ChatGPT қазақша: идеядан бастап сценарий мен промптқа дейін

ChatGPT — бұл OpenAI компаниясы жасаған ЖИ (ИИ) чат-боты: оған сұрағыңызды қазақша жазасыз, ал ол мәтінмен жауап береді. Ол жазған промптты суретке не видеоға айналдырғыңыз келсе, бізде Dansai AI Studio бар.

, Dansai Academy негізін қалаушы · · Оқуға 9 минут

Орыс тілінде оқу

Адам ноутбук алдында отыр, айналасында түнгі қаланың жарқыраған кадрлары

Мысалға, ChatGPT-ден анаңыздың туған күніне арналған қысқа видеоның идеясын, үш сахнадан тұратын сценарийді немесе сурет моделіне арналған ағылшынша промптты сұрай аласыз. Бұл мақалада ChatGPT-нің не екенін, тегін тарифінде не барын, қазақша қалай жұмыс істейтінін және оны сценарий мен промпт жазуға қалай қолданатыныңызды ашық айтамыз.

ChatGPT деген не?

Төрт кадр: телефон иесінің бетін таниды, картада ең тез жол көрсетілген, телефонда видеолар ұсынылады, ер адам дауыстық көмекшімен сөйлесіп тұр
Жасанды интеллект күнделікті өмірде: бетті тану, карта, видео ұсыну, дауыстық көмекші. ChatGPT да осындай құралдардың бірі

ChatGPT — бұл OpenAI компаниясының чат-боты, яғни сізбен жазысып сөйлесетін ЖИ көмекшісі. Оған сұрағыңызды кәдімгі сөйлеммен жазасыз, ал ол жауапты мәтінмен береді. Ресми ChatGPT бетінде жазылғандай, ол ретсіз жазбаларыңызды таза мәтінге айналдырады, хат, жоспар мен пост жазады, интернеттен іздейді, промпт бойынша сурет жасайды, ал онымен дауыспен де сөйлесуге болады.

Жасанды интеллект жалпы қалай жұмыс істейтінін ЖИ деген не деген мақалада қарапайым тілмен түсіндірдік. Ал бұл мақалада ChatGPT-ні видео мен фильм жасағысы келетін адамның көзімен қараймыз: идея, сценарий және промпт.

ChatGPT тегін бе? Тарифтері

Иә, тегін тарифі бар. Ресми тарифтер бетінде Free (тегін) тарифінен бөлек ақылы Go, Plus және Pro тарифтері, ал компанияларға арналған Business пен Enterprise тарифтері көрсетілген. Тегін тарифке мыналар кіреді:

  • Мәтінмен жазысу. Шектеусіз деп жазылған, бірақ OpenAI ережелерін бұзбау шартымен.
  • Сурет жасау. Бар, бірақ саны шектеулі. Сурет жасау мен файл жүктеу үшін аккаунтқа кіру керек.
  • Файл жүктеу, дауыспен сөйлесу, терең іздеу (Deep research). Бар, бірақ бұлар да шектеулі.

Ақылы тарифтерде бұл шектеулер азаяды. Бағасы өзгеріп тұрады, сондықтан нақтысын тариф алар алдында chatgpt.com/pricing бетінен тексеріңіз. Бастаушыға алғашында тегін тариф те жеткілікті.

ChatGPT Қазақстанда жұмыс істей ме?

Иә. Қазақстан OpenAI-дың ChatGPT қолжетімді елдер тізімінде бар. chatgpt.com сайтына кіріп, «Sign up for free» батырмасы арқылы тіркелесіз, сонда сурет жасау мен файл жүктеу де ашылады.

ChatGPT-ні қазақша қалай қолданасыз?

ChatGPT-ге сұрақты қазақша жаза аласыз, ол әдетте қазақша жауап береді. Бірақ OpenAI-дың ресми беттерінде қазақ тілінің сапасы туралы нақты мәлімет жоқ, ал ЖИ қазақша жазғанда кейде сөзбе-сөз аудармаға ұқсас сөйлем құрайды. Сондықтан жауапты әрдайым өзіңіз оқып шығып, керек жерін түзетіңіз.

Жақсы жауап алу үшін ChatGPT-ге үш нәрсені айтыңыз:

  1. Рөл. Ол кім ретінде жауап береді? Мысалға: «Сен балаларға арналған мультфильмдердің сценаристісің».
  2. Тапсырма. Сізге не керек? Мысалға: «Түлкі мен кірпі туралы бір минуттық мультфильмнің идеясын жаз».
  3. Шарт. Қандай форматта, қандай көлемде? Мысалға: «Үш нұсқа бер, әрқайсысы екі сөйлемнен аспасын, тілі қарапайым болсын».

Жауап ұнамаса, бәрін басынан жазудың қажеті жоқ: сол чаттың ішінде не өзгерту керегін айтасыз. Мысалға: «Екінші нұсқа ұнады. Енді соңын күлкілі етіп жаз, ал қалғанын өзгертпе».

Видеоның идеясы мен сценарийін ChatGPT-мен жазу

Қараңғы студияда адам бірнеше мониторда фильм монтаждап отыр
Фильм идеядан басталады: алдымен оқиға, содан кейін кадр, дыбыс және монтаж

ChatGPT әсіресе жұмыстың басында көмектеседі: идеяны табуға, оны сахналарға бөлуге және әр кадрды сипаттауға. Мысалға, анаңыздың мерейтойына арналған қысқа видео жасағыңыз келеді делік. Онда ChatGPT-ге былай жазасыз:

Сен қысқаметрлі фильмдердің сценаристісің. Анамның 60 жасқа толған мерейтойына арналған бір минуттық видеоның идеясын ойлап бер. Видеода ауылдағы үйіміз, анамның бақшасы және немерелері болсын. Алдымен үш түрлі идея ұсын, әрқайсысын екі сөйлеммен жаз.

— Сұрақ мысалы

Идеяның біреуін таңдағаннан кейін, оны сахналарға бөлуді сұрайсыз: әр сахнада уақыт пен орын, кейіпкер және оның не істейтіні жазылсын. Бір минуттық видеоға бірнеше қысқа сахна жетеді, ал әр сахна кейін бір не бірнеше кадрға айналады.

Бірақ сценарийдің иесі сізсіз. ChatGPT әдемі, бірақ жалпылама сөйлем жазуы мүмкін, ал отбасыңыздың нағыз естелігін, анаңыздың өзіне тән сөзін тек сіз білесіз. Сондықтан ChatGPT-ні алғашқы нұсқаны (черновикті) жазатын көмекші ретінде қолданып, соңғы шешімді өзіңіз қабылдаңыз. AI.Cinema курсының сценарий модулінде «ЖИ — қосалқы автор» деген бөлек сабақ бар, онда осы жұмысты қадам-қадаммен көрсетеміз.

Сурет пен видеоға промптты ChatGPT-мен жазу

Сол жақта промпт, оң жақта сол промпт бойынша жасалған кадр: түлкі тымақ киген бүркітші қарлы тауда ат үстінде қолына бүркітін қондырып отыр
Сол жақта промпт, оң жақта сол промпт бойынша жасалған кадр

Сценарий дайын болса, әр кадрға промпт керек. Промпт — бұл сурет не видео жасайтын модельге берілетін нақты тапсырмаңыз. Көп модель ағылшынша промптпен сенімдірек жұмыс істейді: мысалға, Google өзінің Flow платформасында ағылшынша промпт жазуды ұсынады (дереккөз). Мұнда ChatGPT өте ыңғайлы: кадрды қазақша сипаттайсыз да, оны ағылшынша промптқа айналдыруды сұрайсыз.

Сен кино кадрларына промпт жазатын мамансың. Мына кадрға ағылшынша промпт жазып бер: «Кешкі уақытта ауыл шетінде күн батып барады, бақшада ақ орамал таққан әже немересіне алма беріп тұр, камера баяу жақындап келеді». Алдымен маған екі-үш нақтылайтын сұрақ қой.

— Сұрақ мысалы

Соңғы сөйлемге назар аударыңыз: ChatGPT-ден алдымен сұрақ қоюды өтінсеңіз, ол кейіпкердің жасы, жарық, кадрдың форматы сияқты сіз ұмытып кеткен нәрселерді сұрайды, ал промпт нақтырақ шығады. Дайын промптты бір рет оқып шығып, артық сөздерін алып тастаңыз, себебі кадрда не қалатынын өзіңіз шешесіз. Промпттың құрылымы мен 10 дайын үлгіні промпт жазу туралы мақалада көрсеттік.

ChatGPT-нің өзінде сурет жасау

Гүлді далада арық атқа мінген Алдар Көсе, 3D мультфильм стилі
Промпт бойынша жасалған кадр мысалы: Алдар Көсе, 3D мультфильм стилі

ChatGPT промптты жазып қана қоймайды, суретті өзі де жасай алады: тегін тарифте де сурет жасау бар, бірақ саны шектеулі. Бір-екі суретті байқап көруге бұл ыңғайлы. Ал фильм не жарнама ролигі үшін көбіне бір кейіпкердің ондаған кадры керек, кейін оларды видеоға айналдыру қажет, сондықтан сурет пен видео модельдері бір жерде тұрған платформа ыңғайлырақ. Сурет жасаудың басқа жолдарын ЖИ арқылы сурет жасау нұсқаулығында салыстырдық.

ChatGPT, Gemini және Google Flow: қайсысы не үшін керек?

Бастаушы көбіне «ChatGPT пен Gemini-нің қайсысы жақсы?» деп сұрайды. Екеуі де ЖИ көмекшісі, екеуі де мәтін жазып, сурет жасайды, ал айырмашылығын Gemini қазақша мақаласында ашық салыстырдық. Ал видеоның өзін басқа құралдар жасайды:

Құралдар бір-бірін толықтырады
ҚұралНе үшін қолданасыз?
ChatGPTИдея, сценарий, ағылшынша промпт, бір-екі сурет
GeminiИдея мен мәтін, Nano Banana модельдерімен сурет жасау және өңдеу
Google FlowVeo және Omni модельдерімен видео жасау, ол туралы бөлек мақала бар
Dansai AI StudioVeo, Kling, Seedance, Nano Banana Pro және GPT Image 2 бір жерде, промпт қазақша, төлем Kaspi QR арқылы

ChatGPT жазған промптты Dansai AI Studio-да қолдану

Dansai AI Studio-ның «Видео» режимі: «Кадрлар» және «Референстер», бастапқы және соңғы кадр, қазақша промпт мысалдары
Dansai AI Studio-ның «Видео» режимі: промптты қазақша жазасыз

ChatGPT-мен промпт жаздыңыз, ал енді суретті не видеоны қайда жасайсыз? Әдетте әр модельге бөлек сайтқа тіркеліп, бөлек подписка алып, доллармен төлеуге тура келеді. Ал Dansai AI Studio платформасында сурет пен видео модельдері бір кабинетте тұр:

  • «Суреттер» режимінде Nano Banana Pro, Seedream, Grok Imagine және ChatGPT-ні жасаған OpenAI компаниясының GPT Image 2 моделі бар.
  • «Видео» режимінде Veo, Kling және Seedance модельдері тұр: ұнаған суретіңізді сол жерде бірден видеоға айналдырасыз.
  • Промптты қазақша жазасыз, ал Director AI функциясы оны таңдалған модельге лайықтап, кинематографиялық ағылшын тілінде қайта жазады. Яғни ChatGPT-ден аударма сұраудың қажеті болмай қалуы мүмкін.
  • VPN мен USD карта керек емес. Токен пакетін теңгемен, Kaspi QR арқылы бір рет сатып аласыз, подписка жоқ.

Ашығын айтсақ, Studio тегін емес: әр генерацияға токен жұмсалады, ал қанша токен кететіні батырманың өзінде алдын ала көрсетіледі. Ерінді дауысқа сай қозғалту (Lipsync) мен текстті дауысқа айналдыру онда жоқ. Платформаның барлық мүмкіндігін Dansai AI Studio туралы мақалада көрсеттік.

ChatGPT-ні курста қалай үйренесіз?

Біздің академияда ЖИ құралдарын қазақ тілінде үйретеміз: ChatGPT пен Gemini-ні сценарий мен промпт жазуға, Google Flow, Veo, Kling, Seedance және Higgsfield-ті сурет пен видеоға, Suno мен ElevenLabs-ты музыка мен дауысқа, ал CapCut-ты монтажға қолданасыз. Кіріспе AI.Onai курсының алғашқы сабағы ChatGPT пен Gemini-ге арналған, ал Google Flow-да видео жасауға бөлек сабақ бар.

Сіздің керемет идеяңыз, сценарийіңіз бар ма? Онда AI.Cinema курсы сіз үшін арналған. Курста өз қысқаметрлі фильміңізді идеядан бастап дайын фильмге дейін жасайсыз: ЖИ-мен бірге сценарий жазып, кейіпкер мен оның әлемін құрасыз, кадр жасап, дыбыс пен монтажды қосасыз. Барлық сабақ қазақ тілінде және жазбада, ағылшын тілін білу міндетті емес. AI.Cinema тарифіне академияның барлық жазылған курстары кіреді: AI.Cinema, AI.Onai және 3D бағыты. AI.Cinema тарифін Kaspi арқылы 24 айға бөліп төлеуге болады, шарттарын тарифтер бетінен көресіз.

Алдымен байқап көргіңіз келсе, тегін сабақтарымыздан немесе кіріспе AI.Onai курсынан бастаңыз. Кейін AI.Cinema тарифіне өтсеңіз, AI.Onai-ға төлеген ақшаңыз есепке алынады. Олай болса, ChatGPT-ге алғашқы сұрағыңызды жазуға кеттік!

Жиі қойылатын сұрақтар

ChatGPT тегін бе?

Иә, тегін тарифі (Free) бар: онда мәтінмен жазысу, шектеулі санда сурет жасау, файл жүктеу және дауыспен сөйлесу бар. Шектеуі азырақ ақылы Go, Plus және Pro тарифтері де бар, ал бағасын chatgpt.com/pricing бетінен тексеріңіз.

ChatGPT қазақша түсіне ме?

Иә, сұрақты қазақша жаза аласыз, ол әдетте қазақша жауап береді. Бірақ қазақша мәтінде кейде сөзбе-сөз аудармаға ұқсас сөйлем шығады, сондықтан жауапты өзіңіз оқып түзетіңіз. Ал сурет пен видео модельдеріне арналған промптты ағылшынша жаздырған сенімдірек.

ChatGPT Қазақстанда VPN-сіз ашыла ма?

Иә. Қазақстан OpenAI-дың ChatGPT қолжетімді елдер тізімінде бар, сондықтан chatgpt.com сайтына тікелей кіріп, тіркеле бересіз.

ChatGPT сценарий жаза ала ма?

Жаза алады, бірақ оны алғашқы нұсқа (черновик) ретінде қабылдаңыз. Ол идеяны, сахналар тізімін және диалогтың алғашқы нұсқасын тез береді, ал естелік, мінез, өзіңізге тән сөз сияқты фильмді тірі ететін нәрселерді өзіңіз қосасыз. AI.Cinema курсында бұған «ЖИ — қосалқы автор» деген бөлек сабақ арналған.

ChatGPT пен Gemini-нің қайсысы жақсы?

Екеуі де мәтін жазады, сурет жасайды және екеуінің де тегін тарифі бар. Gemini-нің ресми тілдер тізімінде қазақ тілі бар, ал Google AI подпискаларының бағасы Қазақстан үшін теңгемен көрсетіледі. Ең дұрысы, бір тапсырманы екеуіне беріп, нәтижесін салыстырыңыз. Толығырақ Gemini қазақша мақаласында жаздық.

ChatGPT жазған промптпен видеоны қайда жасаймын?

Google Flow-да Veo модельдерімен (ол туралы бөлек мақала бар) немесе Dansai AI Studio платформасында жасайсыз. Studio-да Veo, Kling және Seedance бір жерде тұр, промптты қазақша жазасыз, ал токенді Kaspi QR арқылы подпискасыз сатып аласыз.

ChatGPT-ге бәрін сұрауға болса, курс не үшін керек?

Сұрай аласыз, бірақ жауаптың сапасы сұрақтың сапасына байланысты. Ал фильм жасау үшін бір жауаптан көп нәрсе керек: сценарий, кадр сайын өзгермейтін кейіпкер, дыбыс және монтаж. AI.Cinema курсында осы жолды қазақ тілінде қадам-қадаммен өтесіз, ал генерацияны Dansai AI Studio-да жасайсыз.

Тағы оқыңыз