ЖИ (ИИ) арқылы жарнама видео жасау үшін тауарыңыздың фотосын модельге бересіз де, промптта оның қай жерде, қандай жарықта көрінетінін жазасыз, ал модель сол фотодан жарнамалық кадр жасап береді. Осындай үш-төрт кадрды қозғалысқа келтіріп, монтажда бір роликке жинайсыз да, қазақша дауыс, музыка және «WhatsApp-қа жазыңыз» деген шақыру қосасыз. Сонда Reels пен TikTok-қа арналған 15 секундтық жарнамалық ролигіңіз дайын болады. Сіздің дүкеніңіз, кофеханаңыз не шағын брендіңіз бар ма? Онда бұл нұсқаулық сіз үшін: жаңа латтеңіздің не кесеңіздің жарнамалық кадрын фотографсыз-ақ жасап, одан роликті қалай жинауды қадам-қадаммен түсіндіреміз.
Бағлан Төлебай, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 11 минут
Жақсы жарнамалық роликке не керек?
Instagram мен TikTok-та адам лентаны жылдам айналдырып отырады, сондықтан жарнамаңыз алғашқы секундтан бастап көрерменнің назарын аударуы керек. Маркетингте қысқа жарнаманы әдетте төрт бөліктен құрайды. Жарнаманы ЖИ-мен жасасаңыз да, телефонға түсірсеңіз де, бұл ереже бірдей:
- Хук. Хук, яғни алғашқы 2 секундтағы назар аударатын сәт, көрерменді лентаны әрі қарай айналдырмай тоқтатады. Ол күтпеген кадр, сұрақ не қозғалыс болуы мүмкін. Мысалға, ыстық кофеге баяу құйылып жатқан сүт немесе экрандағы «Күзгі таңыңызды жылытайық па?» деген жазу.
- Тауар. Не сатып жатқаныңыз анық көрінсін: тауардың өзі, түсі мен қаптамасы. Көрермен оны бір қарағаннан тануы керек.
- Ұсыныс. Көрермен не алады? Мысалға, жаңа дәмді татып көреді, сыйлық алады не жаңа коллекцияны бірінші болып көреді. Бір роликке бір ұсыныс жеткілікті.
- Шақыру (call to action). Соңында көрерменге не істеу керегін тура айтыңыз: «WhatsApp-қа жазыңыз», «Direct-ке жазыңыз» не «Дүкенге келіңіз». Логотипіңіз бен телефон нөміріңіз де осы жерде тұрады.
Тағы бір нәрсені ескеріңіз: көрермендердің бір бөлігі жарнаманы дыбыссыз көреді. Сондықтан негізгі ойды экранға текст етіп жазыңыз, ал дауыс оны толықтырып тұрсын.
Тауар фотосынан жарнамалық кадр жасау
Шағын бизнеске тауардың өз фотосынан бастаған дұрыс. Себебі тауарды тек текстпен сипаттасаңыз, модель сіздің кесеңізді емес, соған ұқсас басқа бір кесені жасап береді. Ал фото берсеңіз, тауардың пішіні мен түсі көбіне сақталады.
Суреттен суретке (Image to image): тауарға жаңа фон жасау
Бұл әдісте тауардың фотосы модельге референс болады. Мысалға, ақ фонда түсірілген қарапайым кесенің фотосынан таңғы дастарқан үстіндегі жарнамалық кадр жасауға болады:
Таңертең ауылдағы үйдің терезесінен күн сәулесі түсіп тұр, ағаш үстелде осы кесе тұр, оған буы бұрқыраған шай құйылған, ал жанындағы табақта бауырсақ жатыр. Кесенің пішінін, түсін және өрнегін өзгертпе.
— Промпт мысалы: Суреттен суретке
Dansai AI Studio-да мұны Nano Banana Pro моделімен жасайсыз. Оған бірнеше референс беруге болады, мысалға, тауарды жан-жағынан түсірген екі-үш фото. Суретті қалай жасау керегін жасанды интеллект арқылы сурет жасау туралы мақалада толық жаздық.
Тауарды жарығы жақсы жерде, қарапайым фонда, анық етіп түсіріңіз. Этикеткасы мен логотипі көрініп тұратын жағынан да бір фото түсіріп алыңыз.
Суреттен видеоға (Image to video): кадрды қозғалысқа келтіру
Кадр ұнаса, оны видеоға айналдырасыз. Сурет видеоның алғашқы кадры болады, сондықтан промптқа тек қозғалысты жазасыз: не болады және камера қалай қозғалады. Мысалға: «Кесеге шай құйылып жатыр, буы баяу көтеріліп жатыр, ал камера кесеге ақырын жақындап келеді». Тауар жарнамасында қозғалысты аз жазған дұрыс, себебі қозғалыс көбейген сайын тауардың пішіні бұзылуы мүмкін. Бұл әдісті фотодан видео жасау туралы мақалада толығырақ жаздық.
15 секундтық жарнаманы қадам-қадаммен жасау
Енді бәрін бір мысалға жинайық. Айталық, Шымкенттегі шағын кофехана күзге жаңа «Күзгі латте» сусынын шығарып, оны Instagram-да жарнамалағысы келеді. Ұсынысы да дайын: әр латтеге жылы бауырсақ сыйға беріледі. Сонда сценарийі мынадай болуы мүмкін:
| Секунд | Экранда не көрінеді? | Текст не дауыс |
|---|---|---|
| 0–2 | Күзгі таңда кофехананың терезесі жанында бариста кесеге сүт құйып жатыр | «Күзгі таңыңызды жылытайық па?» |
| 2–7 | Жаңа латте жақын планда, көбігінің үстінде жапырақ суреті | «Жаңа «Күзгі латте»: даршын мен алманың дәмі» |
| 7–12 | Латтенің жанындағы табақшада жылы бауырсақ жатыр | «Әр латтеге бауырсақ сыйға» |
| 12–15 | Кофехананың логотипі, мекенжайы және Instagram парақшасы | «Келіңіз, біз сізді күтеміз!» |
- Сценарий. Кестедегідей әр секундта не болатынын жазып шығыңыз. 15 секундқа үш-төрт кадр жеткілікті.
- Кадрлар. Әр кадрды алдымен сурет етіп жасайсыз: тауары бар кадрды тауардың өз фотосынан, ал кофехананың терезесі сияқты көріністі текстпен.
- Тік формат. Генерация алдында форматты 9:16 етіп таңдаңыз. Көлденең (16:9) кадрды кейін тік етіп қиып алсаңыз, тауар не логотип кадрдан шығып кетуі мүмкін.
- Қозғалыс. Әр суретті бірнеше секундтық видеоға айналдырасыз. Бір кадрға бір әрекет пен бір камера қозғалысы жеткілікті.
Бірінші кадрдың, яғни хуктың промпты мынадай болуы мүмкін. Көріністі кәдімгі сөйлеммен сипаттаңыз: алдымен уақыт пен орынды, содан кейін кейіпкерді, соңында оның не істеп жатқанын жазасыз.
Күзгі таңда Шымкенттегі шағын кофехананың терезесінен жұмсақ күн сәулесі түсіп тұр, жас бариста ағаш үстелдегі кесеге баяу сүт құйып, көбіктің үстіне жапырақ суретін салып жатыр, ал камера кесеге ақырын жақындап келеді.
— Промпт мысалы: хук кадры
Жарнамаға қазақша дауыс пен музыка қосу
Қазақша сөйлейтін клиентіңізге қазақ тіліндегі жарнама әлдеқайда жақын естіледі. Ең оңай әрі сенімді жолы: өз дауысыңызды не қызметкеріңіздің дауысын телефонға жазып аласыз. Ол үшін тыныш бөлме мен телефонның микрофоны жеткілікті, ал 15 секундтық жарнамаға небәрі үш-төрт сөйлем керек.
Текстті дауысқа айналдыратын (Text to speech) нейросеттер де бар, бірақ олардың бәрі бірдей қазақша сөйлей бермейді, ал сөйлейтіндерінің өзі кейде екпінді қате қояды. Қай құрал қазақ тілін қолдайтынын қазақша озвучка жасайтын нейросеттер туралы мақалада салыстырдық. Veo, Kling, Seedance сияқты кей видео модельдер дыбысты видеомен бірге шығарады, бірақ қазақша сөзді дұрыс айтатынына кепіл жоқ, сондықтан кадрдағы әр сөзді тыңдап тексеріңіз. Ал Dansai AI Studio-да текстті дауысқа айналдыратын құрал жоқ, сондықтан дауысты бөлек жазып, монтажда қосасыз.
Ал музыкаға келсек, радиодағы танымал әнді жарнамаға рұқсатсыз қоюға болмайды, себебі ол әннің авторлары мен орындаушысының еңбегі. Оның орнына музыканы Suno сияқты құралмен өзіңіз жасай аласыз, бірақ Suno-ның тарифтер бетінде жазылғандай, тегін тарифте коммерциялық құқық жоқ, ал Pro мен Premier тарифтерінде коммерциялық мақсатта қолдануға рұқсат бар. Жарнама да коммерциялық мақсат, сондықтан оған арналған әнді ақылы тарифте жасаңыз. Толығырақ Suno арқылы қазақша ән жазу туралы мақалада жаздық.
Монтаж және тік формат (9:16)
Генерациядан шыққан видеоларды монтажда бір роликке жинайсыз: ретін қоясыз, әр кадрдың ең сәтті бөлігін ғана қиып аласыз, дауыс пен музыканы қосып, экранға текст жазасыз. Бастаушыға CapCut ыңғайлы, оның телефонға арналған қосымшасы бар. Жаңа жоба ашқанда форматты бірден 9:16 етіп қойыңыз. CapCut-пен жұмыс туралы CapCut қазақша мақаласында жаздық.
Тауардың атын, бағасын, мекенжайыңыз бен телефон нөміріңізді генерацияда емес, монтажда текст етіп жазыңыз, себебі модельдер кадрдағы жазуды жиі қате шығарады. Логотипті де дайын файл ретінде монтажда қоясыз. Ал маңызды текстті экранның шетіне тым жақын қоймаңыз, себебі Reels пен TikTok-та экранның шетін батырмалар мен жазулар жауып тұрады.
ЖИ-мен жасалған жарнаманы таңбалау керек пе?
Бұған назар аударған жөн. Қазақстанның 2025 жылғы 17 қарашадағы «Жасанды интеллект туралы» заңының 21-бабында пайдаланушылар тауардың, жұмыстың не қызметтің жасанды интеллект арқылы жасалғаны туралы хабардар етілуге тиіс деп жазылған. Ал ЖИ жасаған не өзгерткен, адамның келбетін, дауысын не болмаған оқиғаны имитациялайтын сурет, видео мен аудио таңбаланып, ескертумен бірге ғана таратылуы керек. Сондықтан ең қарапайым жолы: роликтің бір шетіне «ЖИ көмегімен жасалған» деген шағын жазба қойып, посттың сипаттамасында да ашық айтыңыз. Бұл заңгерлік кеңес емес, нақты жағдайда заңның мәтінін оқыңыз немесе заңгермен ақылдасыңыз.
Платформалардың да өз ережесі бар. YouTube шынайы көрінетін, ЖИ-мен жасалған не айтарлықтай өзгертілген видеоны жүктегенде соны белгілеуді талап етеді, ал шынайы көрінбейтін, мысалға толық анимацияланған видеоны белгілеудің қажеті жоқ (YouTube анықтамасы). Meta (Instagram мен Facebook) өзінің ЖИ құралдарымен жасалған не айтарлықтай өзгертілген жарнама суреттеріне «AI info» белгісін өзі қояды. Ал әлеуметтік мәселелер, сайлау не саясат туралы жарнамада сурет, видео не дыбыс сандық жолмен жасалса не өзгертілсе, жарнама беруші оны өзі көрсетуге міндетті (Meta анықтамасы). Бұл ережелер өзгеріп отырады, сондықтан жарнаманы іске қоспас бұрын оларды қайта тексеріп алыңыз.
ЖИ-дің шектеулері: нені ескеру керек?
ЖИ жарнаманы тез жасауға көмектеседі, бірақ оның өзіндік шектеулері бар. Оларды алдын ала білсеңіз, уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдейсіз.
- Тауар мен логотиптің дәлдігі. Модель тауарды ұқсас етіп жасайды, бірақ қаптаманың пішінін, этикеткадағы әріптерді не логотипті сәл өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан әр кадрды мұқият қарап шығыңыз. Ал тауар түпнұсқамен әріпке дейін сәйкес келуі керек болса, оны көбіне 3D-де жасайды.
- Нақты адамдардың беті. Видеода қызметкеріңіз, клиентіңіз не танымал адам болса, алдымен оның рұқсатын алыңыз. Біреудің бетін не дауысын келісімсіз жарнамаға қолдануға болмайды.
- Кейіпкердің тұрақтылығы. Бір кейіпкер бірнеше кадрда көрінсе, оның беті мен киімі кадр сайын өзгеріп кетуі мүмкін. Кейіпкерді алдымен суретте бекітіп алыңыз да, әр кадрды сол суреттен бастаңыз.
Тауардың дәл көрінуі, кейіпкердің тұрақтылығын ұстау, қазақша дауыс пен монтаж көп уақыт пен тәжірибені қажет етеді. Егер дүкеніңізді не кофеханаңызды басқарып жүріп, бұған уақытыңыз жетпесе, жарнаманы студияға тапсыруға болады.
Жарнаманы студияға тапсыру: Dańsaı Studios
Біздің Dańsaı Studios студиясы жасанды интеллектпен жарнамалық ролик, мультфильм және трейлер жасайды. Сценарийден бастап кадр, қазақша дауыс, монтаж және Instagram мен TikTok-қа арналған тік нұсқаға дейінгі бүкіл жұмысты өзіміз атқарамыз. Тауар әріпке дейін дәл көрінуі керек жерде ЖИ-ді 3D-мен біріктіреміз. Тапсырыс құны 500 000 ₸-ден басталады, ал 30 секундқа дейінгі AI-ролик 1–2 аптада дайын болады. Портфолио мен тапсырыс тәртібі тапсырыс беру бетінде жиналған, ал орысша оқығыңыз келсе, ИИ-ролик на заказ беті бар.
Жұмысымыздың деңгейін «Қонаев» фильмінің трейлерінен көре аласыз. Қонаев фильмі арнайы жүйемен жасалды: трейлерде 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар, ал түсірілім тобы болған жоқ. Трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады. Ал 3D жұмыстың мысалы ретінде студияның 2022 жылғы 3D жинағын қоса қойдық. Студияны Бағлан Төлебай басқарады: ол «Қазақфильм» резиденті, Нархоз университетінің аға оқытушысы, ЖИ және машиналық оқыту бойынша докторант.

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері
Түсірілім тобы жоқ, бәрі жасанды интеллектпен жасалған, ұзақтығы 3:51

2022 3D Animated Product & Commercial, Customer Reel by Dańsai Studios CGI Almaty
YouTube-тағы атауы бойынша: тауар мен жарнамаға арналған 3D анимация жинағы, 2022 жыл, ұзақтығы 1:16
ЖИ арқылы жарнама жасауды қайдан үйренуге болады?
Жарнаманы өзіңіз жасағыңыз келе ме? Онда алдымен тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес. Олардың ішінде промпт жазу, суреттен видео жасау және CapCut-та монтаж туралы сабақтар бар. Жалпы жасанды интеллектіні неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік.
Асықпай бастағыңыз келсе, кіріспе AI.Onai курсы сізге лайық. Онда алғашқы суреттеріңіз бен қысқа видеоңызды жасайсыз, ал үй тапсырмаларының бірі дәл осы мақаланың тақырыбына арналған: «Тауардың жарнамалық кадры». Генерацияны жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio-да жасайсыз: VPN де, USD карта да қажет емес, ал алғашқы суреттеріңіз бен видеоңызға жететін токен тарифпен бірге сыйға беріледі.
Ал жарнамадан әрі қарай барып, тұтас фильм жасағыңыз келсе, AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Онда өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз, ал бағдарламада «Экспорт, тік нұсқа және жариялау» деген жеке сабақ та бар. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, AI.Cinema тарифінде 12 айға ашық тұрады, ал жаңа сабақтар қосылып отырады. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады, шарттары тарифтер бетінде. Ал AI.Onai-дан бастасаңыз, кейін AI.Cinema тарифіне өткенде AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Олай болса, алғашқы жарнамаңызды жасауға кеттік!
Жиі қойылатын сұрақтар
ЖИ арқылы жарнаманы тегін жасауға бола ма?
Кейбір платформалардың тегін тарифі бар, бірақ онда лимит аз, видеода ватермарк қалуы мүмкін, ал кей платформада коммерциялық мақсатта қолдануға тек ақылы тарифте рұқсат беріледі. Мысалға, Suno-ның тегін тарифінде коммерциялық құқық жоқ. Сондықтан тегін нұсқада идеяны тексеріп, жарнаманың финалдық нұсқасын шарты анық платформада жасаңыз. Тегін платформаларды бөлек мақалада салыстырдық.
ИИ реклама жасау үшін қандай модель керек?
Тауар кадрына сурет моделі керек, мысалға Nano Banana Pro, ал кадрды қозғалысқа келтіруге Veo, Kling не Seedance сияқты видео модельдер жарайды. Модельдер жиі жаңарып отырады, сондықтан бір кадрды екі модельде жасап, нәтижесін салыстырған дұрыс. Dansai AI Studio-да бұлардың бәрі бір терезеде тұр.
Жарнамалық ролик қанша секунд болуы керек?
Reels пен TikTok-қа арналған жарнама көбіне 15–30 секунд болады. Ең бастысы, алғашқы 2 секундта көрерменді тоқтатып, соңында не істеу керегін айтып үлгеру. Бір роликке бір ұсыныс жеткілікті.
Тауарым мен логотипім ЖИ-де өзгеріп кетпей ме?
Өзгеруі мүмкін, әсіресе этикеткадағы әріптер. Сондықтан тауарды өз фотосынан бастаңыз, қозғалысты аз жазыңыз, ал логотип пен жазуды монтажда дайын файлмен қосыңыз. Тауар түпнұсқамен әріпке дейін сәйкес келуі керек болса, 3D қолданылады.
Жарнаманы өзім жасайын ба, әлде студияға тапсырыс берейін бе?
Бір-екі қарапайым ролик керек болса және оған уақытыңыз болса, өзіңіз үйреніп жасай аласыз, ал AI.Onai курсында тауардың жарнамалық кадрын жасайтын тапсырма да бар. Ал брендке тұрақты кейіпкер, тауардың дәл көрінісі, қазақша дауыс, бірнеше нұсқа және келісімшарт керек болса, студияға тапсырыс берген ыңғайлы. Тапсырыстың шарттарын тапсырыс беру бетінен көре аласыз.
Телефонмен жарнама видео жасауға бола ма?
Иә, болады: жасанды интеллект серверде жұмыс істейді, сондықтан промпт жазып, нәтижені жүктеп алуға телефон жеткілікті. Dansai AI Studio телефоннан да ашылады, ал монтажды CapCut қосымшасында жасайсыз. Бірақ көп кадрлы монтажға ноутбук не компьютер ыңғайлырақ.