Higgsfield AI — бұл сурет пен видео жасайтын онлайн платформа. Онда Kling, Seedance, Veo, Nano Banana сияқты әртүрлі компаниялардың модельдері мен Higgsfield-тің өз кино құралдары бір жерге жиналған, яғни камера қозғалысын баптап, кейіпкердің тұрақтылығын ұстап, жарықты өзгертіп, тіпті кейіпкерді сөйлете аласыз. Мысалға, бір аккаунттың ішінде қызыл шапан киген қыздың суретін жасап, сол қыз бүркітін аспанға ұшыратын, камерасы кинодағыдай қозғалатын бірнеше секундтық видео шығара аласыз. Higgsfield-пен жұмыс істеп көргіңіз келе ме? Онда бұл шолу сізге көмектеседі: платформаның ішінде не бар екенін, кредит қалай жұмсалатынын, алғашқы видеоңызды қалай жасайтыныңызды және қай жері ыңғайсыз екенін ашық айтамыз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 14 минут
Higgsfield AI деген не?
Қарапайым тілмен айтсақ, Higgsfield көп модельді бір жерге жинаған платформа. Бір модельде сурет, екіншісінде видео, үшіншісінде сөйлейтін кейіпкер жасау үшін бірнеше сайтқа тіркеліп, әрқайсысына бөлек подписка алудың қажеті жоқ: бәрі бір аккаунтта, бір кредит шотында тұр. Платформа өзін «all-in-one AI creative studio» деп атайды, яғни шығармашылыққа керек ЖИ құралдарының бәрі бір жерге жиналған студия. Сайтында жазылғандай, ол контент авторларына, маркетинг агенттіктеріне және фильм жасайтын режиссерлерге арналған (Higgsfield туралы).
Higgsfield-ті кім жасаған? Forbes Kazakhstan жазуынша, компанияны 2023 жылы қазақстандық ЖИ зерттеушісі Ерзат Дулат пен Snapchat-тағы генеративті ЖИ бөлімінің бұрынғы директоры Алекс Машрабов құрған. 2025 жылдың қыркүйегінде компания 1 миллиард доллардан жоғары бағаланып, «единорог» мәртебесін алған алғашқы қазақстандық стартап атанды. Стартаптар әлемінде мұндай компанияны осылай атайды. Сол мақалада жазылғандай, 2025 жылдың қарашасында команданың басым бөлігі Алматыда жұмыс істеген. Ал компанияның бас кеңсесі, Higgsfield сайтында көрсетілгендей, Сан-Францискода орналасқан. Яғни бұл қазақстандық тамыры бар, бірақ бүкіл әлемге арналған платформа.
Higgsfield-тің ішінде не бар: модельдер мен кино құралдары
Higgsfield-тің ішін екі бөлікке бөліп қарауға болады. Бірінші бөлігінде басқа компаниялардың модельдері тұр: видео үшін Kling, Seedance, Veo, Sora, Wan, Grok Imagine, ал сурет үшін Nano Banana, GPT Image, Seedream. Екінші бөлігінде Higgsfield-тің өз құралдары тұр: Soul фото моделі, кино түсіруге арналған Cinema Studio, кейіпкердің тұрақтылығын ұстайтын Soul ID және бір батырмамен жұмыс істейтін ондаған қосымша. Модельдердің нұсқалары жиі жаңарып отырады, сондықтан нөмірін жаттаудың қажеті жоқ, әр режимнің не істейтінін білсеңіз жеткілікті.
| Режим | Не істейді? | Қашан керек? |
|---|---|---|
| Сурет генерациясы (Image) | Промпттан не референстен сурет жасайды: Nano Banana, GPT Image, Seedream немесе Higgsfield-тің өз Soul моделі | Кейіпкерді, локацияны, алғашқы кадрды жасағанда |
| Видео генерациясы (Video) | Тексттен не суреттен видео жасайды, дайын видеоны өзгертеді (Edit Video), басқа видеодағы қимылды кейіпкеріңізге көшіреді (Motion Control) | Суретті жандандырғанда |
| Кино студиясы (Cinema Studio) | Жанрды, камера қозғалысын, түс пен жарықты, кейіпкер мен локацияны бір жерде баптап, кадр жасайды | Фильм не жарнама сахнасын жасағанда |
| Кейіпкер (Soul ID) | Бір адамның бірнеше фотосынан кейіпкер жасап, оны жаңа сурет пен видеоларда қайталайды | Кейіпкер кадрдан кадрға өзгермеуі керек болса |
| Раскадровка (Popcorn) | Кейіпкері, жарығы мен стилі бірдей 8 кадрға дейін жасайды, ал бағыт беру үшін референс сурет қосуға болады | Сахнаның кадрларын алдын ала жоспарлағанда |
| Сөйлету (Lipsync Studio) | Кейіпкердің ернін дауысқа сай қозғалтады | Кейіпкер сөйлеуі керек болса |
| Қосымшалар (Apps) | Сапаны арттыру (Upscale), жарықты өзгерту (Relight), басқа ракурстан көрсету (Angles), суреттің бір бөлігін түзету (Inpaint), тері текстурасын жақсарту (Skin Enhancer) | Дайын кадрды жетілдіргенде |
Платформа апта сайын жаңарып отырады. Мысалға, жаңа құралдардың бірі Genjutsu деп аталады: ол дайын видеодағы қозғалысты сақтап, ішіндегі кейіпкерді, локацияны не тауарды өзіңіздікіне ауыстырады. Ал Higgsfield-те де бар Kling моделі туралы Kling AI нұсқаулығында бөлек жаздық.
Higgsfield-те алғашқы видеоны қалай жасайсыз?
Бастаушыға ең сенімді жол мынадай: алдымен сурет жасайсыз, содан кейін сол суретті видеоға айналдырасыз. Себебі кейіпкердің беті, киімі мен жарығы суретте алдын ала бекітіліп тұрады, ал суретке видеоға қарағанда әлдеқайда аз кредит кетеді. Олай болса, қысқы таудағы бүркітші қыз туралы бір кадрды бірге жасап көрейік.
1-қадам: аккаунт және тариф
higgsfield.ai сайтына кіріп, «Sign up» батырмасы арқылы тіркелесіз. Бірден ескерте кетейік, тарифтер бетіндегі кесте бойынша видео модельдер тегін тарифке кірмейді, сондықтан видео жасау үшін ақылы тарифтің бірін таңдауға тура келеді. Тарифтер мен кредит туралы төменде толығырақ айтамыз.
2-қадам: кейіпкердің суреті
Жоғарғы мәзірден «Image» режиміне кіріп, модельді таңдайсыз: мысалға, Nano Banana Pro немесе Higgsfield-тің өз Soul моделін. Содан кейін промпт жазасыз. Жақсы промпт тірі сөйлеммен жазылады: алдымен уақыт пен орынды айтасыз, содан кейін кейіпкерді, соңында оның не істеп жатқанын. Мысалға:
Қысқы таңда қар басқан тау бөктерінде қызыл шапан киген жас қыз қолына бүркітін қондырып тұр, ал күннің алғашқы сәулесі шыңдарды алтын түске бояп жатыр.
— Промпт мысалы
Higgsfield-те промптты ағылшынша жазған сенімдірек, сондықтан бұл мысалды алдымен ағылшын тіліне аударып алыңыз: оған ChatGPT немесе Gemini көмектеседі. Бір промпттан бірнеше нұсқа шығарып, ішінен ең ұнағанын таңдаңыз. Промпт жазудың толық ережелерін промпт жазу туралы мақалада түсіндірдік.
3-қадам: суретті видеоға айналдыру
Енді «Video» режиміне өтіп, «Create Video» (Видео жасау) бетін ашасыз. Ұнаған суретті жүктеп, видео модельді таңдайсыз да, промптқа тек қозғалысты жазасыз. Суретте көрініп тұрған нәрсені қайта сипаттаудың қажеті жоқ, модель оны көріп тұр.
Қыз қолын көтеріп, бүркітті ұшырып жібереді, бүркіт қанатын кең жайып шыңға қарай ұшады, ал камера оның артынан баяу жоғары көтеріледі.
— Промпт мысалы
Содан кейін видеоның ұзақтығын (Duration), форматын (Aspect Ratio) және сапасын (Quality) таңдайсыз. «Generate» батырмасында осы генерацияға қанша кредит жұмсалатыны көрсетіледі, сондықтан бастамас бұрын соған қараңыз.
4-қадам: нәтижені тексеріп, жетілдіру
Алғашқы нұсқа бірден мінсіз шыға бермейді. Видеоны қарап шығып, қай жері ұнамағанын анықтаңыз: қыздың беті өзгерді ме, бүркіттің қанаты дұрыс қозғалды ма? Содан кейін промпттағы бір ғана нәрсені өзгертіп, қайта генерация жасайсыз. Ұнаған нұсқасын жүктеп алып, CapCut сияқты бағдарламада монтажға қосасыз. Суреттен видео жасаудың басқа әдістерін жасанды интеллект арқылы видео жасау нұсқаулығында көрсеттік.
Камера қозғалысы және кино баптаулары: Cinema Studio
Higgsfield әсіресе кино құралдарымен ерекшеленеді. Компания өз сайтында Cinema Studio-ны басты құралы деп атайды, ол ЖИ-фильм жасауға арналған (Cinema Studio беті). Мұнда кадрды режиссер сияқты баптайсыз:
- Жанр. Алты жанрдың бірін таңдайсыз. Жанрды ауыстырсаңыз, сол промпт басқаша түсіріледі: қорқынышты фильмде жарық күңгірт болады, ал комедияда кадр кеңірек ашылады.
- Камера қозғалысы. Тізімде ондаған қозғалыс бар: камера жақындайды, алыстайды, кранмен көтеріледі, кейіпкерді айналып өтеді. Керегін таңдайсыз немесе промптқа тег ретінде жазасыз.
- Дәуір. Онжылдықты таңдасаңыз (1960 жылдардан 2020 жылдарға дейін), кадрдың түсі мен кинотаспасы сол дәуірдің фильміне ұқсап өзгереді.
- Түс түзету (Color grading). Кадрдың түсін, температурасын және контрастын өзіңіз баптайсыз немесе дайын пресетті таңдайсыз.
- Кейіпкер мен эмоция. Кейіпкер мен локацияны промптқа «@» белгісімен қосып, әр кейіпкердің сол сәттегі эмоциясын таңдайсыз.
- Көмекші. Mr. Higgs деген ЖИ көмекшісі камераны таңдап, жарықты қойып, промптты жазып береді, тіпті сценарийді кадрларға бөле алады.
Cinema Studio-да бір кадрға бірнеше камера қозғалысын қатар жазуға болады, олар ретімен орындалады. Бірақ бастаушыға бір кадрға бір қозғалыс жазған дұрыс: камера әрі жақындап, әрі айналып, әрі көтерілсе, видео ретсіз шығуы мүмкін. Тізімдегі ағылшынша атауларын тез табу үшін мына кестеге қараңыз:
| Камера қозғалысы | Тізімдегі атауы | Қандай әсер береді? |
|---|---|---|
| Жақындау | Dolly in | Көрерменнің назарын кейіпкердің жүзі мен сезіміне аударады |
| Алыстау | Dolly out | Кейіпкердің қай жерде тұрғанын көрсетеді |
| Кранмен көтерілу | Crane up | Кадрды жоғарыдан ашып, кеңістікті көрсетеді |
| Биіктен айналып өту | Drone orbit | Кейіпкерді не локацияны дрон сияқты биіктен, жан-жағынан көрсетеді |
| Қолдағы камера | Handheld | Деректі кинодағыдай тірі әсер береді |
| Қозғалмайтын камера | Static shot | Тыныш көрініс береді, нәтижесі ең сенімді |
Кейіпкердің тұрақтылығын қалай ұстайсыз: Soul ID
ЖИ-видеодағы ең жиі кездесетін мәселе мынау: кейіпкер кадр сайын өзгеріп кетеді. Бір кадрда қыздың шапаны қызыл, келесісінде қоңыр, беті де басқа адамға ұқсап шығады. Higgsfield мұны бірнеше құралмен шешеді:
- Soul ID. Бір адамның әртүрлі ракурстан түсірілген бірнеше фотосын жүктеп, сол адамнан кейіпкер жасайсыз. Содан кейін сол кейіпкерді жаңа суреттер мен видеоларда қайта-қайта қолданасыз (ресми беті).
- Элементтер (Elements). Cinema Studio-да кейіпкер мен локацияны бір рет жасап сақтайсыз да, кейін кез келген кадрға «@» белгісімен қосасыз. Бір генерацияға 50-ге дейін референс беруге болады.
- Раскадровка (Popcorn). Бір референс суреттен кейіпкері, жарығы мен стилі бірдей 8 кадрға дейін жасайды, ал әр кадрдың ракурсы мен қозғалысын промптпен өзіңіз жазасыз.
Басқа адамның фотосынан кейіпкер жасамас бұрын, міндетті түрде оның рұқсатын сұраңыз.
Алайда құралдың өзі бәрін шешпейді. Кейіпкердің тұрақтылығын ұстау үшін алдымен оның сыртқы түрін нақты анықтап алу керек: беті, шашы, киімі, жасы, мінезі қандай? AI.Cinema курсында бұған жеке тақырып арналған: кейіпкер паспорты мен референс суреттерін дайындап, әр кадрды соларға сүйеніп жасайсыз. Бұл әдіс Higgsfield-те де, Dansai AI Studio-да да бірдей жұмыс істейді.
Higgsfield тарифтері және кредиттері
Higgsfield подпискамен жұмыс істейді. Ресми тарифтер бетінде тегін тариф (Free) пен ақылы Starter, Plus және Ultra тарифтері бар, ал командаларға бөлек бизнес тарифтері ұсынылады. Бағалары АҚШ долларында көрсетілген, айлық немесе жылдық төлеуге болады, ал жеңілдіктері жиі өзгеріп отырады. Сондықтан нақты бағасын тіркелер алдында сол беттен тексеріңіз.
Higgsfield-те кредит — бұл генерация валютасы. Тарифтер бетінде жазылғандай, бір генерацияға қанша кредит кететіні модельге, видеоның ұзақтығы мен сапасына байланысты. Мысалға, сол беттегі кестеде 4K видео 720p видеоға қарағанда бірнеше есе көп кредит алады. Тағы бір маңызды ереже бар: подпискаға берілген кредит келесі айға ауыспайды, яғни ай ішінде жұмсамасаңыз, қалғаны жойылады. Кредит жетпесе, тарифті көтересіз немесе қосымша кредит пакетін сатып аласыз.
Ал тегін тарифтің мүмкіндігі шектеулі. Тарифтер бетіндегі салыстыру кестесі бойынша видео модельдер тегін тарифке кірмейді, бір уақытта тек бір генерация жасауға болады, ал жасаған жұмысыңызды коммерциялық мақсатта қолдануға тек ақылы тарифтерде рұқсат бар. Яғни тегін тариф платформамен танысуға ғана жарайды. Басқа платформалардың тегін мүмкіндіктерін тегін видео жасау туралы мақалада салыстырдық.
Higgsfield-тің артықшылықтары және кемшіліктері
Higgsfield мықты платформа, оны бүкіл әлемдегі миллиондаған автор қолданады. Бірақ кез келген құрал сияқты оның өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Артықшылықтары
- Ондаған модель бір аккаунтта тұр, сондықтан бір сахнаны Kling, Seedance және Veo-да жасап, нәтижесін бір жерде салыстырасыз.
- Кино құралдары мықты: камера қозғалысын, жанрды, дәуірді, түс пен жарықты батырма арқылы баптайсыз.
- Кейіпкердің тұрақтылығын ұстауға арналған Soul ID және Popcorn сияқты құралдар бар.
- Higgsfield Academy бөлімінде нөлден бастап видео жасауды үйрететін қысқа тегін сабақтар бар.
Кемшіліктері
- Интерфейс ағылшын, испан, неміс, жапон, корей және қытай тілдерінде бар, ал қазақ және орыс тілі жоқ. Academy сабақтары да ағылшынша.
- Бағасы долларда, подпискамен төленеді, ал пайдаланылмаған кредит келесі айға ауыспайды.
- Тегін тарифте видео модельдер жоқ, ал жұмысыңызды коммерциялық мақсатта қолдануға рұқсат берілмейді.
- Құрал өте көп, сондықтан бастаушы неден бастарын білмей, оңай адасып қалады.
Яғни тәжірибеңіз бар болса, Higgsfield өте ыңғайлы. Ал жаңадан бастап жүрсеңіз, ағылшынша интерфейс пен доллардағы подписка кедергі болуы мүмкін.
Higgsfield пен Dansai AI Studio: айырмашылығы неде?
Мұндай сұрақ бізге жиі келеді: Higgsfield бар болса, Dansai AI Studio не үшін керек? Шынында, екеуі де сурет пен видео жасайды, бірақ әртүрлі адамға ыңғайлы. Dansai AI Studio — бұл жеке кабинетіңіздегі сурет пен видео генерациялайтын платформа. Онда курста қолданатын Nano Banana Pro, Veo, Kling және Seedance сияқты модельдер тұр. Яғни сыртқы Google Flow, Higgsfield AI құралдарының орнына бірден біздің Dansai AI Studio платформасында жобаларыңызды, курс практикасын жасай бересіз.
| Сұрақ | Higgsfield AI | Dansai AI Studio |
|---|---|---|
| Қайда ашылады? | higgsfield.ai сайтында, бөлек аккаунтпен | dansai.kz сайтындағы жеке кабинетіңізде |
| Қалай төлейсіз? | Подписка, бағасы АҚШ долларында | Курс тарифімен бірге ашылады, токен сыйға беріледі |
| Интерфейс тілі | Ағылшынша, қазақ және орыс тілі жоқ | Қазақша |
| Промпт | Ағылшынша жазған сенімдірек | Қазақша жазасыз, Director AI оны таңдалған модельге лайықтап ағылшынша қайта жазады |
| Модельдер | Ондаған модель және Higgsfield-тің өз модельдері | Курста қолданатын модельдер: Nano Banana Pro, Veo, Kling, Seedance және басқалары |
| Қосымша құралдар | Cinema Studio, Soul ID, Popcorn, Lipsync Studio, Relight, Angles | Видеоның сапасын арттыру бар, ал ерінді дауысқа сай қозғалтуды (Lipsync) басқа платформаларда жасайсыз |
| Кімге ыңғайлы? | Тәжірибесі бар, ағылшынша интерфейске үйренген авторға | Курсты оқып, практикасын бір жерде жасағысы келетін білім алушыға |
Dansai AI Studio-да VPN де, USD карта да қажет емес. Director AI функциясы — промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді. Ол батырманы өшіріп қойсаңыз да болады. Higgsfield-тің өзіне подписка біздің тарифтерге кірмейді, қаласаңыз, оны өзіңіз бөлек аласыз. Studio-ның мүмкіндіктерін Dansai AI Studio туралы мақалада толық көрсеттік.
«Түлкі мен Арыстан»: Higgsfield қолданылған қазақша мультфильм
Higgsfield-пен не жасауға болатынын өз жұмысымызбен көрсетейік. «Түлкі мен Арыстан» мультфильмін академия негізін қалаушы Бағлан Төлебай жасады. Онда қазақ ертегісі бүгінгі тілмен айтылады: қартайған арыстан аңдарды үңгіріне шақырады, ал түлкі ізге қарап, бәрін есептеп шығады. Мультфильм Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасалды.
«Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмі
Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасалған AI-мультфильм, 2:56
Бағлан Төлебай — «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, компьютерлік ғылымдар магистрі, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант. Ал біздің студия жасаған «Қонаев» фильмінің трейлері YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды, ол туралы «Қонаев» фильмі қалай жасалды? деген мақалада жаздық.
Higgsfield-ті курста қалай үйренесіз?
AI.Cinema курсының сабақтарында Higgsfield AI мен Google Flow-ды да көрсетеміз, ал практиканы Dansai AI Studio-да жасайсыз. Сонымен қатар академияда Higgsfield платформасына арналған жеке AI.Higgsfield курсы дайындалып жатыр. Бұл курс әлі жазылу үстінде. Бағдарламасы бойынша оның алғашқы модулі сурет генерациясына арналған: Higgsfield-ке кіріспе, сурет генерациясының түрлері, форматтар мен разрешение, сондай-ақ Upscale, Enhancer, Relight, Inpaint және Angles режимдері. Жасанды интеллектіні жалпы неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік.
Келесі қадам: өз қысқаметрлі фильміңіз
Сіздің керемет идеяңыз, сценарийіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Higgsfield сізге мықты құралдар береді, ал курс сол құралдармен фильм жасаудың жүйесін үйретеді: сценарий жазып, кейіпкер мен оның әлемін құрасыз, кадрларды кино тілімен жасап, дыбыс пен монтажды қосасыз. Яғни өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз.
Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, ағылшын тілін білу міндетті емес. AI.Cinema тарифінде сабақтар 12 айға ашық, жаңа сабақтар қосылып отырады, ал тарифке академияның барлық жазылған курстары кіреді: AI.Cinema, AI.Onai және 3D бағыты. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттарын тарифтер бетінен көресіз.
Алдымен байқап көргіңіз келсе, тегін сабақтарымыздан немесе кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз. Кейін AI.Cinema тарифіне өтсеңіз, AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Олай болса, алғашқы кадрыңызды жасауға кеттік!
Жиі қойылатын сұрақтар
Higgsfield AI тегін бе?
Higgsfield-те тегін тариф бар, бірақ оның мүмкіндігі шектеулі: тарифтер бетіндегі кесте бойынша видео модельдер оған кірмейді, ал коммерциялық мақсатта қолдануға тек ақылы тарифте рұқсат бар. Тұрақты жұмысқа подписка керек, бағасы АҚШ долларында. Нақты бағасын ресми тарифтер бетінен тексеріңіз.
Higgsfield AI-ды кім жасаған, ол қазақстандық компания ма?
Forbes Kazakhstan жазуынша, Higgsfield-ті 2023 жылы қазақстандық ЖИ зерттеушісі Ерзат Дулат пен Алекс Машрабов құрған. 2025 жылдың қыркүйегінде компания 1 миллиард доллардан жоғары бағаланып, «единорог» мәртебесін алған алғашқы қазақстандық стартап атанды. Ал бас кеңсесі, Higgsfield сайтында көрсетілгендей, Сан-Францискода орналасқан.
Higgsfield-те промптты қазақша жазуға бола ма?
Higgsfield интерфейсі ағылшынша, ал тілдер тізімінде қазақ және орыс тілі жоқ. Сондықтан промптты ағылшынша жазған сенімдірек, аударуға ChatGPT немесе Gemini көмектеседі. Ал Dansai AI Studio-да промптты қазақша жазасыз, Director AI оны таңдалған модельге лайықтап ағылшынша қайта жазады.
Higgsfield Soul ID деген не?
Soul ID — бұл Higgsfield-тің кейіпкер жасайтын құралы. Бір адамның әртүрлі ракурстан түсірілген бірнеше фотосын жүктейсіз, ал платформа сол адамнан кейіпкер жасап, оны жаңа суреттер мен видеоларда бірдей етіп қайталайды. Басқа адамның фотосын қолдансаңыз, алдымен оның рұқсатын сұраңыз.
Higgsfield-те кредит қалай жұмсалады?
Бір генерацияға қанша кредит кететіні модельге, видеоның ұзақтығы мен сапасына байланысты. Видео суретке қарағанда көп кредит алады, ал подпискаға берілген кредит келесі айға ауыспайды. Генерацияны бастамас бұрын «Generate» батырмасындағы санға қараңыз.
Higgsfield бар болса, курс не үшін керек?
Higgsfield-тің өз Academy бөлімі бар, бірақ ол ағылшынша және қысқа. Ал толық фильм жасау үшін құралдан бөлек жүйе керек: сценарий, кейіпкер, кадр, дыбыс және монтаж. AI.Cinema курсында осы жолды қазақ тілінде, кезең-кезеңімен өтесіз, ал Higgsfield-ті сабақтарда да көрсетеміз.
AI.Cinema тарифіне Higgsfield подпискасы кіре ме?
Жоқ. Higgsfield платформасына подписканы қаласаңыз, өзіңіз бөлек аласыз, ол біздің тарифке кірмейді. Курстың практикасын Dansai AI Studio-да жасайсыз: ол тарифпен бірге ашылады, генерацияға арналған токен сыйға беріледі, ал VPN мен USD карта қажет емес.