың құрылымын болжайтын AlphaFold2 атты ЖИ моделін жасады (nobelprize.org). Осы модельдің арқасында ғалымдар бүгін, мысалға, бактериялардың антибиотикке неге төзімді болатынын жақсырақ түсіне алады.
Жасанды интеллектінің пайдасы мен зияны қандай?
Кез келген құрал сияқты ЖИ-дің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Пышақпен нан да турайсыз, абайламасаңыз қолыңызды да кесіп аласыз: бәрі оны қалай қолданғаныңызға байланысты.
Пайдасы
- Уақытты үнемдейді. Ұзақ текстті қысқаша мазмұндап, хаттың жобасын жазып, кестені толтыруға көмектеседі.
- Оқуға көмектеседі. Түсінбеген тақырыпты қарапайым тілмен қайта түсіндіріп, өзіңізді тексеру үшін сұрақтар құрып береді.
- Мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектеседі. Көзі нашар көретін адамға текстті дауыстап оқып береді, ал нашар еститін адамға айтылған сөзді текстке айналдырады.
- Шығармашылыққа жол ашады. Бұрын алып студиялар қомақты қаржымен жасайтын мультфильм мен фильмді енді үйде отырып-ақ жасауға болады.
Зияны мен қауіптері
- Қате жауаптар. ЖИ кейде болмаған фактіні, қате жылды немесе жоқ кітапты сенімді түрде айтып береді. Мұны «галлюцинация» дейді. Сондықтан маңызды ақпаратты, әсіресе тарихи күндер мен сандарды, сенімді дереккөзден тексеріңіз.
- Дипфейк. ЖИ арқылы адамның бетін, дауысын көшіріп, оған ешқашан айтпаған сөзін айтқызуға болады. Мұндай жалған видео мен дауысты дипфейк дейді. Алаяқтар кейде туысыңыздың дауысымен хабарласып, ақша сұрайды. Егер таныс адам күтпеген жерден ақша сұраса, онда оған өзіңіз қайта қоңырау шалып, тексеріп алыңыз.
- Жеке деректер. Чат-ботқа жазғаныңыздың бәрі сол компанияның серверіне жіберіледі. Сондықтан оған ЖСН (ИИН), құпия сөз (пароль), карта нөмірі сияқты деректерді жазбаңыз, ал басқа адамның фотосын оның рұқсатынсыз жүктемеңіз.
- Үй тапсырмасын ЖИ-ге жаздыру. Тапсырманы ЖИ толық жазып берсе, баға алуыңыз мүмкін, бірақ біліміңіз өспейді. Сондықтан ЖИ-ді дайын жауапты көшіріп алатын жер ретінде емес, түсіндіріп беретін көмекші ретінде қолданған дұрыс.
Қазақстандағы «Жасанды интеллект туралы» заң
«Жасанды интеллект туралы» заңға 2025 жылғы 17 қарашада қол қойылды (Ақорда). Заң жасанды интеллектпен жасалған өнімді таңбалауды талап етеді. Оның 21-бабы бойынша, тауар не қызмет жасанды интеллект арқылы жасалса, адамдар бұл туралы хабардар болуы керек. Ал ЖИ жасаған немесе өзгерткен, адамның келбетін, дауысын не болмаған оқиғаны көрсететін сурет, видео, аудио мен текстті тек таңбаланған күйде таратуға болады (заң мәтіні).
Сонымен қатар адамның санасына жасырын әсер ететін, манипуляция жасайтын және жеке деректерді заңды бұзып жинайтын ЖИ жүйелеріне тыйым салынды. Бұл қауіптерден қорқудың қажеті жоқ, оларды білу жеткілікті. ЖИ қалай жұмыс істейтінін түсінген адам дипфейкті ажырата біледі, жауапты тексеріп алады және құралды өз пайдасына қолданады. Ал жасанды интеллектіні меңгерген адам әрдайым озық болады.
Жасанды интеллектпен не жасауға болады?
Енді ең қызық бөлігіне келейік. Сіздің де көптен бері айтқыңыз келетін оқиғаңыз, ертегіңіз бар ма? Онда генеративті ЖИ-дің көмегімен оны суретке, видеоға, тіпті тұтас мультфильмге айналдыруға болады.
Мысалға, біздің студия жасаған «Қонаев» фильмінің трейлерін алайық. Оның ұзақтығы 3:51 минут, ішінде 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар. Түсірілім тобы жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды, оның қалай жасалғанын бөлек мақалада толық жаздық.
«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Жасанды интеллектпен жасалған трейлер, 3:51
Тағы бір мысал ретінде «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмін көріңіз. Оны академия негізін қалаушы Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасады. Бағлан Төлебай — «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, компьютерлік ғылымдар магистрі және ЖИ мен машиналық оқыту бойынша докторант. Яғни ол осы мақалада айтылған білімді күнделікті шығармашылығында қолданып жүр.
«Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмі
Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro-мен жасалды, 2:56
Бірақ жаңадан бастаған адам бірден бірнеше кедергіге тап болады. Көп платформаның интерфейсі ағылшынша, подпискасы долларда, кейде VPN де керек болады. Ал кейіпкер кейде бір кадрдан келесісіне өзгеріп кетеді, яғни оның тұрақтылығын ұстау қиын. Сондықтан алғашқы қадамды қазақ тіліндегі тегін сабақтарымыздан бастаңыз: онда промпт жазу мен сценарийден бастап, суреттен видео жасау мен CapCut-та монтаждауға дейін көрсетеміз.
Жасанды интеллектіні үйренуді неден бастау қажет?
Алдымен қуантатын жаңалық айтайық: ЖИ-ді қолдануды үйрену үшін бағдарламашы болу міндетті емес. Бағдарламалау мен терең математика ЖИ-дің өзін жасайтын инженерлерге керек, ал оны оқуда, жұмыста, шығармашылықта қолдануға бірнеше қарапайым дағды жеткілікті. Мына ретпен бастаңыз:
- ChatGPT немесе Gemini-ден өзіңізге қиын тақырыпты қарапайым тілмен түсіндіріп беруді сұраңыз, содан кейін жауаптағы фактілерді оқулықпен салыстырыңыз.
- Промпт жазуды үйреніңіз, яғни ЖИ-ге не керегін нақты, түсінікті сөйлеммен жазып беруді. Бұл туралы промпт жазу мақаласында толық жаздық.
- Алғашқы суретіңізді жасап, оны қысқа видеоға айналдырып көріңіз. Нұсқаулығын жасанды интеллект арқылы сурет жасау мақаласынан табасыз.
- Шағын жоба жасап көріңіз, мысалға, сүйікті ертегіңізден бір минуттық мультфильм жасаңыз. Бір жобаны соңына дейін жеткізу он бөлек тәжірибеден көп нәрсе үйретеді.
Нені, қандай ретпен және қай құралмен үйрену керегін жасанды интеллект үйрену туралы мақалада толық жаздық. Ал мұғалім болсаңыз, мұғалімдерге арналған мақаламызда ЖИ-ді сабақта қалай қолдануға болатынын көрсеттік.
Жасанды интеллектіні қазақ тілінде қайдан үйренуге болады?
Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес. Ал жүйелі түрде үйренгіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз: онда алғашқы суреттеріңіз бен қысқа видеоңызды жасайсыз. Мысалға, ескі отбасылық фотоны қалпына келтіріп, оны жандандырасыз.
Сіздің керемет идеяңыз, сценарийіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған: онда өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, ағылшын тілін білу міндетті емес. Курс практикасын жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында жасайсыз: ол курс тарифімен бірге ашылады, токен сыйға беріледі, ал VPN мен USD карта қажет емес. Промптты қазақша жаза бересіз, ал Director AI функциясы промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді. Тарифтер мен шарттарды тарифтер бетінен көре аласыз.
Олай болса, жасанды интеллектпен алғашқы туындыңызды жасауға кеттік!
Жиі қойылатын сұрақтар
Жасанды интеллект қай жылы пайда болды?
Ғылым ретінде жасанды интеллект 1956 жылы пайда болды: сол жылдың жазында АҚШ-тағы Дартмут колледжінде бір топ ғалым жасанды интеллект бойынша зерттеу жиынына жиналды. «Жасанды интеллект» атауы осы жиынға 1955 жылы жазылған ұсыныста пайда болды. Ал «Машина ойлай ала ма?» деген сұрақты Алан Тьюринг одан да ертерек, 1950 жылы қойған.
Жасанды интеллектіні кім ойлап тапты?
Жасанды интеллектіні бір адам ойлап тапқан жоқ. «Машина ойлай ала ма?» деген сұрақты 1950 жылы ағылшын математигі Алан Тьюринг көтерді. «Жасанды интеллект» атауы Джон Маккарти, Марвин Минский, Натаниэль Рочестер және Клод Шеннон жазған ұсыныста пайда болды, ал 1956 жылғы Дартмут жиынын Маккарти ұйымдастырды. Бүгінгі нейрондық желілердің негізін қалаған ғалымдардың бірі Джеффри Хинтон 2024 жылы физика бойынша Нобель сыйлығын алды.
Жасанды интеллектінің қандай түрлері бар?
Мүмкіндігіне қарай әлсіз (тар) және күшті (жалпы) жасанды интеллект болып бөлінеді: бүгінгі ЖИ-дің бәрі әлсіз, яғни белгілі бір істі жақсы орындайды, ал күшті ЖИ әзірге жоқ. Жұмыс әдісіне қарай машиналық оқыту, нейрондық желілер және терең оқыту бар. Ал жаңа текст, сурет, видео жасайтын түрін генеративті ЖИ дейді.
Жасанды интеллект пен нейросеть бір нәрсе ме?
Бір нәрсе емес, бірақ олар тығыз байланысты. Жасанды интеллект деп тұтас ғылым саласын айтады, ал нейросеть, яғни нейрондық желі, сол саладағы ең мықты әдістердің бірі. ChatGPT, Gemini, Veo сияқты бүгінгі танымал құралдардың бәрі нейрондық желілерге негізделген, сондықтан күнделікті тілде бұл екі сөз жиі бір мағынада айтылады.
Жасанды интеллектінің пайдасы мен зияны қандай?
Пайдасы: уақытты үнемдейді, оқуға көмектеседі, дәрігерлер мен ғалымдардың жұмысын жылдамдатады, шығармашылыққа жол ашады. Ал қауіптері: кейде сенімді түрде қате айтады, дипфейк жасауға қолданылуы мүмкін, жеке деректерді абайсыз беруге болмайды. Сондықтан ЖИ жауабын тексеріп, оны көмекші ретінде қолданған дұрыс.
Жасанды интеллект адамның орнын баса ма?
ЖИ кейбір қайталанатын жұмыстарды өзіне алады, бірақ тапсырманы қоятын, нәтижені тексеретін және соңғы шешімді қабылдайтын адам болып қала береді. Мысалға, ЖИ мыңдаған кадр жасай алады, ал қай кадр фильмге кіретінін және оқиға қалай өрбитінін режиссер шешеді. Сондықтан ЖИ-ді өз ісіне қолдана білген адамның мүмкіндігі арта түседі.
Жасанды интеллектіні үйрену үшін бағдарламалау мен ағылшын тілі керек пе?
ЖИ құралдарын қолдануға бағдарламалау керек емес, оны ЖИ-дің өзін жасайтын инженерлер үйренеді. Ағылшын тілін білу де міндетті емес. Біздің курстарда барлық сабақ қазақ тілінде, ал Dansai AI Studio-да промптты қазақша жаза бересіз.
Жасанды интеллектіні тегін үйренуге бола ма?
Иә, бастауға болады. Көп платформаның тегін тарифі бар, бірақ олардың мүмкіндігі шектеулі. Біздің тегін сабақтарымызда промпт жазудан бастап CapCut-та мультфильм монтаждауға дейін бес видеосабақ бар, оларға тіркелу қажет емес.