Бет ашылмай тұр ма?

Браузеріңіз ескі болуы мүмкін. Бізге WhatsApp-қа жазыңыз — сілтемені де, бағаны да қолмен жібереміз.

Страница не открывается? Возможно, устарел браузер. Напишите нам в WhatsApp — пришлём ссылку и цену вручную.

WhatsApp-қа жазу · Написать в WhatsApp Немесе Chrome-ды жаңартып көріңіз · Или обновите Chrome

Аяз Атадан видео құттықтау: балаңыздың атымен ЖИ-мен жасаңыз

Аяз Атадан видео құттықтау жасау үшін алдымен балаңызға арналған қысқа текст жазасыз, содан кейін Аяз Атаның суретін ЖИ (ИИ) арқылы жасап, оны видеоға айналдырасыз, ал дауысын балаңыздың атасы не басқа туысы жазып береді. Сонда экрандағы Аяз Ата балаңызды атымен атап, биылғы жақсы ісін мақтайды: «Әлихан, сен биыл әжеңе көп көмектестің, мен мұны кітабыма жазып қойдым!» Балаңызды жаңа жылда осындай ғажайыппен қуантқыңыз келе ме? Онда төменде сценарийден бастап дайын видеоға дейінгі жолды қадам-қадаммен көрсетеміз.

, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 11 минут

Орыс тілінде оқу

Аяз Атадан видео: баланың атымен

Бала Аяз Атаның өзін танитынын көргенде нағыз ғажайыпқа сенеді. Интернеттегі дайын құттықтауды мыңдаған бала көреді, ал сіз жасаған видеода Аяз Ата тек сіздің балаңызбен сөйлеседі. Ол үшін сценарийге мына үш нәрсені қосыңыз:

  • Баланың аты. Аяз Ата оны басында, ортасында және соңында атайды.
  • Биылғы жақсы ісі. Мысалға, інісіне ойыншығын бөліп берді не кітап оқуды үйренді. Мұны тек жақындары біледі, сондықтан бала бірден таң қалады.
  • Жылы тілек. Аяз Ата келесі жылға кішкентай тапсырма береді де, қоштасады.

Туған күнге арналған құттықтауды видео құттықтау жасау мақаласында бөлек жаздық.

Аяз Атаның балаға құттықтауы: сценарий үлгісі

Баяу, жылы дауыспен оқысаңыз, бұл сценарий шамамен 50 секундқа созылады. Әлиханның орнына балаңыздың атын, ал жақсы істерінің орнына өзіңіз білетін нақты оқиғаларды қойыңыз.

Аяз Атадан видео құттықтаудың 50 секундтық сценарийі
УақытыЭкранда не көрінеді?Аяз Ата не айтады?
0–10 сТүнде қар басқан далада тұрған киіз үйдің шаңырағынан ақ түтін шығып жатыр«Сәлем, Әлихан! Мен Аяз Атамын. Саған алыстағы қарлы даладан арнайы құттықтау жолдап отырмын.»
10–25 сАяз Ата киіз үйдің жанында үлкен кітабын ашып, ондағы жазуға жымия қарап тұр«Жыл бойы жақсы істеріңді осы кітабыма жазып жүрдім. Сен әжеңе нан әкеліп бердің, ал інің Айбарға ойыншықтарыңды бөліп бердің. Мен мұны көріп, қатты қуандым!»
25–40 сАяз Ата ақбоз ат жеккен шанаға сыйлыққа толы қапты салып жатыр«Әлихан, сен биыл кітап оқуды да үйрендің. Жаңа жылда анаңа бір ертегі оқып берсең, мен оны да кітабыма жазамын. Ал сыйлығыңды шыршаның астына өзім әкеліп қоямын.»
40–50 сШана жұлдызды аспанға көтеріліп барады, экранда «Жаңа жылың құтты болсын, Әлихан!» деген жазу шығады«Жаңа жылың құтты болсын, Әлихан! Келесі жылы кездескенше!»

Аяз Атаны қалай жасайсыз: қазақы киімдегі өз кейіпкеріңіз

Аяз Атаны белгілі бір мультфильмнен не фильмнен көшірмей, өзіңіз ойлап табыңыз. Біреудің кейіпкерін көшіру авторлық құқыққа қайшы келуі мүмкін, ал өз Аяз Атаңыз отбасыңыздың ертегісі болып қалады. Оны қазақша киіндіріңіз: басында ақ түлкі тымақ, үстінде ою-өрнекті шапан, қолында ұзын таяқ болсын, ал шанасын ақбоз ат сүйресін. Мысалға, алғашқы суретке мынадай промпт жарайды:

Қарлы түнде киіз үйдің жанында ақ сақалды Аяз Ата тұр. Ол басына ақ түлкі тымақ киіп, үстіне күміс ою-өрнекпен әшекейленген көк шапан киген, қолында ұзын таяғы бар. Аяз Ата камераға қарап жылы жымиып тұр, ал киіз үйдің ашық есігінен сары жарық түсіп жатыр. Сурет мейірімді отбасылық мультфильм стилінде салынған.

— Аяз Атаның суретіне промпт мысалы

Бірнеше нұсқаның ішінен ең мейірімді әрі қатесі жоқ суретті таңдаңыз: саусақтарын, шапанының оюын, киіз үйін тексеріңіз. Енді бұл сурет Аяз Атаның басты референсі болады. Келесі әр сахнада оны референс етіп бересіз де, «Аяз Атаның беті мен киімі өзгермесін» деп жазасыз. Сонда кейіпкердің тұрақтылығын ұстайсыз, яғни ол бір сахнада көк шапанмен, келесісінде қызыл тонмен шығып қалмайды.

Балаңыздың суреті видеода: тек өз аккаунтыңыз арқылы

Кейбір ата-ана баласын Аяз Атаның жанында көргісі келеді. Ондайда баланың фотосын тек өз аккаунтыңыз арқылы, өзіңіз білетін платформаға жүктеңіз, ал «тегін Аяз Ата видеосы» деп жарнамаланған бейтаныс бот пен сайтқа жібермеңіз. Үлкен платформалар да бала суретіне сақ қарайды: мысалға, Google Flow-ды тек 18 жастан асқан адам қолдана алады, ал оның анықтамасында кәмелетке толмағандар мен адамдардың фотоларын қорғайтын шектеулер бар екені жазылған. Платформа баланың фотосын қабылдамаса, оны айналып өтуге тырыспаңыз, фотосыз нұсқаны таңдаңыз.

  • Фотосынсыз. Ең қауіпсіз жол: Аяз Ата баланың атын айтады, экранда есімі жазу болып шығады, ал Аяз Атаның кітабында баланың өзі салған сурет не Аяз Атаға жазған хаты көрінеді.
  • Аяз Атамен бір кадрда. Модельге Аяз Атаның суреті мен баланың фотосын екі референс етіп бересіз де, «Мына баланы Аяз Атаның жанына отырғыз, баланың беті өзгермесін» деп жазасыз.

Дайын видеоны отбасылық чатқа жіберген дұрыс. Ал әлеуметтік желіге ашық салсаңыз, баланың толық аты-жөнін, балабақшасы мен мектебін жазбаңыз.

Аяз Атаның қазақша дауысы: қай нұсқа жылырақ?

Аяз Ата асықпай, мейірімді сөйлесе, бала оған бірден сенеді. Дауысты үш жолмен жасауға болады.

Туысыңыз жазып береді: ең жылы нұсқа

Баланың атасы не дауысы жуан ағасы текстті телефонның диктофонына жазып береді, ал бала дауысты танып қоймасын десеңіз, оны сирек көретін туысыңыздан сұраңыз. Кілемі мен пердесі бар тыныш бөлмеде жазыңыз да, әр сөйлемнен кейін аздап кідіріңіз, сонда монтажда дауысты сахналарға бөлу оңай болады.

Дауыс генерациясы: текстті ЖИ оқиды

Қазақша текстті дауысқа айналдыратын құралдар да бар. Мысалға, Назарбаев Университетінің ISSAI Voice Studio платформасы қазақша текстті дауыстайды, онда дауыстың жасы мен биіктігін баптауға болады. Тегін тарифі айына 40 минут береді, ал бастау үшін карта қажет емес. Бірақ ЖИ дауысы есімді, әсіресе сирек есімді қате оқуы не екпінді басқа буынға түсіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан алдымен тек «Сәлем, Әлихан!» деген сөйлемді оқытып тыңдаңыз, ал қате оқыса, есімді естілуінше жазып көріңіз не басқа дауыс таңдаңыз. Құралдарды қазақша озвучка туралы мақалада салыстырдық.

Видео модельдің өз дыбысы

Veo 3.1, Kling 3.0 сияқты модельдер видеоны дыбысымен жасайды, бірақ олардың қазақша сөзді, әсіресе баланың атын дұрыс айтатынына кепілдік жоқ. Сондықтан олардан тек қардың сықырлауы мен оттың шытырлауы сияқты фон дыбыстарын алған дұрыс.

Аяз Атаны жандандыру: суреттен видеоға

Енді әр сахнаның суретін Аяз Атаның референсімен жасап, оларды бір-бірлеп видеоға айналдырасыз. Бұл — «Суреттен видеоға» (Image to video) әдісі: сурет видеоның бастапқы кадры болады, ал промптқа тек қозғалысты жазасыз. Мысалға, екінші сахнаға:

Аяз Ата кітабының бетін асықпай парақтап, жымиып қояды, аспаннан ақ қар баяу жауып жатыр, ал камера оған ақырын жақындап келеді. Аяз Атаның беті мен киімі өзгермейді.

— Видео промпт мысалы

  • Әр видео 5–8 секунд болсын, ал камера аз қозғалсын. Видео ұзарған сайын не камера Аяз Атаны айналып өткенде модель оның бетін өзгертіп жіберуі мүмкін.
  • Форматты алдын ала шешіңіз. Видеоның форматы көбіне бастапқы кадрдан алынады: теледидарға көлденең (16:9), телефонға тік (9:16) сурет жасаңыз.

Толық жолы фотодан видео жасау туралы мақалада бар. Бастаушының тегін кредиті көбіне бір сахнаны қайта-қайта жасауға кетеді: не Аяз Атаның беті өзгереді, не кадр қозғалмай қалады. Сондықтан кредитті жұмсамас бұрын суреттен видео жасаудың ретін тегін сабағымыздан көріп алыңыз.

Монтаж: дауыс, музыка және экрандағы есім

Дайын видеоларды CapCut-қа жинайсыз. Алдымен Аяз Атаның дауысын таймлайнға қойып, видеоларды соның ырғағына қарай кесесіз, ал артынан дауысты баспайтын ақырын музыка қосасыз. Қазақша жаңа жылдық әнді өзіңіз жасағыңыз келсе, Suno арқылы ән жазу мақаласын оқыңыз.

Баланың атын экранға CapCut-та өзіңіз жазыңыз, себебі сурет жасайтын модельдер қазақтың ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, і әріптерін шатастыруы мүмкін. Монтаж негіздерін CapCut қазақша нұсқаулығында көрсеттік.

Не істеуге болмайды: нақты адамның дипфейгі

Аяз Ата ертегі кейіпкері, ал нақты адамның бет-әлпеті мен дауысы мүлде басқа нәрсе. Интернетте «Президенттен құттықтау», «әншіден құттықтау» деген видеолар кездеседі. Мұндай видеоны дипфейк (deepfake) дейді, яғни ол адамның айтпаған сөзін оның атынан айтқызады. Біз мұндай видео жасамаймыз және оны үйретпейміз.

  • Нақты адамның бетін Аяз Атаға салмаңыз, мейлі ол танымал актер, мейлі мұғалім болсын.
  • Біреудің дауысын рұқсатсыз клондамаңыз, тіпті ол атаңыздың дауысы болса да. Аяз Ата атаңыздың дауысымен сөйлесін десеңіз, атаңыздың өзі жазып берсін, ол әлдеқайда жылы шығады.
  • ЖИ-мен жасалғанын жасырмаңыз. Әлеуметтік желіге салсаңыз, «ЖИ-мен жасалған» деп жазып қойыңыз. Қазақстанның 2025 жылғы «Жасанды интеллект туралы» заңы адамның бет-әлпетін не дауысын имитациялайтын туындыларды тек таңбаланған күйде таратуға рұқсат етеді, толығырақ дауыс туралы мақалада жаздық.

Жаңа жылға видео құттықтау жасау: қашан бастау керек?

Аяз Ата видеосын жасауды желтоқсанның басында бастаңыз. Алғашқы видеоңызға шамамен төрт кеш кетеді, яғни сценарийге, дауыс пен Аяз Атаның суретіне, сахналардың видеосына және монтажға бір-бір кештен. Келесі жылы жұмыс әлдеқайда жылдам жүреді, себебі Аяз Атаңыз дайын тұрады.

Dansai AI Studio-да Аяз Ата видеосын жасау

Сыртқы платформаларда әр құралдың өз подпискасы бар, бағасы көбіне долларда, интерфейсі ағылшынша, ал кейбіріне VPN керек. Ал біздің курстарда оқысаңыз, Аяз Атаның суреті мен видеоларын жеке кабинетіңіздегі Dansai AI Studio платформасында жасайсыз: VPN де, USD карта да қажет емес.

  • Промптты қазақша жазасыз. Director AI функциясы — промптыңызды генерация сәтті шығу үшін барынша күшейтеді: оны таңдалған модельге лайықтап, ағылшын тілінде қайта жазады.
  • Аяз Атаны барлық сахнада бірдей ұстайсыз. «Суреттер» режимінде ұнаған суретті «Референс ету» батырмасымен келесі суреттің референсі етесіз, ал Nano Banana Pro 14 референске дейін қабылдайды.
  • Суреттен бірден видеоға өтесіз. «Видео жасау» батырмасы суретті видео модельге бастапқы кадр етіп береді: қазір олардың ішінде Veo 3.1, Kling 3.0 Pro және Seedance 2.0 бар, ал құрамы өзгеріп тұрады. «Сапаны арттыру» 30 секундқа дейінгі видеоны 1080p не 4K сапаға көтереді.

Dansai AI Studio курс тарифімен бірге ашылады, ал токен тарифпен бірге сыйға беріледі. Генерация сәтсіз аяқталса, токен шотыңызға қайтады. Текстті дауысқа айналдыратын құрал мен Lipsync құралы Studio-да қазір жоқ, сондықтан дауысты бөлек дайындайсыз.

Біздің студия жасаған жұмыстар

Аяз Ата видеосы шағын болғанымен, ол да фильм сияқты кейіпкерден, сахнадан, дауыс пен монтаждан тұрады. Мысалға, «Түлкі мен Арыстан» қазақша мультфильмін академия негізін қалаушы Бағлан Төлебай қазақ ертегісінің желісімен Higgsfield, Veo 3 және Nano Banana Pro құралдарымен жасады. Ал «Қонаев» фильмі арнайы жүйемен жасалды: ұзақтығы 3:51 минут болатын трейлерде 13 сахна, 80 кадр және 68 бейне үзінді бар, ал трейлер YouTube-та 60 мыңнан астам қаралым жинады.

«Түлкі мен Арыстан» мультфильмі

«Түлкі мен Арыстан» мультфильмі

Қазақша AI-мультфильм, 2:56

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

«Қонаев» фильмінің ресми трейлері

Жасанды интеллектпен жасалған трейлер, 3:51

Аяз Ата видеосын жасауды қайдан үйренуге болады?

Бастау үшін тегін сабақтарымызды көріңіз, оларға тіркелу қажет емес: онда суреттен видео жасауды, кейіпкерді сөйлетуді және CapCut-та монтажды көрсеттік. Жасанды интеллектіні неден бастап үйрену керегін бөлек мақалада түсіндірдік.

Практикамен үйренгіңіз келсе, кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз. Онда Аяз Ата видеосына керек дағдылар тапсырма болып берілген: «Баланың суретін жандандыру», «Атамен бір кадрда», «Ертегі мультфильм» мини-жобасы, ал бонус тапсырмаларда «Мереке афишасы» бар. Практиканы Dansai AI Studio-да жасайсыз, шарттары тарифтер бетінде. Кейін AI.Cinema тарифіне өтсеңіз, AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады.

Келесі қадам: Аяз Атадан өз фильміңізге дейін

Сіздің керемет идеяңыз, балаңызға айтқыңыз келетін өз ертегіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, олар 12 айға ашық, ал тарифті Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеуге болады. Ал компанияңызға не отбасыңызға толыққанды фильм керек болса, біздің студия оны 500 000 ₸-ден бастап тапсырыспен жасайды. Олай болса, Аяз Атаның алғашқы суретін жасауға кеттік!

Жиі қойылатын сұрақтар

Аяз Атадан видео құттықтауды тегін жасауға бола ма?

Иә, тегін бастауға болады. Аяз Атаның дауысын туысыңыз жазып береді, ал суреті мен видеосын тегін тарифі бар платформаларда жасайсыз, оларды бөлек мақалада салыстырдық. Бірақ тегін кредит аз, ал кейбір платформада ватермарк қалады.

Аяз Ата баланың атын дұрыс айта ма?

Дауысты туысыңыз жазса, әрине, дұрыс айтады. Ал ЖИ дауысы мен видео модельдер қазақша есімді, әсіресе сирек есімді қате оқуы мүмкін, сондықтан оны бөлек тексеріп, экрандағы есімді CapCut-та өзіңіз жазыңыз.

Баланың суретін ЖИ-ге жүктеу қауіпсіз бе?

Фотоны тек өз аккаунтыңыз арқылы, өзіңіз білетін платформаға жүктеңіз, ал белгісіз боттар мен бейтаныс сайттарға жібермеңіз. Аяз Ата видеосын баланың фотосынсыз да жасауға болады: Аяз Ата оның атын айтады, ал есімі экранда жазу болып шығады.

Сіздер дайын Аяз Ата видеосын жасап бересіздер ме?

Қазір баланың атымен жасалатын дайын Аяз Ата видеосы біздің ұсыныстарымыздың ішінде жоқ, біз оны өзіңіз жасауды үйретеміз. Өз қолыңызбен жасаған видео әлдеқайда жылы шығады, ал бір рет үйренсеңіз, оны жыл сайын жасай бересіз.

Тегін құралдар бар болса, курс не үшін керек?

Тегін құралдар бір-екі видеоны байқап көруге жетеді. Ал Аяз Ата барлық сахнада бірдей болып, дауыс пен видео бір-бірімен үйлесуі үшін кейіпкердің тұрақтылығын ұстау, промпт жазу және монтаж дағдысы керек. Курста осы жолды қазақ тілінде, қадам-қадаммен өтесіз.

Тағы оқыңыз