Бет ашылмай тұр ма?

Браузеріңіз ескі болуы мүмкін. Бізге WhatsApp-қа жазыңыз — сілтемені де, бағаны да қолмен жібереміз.

Страница не открывается? Возможно, устарел браузер. Напишите нам в WhatsApp — пришлём ссылку и цену вручную.

WhatsApp-қа жазу · Написать в WhatsApp Немесе Chrome-ды жаңартып көріңіз · Или обновите Chrome

Лав стори жасау: махаббат хикаясын жасанды интеллектпен видеоға айналдыру

Лав стори (лов стори) жасау үшін жұптың танысқан күнінен тойға дейінгі оқиғасын 5–7 сахнаға бөлесіз де, әр сахнаны екеуінің өз фотолары арқылы ЖИ (ИИ) көмегімен кадрға, ал кадрды қысқа видеоға айналдырасыз. Соңында видеоларды музыкамен монтажда жалғап, тойда не қыз ұзатуда үлкен экранға шығатын 1–3 минуттық фильм аласыз. Мысалға, экранда екеуі студент кезінде кітапханада бір кітапқа қатар қол созып, бір-біріне күліп қарайды, ал залдағы қонақтар екеуінің қалай танысқанын өз көзімен көргендей болады. Сіздің айтып бергіңіз келетін махаббат хикаяңыз бар ма? Онда төменде сценарийден бастап дайын видеоға дейінгі жолды қадам-қадаммен көрсетеміз.

, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 11 минут

Орыс тілінде оқу

Тойда көрсетуге арналған лав стори деген не?

Лав стори — бұл жұптың махаббат хикаясын айтатын қысқа фильм. Оны көбіне тойда, қыз ұзатуда не құдалықта үлкен экранға шығарады, сонда екі-үш минут ішінде бүкіл зал жұптың қалай танысқанын, алғашқы кездесуін, үйленуге ұсыныс жасаған сәтін көреді.

Кеңес: ұзақтығын 1–3 минут етсеңіз, жақсы болады. Видео 3 минуттан ұзарса, қонақтар жалығып кетуі мүмкін, ал 1 минуттан қысқа болса, оқиға толық ашылмай қалады. Тойханадағы экран көбіне көлденең болады, сондықтан негізгі нұсқаны 16:9 форматта жасаған ыңғайлы, бірақ мұны тойханадан алдын ала сұрап алыңыз.

Лав стори жасау жолдары: түсірілім, слайд-шоу және жасанды интеллект

Лав стори видеосын үш жолмен жасауға болады, әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар:

Лав стори жасаудың үш жолы
ЖолҚалай жасалады?Нені ескеру керек?
ТүсірілімВидеограф жұпты бір күн бойы таңдалған локацияда түсіредіВидео шынайы шығады, бірақ уақыт пен бюджет керек, ал өткен оқиғаны тек қайта ойнап көрсетесіз
Слайд-шоуБар фотоларды музыкамен CapCut-та жалғайсызБұл ең оңай жол, бірақ фотолар қозғалмайды, ал оқиғаның бәрі фотода бола бермейді
Жасанды интеллектЖұптың фотоларынан жаңа кадрлар жасап, оларды видеоға айналдырасызФотода жоқ сәтті де көрсетесіз, стилін өзіңіз таңдайсыз, бірақ беттің ұқсастығын ұстаудың тәсілін білу керек

Төменде үшінші жолды қадам-қадаммен көрсетеміз.

Лав стори сценарийі: 6 сахна

Жақсы лав стори оқиғадан басталады. Алдымен хикаяны еске түсіріңіз: екеуі қай жерде танысты, алғашқы кездесуде не болды, ұсыныс қалай жасалды. Әр сұраққа бір-екі сөйлеммен жауап жазсаңыз, сценарийдің негізі дайын болады. Төменде 6 сахнадан тұратын үлгі бар, оны өз оқиғаңызға қарай өзгерте бересіз.

Лав стори сценарийінің үлгісі: әр сахнаға 10–20 секунд
СахнаҚандай фото керек?Кадрда не болады?
1. Балалық шақЕкеуінің бала кездегі бір-бір фотосыЭкранның бір жағында кішкентай қыз ауылда әжесінің қасында отыр, ал екінші жағында кішкентай ұл аулада доп қуып жүр
2. ТанысуТанысқан кездегі фотоларыУниверситеттің кітапханасында екеуі бір кітапқа қатар қол созады
3. Алғашқы кездесуЕкеуі бірге түскен алғашқы фотоКешке қаладағы кафеде екеуі шай ішіп, күліп отыр
4. Бірге өткен сәттерСаяхат пен мереке фотоларыЕкеуі тауда серуендеп, теңіз жағасында жүріп, қысқы қалада қар атысады: әр сәтке бір қысқа кадр
5. Үйленуге ұсынысҰсыныс жасалған күннің фотосыЖігіт тізерлеп сақина ұсынады, ал қыз қуанғаннан қолымен аузын басады
6. ФиналҚұдалықтан не той алдынан бір фотоЕкеуі ұлттық киім киіп, қатар тұрып камераға жымияды, ал соңында экранға «Тойымызға қош келдіңіздер!» деген жазу шығады

Қыз ұзатуға арналған лав стори сценарийі

Қыз ұзатуды қыздың ата-анасы өткізеді, сондықтан мұндай видеода қыздың өзіне көбірек көңіл бөліңіз: алдымен оның балалық шағына, мектеп пен студенттік кезіне екі-үш кадр арнап, содан кейін жігітпен қалай танысқанын көрсетесіз. Ал финалды қыздың туған үйінің табалдырығында ата-анасына қарап жымиған сәтімен аяқтасаңыз, видео көпке дейін есте қалады.

Жұптың фотоларын қалай жинайсыз?

Жасанды интеллект жұптың бет-әлпетін тек сіз берген фотолардан біледі. Сондықтан фото неғұрлым анық болса, кадрдағы адам өзіне соғұрлым ұқсас шығады. Әр адамнан мынадай фотолар жинаңыз:

  • Бетін анық көрсететін 3–5 фото. Алдынан және сәл бүйірден түскен, жарығы жақсы фотолар болсын, бетін шаш, қол не қара көзілдірік жаппасын.
  • Бойы толық көрінетін бір фото. Модель адамның бойы мен дене пішінін осыдан алады.
  • Екеуі бірге түскен фото. Бойларының айырмашылығын, бір-біріне қалай қарайтынын модель осыдан түсінеді.
  • Бала кезгі фотолар. Ескі фото бұлыңғыр не сызаты көп болса, алдымен оны қалпына келтіріп алыңыз.

ЖИ арқылы love story жасау: кадрды жұптың өз фотосынан шығарамыз

Бастаушылар жиі жіберетін қателік мынау: промптқа «Айгерім мен Ерлан саябақта келе жатыр» деп жазады да, модель бөтен екі адамды салып береді. Себебі модель алма, тау, той сияқты көп таралған нәрселерді жақсы біледі, ал сіздің не жұбайыңыздың жүзін ешқашан көрмеген. Сондықтан бұл жерде Тексттен суретке (Text to image) әдісі жарамайды. Оның орнына Суреттен суретке (Image to image) әдісін қолданасыз: жұптың фотоларын модельге референс етіп бересіз де, промптта олардың қай жерде, не істеп жүргенін сипаттайсыз.

Мұндай жұмысқа Nano Banana Pro сияқты сурет моделі жақсы жарайды. Google-дың құжаттамасында бұл модель кейіпкерлердің ұқсастығын сақтау үшін олардың 5 суретіне дейін қабылдайтыны жазылған. Сондықтан жинаған фотоларыңыздың ішінен әр генерацияға әр адамның ең анық 1–2 фотосын ғана жүктейсіз. Промптты әдеттегідей жазасыз: алдымен уақыт пен орын, содан кейін кейіпкерлер, соңында олардың әрекеті. Мысалға:

Лав стори видеосын мультфильм стилінде жасағыңыз келсе, промпттың соңына стилін қосасыз: «Екеуін 3D мультфильм кейіпкері етіп сал, бірақ беттері өздеріне ұқсап тұрсын». Стильді бір рет таңдасаңыз, оны бүкіл фильм бойы сақтаңыз. Бір сахна мультфильм, ал келесісі шынайы фото болса, көрермен шатасып қалады.

  • Алғашқы сәтті кадрды да референс етіңіз. Сонда келесі кадрларда беті мен стилі оңай сақталады.
  • Бір кадрға бір әрекет жазыңыз. Екеуі әрі билесін, әрі күлсін, әрі гүл ұстасын десеңіз, модель бірін ұмытып кетеді.
  • Бет өзгерсе, референсті ауыстырыңыз. Сол адамның басқа, анығырақ фотосын беріңіз немесе кадрдағы адам санын азайтыңыз.

Лав стори жасағанда ең қиыны бет-әлпеттің барлық кадрда ұқсас болуы, ал тегін кредит көбіне дәл осыған кетеді: бір кадрды бірнеше рет қайта жасауға тура келеді. Сондықтан кредитіңізді жұмсамас бұрын тегін сабақтарымыздан суреттен видео жасаудың ретін көріп алыңыз.

Кадрды жандандыру: суреттен видеоға

Дайын кадрларды қозғалысқа келтіру үшін Суреттен видеоға (Image to video) әдісін қолданасыз: кадрды видео модельге бастапқы кадр етіп бересіз, ал промптқа тек қозғалысты жазасыз. Мысалға:

Жігіт пен қыз бір-біріне бұрылып жымияды, артында сары жапырақтар ақырын түсіп жатыр, ал камера оларға баяу жақындайды.

— Видео промпт үлгісі

Бір видеоға бір-екі қозғалыс жеткілікті, ал ұзақтығын 5 секундтан бастаңыз. Қозғалыс көп болса не камера жұпты айналып өтсе, беттері өзгеріп кетуі мүмкін. Сақина, саусақ сияқты ұсақ бөлшектер видеода жиі бұзылады, сондықтан ұсыныс сахнасында қолды өте жақын планда көрсетпеңіз. Жиі кездесетін ақаулар мен оларды түзету жолдарын фотодан видео жасау нұсқаулығында жаздық.

Лав стори видеосына музыка таңдау

Музыка видеоның көңіл күйін ұстап тұрады. Видеоны тек тойда көрсетсеңіз, жұптың сүйікті әнін таңдай аласыз. Ал желіге салатын болсаңыз, басқа біреудің әні авторлық құқықпен қорғалғанын ескеріңіз. Мысалға, YouTube-та әннің иесі Content ID жүйесі арқылы ондай видеоны бұғаттай алады не оған жарнама қоя алады. Мына жолдарды қарастырыңыз:

  • CapCut-тың тегін нұсқасындағы музыка кітапханасы. Оның лицензиялық келісімінде бұл әндерді тек жеке, коммерциялық емес мақсатта қолдануға болатыны жазылған. Отбасылық той видеосына бұл жарайды, ал ақылы тапсырыспен жасасаңыз, музыканың құқығын бөлек ойластырыңыз.
  • Suno-мен жасалған өз әніңіз. Жұптың хикаясы туралы өлең жазып, оны Suno-да әнге айналдырасыз. Тегін тарифте жасалған әннің иесі Suno болып қалады, сіз оны тек коммерциялық емес мақсатқа қолданасыз, ал ақылы тарифте әннің иесі өзіңіз боласыз (Suno анықтамасы). Қазақша мәтінмен қалай жұмыс істеу керегін Suno туралы мақалада жаздық.
  • Жұптың өз дауысы. Екеуі телефонға «Біз былай таныстық…» деп бір-екі сөйлем айтып берсе, оны видеоның басына не ортасына қоясыз.

Монтаж: видеоларды бір фильмге жинау

Барлық видео дайын болғанда, оларды CapCut-та сценарий ретімен жалғайсыз, музыканы қосып, сахналардың арасына баяу ауысу (переход) қоясыз. Әр сахнаның басына «Алғашқы кездесу» сияқты қысқа жазу қойып, фильмнің соңына жұптың аты мен той күнін жазсаңыз, видео толық аяқталған фильм болып көрінеді. Монтаждың негізін CapCut қазақша мақаласында түсіндірдік.

Әдеп: екеуінің келісімі және ЖИ белгісі

Лав стори — бұл екі адамның жеке өмірі туралы видео. Сондықтан бірнеше қарапайым қағиданы сақтаңыз:

  • Екеуінің де келісімі болсын. Жұптың фотоларын екеуінің рұқсатымен ғана қолданыңыз, ал видеоның алғашқы нұсқасын тойдан бұрын екеуіне де көрсетіңіз: кейбір фото үлкен экранға шықпағаны дұрыс болуы мүмкін. Видеоны достары сыйлыққа жасаса да, күтпеген сәт тек қонақтар үшін болсын: жұп оны алдын ала көреді.
  • Басқалардың да рұқсатын алыңыз. Кадрда достар не туыстар болса, олардан да сұраңыз.
  • Танымал адамдарды қоспаңыз. Әншінің не саясаткердің бетін не дауысын жұптың видеосына қосу дипфейк болып саналады. Біз мұндай видео жасамаймыз және оны жасауды үйретпейміз.
  • ЖИ-мен жасалғанын ашық жазыңыз. Видеоның соңғы титріне «Жасанды интеллект көмегімен жасалды» деген бір жол қосыңыз, ал желіге салсаңыз, сипаттамасына да жазыңыз.

Dansai AI Studio-да лав стори жасау

Әдетте лав стори жасағанда суретті бір платформада, видеоны екіншісінде жасайсыз: әрқайсысының өз аккаунты мен подпискасы бар, бағасы көбіне долларда, интерфейсі ағылшынша. Біздің курстарда оқысаңыз, кадр мен видеоның бәрін жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында жасайсыз: VPN де, USD карта да қажет емес.

«Суреттер» режимінде жұптың фотоларын референс етіп жүктейсіз де, Nano Banana Pro, GPT Image 2 не Seedream 5.0 Pro моделімен кадр жасайсыз. Ұнаған кадрды «Видео жасау» батырмасымен бірден Veo 3.1, Kling, Seedance не Gemini Omni Flash моделіне жібересіз, ал «Референс ету» батырмасымен келесі сахнаға референс етіп аласыз. Промптты қазақша жазасыз, ал Director AI функциясы — промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді. Модельдер тізімі провайдерлерге қарай өзгеруі мүмкін.

Бірден айта кетейік, Dansai AI Studio тегін емес: ол курс тарифімен бірге ашылады, ал токендер тарифпен бірге сыйға беріледі. Studio-да музыка, текстті дауысқа айналдыру (TTS) және сөйлету (lip-sync) құралдары жоқ, сондықтан музыканы Suno не CapCut-тан аласыз.

Біздің студия жасаған жұмыстар

Лав стори да шағын фильм, ал фильм жасаудың жолы бәрінде ұқсас: сценарий, кадр, кейіпкердің тұрақтылығы, дыбыс пен монтаж. Мысалға, «Қонаев» фильмі арнайы жүйемен жасалды: ұзақтығы 3:51 минут болатын трейлерде 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар, ал ол YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Ал «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмін академия негізін қалаушы, «Қазақфильм» резиденті Бағлан Төлебай Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасады.

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

Жасанды интеллектпен жасалған трейлер, 3:51

«Түлкі мен Арыстан» мультфильмі

«Түлкі мен Арыстан» мультфильмі

Қазақша AI-мультфильм, 2:56

Лав стори жасауды қайдан үйренуге болады?

Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес: онда суреттен видео жасау мен CapCut-та монтаж бар. Ал жасанды интеллектіні жалпы неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік.

Практикамен үйренгіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз. Ондағы тапсырмалар лав стори жасауға дәл келеді: «Мультфильм кейіпкеріне айналу» тапсырмасында фотодағы адамды мультфильм кейіпкеріне айналдырасыз, «Атамен бір кадрда» тапсырмасында екі адамды бір кадрға біріктіресіз, ал «Отбасы тарихы» мини-жобасында бір фотодан 30 секундтық ролик жасайсыз. Практиканы Dansai AI Studio-да орындайсыз, ал тариф шарттары тарифтер бетінде. Олай болса, алғашқы сахнаңызды жасауға кеттік!

Келесі қадам: лав стори видеосынан өз фильміңізге дейін

Сіздің керемет идеяңыз, экранға шығарғыңыз келетін хикаяңыз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған: өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, олар 12 айға ашық, ал AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз AI.Cinema-ға өткенде есепке алынады.

Ал махаббат хикаяңызды премиум деңгейдегі фильм етіп біздің студия жасап берсін десеңіз, тапсырыс беру бетіне өтіңіз: студияның жұмысы 500 000 ₸-ден басталады.

Жиі қойылатын сұрақтар

Лав стори жасау үшін қандай қосымша керек?

Сурет жасайтын модель (мысалға, Nano Banana Pro), суреттен видео жасайтын модель (Kling, Veo не Seedance) және монтажға CapCut керек. Dansai AI Studio-да сурет пен видео бір жерде жасалады.

Лав стори қанша минут болуы керек?

Тойда көрсететін видеоға 1–3 минут жеткілікті: оқиға толық ашылады, ал қонақтар жалықпайды. Instagram-ға 30–60 секундтық тік нұсқасын бөлек жасауға болады.

ЖИ жасаған кадрда неге бөтен адам шығады?

Себебі модель сіздің жүзіңізді білмейді: промптқа тек атыңызды жазсаңыз, ол бөтен адамды салады. Жұптың анық фотоларын референс етіп беріп, Суреттен суретке (Image to image) әдісімен жұмыс істеңіз. Бет бәрібір өзгерсе, референсті анығырақ фотоға ауыстырыңыз.

Лав стори видеосын тегін жасауға бола ма?

Иә, тегін бастауға болады: кейбір платформалар тегін кредит береді, ал монтажды CapCut-тың тегін нұсқасында жасайсыз. Бірақ тегін кредит көбіне бірнеше кадрға ғана жетеді, ал кей жерде ватермарк қалады. Тегін платформаларды бөлек мақалада салыстырдық.

Тегін құралдар бар болса, курс не үшін керек?

Тегін құралдар бір-екі кадрды байқап көруге жетеді. Ал 6 сахналы лав стори жасау үшін беттің ұқсастығын барлық кадрда ұстау, бір стильді сақтау, қозғалыс пен монтажды бір жүйеге келтіру керек. Курста осы жолды қазақ тілінде, қадам-қадаммен өтесіз, ал практиканы VPN мен USD картасыз жасайсыз.

Лав стори видеосына қандай ән қоюға болады?

Видеоны тек тойда көрсетсеңіз, жұптың сүйікті әнін қоясыз. Желіге салатын видеоға CapCut-тың тегін кітапханасындағы музыканы не Suno-да жасалған өз әніңізді алыңыз.

Тағы оқыңыз