Ескі фотоны қалпына келтіру үшін оны алдымен сканерлейсіз не телефонмен дұрыс түсіріп аласыз, содан кейін суретті өңдей алатын ЖИ (ИИ) модельге жүктеп, «сызаттарды кетір, бетін өзгертпе» деп жазасыз. Модель сызат пен дақты кетіреді, бұлыңғыр жерді анық етеді, қаласаңыз суретті түсті етеді, яғни ескі суретті жаңарту үшін Photoshop білу міндетті емес. Ең бастысы, адамның бет-әлпеті түпнұсқадағыдай қалуы керек, сондықтан нәтижені міндетті түрде тексересіз. Үйдегі альбомда атаңыз бен әжеңіздің сарғайған суреті бар ма? Онда төменде оны қалпына келтіріп, түсті етіп, кірпік қағатын қысқа видеоға айналдыруды қадам-қадаммен көрсетеміз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 11 минут
ЖИ ескі суретті қалай жаңартады?
Ескі фотоны қалпына келтіргенде «Суреттен суретке» (Image to image) әдісін қолданасыз: модельге фото мен текст бересіз, ал ол суретті сіздің нұсқауыңыз бойынша қайта салып шығады. Бұл әдістің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Модель сызатты, дақты, сарғайып кеткен түсті және жыртылған бұрышты оңай түзетеді. Бірақ ол фотоны жай тазаламайды, оны қайта салады, сондықтан бұлыңғыр жерде не болғанын білмесе, оны өзі ойлап салады. Мысалға, беті анық көрінбейтін адамға модель мүлде басқа біреудің бетін салып жіберуі мүмкін.
Сондықтан жұмыс үш кезеңнен тұрады: фотоны дұрыс түсіру, қалпына келтіру және бетті тексеру. Сурет модельдерінің жалпы әдістерін жасанды интеллект арқылы сурет жасау туралы мақалада жаздық.
1-қадам: ескі фотоны сканерлеу не телефонмен түсіру
Нәтиже көбіне осы қадамға байланысты. Модель фотоға түскен жарық пен көлеңкені ақау деп ойлайды да, оны түзетуге тырысып, бетті өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан түсірмес бұрын мына нәрселерді ескеріңіз:
- Тазалап, тегістеңіз. Шаңын құрғақ шүберекпен ақырын сүртіңіз, ал иіліп қалған фотоны бір күнге қалың кітаптың астына басып қойыңыз.
- Шыныдан шығарыңыз. Рамкадағы не альбомның мөлдір пленкасының астындағы фотоға жарық шағылысып, ақ дақ түседі. Ал альбомға жабысып қалған фотоны күштеп суырмаңыз, оны сол күйінде түсіре беріңіз.
- Жарықты дұрыс таңдаңыз. Күндіз терезенің жанында, бірақ күн тікелей түспейтін жерде түсіріңіз, ал телефонның жарқылын (вспышкасын) өшіріп қойыңыз. Жылтыр фотоға жарық шағылысса, фотоны жарық бүйірден түсетіндей етіп бұрып қойыңыз.
- Телефонды тура ұстаңыз. Телефон фотоға параллель тұрсын, ал фото бүкіл кадрды толтырып тұрсын. Ол үшін зумды баспай, телефонның өзін жақындатыңыз, ал портрет режимі мен бетті әдемілейтін фильтрлерді өшіріп қойыңыз.
- Сканер болса, сканерлеңіз. Кәдімгі фотоны 600 dpi-мен, ал құжатқа арналған кішкентай суретті 1200 dpi-мен сканерлесеңіз, ұсақ бөлшектері жоғалмайды.
Google-дың PhotoScan қосымшасы да көмектеседі. Google өз бетінде жазғандай, ол бірнеше кадрды біріктіріп, шағылысқан жарықты кетіреді, ал фотоның шетін өзі тауып, қисығын түзейді. Сканерленген түпнұсқаны міндетті түрде бөлек сақтаңыз, себебі ЖИ қателессе, қайта бастау үшін ол керек болады.
2-қадам: ескі суретті ЖИ-мен қалпына келтіру
Ескі суретті жаңарту үшін суретті өңдей алатын модель керек, мысалға, Google-дың Nano Banana модельдері. Тегін бастау үшін ең оңайы Gemini қосымшасы: құралдар мәзірінен «🍌 Create images» тармағын таңдап, фотоны жүктейсіз де, не істеу керегін жазасыз. Google өз бетінде Nano Banana 2 моделі тегін екенін жазады, ал Gemini Қазақстанда жұмыс істейді және қазақ тілін түсінеді. Бірақ шектеулері де бар. Google анықтамасына сай суретті өңдеу 18 жастан бастап қана ашық, ал дайын суретті подпискасыз 1K сапада, подпискамен 2K сапада жүктеп аласыз. Сонымен қатар суретке көрінетін ватермарк пен көзге көрінбейтін SynthID белгісі қосылады.
Қалпына келтіруге арналған промпт мысалдары
Промптты модельге тапсырма бергендей жазыңыз: алдымен не істеу керегін, содан кейін нені өзгертпеу керегін айтасыз. Бір ретте бір-екі тапсырма жеткілікті. Мысалға:
- Сызат пен дақты кетіру: «Осы ескі суреттегі сызаттарды, дақтарды және бүктелген жерлерін тазала. Адамның бетін, көзін, шашын және киімін өзгертпе.»
- Бұлыңғыр бетті анық ету: «Суретті анық ет, бірақ әжемнің жасын, бет пішінін, көзі мен қасын түпнұсқадағыдай қалдыр. Жасартпа, бетін әдемілеме.»
- Жыртылған бұрышты толтыру: «Суреттің жыртылған оң жақ төменгі бұрышын айналасындағы фонға қарап толтыр, адамдарға тиіспе.»
- Қазақы бет-әлпетті сақтау: «Бұл суреттегі адамдар қазақтар. Олардың көз пішінін, бет сүйегін және тері түсін өзгертпей сақта.»
Дайын ағылшынша промптты тегін материалдар бетінен «Реставрация фото» деген атпен көшіріп аласыз. Ол Nano Banana Pro моделіне арналған, онда бет-әлпетті өзгертпеу мен қазақы бет пішінін сақтау арнайы жазылған. Бұл промпт суретті түсті де етеді, сондықтан ақ-қара күйінде қалдырғыңыз келсе, «Natural colorization» деп басталатын сөйлемді өшіріп, орнына «Keep the photo black and white» деп жазыңыз. Сол бетте суреттің өңдеуге дейінгі және кейінгі нұсқасын қатар көресіз, мысалға, Абай Құнанбайұлының 1896 жылғы суретін.
Ескі фотоны түсті ету: киімнің шын түсін кім біледі?
Ақ-қара фотодағы көйлектің шын түсін модель білмейді, ол тек болжайды. Мысалға, әжеңіздің көйлегін ол көк қылып салуы мүмкін, ал шын мәнінде ол қызыл болған шығар. Сондықтан түсті етпес бұрын үлкендерден сұрап алыңыз: әженің көйлегі мен орамалы, атаның костюмі қандай түсті болған? Содан кейін промптқа нақты жазасыз:
Фотоны түсті ет. 1970 жылдардағы фотодай бәсең, табиғи түстер болсын. Әженің көйлегі қою жасыл, орамалы ақ, ал атаның костюмі сұр. Беттерін, жасын және тері түсін өзгертпе.
— Ескі фотоны түсті етуге арналған промпт мысалы
Егер түстер тым қанық, жарқырап шықса, онда «түстерді бәсеңдет, тері түсін табиғи қыл» деп түзетесіз. Ақ-қара нұсқасын да сақтап қойыңыз, кейде ол сол кезеңді жақсырақ жеткізеді.
Сурет сапасын жақсарту: кішкентай фотоны үлкейту
Ескі суреттер көбіне кішкентай болады, сондықтан басып шығарғанда не үлкен экранда көрсеткенде бұлыңғыр көрінеді. Сурет сапасын жақсартқанда модель суретті жоғары разрешениемен, яғни үлкенірек етіп қайта салады. Мысалға, Dansai AI Studio-дағы Nano Banana Pro нәтижені 1K, 2K не 4K етіп береді, ал Gemini-де подпискасыз суретті 1K сапада жүктеп аласыз. Үлкен етіп басып шығаратын болсаңыз, 4K таңдаңыз.
Бұлыңғыр суретті анық етуге болады, тек есте сақтаңыз: үлкейткенде модель жоқ бөлшекті өзі ойлап салады. Түпнұсқада бет бірнеше нүктеден ғана тұрса, ЖИ анық бет салып береді, бірақ ол бет сол адамға ұқсамауы мүмкін. Сондықтан үлкейтілген суретті де тексересіз.
Жиі кездесетін қате: ЖИ адамның бетін өзгертіп жібереді
Көбіне былай болады: нәтиже әдемі әрі анық шығады, бірақ суреттегі адам атаңызға ұқсамай қалады. Себебі модель бұлыңғыр жерді өзі салады да, бетті өзі көп көрген беттерге қарай «түзетеді»: адамды жасартады, терісін тегістейді, көзінің пішінін өзгертеді.
Сондықтан нәтижені түпнұсқамен қатар қойып, бір өлшемде салыстырыңыз. Алдымен көзіне қараңыз: пішіні, арасы, қабағы өзгермеді ме? Содан кейін қасын, мұрнын, ернін, құлағын, беттегі мең мен әжімді тексересіз. Ең сенімді тексеру мынау: суретті сол адамды жақсы білген туысыңызға көрсетіп, «Атама ұқсай ма?» деп сұрайсыз.
| Не өзгерді? | Неге болады? | Қалай түзетесіз? |
|---|---|---|
| Адам жасарып не әдеміленіп кетті | Модель бұлыңғыр бетті өзінше «әдемі» бетпен толтырады | Промптқа «жасартпа, бетін әдемілеме» деп қосыңыз |
| Бет-әлпеті басқа ұлттың адамына ұқсап кетті | Модель бетті өзі көп көрген беттерге ұқсатады | «Бұл суреттегі адамдар қазақтар, көзінің пішіні мен бет сүйегін сақта» деп жазыңыз |
| Мең, тыртық не әжім жоғалып кетті | Модель оларды дақ деп ойлайды | «Беттегі мең мен әжімді сақта, тек сызатты жой» деп нақтылаңыз |
| Топтық суреттегі беттер біртүрлі шықты | Бет өте кішкентай, модель оны өзі ойлап салады | Бетті анық етуді сұрамаңыз, тек сызат пен дақты жойыңыз |
| Киімі, фоны не қолындағы заты өзгерді | Промпт тым жалпы, модель бәрін қайта салды | «Қалғанын өзгертпе» деп жазып, бір ретте бір ғана нәрсені сұраңыз |
Көп адам осы жерде тоқтап қалады: бет қайта-қайта өзгереді, тегін генерациялар таусылады да, суретті жаңарту қиын болып көрінеді. Ондайда тегін материалдарымыздан бастаңыз: дайын «Реставрация фото» промпты мен суреттен видео жасау туралы тегін видео сабақ сол жерде тұр.
Ескі фотоны тірілту: қозғалатын видео
Қалпына келтірілген суретті енді қысқа видеоға айналдыруға болады: әжеңіз баяу кірпік қағып, сәл жымияды. Мұны көбіне «фотоны тірілту» дейді, бірақ бұл бірнеше секундтық қозғалыс қана, ал қимылды модель өзі ойлап шығарады. Мұндай видеоны «Суреттен видеоға» (Image to video) әдісімен жасайсыз, ал оның бүкіл ретін фотодан видео жасау туралы мақалада қадам-қадаммен жаздық. Ескі фотоға қозғалыс аз болғаны дұрыс: камера қозғалмайды, адам бір рет кірпік қағып, ақырын тыныс алады. Дайын промпт тегін материалдарда «Ескі фотоны қалпына келтіру — видео» деген атпен тұр, ол Kling 3.0 Pro моделіне арналған.
Ал суреттегі адамды сөйлеткіңіз келсе, бұл бөлек әдіс, оны суретті сөйлету мақаласында түсіндірдік. Жандандырылған бірнеше фотоны музыкамен бір роликке жинап, мерейтойға не еске алу кешіне видео жасауға болады.
Әдеп: отбасының келісімі және ЖИ белгісі
Ескі фото көбіне бүкіл әулеттің мұрасы, сондықтан оны жаңартпас бұрын мына қағидаларды ескеріңіз:
- Өз отбасыңыздың суретімен жұмыс істеңіз. Тірі адамның суретін өзінің рұқсатымен ғана өңдеңіз не жандандырыңыз.
- Өмірден өткен жақыныңыздың суретін жандандырмас бұрын отбасыңызбен ақылдасыңыз. Бір туысқа жылы естелік болып көрінген видео екіншісіне ауыр тиюі мүмкін. Ал оның дауысын ЖИ-мен жасағыңыз келсе, ол үшін де отбасының келісімі керек.
- Балалардың суретін сақтықпен өңдеңіз. Мұны ата-анасының аккаунтынан, белгілі платформаларда ғана жасаңыз, белгісіз бот пен сайтқа жүктемеңіз.
- ЖИ-мен жасалғанын жазыңыз. Суретті не видеоны желіге салсаңыз, оның ЖИ-мен қалпына келтірілгенін ашық айтыңыз. Қазақстанның 2025 жылғы «Жасанды интеллект туралы» заңы да адамның келбетін имитациялайтын ЖИ туындыларын таңбалауды талап етеді, бұл туралы суретті сөйлету мақаласында толығырақ жаздық.
- Түпнұсқаны сақтаңыз. Қалпына келтірілген сурет ЖИ салған нұсқа ғана, сондықтан отбасы мұрағаты мен шежіреге түпнұсқасын қалдырыңыз.
Танымал адамның, әншінің не саясаткердің суретін жандандырып, оның атынан құттықтау не сөз жасау дипфейк болып саналады. Біз мұндай жұмыстарды жасамаймыз және үйретпейміз.
Dansai AI Studio-да ескі суретті қалпына келтіру
Біздің курстарда оқысаңыз, ескі суретті жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында қалпына келтіресіз. Мұнда VPN мен USD карта керек емес, ал промптты қазақша жаза бересіз. Жұмыс реті мынадай:
- «Суреттер» режимінде модельді таңдайсыз: Nano Banana Pro, GPT Image 2, Seedream 5.0 Pro не Grok Imagine. Ескі фото үшін Nano Banana Pro-дан бастаған дұрыс.
- Ескі фотоны референс етіп қосасыз: промпт жолының сол жағындағы «+» батырмасын басасыз, суретті сүйреп әкелесіз не Ctrl+V басасыз.
- «Формат» баптауынан «Авто» таңдаңыз, сонда нәтиже түпнұсқаның пропорциясын қайталайды. «Сапасы» баптауынан 2K не 4K таңдайсыз, ал 4K-ға токен көбірек жұмсалады.
- «Бір ретте шығатын сурет саны» баптауымен бірнеше нұсқа жасап, бет-әлпеті түпнұсқаға ең ұқсайтынын таңдайсыз.
- Ұнаған суретті «Видео жасау» батырмасымен бірден «Видео» режиміне жіберіп, жандандырасыз.
Director AI функциясы — промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді. Ол батырманы өшіріп қойсаңыз да болады. Ал Dansai AI Studio тегін емес: ол курс тарифімен бірге ашылады, токендер тарифпен бірге сыйға беріледі, ал генерация батырмасында қанша токен жұмсалатыны санмен көрсетіледі. Генерация сәтсіз аяқталса, токен шотыңызға қайтады. Studio-да дауыс жасайтын құрал мен lipsync құралы жоқ, оларды бөлек платформада жасайсыз.
Біздің жұмыстар: отбасы мұрағатынан фильмге дейін
Ескі фото отбасы тарихының басы ғана. Академия негізін қалаушы Бағлан Төлебай атасы, қайраткер Төлебай Орынбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай деректі фильм түсірді. Фильм отбасы мұрағаты мен оны білген адамдармен сұхбатқа сүйеніп жасалды. Ал жасанды интеллектпен жасаған жұмысымыз, «Қонаев» фильмі арнайы жүйемен жасалды: ұзақтығы 3:51 минут болатын трейлерде 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар, ол YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады.

«Айдынында жүзген ақ кеме» деректі фильмі
Қайраткер Төлебай Орынбаевтың өмірі туралы, 21:03

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Жасанды интеллектпен жасалған трейлер, 3:51
Ескі фотоны қалпына келтіруді қайдан үйренуге болады?
Бастау үшін тегін материалдарымызды қараңыз: онда тегін видео сабақтар мен дайын промпттар жиналған, ал тіркелу қажет емес. Жасанды интеллектіні жалпы неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік.
Практикамен үйренгіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз. Оның алғашқы практикалық жаттығуы дәл осы тақырыпқа арналған, «Ескі фотоны қалпына келтіру» деп аталады, ал «Отбасы тарихы» мини-жобасында бір фотодан 30 секундтық ролик жасайсыз. Практиканы Dansai AI Studio-да жасайсыз. Тариф шарттарын тарифтер бетінен көресіз, ал кейін AI.Cinema-ға өтсеңіз, AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады.
Келесі қадам: бір фотодан отбасы фильміне дейін
Сіздің де айтқыңыз келетін отбасы тарихыңыз бар ма? Онда AI.Cinema курсында сол тарихты фильмге айналдыруды үйренесіз: өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз, ал сабақтар 12 айға ашық болады. Ал отбасыңыз туралы ЖИ-мен жасалған фильмді дайын күйінде алғыңыз келсе, оны біздің студияға тапсырыс бере аласыз, студия жұмысы 500 000 ₸-ден басталады.
Жиі қойылатын сұрақтар
Ескі суретті тегін жаңартуға бола ма?
Иә. Gemini қосымшасында Nano Banana 2 моделі тегін: фотоны жүктеп, «сызаттарды жой, бетін өзгертпе» деп жазасыз. Бірақ подпискасыз суретті тек 1K сапада жүктеп аласыз, суретке ватермарк қосылады, ал суретті өңдеу 18 жастан бастап қана ашық. Дайын промпт тегін материалдарда бар.
Ескі фотоны түсті ету үшін промптқа не жазу керек?
Дәуірін, түстерін және нені өзгертпеу керегін жазыңыз. Мысалға: «Фотоны түсті ет, 1970 жылдардағыдай бәсең, табиғи түстер болсын, әженің көйлегі қою жасыл, беттерін өзгертпе». Модель киімнің шын түсін білмейді, сондықтан оны үлкендерден сұрап алған дұрыс.
ЖИ ескі суреттегі адамның бетін неге өзгертеді?
Модель фотоны тазалап қана қоймайды, оны қайта салады, ал бұлыңғыр жерді өзі ойлап толтырады. Сондықтан адам жасарып, бет пішіні өзгеріп кетуі мүмкін. Промптқа «бетін, жасын өзгертпе» деп жазыңыз, бір ретте бір ғана тапсырма беріңіз және нәтижені түпнұсқамен қатар қойып тексеріңіз.
Марқұм болған туыстың суретін жандандыру дұрыс па?
Бұл әр отбасының өз шешімі, сондықтан алдымен туыстарыңызбен ақылдасыңыз. Бір адамға жылы естелік болған видео екіншісіне ауыр тиюі мүмкін. Ал марқұмның дауысын ЖИ-мен жасау үшін де отбасының келісімі керек. Видеоны желіге салсаңыз, оның ЖИ-мен жасалғанын жазып қойыңыз.
Тегін Gemini бар болса, курс не үшін керек?
Бір-екі суретті Gemini-мен-ақ жаңартасыз. Ал ескі фотодан отбасы тарихын айтатын ролик не фильм жасау үшін суретті қалпына келтіріп, видеоға айналдырып, дыбыс пен монтажды бір жүйеге келтіру керек. AI.Onai курсында осы жолды қазақ тілінде, практикамен өтесіз, ал генерацияны Dansai AI Studio-да жасайсыз.