Бет ашылмай тұр ма?

Браузеріңіз ескі болуы мүмкін. Бізге WhatsApp-қа жазыңыз — сілтемені де, бағаны да қолмен жібереміз.

Страница не открывается? Возможно, устарел браузер. Напишите нам в WhatsApp — пришлём ссылку и цену вручную.

WhatsApp-қа жазу · Написать в WhatsApp Немесе Chrome-ды жаңартып көріңіз · Или обновите Chrome

Жасанды интеллектіні сабақта қолдану: мұғалімдерге арналған құралдар мен идеялар

Жасанды интеллектіні сабақта қолдану мұғалімнің көп уақытын үнемдейді: сабаққа дайындалудың ең көп уақыт алатын бөлігін ChatGPT, Gemini сияқты құралдарға тапсырасыз. Олар ҚМЖ-ның черновигін, тест сұрақтары мен бағалау критерийлерін, презентацияның текстін жазып береді, ал сабаққа сурет пен қысқа видео жасауға да көмектеседі. Соңғы шешім әрдайым мұғалімде қалады: ЖИ жасаған материалды өзіңіз тексеріп, түзетесіз. Мысалға, «Ер Төстік» ертегісі бойынша ертеңгі сабаққа ҚМЖ-ның черновигін, он тест сұрағын және ертегі кейіпкерлерінің суреттерін бір кеште дайындай аласыз, ал тәжірибе жинасаңыз, ертегінің бір көрінісін қысқа видеоға да айналдырасыз. Сабақтарыңызды оқушыларға қызықты етіп өткізгіңіз келе ме? Онда төменде әр жұмысты дайын қазақша промптпен көрсетеміз.

, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 14 минут

Жасанды интеллект мұғалімге қандай жұмыста көмектеседі?

Мұғалімнің уақытының едәуір бөлігі сабаққа дайындалуға кетеді: жоспар жазу, тапсырма құрастыру, слайд жасау, бағалау. Жасанды интеллект дәл осы жұмысты жеңілдетеді. Сабақты, әрине, өзіңіз бересіз, ал ЖИ бірнеше сағаттық дайындықты қысқартып, оқушыларға көрнекі материалды тез жасауға көмектеседі.

ЖИ мұғалімге көмектесетін алты жұмыс
Не жасайсыз?Қай құралмен?Нені өзіңіз тексересіз?
ҚМЖ, сабақ жоспарыChatGPT, GeminiОқу мақсаты бағдарламаға сай ма, жоспар 45 минутқа сыя ма
Тест, тапсырма, бағалау критерийлеріChatGPT, GeminiЖауаптары мен фактілері дұрыс па
Топқа бөлуChatGPT, GeminiОқушылардың аты-жөнін жазбадыңыз ба
Презентация, слайдChatGPT, Gemini, Gamma сияқты платформаларҚазақшасы дұрыс па, слайдта текст көп емес пе
Сабаққа суретGemini (Nano Banana), ChatGPTКиімі, ою-өрнегі, тарихи бөлшектері дұрыс па
Қысқа видео, мультфильмVeo, Kling, Seedance сияқты модельдерКейіпкер әр кадрда өзгеріп кетпеді ме

Бастау үшін ChatGPT пен Gemini жеткілікті. Екеуінің де тегін нұсқасы бар, әрі екеуі де Қазақстанда ресми түрде қолжетімді: Қазақстан ChatGPT-дің де, Gemini-дің де елдер тізімінде тұр. Қазақ тілі екеуінің де тілдер тізімінде бар, ал ChatGPT-дің интерфейсін қазақшаға ауыстыруға да болады. Промптты қазақша жаза бересіз, бірақ жауаптың қазақшасын міндетті түрде оқып шығыңыз: кейде сөйлем орысшадан сөзбе-сөз аударғандай болып шығады.

ЖИ арқылы ҚМЖ жасау: дайын промпт

ҚМЖ, яғни қысқа мерзімді жоспар жазу, мұғалімнің күнделікті ең көп уақыт алатын жұмыстарының бірі. ЖИ оның черновигін бірнеше секундта жазып береді. Бірақ нәтиже промптқа байланысты: «ҚМЖ жаз» деп қана жазсаңыз, ЖИ кез келген сабаққа келетін жалпылама жоспар береді. Сондықтан промптқа төрт нәрсені міндетті түрде жазыңыз: пән мен сыныпты, сабақтың тақырыбын, оқу бағдарламасындағы оқу мақсатын және мектебіңізде қолданылатын ҚМЖ үлгісінің бөлімдерін.

Мына промптты ChatGPT-ге не Gemini-ге көшіріп, сынып пен тақырыпты өзіңізге қарай ауыстырыңыз, ал жақшадағы жерлерді толтырыңыз:

Сен 3-сыныпта «Әдебиеттік оқу» пәнінен сабақ беретін тәжірибелі мұғалімсің. «Ер Төстік» ертегісі бойынша 45 минуттық сабақтың қысқа мерзімді жоспарын (ҚМЖ) жаз. Оқу мақсаты: [оқу бағдарламасындағы мақсатты осында көшіріп қойыңыз]. Жоспар мына бөлімдерден тұрсын: [мектебіңіздегі ҚМЖ үлгісінің бөлімдерін тізіп жазыңыз]. Сабақтың басында оқушылардың қызығушылығын оятатын 5 минуттық кіріспе болсын, ортасында топпен жұмыс, ал соңында кері байланыс пен рефлексия. Әр кезеңнің уақытын, мұғалім мен оқушының не істейтінін және бағалау тәсілін көрсет. Жауапты қазақ тілінде жаз.

— ҚМЖ-ға арналған промпт үлгісі

Жоспардың бір бөлігі ұнамаса, бәрін қайта жаздырудың қажеті жоқ. Сол чаттың ішінде нені өзгерту керек екенін жазасыз, мысалға: «Ортаңғы бөлімдегі топтық жұмысты жұптық жұмысқа ауыстыр, қалғанын өзгертпе». Ал сәтті шыққан промптыңызды бөлек файлға сақтап қойыңыз: келесі сабақта тек тақырып пен оқу мақсатын ауыстырасыз. Промпт жазудың жалпы ережелерін промпт жазу туралы мақалада түсіндірдік.

Тест, бағалау және топқа бөлу

Тест пен тапсырмалар

Тест жасағанда ЖИ-ге тақырыптың атын ғана емес, сабақтағы текстің өзін беріңіз. Сонда сұрақтар оқулықтағы мазмұнға сүйенеді, ал ЖИ-дің фактіні ойдан шығару қаупі азаяды. Мысалға:

Төмендегі текст бойынша 10 тест сұрағын құрастыр. Әр сұрақтың 4 жауап нұсқасы болсын, оның біреуі ғана дұрыс. Сұрақтардың үшеуі жеңіл, төртеуі орташа, үшеуі күрделі болсын. Дұрыс жауаптарды соңында бөлек тізіп жаз. Текст: [сабақтағы текстті осында қойыңыз]

— Тестке арналған промпт үлгісі

Дәл осылай сәйкестендіру тапсырмасын, сөзжұмбаққа сұрақтарды не сабақтың соңына арналған рефлексия сұрақтарын да жасауға болады. Әр жауапты өзіңіз тексеріңіз, себебі ЖИ кейде дұрыс жауапты қате белгілейді.

ЖИ арқылы бағалау: критерийлер және дескрипторлар

Критериалды бағалауда әр тапсырмаға бағалау критерийі мен дескриптор жазу көп уақыт алады. ЖИ-ге оқу мақсатын және тапсырманың өзін беріп, былай жазыңыз: «Осы тапсырмаға бағалау критерийін және 3–4 дескриптор жаз, әр дескриптор оқушының не істей алатынын нақты көрсетсін». Шыққан нұсқаны өз сыныбыңызға қарай түзетесіз.

Бір нәрсені ескеріңіз: ЖИ критерий мен дескриптор жазуға көмектеседі, ал оқушының жұмысына баға қою мен соңғы шешім мұғалімде қалады.

ЖИ арқылы топқа бөлу

Оқушыларды топқа бөлудің екі жолы бар. Біріншісі, ЖИ-ден сабақтың тақырыбына байланысты қызықты тәсілдер сұрайсыз. Мысалға: «Сыныптағы 24 оқушыны 4 топқа бөлудің "Ер Төстік" ертегісіне байланысты 5 қызықты тәсілін ұсын». ЖИ жұмбақ, сурет, түрлі түсті карточка не ертегі кейіпкерлері арқылы бөлудің идеяларын береді, ал әр топқа ат та ойлап табады.

Екіншісі, оқушыларды кездейсоқ бөлесіз. Ол үшін ЖИ-ге оқушылардың аты-жөнін жазудың қажеті жоқ: «1-ден 24-ке дейінгі нөмірлерді кездейсоқ 4 топқа бөл» деп жазыңыз да, нөмірлерді сынып журналындағы ретпен сәйкестендіріңіз. Осылай оқушылардың жеке мәліметі бөгде сервиске кетпейді.

Жасанды интеллект арқылы презентация және слайд жасау

Презентацияны ЖИ-мен екі жолмен жасауға болады. Бірінші жол: ChatGPT не Gemini слайдтардың мазмұнын жазып береді, ал слайдтың өзін PowerPoint не Google Slides-та өзіңіз жинайсыз. Мысалға: «"Ер Төстік" ертегісі бойынша 3-сынып оқушыларына 8 слайдтық презентацияның жоспарын жаз: әр слайдтың тақырыбы, 2–3 қысқа сөйлем және оған қандай сурет қою керек». Бұл жол ұзағырақ, бірақ әр слайдты өзіңіз басқарасыз.

Екінші жол: презентацияны промпттан бірден жасайтын платформаны қолданасыз. Мысалға, Gamma тақырыбыңызды алып, алдымен слайдтардың жоспарын ұсынады, содан кейін дизайнымен бірге дайын презентация жасайды. Дайын презентацияны PowerPoint пен PDF форматында жүктеп алуға болады, ал бастау тегін. Бірақ мұндай платформалардың интерфейсі көбіне ағылшынша, ал қазақша текстте қате кездесуі мүмкін, сондықтан әр слайдты оқып шығыңыз.

Қай жолды таңдасаңыз да, бір слайдқа бір ғана ой жазыңыз. Слайдта текст көп болса, оқушылар оны оқып үлгермейді. Сондықтан текстті азайтып, оның орнына сурет, схема немесе қысқа видео қойыңыз.

Сабаққа сурет жасау

Сурет сабақты жандандырады, себебі ертегінің кейіпкерін, тарихи оқиғаны, табиғат құбылысын, тіпті жаңа сөздің мағынасын оқушының көз алдына әкеледі. Ондай суретті интернеттен іздеп әуре болмай, ЖИ-мен өзіңіз жасай аласыз, оған тегін нұсқа да жарайды: Gemini қосымшасында сурет Nano Banana моделімен жасалады, ал ChatGPT-дің тегін нұсқасында да сурет жасауға болады. Екеуінің де тегін лимиті шектеулі. Промптты біреуге әңгімелеп бергендей кәдімгі сөйлеммен жазыңыз: алдымен уақыт пен орынды, содан кейін кейіпкерді, соңында оның не істеп жатқанын. Мысалға:

Ертеде қалың орманның шетінде айлакер түлкі ағаш басындағы қарғаға қарап күлімсіреп тұр, ал қарғаның тұмсығында бір кесек ірімшік бар. Сурет балаларға арналған жылы әрі жарқын мультфильм стилінде болсын.

— Промпт мысалы

Тарихи тұлғаның не ұлттық киімнің суретін жасағанда абай болыңыз: ЖИ кейде киімнің ою-өрнегін, дәуірдің бөлшектерін шатастырады. Сондықтан суретті сабақта көрсетпес бұрын мұқият қарап шығыңыз. Сурет жасаудың барлық тәсілін жасанды интеллект арқылы сурет жасау туралы мақалада толық көрсеттік.

Сабаққа қысқа видео не мультфильм жасау

Ал енді ең қызықты бөлімге көшейік. Құрғақ слайдтың орнына сабақтың басында 30–40 секундтық видео көрсетіп көріңіз: ертегінің бір көрінісін, тарихи оқиғаны немесе табиғаттағы су айналымын. Оқушыларға қызық болады, әрі олар сабақтың тақырыбын оңай есте сақтайды. Мұндай видео төрт қадаммен жасалады:

  1. Оқиға. Ертегіні не тақырыпты 3–5 қысқа көрініске бөліңіз. Бұған да ChatGPT не Gemini көмектеседі.
  2. Сурет. Әр көріністің суретін жасайсыз. Кейіпкер әр суретте бірдей болуы үшін алдымен оның бір суретін жасап алып, келесі суреттерге соны референс ретінде беріңіз.
  3. Видео. Әр суретті «Суреттен видеоға» (Image to video) әдісімен бірнеше секундтық видеоға айналдырасыз.
  4. Дыбыс және монтаж. Видео үзінділерін CapCut сияқты қосымшада біріктіріп, музыка мен дауысты қосасыз. Дикторлық текстті өз дауысыңызбен телефонға жазып алыңыз: мұғалімнің таныс дауысы оқушыларға жылырақ естіледі.

Толық нұсқаулықты жасанды интеллект арқылы мультфильм жасау туралы мақалада жаздық. Ал бастауыш сынып мұғалімі болсаңыз, 2-сыныпқа мультфильм жасау туралы мақаланы да қараңыз, онда цифрлық сауаттылық пәніндегі мультфильм тапсырмасын қадамдап көрсеттік.

Видео жасағанда қандай кедергілер бар?

Суретті тегін нұсқада жасау оңай болса, видеода кедергі көбейеді. Видео модельдерінің тегін лимиті аз, кей платформада видеода ватермарк қалады, ал толық мүмкіндігі подпискамен ашылады, оның бағасы әдетте долларда көрсетіледі. Оған қоса көп платформаның интерфейсі ағылшынша, ал кейіпкердің тұрақтылығын ұстау, яғни оны әр кадрда бірдей сақтау, бастаушыға оңай емес. Қай платформа қаншалықты тегін екенін тегін видео жасау туралы мақалада жаздық.

Біздің курстарда бұл кедергілердің көбі шешілген. Курс практикасын жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында жасайсыз: онда Nano Banana Pro, Veo, Kling және Seedance бір жерде тұр, VPN де, USD карта да қажет емес. Промптты қазақша жаза бересіз, ал Director AI функциясы промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді. Бірден айта кетейік, Dansai AI Studio тегін емес: ол курс тарифімен бірге ашылады, ал әр тарифке токен сыйға беріледі. Дауыс жасайтын құрал Studio-да жоқ, сондықтан дикторлық текстті өз дауысыңызбен жазып аласыз.

Ертегі бойынша мультфильмге мысал

Мысалға, «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмін қараңыз. Оның ұзақтығы 2 минут 56 секунд, ал оны Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасаған. Бағлан Төлебай — Dansai Academy негізін қалаушы, «Қазақфильм» резиденті және өзі де оқытушы, Нархоз университетінің аға оқытушысы. Осындай қысқа мультфильмді сабақтың басында көрсетуге не ертегіні талдағанда қолдануға ыңғайлы.

«Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмі

Ал жасанды интеллектпен үлкен жоба да жасауға болатынын «Қонаев» фильмінің трейлері көрсетеді: трейлердің бәрі жасанды интеллектпен жасалған, ал YouTube-та ол 60 мыңнан астам қаралым жинады. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды, ол жүйе туралы бөлек мақалада жаздық.

ЖИ-ді сабақта қолданғанда нені ескеру керек?

Қазақстанда бұл сұраққа ресми жауап бар. 2026 жылғы 10 наурызда Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсыным туралы хабарлады. Ондағы негізгі қағидалар мынадай:

  • жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды;
  • жасанды интеллект дайындаған кез келген материал мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс;
  • оқушыны бағалау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай мұғалімде қалады, ал білім нәтижелерін толық автоматтандыруға жол берілмейді;
  • оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге болмайды;
  • оқушылар ЖИ арқылы дайындалған жұмыстарын өз еңбегі ретінде ұсына алмайды.

Осыған күнделікті тәжірибеден тағы бірнеше кеңес қосайық:

  • Фактіні тексеріңіз. ЖИ қате ақпаратты да сенімді түрде жаза береді: кейде күнді, есімді не ғылыми терминді ойдан шығарады. Мұны галлюцинация деп атайды. Сабаққа кіретін әр фактіні оқулықпен салыстырыңыз.
  • Оқушының жеке мәліметін жазбаңыз. Оқушының аты-жөні, бағалары, денсаулығы не отбасы туралы мәлімет чат-ботқа жазылмауы керек, сондықтан топқа бөлгенде нөмір қолданыңыз. Оқушылардың фотосын ЖИ-ге жүктемеген дұрыс, ал әріптесіңіздің фотосын жүктемес бұрын өзінен рұқсат сұраңыз.
  • ЖИ жазған текстті өз еңбегіңіз ретінде ұсынбаңыз. Бұл ереже мұғалімге де қатысты: мақала, баяндама не әдістемелік жұмыс жариялағанда ЖИ-ді қай жерде қолданғаныңызды айтқан дұрыс.
  • Жас шектеуін ескеріңіз. Мысалға, ChatGPT-дің қолдану шарттары бойынша оны қолданатын адам кемінде 13 жаста (не өз елінде белгіленген ең төменгі жаста) болуы керек, ал 18-ге толмаған адамға ата-анасының не заңды өкілінің рұқсаты қажет. Сондықтан кіші сыныптарда құралды тақтада мұғалімнің өзі қолданғаны дұрыс, ал оқушылар идея ұсынып, нәтижені бірге талқылайды.

Бағлан Төлебай мұны бір сөйлеммен былай түйіндейді:

ЖИ — пайдалансаң досың, пайдаланбансаң сорың, асыра пайдалансаң кесірің.

— Бағлан Төлебай

Мұғалімдерге арналған тегін ЖИ курстары

ЖИ-ді жүйелі түрде үйренгіңіз келсе, тегін мемлекеттік курстан бастауға болады. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының MOOC платформасында мұғалімдерге арналған «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» курсы бар. Ол 8 сабақтан тұрады, ұзақтығы 6 сағат, ал соңында 25 сұрақтан тұратын қорытынды тест тапсырасыз. Курста промпт жазуды, ЖИ-мен сабақ жоспарын, тест пен көрнекі материал дайындауды үйренесіз, ал галлюцинация, плагиат пен дипфейктен қалай сақтану керегі де айтылады. Платформа сипаттамасында курстар да, сертификаттар да тегін екені жазылған.

Мемлекеттік және жеке курстардың тілін, сертификатын, бағасын жасанды интеллект курстары туралы мақалада салыстырдық. Ал ЖИ-мен сурет пен видео қалай жасалатынын көргіңіз келсе, тегін сабақтарымызды қараңыз: онда бес видеосабақ бар, тіркелудің қажеті жоқ. ЖИ-ді үйренуді неден бастау қажет екенін жасанды интеллект үйрену туралы мақалада түсіндірдік.

ЖИ-ді меңгерген мұғалім: келесі қадам

ҚМЖ мен тестке ChatGPT пен Gemini жеткілікті. Ал сабаққа өз суретіңізді, видеоңызды, тіпті мультфильміңізді жасағыңыз келсе, бұл енді бөлек дағды. Оны қадам-қадаммен, қазақ тілінде үйрену әлдеқайда жеңіл.

Кіріспе курс: AI.Onai

AI.Onai курсы нөлден бастайтындарға арналған. Онда ChatGPT пен Gemini-ден бастап Dansai AI Studio-ға дейін өтесіз, ал практикада ескі фотоны қалпына келтіресіз, баланың суретін жандандырасыз, өзіңізді мультфильм кейіпкеріне айналдырасыз. Курста екі мини-жоба бар: бір фотодан 30 секундтық ролик жасайтын «Отбасы тарихы» және «Ертегі мультфильм». Біздің ойымызша, екеуін де сабаққа бейімдеуге болады: «Отбасы тарихы» отбасы туралы сабаққа не тәрбие сағатына, ал «Ертегі мультфильм» ертегі оқитын сабаққа жарайды. Курста 10 сурет промпты мен 10 видео промпты дайын тұр, ал практиканы Dansai AI Studio-да жасайсыз.

Оқушылармен бірге фильм жасағыңыз келсе: AI.Cinema

Сыныбыңызбен бірге жасағыңыз келетін фильм идеяңыз бар ма, мысалға туған жеріңіздің тарихы, мектептің мерейтойы не таныс ертегінің жаңа нұсқасы? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз: сценарий жазып, кейіпкер мен оның әлемін құрасыз, кадр жасап, дыбыс пен монтажды қосасыз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, курс 12 айға ашық, ал AI.Cinema сабақтары апта сайын ашылып, толығып отырады. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттарын тарифтер бетінен көре аласыз.

AI.Onai-дан бастасаңыз, кейін AI.Cinema тарифіне өткенде AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Сабақ беру әдісіңіз жаңа деңгейге өседі, ал ЖИ-ді меңгерген мұғалім әрдайым озық болады. Олай болса, ЖИ-мен алғашқы сабағыңызды дайындауға кеттік!

Жиі қойылатын сұрақтар

ЖИ арқылы ҚМЖ жасауға бола ма?

Болады. ChatGPT не Gemini-ге пән мен сыныпты, тақырыпты, оқу бағдарламасындағы оқу мақсатын және мектебіңіздегі ҚМЖ үлгісінің бөлімдерін жазсаңыз, ол жоспардың черновигін бірнеше секундта жазып береді. Бірақ бұл тек черновик: оқу мақсаты мен фактілерді тексеріп, өзіңіз түзетесіз.

Мұғалімге сабақта жасанды интеллектіні қолдануға бола ма?

Болады. Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылғы наурызда хабарлаған әдістемелік ұсыным бойынша жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, ал ЖИ дайындаған кез келген материал мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс. Оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге болмайды, ал білім нәтижелерін толық автоматтандыруға жол берілмейді.

Жасанды интеллект арқылы презентация қалай жасалады?

Екі жолы бар. ChatGPT не Gemini-ге әр слайдтың тақырыбы мен қысқа текстін жаздырып, слайдтарды PowerPoint не Google Slides-та өзіңіз жинайсыз. Не болмаса Gamma сияқты платформаға тақырыпты жазып, дайын презентацияны бірден аласыз. Екі жағдайда да қазақша текстті оқып, тексеріп шығыңыз.

ЖИ арқылы топқа қалай бөлуге болады?

ChatGPT не Gemini-ден сабақ тақырыбына байланысты топқа бөлудің қызықты тәсілдерін сұраңыз: жұмбақ, сурет, карточка не ертегі кейіпкерлері арқылы. Кездейсоқ бөлгіңіз келсе, оқушылардың аты-жөнін емес, нөмірлерін жазыңыз. Осылай олардың жеке мәліметі бөгде сервиске кетпейді.

Мұғалімдерге арналған тегін ЖИ курсы бар ма?

Иә. «Өрлеу» MOOC платформасында мұғалімдерге арналған «Оқу үдерісі және ЖИ» курсы бар: ол 8 сабақтан тұрады, ұзақтығы 6 сағат, ал соңында 25 сұрақтан тұратын тест тапсырасыз. Платформа сипаттамасы бойынша курстар мен сертификаттар тегін. Ал ЖИ-мен сурет пен видео жасауды біздің тегін сабақтарымыздан көре аласыз.

Оқушылар ChatGPT-ді өздері қолдана ала ма?

ChatGPT-дің қолдану шарттары бойынша оны қолданатын адам кемінде 13 жаста (не өз елінде белгіленген ең төменгі жаста) болуы керек, ал 18-ге толмаған адамға ата-анасының не заңды өкілінің рұқсаты қажет. Министрлік ұсынымы бойынша оқушылар ЖИ арқылы дайындалған жұмысын өз еңбегі ретінде ұсына алмайды. Сондықтан кіші сыныптарда құралды мұғалімнің өзі көрсеткені дұрыс.

Компьютерді жақсы білмеймін, ЖИ-ді үйрене аламын ба?

Иә. AI.Onai курсы нөлден бастайтындарға арналған, барлық сабақ қазақ тілінде, ал ағылшынша білу міндетті емес. Жасанды интеллект серверде жұмыс істейді, сондықтан мықты компьютердің қажеті жоқ: кез келген ноутбук жарайды, ал бастау үшін смартфон да жеткілікті.

Мұғалімнің уақыты аз, курсты қашан оқимын?

Барлық сабақ жазбада: төлемнен кейін бірден ашылады, ал сіз өзіңізге ыңғайлы уақытта, мысалға кешке не демалыс күні оқисыз. AI.Onai сабақтары 3 айға, ал AI.Cinema сабақтары 12 айға ашық, сондықтан асықпай, өз қарқыныңызбен өтесіз.

Тағы оқыңыз