ЖИ арқылы презентация жасау үшін алдымен ChatGPT не Gemini-ге тақырыпты, тыңдаушыларыңыз кім екенін және слайд санын жазып, слайдтардың жоспары мен текстін қазақша жаздырасыз. Содан кейін сол жоспардан Gamma сияқты платформада дизайны дайын слайдтар жасайсыз немесе текстті PowerPoint, Google Slides не Canva-дағы шаблонға өзіңіз саласыз. Осылай 8–10 слайдтың черновигі шамамен 10 минутта дайын болады, ал қалған уақытты қазақша текст пен фактілерді тексеруге жұмсайсыз. Ертең сабақ, диплом қорғау не клиентпен кездесу бар ма? Онда төмендегі бес қадам мен дайын промпттар сізге арналған.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 11 минут
Презентация жасайтын ЖИ: қайсысын таңдау керек?
Жасанды интеллект арқылы презентация жасау үшін екі жолдың бірін таңдайсыз. Бірінші жол: ChatGPT не Gemini слайдтардың жоспары мен текстін жазып береді, ал слайдтың өзін шаблонға текст салып, өзіңіз жасайсыз. Бұл жол ұзағырақ, бірақ әр слайдта не тұратынын өзіңіз шешесіз. Екінші жол: тақырыпты бірден дайын слайдтарға айналдыратын платформаны қолданасыз. Бұл жол жылдамырақ, бірақ мұндай платформалардың көбі қазақ тілін ресми түрде әлі қолдамайды. Сондықтан біздің кеңесіміз мынау: текстті бірінші жолмен жазып алыңыз да, дизайнды екінші жолмен жасаңыз. Төмендегі платформалардың мүмкіндіктерін олардың ресми беттерінен тексеріп шықтық, бірақ тарифтер жиі өзгеретінін ескеріңіз.
- ChatGPT және Gemini. Бұл екеуі слайдтардың жоспары мен текстін жазуға, тақырыпты қарапайым тілмен түсіндіруге, соңғы слайдқа сұрақтар дайындауға өте ыңғайлы. Екеуінің де ресми тілдер тізімінде қазақ тілі бар (ChatGPT, Gemini). Ал Gemini-дің Canvas режимі слайдтардың өзін де жасай алады: дайын слайдтарды Google Slides-қа не PDF етіп шығарасыз. Бірақ Canvas-тың кей мүмкіндіктері 18 жасқа толмағандарға әзірге жабық.
- Gamma. Бұл — тақырыптан бірден презентация жасайтын платформа. Ол алдымен слайдтардың жоспарын көрсетеді, сіз оны түзеп болған соң, дизайнымен бірге дайын слайдтарды жасайды. Тегін тарифінде тіркелгенде 400 кредит беріледі, бір промпттан 10 слайдқа дейін жасайсыз, ал дайын презентацияны PDF, PowerPoint (PPTX), PNG етіп жүктеп аласыз не Google Slides-қа шығарасыз. Тегін тарифте презентацияда Gamma белгісі қалады. Gamma анықтамасында промптты өз тіліңізде жазуға болатыны айтылған, бірақ қазақ тілі бөлек аталмаған.
- Canva. Мұнда дайын шаблон өте көп, ал Canva AI промпттан презентацияның жобасын жасай алады. Бірақ Canva AI қолдайтын тілдер тізімінде қазақ тілі де, орыс тілі де жоқ. Сондықтан Canva-да шаблонды таңдап, қазақша текстті өзіңіз салған дұрыс. Тегін тарифте ЖИ құралдарын айына 20 ретке дейін қолдана аласыз, ал күрделі тапсырма бұл лимиттен көбірек жұмсайды (Canva анықтамасы). Мектеп мұғалімдері мен олардың оқушылары үшін Canva Education толығымен тегін. Құжатты бір батырмамен презентацияға айналдыратын Docs to Decks функциясын Canva алып тастады, сондықтан ескі нұсқаулықтарда жазылған бұл батырманы іздеп әуре болмаңыз.
- Google Slides. Google Slides-тағы Gemini презентацияны тұтасымен жасай алады, бірақ Google анықтамасы бойынша бұл мүмкіндік әзірге тек ағылшын тілінде, тек компьютерде және белгілі бір Google Workspace не Google AI тарифтерінде ашылады. Ал Google Slides-тың өзінде шаблонға текстіңізді салып, презентацияны PowerPoint не PDF етіп жүктеп ала бересіз.
1-қадам: жоспар мен текстті қазақша жаздыру
Жақсы презентация жақсы жоспардан басталады. ЖИ-ге бір сөйлеммен «Жібек жолы туралы презентация жаса» деп жазсаңыз, ол кез келген адамға арналған жалпылама текст береді. Ал кімге, неше минутқа, неше слайд керек екенін және әр слайдта не болуы керегін жазсаңыз, нәтиже әлдеқайда жақсы шығады. Промптты адамға тапсырма бергендей, толық сөйлеммен жазыңыз. Промпт жазудың ережелерін промпт жазу туралы мақалада толық түсіндірдік.
Сабаққа арналған презентацияның промпты
Мен 7-сыныпта Қазақстан тарихынан сабақ беремін. «Ұлы Жібек жолы және қазақ даласындағы қалалар» тақырыбындағы 45 минуттық сабаққа 8 слайдтық презентацияның жоспарын жазып бер. Әр слайдқа тақырып, оқушыға түсінікті 2–3 қысқа сөйлем және оған қандай сурет қойған дұрыс екенін жаз. Соңғы слайдқа тақырыпты бекітетін 3 сұрақ қос. Текст қазақ тілінде, жеңіл әрі түсінікті болсын, ал барлық дата мен санды соңында бөлек тізім етіп бер, мен оларды оқулықпен салыстырып шығамын.
— Промпт мысалы
Бизнеске арналған презентацияның промпты
Мен Алматыда бауырсақ пен тоқаш пісіретін шағын наубайхана ашқым келеді. Банкке көрсететін 10 слайдтық презентацияның жоспарын жазып бер: біз не ұсынамыз, клиенттеріміз кім, бәсекелестеріміз кім, қалай табыс табамыз, қанша қаржы керек және келесі қадамдарымыз қандай. Әр слайдқа бір негізгі ой мен 3 қысқа тармақ жаз. Тек мен берген сандарды қолдан, ал сан жетпеген жерге «толтыру керек» деп белгі қой.
— Промпт мысалы
2-қадам: слайд жасау
Жоспар ұнаса, оны слайдқа айналдырасыз. Егер Gamma-ны таңдасаңыз, ChatGPT не Gemini жазған жоспарды соған промпт ретінде беріп, «Презентацияны қазақ тілінде жаса» деп қосып жазыңыз. Gamma алдымен слайдтардың жоспарын көрсетеді: сол жерде артық слайдты өшіріп, ретін өзгертіп алыңыз, содан кейін ғана слайдтарды жасатыңыз. Тегін тарифте бір промпттан 10 слайдқа дейін жасалатынын ұмытпаңыз, ал сабаққа да, бизнес-презентацияға да әдетте сонша слайд жетеді.
Ал Canva не Google Slides-ты таңдасаңыз, алдымен тақырыбыңызға лайық шаблонды табасыз да, әр слайдтың тақырыбы мен текстін көшіріп саласыз. Бұл жол ұзағырақ, бірақ қазақша текст сіз жазғандай қалады, ЖИ оны өзінше «түзетіп» бұзбайды.
3-қадам: слайдқа сурет жасау
Слайдта текст аз, сурет көп болса, тыңдаушы сізді тыңдайды, ал текст көп болса, оны оқып отырып қалады. Сондықтан әр слайдқа бір сурет қоюды жоспарлаңыз. Интернеттен сурет іздеп отырмай-ақ, оны ЖИ-мен өзіңіз жасай аласыз: Gemini мен ChatGPT-дің тегін нұсқасында да сурет жасауға болады, бірақ саны шектеулі. Промптты толық сөйлеммен жазыңыз: алдымен уақыт пен орынды, содан кейін кейіпкерді, соңында оның не істеп жатқанын айтасыз. Мысалға:
Жаздың ыстық күні түс кезінде Жібек жолының бойындағы ескі қалаға түйе керуені кіріп келеді, ал базарда саудагерлер жібек пен дәмдеуіш сатып отыр. Суретте ешқандай жазу болмасын.
— Промпт мысалы
Неге «жазу болмасын» деп жаздық? Себебі ЖИ суреттің ішіндегі жазуды жиі қате шығарады, ал қазақтың ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і әріптерін одан да жиі бұзады. Сондықтан суретті жазусыз жасап, текстті слайдтың өзіне жазыңыз. Сурет жасаудың негізгі тәсілдерін жасанды интеллект арқылы сурет жасау туралы мақалада көрсеттік. Тарихи тұлғаның не ұлттық киімнің суретін жасағанда абай болыңыз: ЖИ кейде киімнің ою-өрнегін, дәуірдің бөлшектерін шатастырады.
4-қадам: қазақшасы мен фактілерді тексеру
Бұл — ең маңызды қадам. ЖИ қателескенде де өте сенімді жазады: қате датаны, ойдан шығарылған кітапты, тіпті болмаған оқиғаны да шын фактідей етіп береді. Ал қазақша текстте тағы бір қауіп бар: ЖИ кейде орысшадан сөзбе-сөз аударылған сияқты сөйлем құрайды. Презентацияны көрсетпес бұрын мына нәрселерді тексеріп шығыңыз:
- Даталар, сандар, есімдер. Әрқайсысын оқулықпен не ресми дереккөзбен салыстырыңыз.
- Дереккөздер. ЖИ атаған кітап не сайт шынымен бар ма? Ашып көріңіз.
- Қазақшасы. Текстті дауыстап оқыңыз. Егер сөйлем тек орысшаға қайта аударғанда ғана түсінікті болса, оны өз сөзіңізбен қайта жазыңыз.
- Терминдер. Пәндік терминдер оқулықтағыдай жазылғанын тексеріңіз.
- Әріптер. Шрифтті ауыстырғанда қазақтың ерекше әріптері бұзылмағанын қараңыз, себебі кей шрифтте олар болмауы мүмкін.
5-қадам: дизайн және PowerPoint-қа жүктеу
Бір слайдқа бір ғана ой жазыңыз, ал әріпті артқы қатардағы адам да оқи алатындай үлкен етіп қойыңыз. Барлық слайдта бірдей шрифт пен бірдей түстерді қолданыңыз. Дайын болғанда презентацияны қажет форматқа жүктеп аласыз: Gamma-дан PPTX, PDF не Google Slides етіп, Canva-дан PPTX не PDF етіп, ал Google Slides-тан «Файл» (File) → «Скачать» (Download) арқылы. Canva-ның ескертуі бойынша PPTX файлы PowerPoint-та сәл басқаша көрінуі мүмкін, сондықтан шрифтті компьютеріңізге орнатып, слайдтарды бір рет қарап шығыңыз.
Слайдқа қысқа ЖИ-видео қосу
Сабақтың басында не клиентке арналған презентацияның ортасында көрсетілген 5–10 секундтық видео тыңдаушының назарын бірден аударады. Мысалға, тарих сабағында керуеннің қалаға кіріп келе жатқанын, ал бизнес-презентацияда тауарыңыздың жақын планда баяу айналып тұрғанын көрсетуге болады. Мұндай видеоны көбіне «Суреттен видеоға» (Image to video) әдісімен жасайды: 3-қадамда жасаған суретіңізді модельге беріп, енді не болатынын жазасыз. Бұл әдісті фотодан видео жасау туралы мақалада қадам-қадаммен көрсеттік.
PowerPoint-та видеоны «Вставка» (Insert) → «Видео» → «Это устройство» (This Device) арқылы қосасыз, ал Microsoft видеоны MP4 форматында сақтауға кеңес береді. Google Slides-қа видеоны Google Drive-тан не YouTube-тан қоясыз. Ал Canva-дағы видео мен анимация PPTX файлында PowerPoint-та ойнамауы мүмкін, сондықтан видеоны соңында PowerPoint-тың өзінде қосқан дұрыс.
Бірақ видео жасау презентациядан гөрі қиынырақ. Видео жасайтын платформалардың тегін тарифінде лимит аз, ал кей жерде видеода ватермарк қалады. Ақылы подписканың бағасы әдетте долларда көрсетіледі, ал интерфейсі көбіне ағылшынша. Біздің курстарда оқысаңыз, сурет пен видеоны жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында жасайсыз: онда Nano Banana Pro, Veo, Kling және Seedance бір жерде тұр, VPN де, USD карта да қажет емес. Промптты қазақша жазасыз, ал Director AI функциясы промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді. Бірден айта кетейік: Dansai AI Studio слайд жасамайды және тегін емес, ол курс тарифімен бірге ашылады, ал токен тарифпен бірге сыйға беріледі. Алдымен тегін байқап көргіңіз келсе, тегін сабақтарымыздан бастаңыз.
Студенттер мен мұғалімдерге: ЖИ-ді адал қолдану
ЖИ — көмекші, ал презентацияның авторы сіз болып қала бересіз. Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылғы наурызда хабарлаған әдістемелік ұсынымда оқушылар ЖИ арқылы дайындалған жұмысын өз еңбегі ретінде ұсына алмайтыны жазылған. Университеттердің де өз ережесі болады, сондықтан ЖИ-ді қай жерде, қалай қолдануға болатынын алдымен оқытушыңыздан сұраңыз. Академиялық адалдықты сақтаудың қарапайым үш жолы бар:
- ЖИ-ді жоспар құруға, ой табуға, текстті жеңілдетуге қолданыңыз, ал қорытынды мен дәлелдерді өзіңіз жазыңыз.
- Соңғы слайдта қай құралды не үшін қолданғаныңызды бір жолмен жазып қойыңыз.
- Әр слайдты өз сөзіңізбен түсіндіре алатындай дайындалыңыз, себебі қорғауда сұрақты ЖИ-ге емес, сізге қояды.
Мұғалім болсаңыз, ЖИ-ді ҚМЖ, тест пен тапсырма дайындауға қалай қолдануға болатынын мұғалімдерге арналған мақалада жеке жаздық. Сол министрлік ұсынымы бойынша ЖИ дайындаған кез келген материал мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс.
Сурет пен видеоны жасауды қайдан үйренуге болады?
Презентациядан кейін тыңдаушының есінде көбіне текст емес, сурет пен видео қалады. Ал оларды жасау өз алдына бір өнер. Мысалға, біздің студия жасаған «Қонаев» фильмінің трейлерінде түсірілім тобы болған жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды, ал сол жүйеде қолданылған құралдарды сіз де курста үйренесіз.
«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес: онда промпт жазудан бастап суреттен видео жасауға және CapCut-та монтажға дейінгі бес видеосабақ бар. Жалпы жасанды интеллектіні неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік. Ал жүйелі үйренгіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз: онда ChatGPT пен Gemini-ді меңгеріп, алғашқы суреттеріңіз бен қысқа видеоңызды жасайсыз, мысалға, тауарыңыздың жарнамалық кадрын не мереке афишасын.
Сіздің керемет идеяңыз, сценарийіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған: курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, ал AI.Onai-дан AI.Cinema тарифіне өтсеңіз, AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Шарттарын тарифтер бетінен көре аласыз.
Жиі қойылатын сұрақтар
ИИ презентация жасау тегін бе?
Тегін бастауға болады. Gamma-ның тегін тарифінде тіркелгенде 400 кредит беріледі және бір промпттан 10 слайдқа дейін жасайсыз, ал Canva-ның тегін тарифінде ЖИ құралдарын айына 20 ретке дейін қолдана аласыз. Слайдтардың жоспары мен текстін ChatGPT пен Gemini-дің тегін нұсқасында да жаза аласыз.
Қазақша презентация жасайтын нейросеть (нейросеть для презентаций на казахском) бар ма?
Слайдтардың текстін қазақша жазуға ChatGPT пен Gemini ыңғайлы, себебі екеуінің де ресми тілдер тізімінде қазақ тілі бар. Gamma-ға промптты қазақша жазып, презентацияны қазақ тілінде жасауды сұрауға болады, бірақ Gamma анықтамасында қазақ тілі бөлек аталмаған, сондықтан әр слайдты қайта оқып шығыңыз. Ал Canva AI мен Google Slides-тағы Gemini қолдайтын тілдер тізімінде қазақ тілі әзірге жоқ.
ЖИ жасаған презентацияны PowerPoint-қа қалай жүктеп аламын?
Gamma-да дайын презентацияны PPTX, PDF не PNG етіп жүктеп аласыз немесе Google Slides-қа шығарасыз. Canva-да презентацияны PPTX не PDF етіп жүктеп аласыз, бірақ PowerPoint-та шрифті сәл өзгеруі мүмкін. Google Slides-та «Файл» (File) → «Скачать» (Download) арқылы PowerPoint форматын таңдайсыз.
Студентке ЖИ жасаған презентацияны тапсыруға бола ма?
Бұл оқу орныңыздың ережесіне байланысты, сондықтан алдымен оқытушыңыздан сұраңыз. Мектеп оқушылары туралы министрліктің әдістемелік ұсынымында ЖИ арқылы дайындалған жұмысты өз еңбегі ретінде ұсынуға болмайтыны айтылған. Ең адал жол мынау: ЖИ-ді жоспар құруға және ой табуға қолданасыз, қорытындыны өзіңіз жазасыз және мұны ашық айтасыз.
Dansai AI Studio презентация жасай ма?
Жоқ, Dansai AI Studio слайд жасамайды. Онда презентацияңызға арналған сурет пен қысқа видеоны жасайсыз, ал слайдтың өзін Gamma, Canva не Google Slides-та жасайсыз. Studio тегін емес: ол курс тарифімен бірге ашылады, ал токен тарифпен бірге сыйға беріледі.
Ағылшын тілін білмесем, ЖИ-ді үйрене аламын ба?
Иә. Біздің курстарда барлық сабақ қазақ тілінде, ағылшынша білу міндетті емес. Dansai AI Studio-да промптты қазақша жаза бересіз, ал Director AI функциясы оны таңдаған модельге арналған кәсіби ағылшынша промптқа айналдырады.